Метка: Басты жаңалықтар

  • Қонаев жағажайларында 200-ге жуық құқықбұзушылық тіркелді

    Қонаев жағажайларында 200-ге жуық құқықбұзушылық тіркелді

    Конаев қаласының жағалау аймағында күнделікті қауіпсіздік пен санитарлық тәртіпті сақтау үшін тұрақты бақылау жүргізілуде. Мақсат — жазғы демалыс маусымында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

    Күн сайын жағалауда 12 полиция қызметкері кезекшілік етеді. Демалыс және мереке күндері оларға Алматы облыстық ПД мен Қонаев қалалық ПБ-нен тағы 13 қызметкер қосылады. Кейбір күндері Ұлттық ұлан сарбаздары да патрульдеуге тартылады.

    Маусым басталғалы бері 197 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды:
    • 41 – абаттандыру ережесін бұзу,
    • 39 – қоғамдық орында алкоголь ішу,
    • 15 – мас күйінде көлік жүргізу,
    • 8 – темекі шегуге қатысты заңды бұзу,
    • 27 – жол қозғалысы ережесін бұзу және тағы басқалар.

    №5 жағажайда биыл арнайы бейнебақылау жүйесі орнатылды. Жүзу шекарасынан асып кеткен адамдарды камералар автоматты түрде анықтап, ТЖД-ның кезекші бөліміне хабарлама жібереді. Бұл дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар, ТЖД, полиция, санитарлық қызмет және туристік кәсіп иелерінің қатысуымен 3-ке жуық кеңес өткізілді. Кәсіпкерлерге қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, құтқарушыларды тегін оқыту, су түбін тексеру және дайындық актілерін рәсімдеу ұсынылды.

    Қонаев қаласының әкімдігі барлық демалушылар мен кәсіп иелерін белгіленген тәртіпті сақтауға шақырады. Қауіпсіздік — бәрімізге ортақ жауапкершілік.

  • Қонаевта әскерден оралған жастарға әкімнің Алғыс хаты табысталды

    Қонаевта әскерден оралған жастарға әкімнің Алғыс хаты табысталды

    «Aspan Fest» ашық аспан астындағы концерт аясында Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков ҚР Қарулы Күштерінде мерзімді әскери қызметін абыроймен атқарған жас сарбаздарға Қонаев қаласы әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.

    Олар 2024 жылғы көктемгі шақыру науқаны кезінде Отан алдындағы борышын өтеп, жоғары жауынгерлік дайындық көрсетіп, «Көктем – 2024» мемлекеттік грантының иегері атанған.

    Грант жеңіп алған жастардың бірқатары:
    • Досымбек Бекжан – ҚазҰУ;
    • Наширбай Жасұлан – ALT университеті;
    • Медведик Владик – Ұлттық ядролық зерттеу университеті;
    • Разумов Александр – Су шаруашылығы университеті;
    • Рудзинский Даниил – ҚазҰТЗУ (Сәтбаев университеті);
    • Болатов Данияр – Құрлық әскерлері әскери институты;
    • Сәуірбай Абылай – Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты;
    • Умаров Еламан – Алматы технологиялық университеті.

    Қала басшылығы жастардың елге сіңірген еңбегін жоғары бағалап, білім жолында сәттілік тіледі.

  • Перизат Қайрат сотта Бауыржан Байбекті жауапқа шақыруды талап етті

    Перизат Қайрат сотта Бауыржан Байбекті жауапқа шақыруды талап етті

    BIZ BIRGEMIZ қоры қаржысын жымқыру ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде айыпталушы Перизат Қайрат партияның бұрынғы төраға бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті сотта жауапқа тартуды сұрады. Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

    «Тергеу қорытындысында бірінші абзацтан-ақ мені анаммен бірге қор құрып, қол қоюларды қолдан жасады деп айыптайды. Бірақ бұл қор партия жанынан, Байбектің басшылығымен құрылған. Барлық құрылтайшылар – мені қоспағанда – бұрынғы не қазіргі партия қызметкерлері», – деді Перизат Қайрат сотта.

    Еске салайық, Бауыржан Байбек 2019 жылға дейін Алматы әкімі қызметін атқарды. Кейін «Nur Otan» (қазіргі «Amanat») партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалып, 2022 жылдың басына дейін осы лауазымды атқарды.

  • Перизат Қайрат 3 миллионнан астам теңгені тіс емдеуге жұмсаған – прокурор

    Перизат Қайрат 3 миллионнан астам теңгені тіс емдеуге жұмсаған – прокурор

    Перизат Қайратқа қатысты іс бойынша өткен сот отырысында прокурорлар айыпталушының қайырымдылық қаржысын жеке қажеттіліктеріне қалай жұмсағанын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

    Прокурор Мадина Оразалинаның айтуынша, айыпталушы Перизат Қайрат мүмкіндігі шектеулі балалардың ерекше күтім мен емге мұқтаж екенін біле тұра, анасы Ғайни Алашбаевамен бірге жиналған қаражатты жеке мақсаттарына пайдаланған.

    Атап айтқанда:
    • 5,5 млн теңге банк шотынан қолма-қол ақшаға айналдырылған;
    • 2 970 000 теңге Перизат Қайраттан Алашбаеваның шотына аударылып, кейін өз қалауынша жұмсалған.

    Сондай-ақ:
    • 1 млн теңге қоғамдық бірлестік шотынан реабилитациялық орталыққа арналмаған кілем сатып алуға жұмсалған;
    • Бірлестіктің өз ішінде 11,7 млн теңге аударылып, оның 10 727 159 теңгесі шешіп алынған;
    • 243 464 теңге авиабилеттер мен супермаркеттен азық-түлікке кеткен;
    • 577 000 теңге жеке шоттарға аударылған;
    • 3 290 000 теңге тіс емдеуге төленген;
    • Жалпы 7 128 500 теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған.

    Сот процесі жалғасып жатыр.

  • Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікті деп танылды

    Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікті деп танылды

    Олеся Кексель азаптау фактісі бойынша күдікті деп танылды. Бұл туралы Tengrinews.kz Генеральды прокуратураның жауабына сілтеме жасап хабарлады.

    Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 4 шілдеде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Тергеу департаменті басшысының бұрынғы орынбасарына Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1 және 2-тармақтары («Азаптау») бойынша күдік келтірілген.

    Қазірге кезде алдын ала тергеу жалғасып жатыр. Тергеушілер қосымша дәлелдер жинауда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

  • Перизат Қайрат ісі: тергеу нұсқасы бойынша 3,5 миллиард теңге қайда жұмсалды

    Перизат Қайрат ісі: тергеу нұсқасы бойынша 3,5 миллиард теңге қайда жұмсалды

    Қайдан келген қаражат:
    • 2,86 млрд теңге — тасқыннан зардап шеккендерге көмек көрсету сылтауымен;
    • 566 млн теңге — Газа секторына қолдау ретінде жиналған;
    • 105 млн теңге — шын мәнінде өтпеген фестивальдер мен форумдарға;
    • 21,6 млн теңге — мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған аукционнан;
    • Қалған қаражат — сайт пен Instagram арқылы түскен өзге де қайырымдылықтар.

    Қайда жұмсалған:
    • 7 пәтер сатып алынған: Highvill, Akbulak, Vela Village сынды элиталық кешендерде;
    • 3 автокөлік: Lexus LX 600, Mercedes S 450, Haval H6 GT;
    • Люкс брендтерге 150 млн теңгеден астам: Cartier, Van Cleef, Gucci, Dior зергерлік бұйымдары;
    • Rebel Flowers гүл бизнесі іске қосылған;
    • 17 шетелдік сапар: Лондон, Дубай, Катар, Түркия және т.б.;
    • Бір пәтердің жөндеу жұмысына 123 млн теңге жұмсалған;
    • Күнделікті шығындар: мейрамхана, техника, жиһаз, сантехника, айыппұлдар мен жазылулар;
    • Жымқырылған қаражатты заңдастыру: киіз үй, көмір, зергерлік бұйымдар мен гүл жеткізу сылтауымен жалған ЖК арқылы ақшаны қолма-қол айналдыру.

    Сот отырыстары жалғасуда.

  • Перизат Қайрат ісі бойынша айыптауды Астананың үздік прокурорлары қолдап отыр

    Перизат Қайрат ісі бойынша айыптауды Астананың үздік прокурорлары қолдап отыр

    Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты сот процесінде айыптаушы тарапты Арман Кезекен мен Мәдина Оразалина өкілдік етеді. Олар сотта бірлесіп жұмыс істеп, істі бірге жүргізіп жатыр.

    Құқық қорғау органдары академиясының әлеуметтік желілердегі жарияланымдарына сәйкес, бұл екі мемлекеттік айыптаушы Астананың үздік прокурорларының қатарына кіреді. Олардың артында күрделі әрі резонансты істерді жүргізу тәжірибесі бар.

  • Астанада Перизат Қайрат ісі бойынша сот процесі басталды: барлық жайт бақылауда

    Астанада Перизат Қайрат ісі бойынша сот процесі басталды: барлық жайт бақылауда

    Елордада пандемия кезінде «Біз біргеміз» ұранымен танылған birgemiz.kz платформасының негізін қалаған Перизат Қайратқа қатысты атышулы сот басталды. Қазір ол – айыпталушылар қатарында.

    Сот процесі бейнежазба мен тікелей трансляциясыз өтіп жатыр. Журналистер сот отырысын тек баспасөз орталығынан бақылауда, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

    Алғашқы отырыста прокурорлар айыптау актісін оқыды. Негізгі тұстар:
    • Перизаттың орта білім туралы толық аттестаты жоқ;
    • 2018 жылы ол «Halyk» қайырымдылық қорын және birgemiz.kz онлайн платформасын тіркеген;
    • Тергеу нұсқасы бойынша, ол пандемия кезінде брендтің танымалдылығын әдейі пайдаланып, халықтан «қайырымдылыққа» ақша жинаған;
    • Ақшаның аз бөлігі ғана шынымен көмекке жұмсалып, қалғаны қолма-қол ақшаға айналдырылып, жымқырылған;
    • Тергеушілердің пікірінше, бұл әрекетке туыстары мен жақын таныстары көмектескен;
    • Сонымен қатар, айыпталушы өзін табысты кәсіпкер және меценат ретінде көрсетуге тырысқан.

    Қазір іс алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру баптары бойынша қаралып жатыр. Сот отырыстары жалғасуда.

  • Жетісуда қарақұрттың шағуы жиілеп кетті

    Жетісуда қарақұрттың шағуы жиілеп кетті

    Жетісу облысында улы өрмекші — қарақұр шағу деректері көбейіп отыр. Биылғы маусым басталғалы бері 21 жағдай тіркелген. Бұл туралы өңірдің денсаулық сақтау басқармасы Sona.kz редакциясының ресми сауалына жауап ретінде хабарлады.

    Зардап шеккендердің ішінде 7 бала бар. Басқарманың мәліметінше, қарақұр шағу оқиғалары облыстың алты ауданында орын алған:
    • Ақсу ауданы — 6 жағдай (оның ішінде 2 бала),
    • Талдықорған қаласы — 4 жағдай (1 бала),
    • Кербұлақ ауданы — 4 жағдай (1 бала),
    • Көксу ауданы — 3 жағдай (1 бала),
    • Қаратал ауданы — 2 жағдай (1 бала),
    • Сарқан ауданы — 2 жағдай (1 бала).

    Алдын алу және дайындық шаралары:

    Басқарманың ақпаратына сәйкес, облыстағы медицина мекемелерінде қарақұр уына қарсы 40 ампула сарысу бар.

    Алдын алу жұмыстары аясында:
    • БАҚ, мессенджерлер, әлеуметтік желілер мен жергілікті әкімдіктер арқылы ақпараттық түсіндіру науқаны жүргізілуде;
    • сақтық шаралары мен алғашқы көмек бойынша нұсқаулықтар таратылып жатыр;
    • мектептерде, балабақшаларда, емханалар мен ауылдық округтерде түсіндіру дәрістері өткізілуде.

    Мамандар ескертеді:

    Ауылдық жерде тұратын тұрғындарға терезе мен есікке маса торларын орнатуға, аула, шатыр, сарай мен жертөле секілді аумақтарды үнемі тазалап отыруға кеңес беріледі.

    Дәрігерлер қарақұр шағуының алғашқы белгілері — күйіп ашу, ауырсыну, бас айналу, дене қызуының көтерілуі байқалса, дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырады. Кешігу денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін.

  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның бұрынғы басшысы Талғат Татубаев қамауға алынды

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның бұрынғы басшысы Талғат Татубаев қамауға алынды

    Талғат Татубаев азаптау ісі бойынша екі айға қамауға алынды. Бұл туралы KazTAG ақпарат агенттігі сенімді дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

    «Татубаев өткен сенбіде (14 шілде) тергеу барысында екі ай мерзімге қамауға алынды. Сондай-ақ «Хоргос ісі» бойынша тергеуші болған Бауржан Мужыков та екі айға қамауға алынды», – деді дереккөз.