Метка: Басты жаңалықтар

  • Қазақстан 11 миллион гектар жерді қайтарды

    Соңғы үш жылда мемлекет меншігіне 11 миллион гектар жайылымдық жер қайтарылды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында мәлімдеді.

    Жиында мал шаруашылығын дамыту, ветеринарлық бақылау мен саланы цифрландыру мәселелері қаралды. Премьер-министрдің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығына 160 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау бөлінген.

    «2022 жылдан бері пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекетке қайтару шараларының нәтижесінде 11 миллион гектар жер қайтарылды. Оның жартысынан көбі халыққа қайта үлестірілді», – деді Бектенов.

    Алайда, оның сөзінше, елдегі агроөнеркәсіп әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Қазіргі таңда өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі төмен. Осыған байланысты мал басын көбейту, заңсыз экспортқа жол бермеу және аналық малға субсидия беру жұмыстарын жалғастыру қажет.

    Сондай-ақ, Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 1 қазанға дейін мал азығын дайындау жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Ал 1 қарашаға дейін барлық ауыл шаруашылығы жануарларының деректер базасын нақтылау керек.

    «Барлық өңірлерде ветеринарлық препараттар жеткілікті әрі қолжетімді болуы тиіс. Ол үшін отандық өндірушілерді ынталандыру қажет. Вакцина жеткізу кестесінің бұзылуына жол берілмейді», – деді Премьер.

    Бұдан бөлек, министрлікке племенной аналық мал сатып алуға арналған жеңілдетілген несие бағыттарын қарастырып, оны іске асыру тетігін әзірлеу тапсырылды.

  • Қазығұртта жанармай бекетінде жарылыс болды

    Қазығұртта жанармай бекетінде жарылыс болды

    Түркістан облысы Қазығұрт ауданына қарасты Турбат ауылында жанармай құю бекетінде жарылыс болып, өрт шығып кетті. Оқиға кезінде бензовоз жүргізушісі ауыр жарақат алды.

    Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 7 шілде күні сағат 16:12-де бензовоздан жанармай құйылып жатқанда газ-ауа қоспасы тұтанып жарылған. От бірден жанындағы жеке тұрғын үйге, сауда орталығына, дәріхана мен дүкенге тараған.

    Өрттің жалпы аумағы 855 шаршы метрді құраған. 1996 жылы туған бензовоз жүргізушісі ауыр күйік алып, дереу ауруханаға жеткізілген. Өрт сағат 18:38-де толық сөндірілді. Оқиға орнында ТЖД, полиция және әкімдік қызметкерлері – барлығы 50-ден астам адам және 14 техника жұмыс істеген.

    Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жүргізушінің денесінің 85–90 пайызы күйіп қалған. Қазір дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр.

  • АҚШ қазақстандық тауарларға 25% тариф енгізеді – Трамп хаты

    АҚШ қазақстандық тауарларға 25% тариф енгізеді – Трамп хаты

    АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ресми хат жолдап, 2025 жылдың 1 тамызынан бастап АҚШ-қа жеткізілетін барлық қазақстандық тауарларға 25 пайыздық тариф енгізілетінін хабарлады. Бұл туралы бірқатар америкалық БАҚ-та жарияланған хат көшірмесіне сілтеме жасай отырып белгілі болды.

    Құжатта АҚШ «Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыратыны» айтылғанымен, сауда теңгерімсіздігі мәселесі сақталып отырғаны атап өтілген. Трамптың айтуынша, екі ел арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін «неғұрлым әділетті және теңгерімді сауда» қажет.

    «Біз Қазақстандағы тарифтер, тарифтік емес шаралар және сауда кедергілерінен туындаған тұрақты әрі ұзақмерзімді сауда тапшылығынан арылуға тиіспіз деген қорытындыға келдік. Өкінішке қарай, біздің қарым-қатынасымыз өзара тең деңгейде болған жоқ», – делінген хатта.

    Хатта көрсетілгендей, жаңа тарифтер Қазақстаннан келетін барлық тауарларға, соның ішінде үшінші елдер арқылы жеткізілетін өнімдерге де қолданылмақ. Дегенмен, Трамп Қазақстан бұл шарадан құтыла алатынын атап өтті — ол үшін қазақстандық компаниялар АҚШ аумағында өндіріс ашуы керек. Бұл жағдайда Ақ үй «жедел әрі формалды мақұлдау» беруге дайын екенін жеткізді.

    «Егер сіздер өз тарифтеріңізді көтеретін болсаңыздар, сол көрсеткіш біз енгізетін 25 пайыздық тарифке үстеме ретінде қосылады», – деп ескертті АҚШ президенті.

    Хатта АҚШ Қазақстанмен сауда тапшылығын ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп ретінде қабылдайтыны және екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуына қарай сауда саясатын қайта қарайтыны айтылған.

    Ресми Астананың бұл мәселеге қатысты жауабы әзірге жарияланған жоқ. Қолда бар ашық ақпараттарда жаңа тарифтер қандай тауар түрлеріне қолданылатыны нақты көрсетілмеген.

  • Қонаев қаласында үйі өртенген тұрғындар жатақханаға көшірілді

    Қонаев қаласында үйі өртенген тұрғындар жатақханаға көшірілді

    Осыдан 7 күн бұрын Соболев көшесі 14-үйде өрт шығып, 50 адам бір түнде баспанасынан айырылды.

    Оқиға орнына бірден қала әкімі Асхат Бердіханов барып, отбасылардың жағдайымен танысты.

    Алғашында 2 адам «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына, 22 адам (оның ішінде 18 бала) – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған әлеуметтік көмек көрсету орталығына уақытша орналастырылды. Қалған тұрғындар туыстары мен жақындарының үйлерінде тұрып жатты.

    Кейіннен шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, РЭЧ мекемесімен келіссөздер жүргізіліп, «Ивушка» шағынауданындағы 4Б үй мекенжайындағы жатақханадан 13 бөлме уақытша тұру үшін алынды. Бөлмелерге ағымдағы жөндеу жасалып, бүгін 8 отбасы жатақханаларға көшірілді.

    Қиын өмірлік жағдайға түскен отбасылардың алдағы өмірі де қала әкімдігініғ бақылауында болады.

    Айта кетейік, өрт салдарын зерделеу, шығын көлемін анықтау және қалпына келтіру шараларын жоспарлау мақсатында арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.

  • Qurt лақап атымен танымал рэпер отбасылық жанжал ортасында қалды

    Qurt лақап атымен танымал рэпер отбасылық жанжал ортасында қалды

    Қазақстандық рэпер Дамир Қойшыбаев (Qurt) отбасындағы жанжалмен ел назарын аударды. Оның әйелі Аружан Қойшыбаева әлеуметтік желіде көгерген денесінің суреттерін жариялап, күйеуінің белбеумен сабағанын жазды.

    Аружанның айтуынша, оқиға 27 маусым күні болған. Таңғы сағат 10 шамасында Дамир оны бір сағат бойы белбеумен ұрып-соққан. Белбеу үзіліп қалған соң, басқа белбеумен соққыны жалғастырған.

    «Пәтерден шыға алмай, “көмектесіңдер, өлтіріп жатыр” деп айқайлай бастадым. Көршілер құтқарып қалды. Жарақаттарым тіркелді, енді арыз жазамын. Бірақ ол достарымен келіп, мені видеоға түсіріп, “ешқандай шағымым жоқ” деп айтуға мәжбүрледі. Қазір достары тарапынан қысым жасалып жатыр», — дейді Аружан.

    Жәбірленуші қазір адвокаттардан көмек сұрап отыр. Ол күйеуінің елден қашып кетуінен қауіптенеді.

    Іске қатысты ресми органдар әлі пікір білдірген жоқ.

  • Жылдам, серпінді, дәл нәтижелер: Қонаевта 3×3 баскетболдан VI Жастар ойындары аяқталды

    Жылдам, серпінді, дәл нәтижелер: Қонаевта 3×3 баскетболдан VI Жастар ойындары аяқталды

    Қонаев қаласында 3×3 баскетболдан Қазақстан Республикасының VI Жастар спорт ойындарының жеңімпаздары анықталды. 2007 жылы туған және одан кіші ұлдар мен қыздардан құралған 20-дан астам команда Астана мен Алматы қалаларынан, сондай-ақ 12 өңірден қатысты.

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердиханов жарыстың ашылуында бұл ойындардың жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті:

    «Мемлекет басшысы спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның арқасында отандық спорт жылдан жылға нығайып, спортшыларымыз халықаралық деңгейде ел абыройын көтеруде. Жастар ойындары сияқты кешенді шаралар – жастардың өз әлеуетін танытуына, салауатты өмір салтына бейімделуіне үлкен серпін. Бұл додада тек шеберлігі мен жігері мықты спортшылар жеңіске жетеді», – деді әкім.

    VI Жастар ойындары «2023–2029 жылдарға арналған дене шынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасы» аясында төрт жылда бір рет өткізіледі. Биыл 80 жылдық Жеңіс мерейтойына орай ұйымдастырылған республикалық додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 2000-нан аса жас спортшы қатысады. 24 ақпан мен 1 қазан аралығында өтетін ойындар 34 спорт түрін қамтиды және ұлттық құраманы жасақтауға, 2025 жылғы Бахрейнде өтетін Жазғы Азия жастар ойындарына дайындыққа негіз болады.

    Ал 3×3 баскетбол бәсекесінің Қонаевта өтуі кездейсоқ емес. Өйткені, бұл аймақта классикалық баскетболдан жеңісті дәстүр қалыптасқан. Алматылықтар 2005–2010 жылдары «Трансстроймост» командасының жетістіктерімен көзге түссе, 2011 жылы құрылған «Капшагай» кәсіби клубы ел біріншілігінде чемпион атанып, Қазақстан Кубогының финалисі әрі Азия клубтар біріншілігінің жүлдегері болған.

    Федерация кеңесшісі Елена Мартынованың айтуынша, 3×3 баскетбол алғаш рет Жастар ойындарына қосылып отыр. Бұл — жастарға өзін танытатын үлкен мүмкіндік.

    Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Иван Гайна стритбол деп те аталатын 3×3 баскетболдың Олимпиада бағдарламасына енгенін атап өтті:

    «Бұл – енді толыққанды олимпиадалық спорт. Ойын уақыты – 10 минут, 3 ойыншыдан тұрады. 2012 жылдан бері елімізде стритбол лигасы бар. Алдағы жылдары Азия және Олимпиада ойындарында осы жастардың бір бөлігі ел намысын қорғайтынына сенемін», – деді ол.

    Үш күнге созылған турнир барысында Қонаевтың орталық жағажайындағы алаңда тартысты ойындар өтті. Қыздар арасында Түркістан облысы жеңіске жетіп, финалда Астана құрамасын ұтты. Үшінші орынды Атырау облысы иеленді.

    Ұлдар арасында елордалық команда чемпион атанды. Екінші орын – Алматы облысы, ал үздік үштікті Қызылорда облысы түйіндеді.

  • Иран үш аптадан кейін әуе кеңістігін қайта ашты: Тегеран әуежайлары жұмысын бастады

    Иран үш аптадан кейін әуе кеңістігін қайта ашты: Тегеран әуежайлары жұмысын бастады

    Израильмен жасалған бітімнен кейін Иран астанасындағы екі халықаралық әуежай – Имам Хомейни мен Мехрабад өз жұмысын қайта жанданды. Мемлекеттік IRNA агенттігінің хабарлауынша, барлық халықаралық және ішкі рейстер жергілікті уақыт бойынша сағат 5:00-ден 18:00-ге дейін жүзеге асырылады.

    Алайда елдегі басқа өңірлерде шектеулер әлі сақталып отыр. Тебриз бен Исфахан қалаларындағы әуежайлар әзірге жабық. Азаматтық авиация билігі тек кейбір рейстерге ғана рұқсат берген. Ал Мешхедтегі әуежай бірнеше күн бұрын толық ашылған.

    Еске салайық, Иран 13 маусымда Израильмен қарулы қақтығыстар шиеленіскен соң әуе кеңістігін жапқан болатын. Бітім 24 маусымда күшіне енді.

  • Қоқыс полигонында бұрын-соңды болмаған су жинақтағыш резервуар салынуда

    Қоқыс полигонында бұрын-соңды болмаған су жинақтағыш резервуар салынуда

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қоқыс полигонында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты.

    ШЖҚ «Қонаев Көркейту» МКК директоры Қанат Азаматовтың сөзінше, өрт сөндірушілерге ыңғайлы болуы үшін және суды тасымалдауға уақыт жоғалтпау үшін қоқыс полигонында резервуар салынуда. Бұл жабдық бұрын-соңды болмаған. Сондай-ақ жанып келе жатқан отты өшіруге 1 арнайы техника кезекшілікке қойылады. Резервуардың сыйымдылығы 30 текше метрді құрайды.

    «Санитарлық талаптарға сәйкес, полигонның жан-жағында траншея қазылып, тұрмыстық қаты қалдықтар ұшып кетпеуі мақсатында торлар қойылуда. Ал траншея жайылып жүрген малдың кіріп кетпеуі үшін қазылуда. Кейбір аумақтарға бетон қоршау орнатылып жатыр», — деді мекеме директоры.

    Бұдан бөлек, экологиялық жағдайды қалыпта ұстау мақсатында полигонның алдыңғы бөлігін көгалдандыру жоспарлануда. Мұнда ауыр техникаларды өлшеуге арналған таразы мен көлік жуу аймағы да болады.

  • Тәжікстанда 4 баласын өзенге тастаған әйел ұсталды

    Тәжікстанда 4 баласын өзенге тастаған әйел ұсталды

    Тәжікстанда елді есеңгіреткен қайғылы оқиға тіркелді. Фархор ауданында 27 жастағы Мадина Халимова күйеуінің екінші әйелі бар дегенді естіп, кек алу мақсатында төрт баласын өзенге ағызып жіберіп, кейін өзі де секірген. Алайда аман қалған.

    Оқиға 30 маусымға қараған түні болған. Қайтыс болған балалардың ең үлкені – бес жаста, ал кенжесінің дүниеге келгеніне небәрі екі ай болған. Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, әйел әуелі екі баласын, кейін тағы екі баласын өзенге лақтырып, соңынан өзі секірген. Бірақ судан жүзіп шығып, тірі қалған.

    Кейін күйеуі Кудратулло Шарифов екінші әйел туралы әңгімені жоққа шығарып, түнде ешқандай жанжал болмағанын мәлімдеді. Таңертең оянғанда әйелі мен балаларын үйде таппай, іздеуге кіріскен. Сол кезде ол жұбайының жазып кеткен хатын тауып алады.

    Хатта: «Латофаттың әкесі, мені кешір. Мен саған жақсы жар бола алмадым, саған қызмет ете алмадым», — деп жазылған.

    Оқиға орнына келгенде әйел түнде екі ірі ер адамның келіп, балаларды өзенге тастауды бұйырғанын айтқан. Күйеуінің айтуынша, әйелі бұрыннан сандырақтап сөйлейтін. Ал оның ағасы да өз-өзіне қол салып, қайтыс болған екен.

    Мадина Халимова тете өскен Латофат, Зайнаб, Йосамин және екі айлық Мұхаммад есімді төрт баласын өлтірген. Қазір әйелге қатысты «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

  • 10 жастағы балаға иттер шабуылдады: оқиғаға қатысты видео жарияланды

    10 жастағы балаға иттер шабуылдады: оқиғаға қатысты видео жарияланды

    Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Жалпақсай ауылында 10 жасар балаға үш ит шабуылдап, ол ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Қазір зардап шеккен бала – Максим Қаскелең қаласындағы жансақтау бөлімінде жатыр.

    Иттердің иесі шабуыл күні түсірілген бейнебақылау жазбасын жариялады. Онда оқиғаға дейінгі сәттер көрсетілгенімен, иттердің нақты шабуыл жасаған көрінісі жоқ.

    Жануарларды қорғау қауымдастығының мәліметінше, бала досымен бірге есірткі мен алкогольге тәуелділерге арналған оңалту орталығының маңында ойнап жүрген. Аталған күні аулада америкалық були тұқымындағы иттер бос жүрген. Балалардың бірі орталық аумағына құлап кетіп, иттер өз аумағын қорғамақ болған. Ит иесінің сөзінше, жарақаттардың бір бөлігі темір қоршаудан келуі мүмкін, бұл дерекке сараптама жасалмақ.

    10 жасар Максимнің құлағы жұлынып, жамбас тұсы мен басынан ауыр жарақат алған. 1 шілдеде жағдайы тұрақталған соң, ол аудандық ауруханадан Облыстық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырылды.

    Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеу жүргізілуде.