Метка: Басты жаңалықтар

  • Экс-вице-министрлердің пәтерінен миллиардтар табылды: тергеу мәліметі жарияланды

    Экс-вице-министрлердің пәтерінен миллиардтар табылды: тергеу мәліметі жарияланды

    Қазақстанда бұрынғы вице-министрлерге қатысты тергеу ісі барысында шенеуніктердің бірінің пәтерінен ірі көлемде қолма-қол ақша табылғаны хабарланды. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеген.

    Күдіктілерге мемлекет қаржысын жымқырды деген айып тағылып отыр. Тергеу мәліметінше, олар делдал компаниялар арқылы бюджет қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып, заңсыз схемалар жасаған.

    Бастапқы нұсқада «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» бұрынғы басқарма төрағасы деген мәлімет көрсетілген болатын. Алайда бұл ақпарат дәлелсіз және шындыққа сәйкес келмейді.

    Біздің редакциямызға АО «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» баспасөз қызметінің жетекшісі хабарласып, келесі түсініктемені жолдады:
    «Материалда көрсетілген “Қазақстан тұрғын үй компаниясының” бұрынғы басқарма төрағасы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Тергеу аясында ұсталғандардың ешқайсысының біздің компанияға қатысы жоқ. Ақпаратты түзетуді сұраймыз», – делінген ресми хатта.

    Осыған байланысты материал редакцияланды. Біз жалған немесе дәлелсіз ақпарат таралмауына аса мән береміз және ресми органдармен кері байланысты әрдайым ескереміз.

  • Жағажайды күтіп ұстау: кәсіпкердің міндеті қандай?

    Жағажайды күтіп ұстау: кәсіпкердің міндеті қандай?

    Сенімгерлік басқарушы компания мен кәсіпкерлер арасында келісімшарт жасалып, олардың міндеттемелері айқындалған.

    Алайда, тұрғындар мен қала қонақтары тарапынан күтіп ұстау мен санитарлық жағдайға байланысты көптеген сұрақтар туындауда. Осыған байланысты қала әкімдігі мәлімдеме жасайды.

    Келісімшарттың 3-тармағында тараптардың құқықтары мен міндеттері жазылған. Оның ішінде күтіп ұстау бойынша жалға алушының міндеттері:

    •  Жағажайды абаттандыру мен санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, келісімшартқа сәйкес шаруашылық қызметін жүргізу;
    • Күн сайын аумақты тазалау – киім ауыстыратын орындар, дәретханалар, жасыл аймақтар;
    • Жалға алынған аумақты жарықтандыру;
    •  Қоқыс жәшіктерін су жиегінен кемінде 20 метр қашықтықта, әр 60 м² аумаққа бір қоқыс жәшігі есебімен орнату;
    •  Қауіпсіздік талаптарын сақтау (оның ішінде – ақпараттық баннерлер, жалаушалар және т.б. орнату);
    • Кемінде 2 санитайзер орнатып, тапшандарды, орындықтарды, жабдықтарды күніне екі рет дезинфекциялау.

    ТҮКШ бөлімінің мәліметінше, жағажайда сенімгер басқарушы компания тарапынан 45 қоқыс жәшігі мен 10 контейнер орналастырылған. Тазалық жұмыстарына күнделікті 30 адам, 2 арнайы техника жұмылдырылуда. Аумақта 3 әжетхана орналасқан. Сондай-ақ қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнебақылау камералары қойылған, 10-нан астам құтқарушы қызмет етеді. Ал медицина қызметкерлерінің саны — 2-еу. ТЖБ мен Полиция басқармасының мамандары тұрақты түрде патрульдеу жүргізуде.

    Ал №5 жағажайға келсек, мұнда 6 әжетхана (28 бөлме), 12 орындық 5 жуынатын жер, 6 киім ауыстыратын орын (12 бөлме) бар. Аумақта 30 дана қоқыс жәшігі мен 40 бөшке, 25 дана қоқыс контейнерлері орналастырылған. Бұл жағажайда жасанды интеллектімен жұмыс істейтін бейнебақылау камералары қойылған.

  • Жетісу облысында ер адам әйелін өлімші етіп сабағаны туралы ақпарат тарады

    Жетісу облысында ер адам әйелін өлімші етіп сабағаны туралы ақпарат тарады

    Жетісу облысында ер адамның өз әйелін қатыгездікпен соққыға жыққаны туралы ақпарат қоғамда резонанс тудырды. Оқиға туралы әлеуметтік желілерде тарап, көпшіліктің ашуын тудырған.

    Жәбірленуші ауыр хәлде ауруханаға жеткізілген. Оның түрлі жарақат алғаны, соның ішінде бас сүйегінің зақымданғаны хабарланды. Полиция бұл дерекке байланысты тексеру жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта күдікті ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

    Тиісті сараптамалар тағайындалып, қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

    Бұл жағдай тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр. Қоғам белсенділері күдіктіні қатаң жазалауды және мұндай жағдайлардың алдын алу үшін нақты шаралар қабылдауды талап етуде.

  • Асхат Бердіханов саяжай тұрғындарымен жиын өткізді

    Асхат Бердіханов саяжай тұрғындарымен жиын өткізді

    Жиында «Алтын Алма» саяжайындағы проблемалық сұрақтар талқыланды. Оның қатарында ауыз су, электр энергиясы, жол, газ жүргізу, елдімекен статусын алу секілді сұрақтар болды.

    Сәулет және қала құрылысы бөлімі мамандарының сөзінше, Қонаев қаласының аумағында 9 саяжай алабы бар. Бас жоспар бойынша барлығы қала құрамына енгізілген. Алайда, құжатқа түзетулер мен өзгерістер енгізілуіне байланысты шағынаудан статусын беру әзірше мүмкін болмай отыр. Бұл сұрақ шешілмейінше күн тәртібінен түспейді.

    Келесі мәселе — ауыз су жүргізу бойынша арнайы жоба дайындалуда. Биыл мемлекеттік сараптамадан өтеді деп жоспарлануда. Оған дейін ағымдағы жөндеу ретінде үш аумаққа су құбырлары салынады. Қазір сүзгі станциясына қосу нүктесі анықталуда.

    «Сондай-ақ бұл саяжайға биыл көше жарығын орнату жоспарлануда. Газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр», — деді ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев

    Ал жаңа жолдарды салу мәселесі бойынша жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиев айтты.

    «Жаңа жолдарды салу жобасы уақытша тоқтатылды. Себебі, Бас жоспарға өзгерістер жасалуда», — деді ол.

    Дегенмен, әкім көше жолдарын тегістеуге қанша қаражат қажет екенін есептеп, келесі бюджеттің нақтылауына құжаттарды дайындауды тапсырды.

    Басқосу нәтижесінде хаттама жазылып, бөлімдерге орындауға жіберілді. Бұдан бөлек, шаһар басшысы «Алтын Алма» саяжайын аралап, кемшіліктерді көріп шықты.

  • Полигондар неге өртеніп жатыр: қоқыс алаңдарындағы көлеңкелі бизнес ашылды

    Полигондар неге өртеніп жатыр: қоқыс алаңдарындағы көлеңкелі бизнес ашылды

    Қазақстанда қоқыс полигондарының жиі өртенуі — жай кездейсоқтық емес. Сарапшылар мен экологтар бұл өрттердің артында заңсыз металл жинау әрекеттері тұрғанын алға тартады. Яғни қоқыс ішінен түсті металл іздегендер әдейі өрт шығарып, бағалы қалдықтарды оңай жинауға тырысады.

    Көптеген өңірлерде қоқыс алаңдары бақылаусыз қалған. Заңнан тыс табыс тапқысы келгендер қоқысты әдейі өртеп, ішіндегі алюминий, мыс, темір секілді металдарды жинап, өткізеді. Бұл әрекеттен экологияға орасан зиян келеді.

    Өрт кезінде ауаға улы түтін таралып, жақын маңдағы тұрғындардың денсаулығына кері әсер етеді. Дегенмен мұндай заңсыз әрекетке барғандар көбінесе жазадан сытылып кетіп жатады.

    Экологтар мен қоғам белсенділері бұл мәселені жүйелі түрде шешу керек деп санайды. Полигондарды цифрландыру, күзет жүйесін орнату және металл іздеушілерге қатаң жаза қолдану — күн тәртібіндегі маңызды шаралар.

  • Экс-вице-министрлердің пәтерінен миллиардтар табылды: тергеу мәліметі жарияланды

    Экс-вице-министрлердің пәтерінен миллиардтар табылды: тергеу мәліметі жарияланды

    Қазақстанда бұрынғы вице-министрлерге қатысты тергеу ісі шеңберінде таңқаларлық деректер белгілі болды. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, шенеуніктердің бірінің пәтерінен орасан зор көлемде қолма-қол ақша табылған.

    Ұсталғандардың қатарында Индустрия және құрылыс министрлігінің экс-вице-министрлері мен «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» бұрынғы басқарма төрағасы бар. Тергеу олардың мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген бюджет қаржысын жымқырғанын алға тартып отыр.

    Олар делдал компаниялар арқылы заңсыз схемалар жасап, құрылысқа бөлінген миллиардтаған теңгені қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Пәтерлердің бірінен валюта түрінде сақталған ірі сомадағы ақша тәркіленді.

    Қазіргі уақытта күдіктілер қамауда, тергеу жалғасып жатыр. Агенттік бұл істің өзге де лауазымды тұлғаларға таралуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

  • Диогу Жота жол апатынан қаза тапты: футбол әлемі қайғыда

    Диогу Жота жол апатынан қаза тапты: футбол әлемі қайғыда

    «Ливерпуль» футбол клубының шабуылшысы Диогу Жота жол-көлік оқиғасынан қаза тапты. Қайғылы хабарды шетелдік БАҚ ресми дереккөздерге сілтеме жасап таратты.

    Оқиға Португалияда болған. Автокөлік апаты салдарынан 27 жастағы футболшы оқиға орнында жан тапсырған. Қазір тиісті органдар тергеу жүргізіп жатыр, жол апатының нақты себептері анықталу үстінде.

    Диогу Жота соңғы жылдары «Ливерпуль» сапында көзге түсіп, жанкүйерлердің сүйіктісіне айналған еді. Ол ұлттық құраманың да негізгі ойыншыларының бірі болатын. Оның күтпеген өлімі футбол қауымдастығына ауыр соққы болды.

    Клуб, футболшылар мен жанкүйерлер әлеуметтік желілерде көңіл айтып, отбасы мен жақындарына қолдау білдіруде. Жота — тек талантты ойыншы ғана емес, алаңдағы мәдениетімен, еңбекқорлығымен ерекшеленген тұлға еді.

    Футбол әлемі талантты жұлдызынан айырылды.

  • «Желкеме сөмкесін қойып тұрды»: автобуста орын бермеген жігітке әйел дөрекілік көрсетті

    «Желкеме сөмкесін қойып тұрды»: автобуста орын бермеген жігітке әйел дөрекілік көрсетті

    Әлеуметтік желіде Алматы қаласында түсірілген видео қызу талқылануда. Кадрда автобус ішінде үлкен жастағы әйел мен жас жігіттің арасында орын мәселесіне байланысты жанжал туындағаны көрінеді.

    Әйел адам жас жігітке “орын бермедің” деп ашуланып, айқайға басты. Жолаушылардың айтуынша, әйел оған дөрекі сөздер айтып, тіпті сөмкесін жігіттің желкесіне қойып тұрған. Жігіт болса сабыр сақтап, ешқандай жауап қайтармаған. Оқиға қоғамдық көлікте адамдардың көп шоғырланған уақытында болған.

    Бұл жағдай желі қолданушыларының арасында екі түрлі пікір тудырды. Бірі — егде жастағы кісілерге құрмет көрсету керек десе, екіншісі — үлкендер де шектен шықпауы тиіс деген көзқараста.

    Қоғамдық орындарда әдеп сақтау мен бір-біріне құрмет көрсету мәселесі тағы да күн тәртібіне шықты.

  • Жаңа құрылыста қолма-қол есепке тыйым енгізіледі

    Жаңа құрылыста қолма-қол есепке тыйым енгізіледі

    Қазақстан Ұлттық банкі төлемдер мен ақша аударымдарын реттейтін нормативтік актілерге өзгерістер енгізу бастамасын көтерді. Бұл жоба — тұрғын үй құрылысы мен тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңдарды жүзеге асыру аясында әзірленген.

    Басты жаңалық — жаңа тұрғын үйлерден үлестік қатысу шарты (ҮҚШ) бойынша пәтер сатып алу кезінде қолма-қол есеп айырысуға тыйым салу. Барлық төлемдер тек банктік жолмен, яғни құрылыс салушының шотына қолма-қол ақшаны банк арқылы аудару түрінде жүзеге асырылуы тиіс.

    Жаңа талап тек бастапқы тұрғын үй нарығына — салынып жатқан көппәтерлі немесе жеке үйлердегі үлесті сатып алуға қатысты. Мақсат — тіркелмеген үлестік шарттарға байланысты тәуекелдерден азаматтарды қорғау.

    Төлем жасау үшін үлескер арнайы төлем мақсатының кодын (ТМК) және тіркелген ҮҚШ нөмірін көрсетуі қажет. Банк бұл мәліметтер бойынша келісімшарттың Біртұтас ақпараттық жүйеде тіркелгенін тексереді. Егер шарт тіркелмесе, яғни құрылыс салушының қаражат жинауға құқығы болмаса, банк төлемді қабылдамайды.

    Сонымен қатар, жоба табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде азаматтарға төленген өтемақыларға үшінші тұлғалар тарапынан талап қоюға тыйым салуды көздейді. Яғни банктер зардап шеккен азаматтардың өтемақысына қатысты үшінші тараптың өтініштері бойынша қаражатты өндіріп ала алмайды.

    Сондай-ақ, құжатта құқықтық мониторинг нәтижелері бойынша енгізілетін нақтылаушы және редакциялық түзетулер де қарастырылған.

  • 9 ай бойы ішінде дәке болған: алматылық әйел дәрігерлердің қателігінен ішексіз қалды

    9 ай бойы ішінде дәке болған: алматылық әйел дәрігерлердің қателігінен ішексіз қалды

    Алматыда үшінші сәбиін дүниеге әкелген әйел өмірін күрт өзгерткен дәрігерлік салғырттықтың құрбаны болды. 2024 жылдың тамызында №2 перзентханада кесар тілігі жасалған келіншек сол күннен бастап өткір ауырсынуға шағымданып жүрген. Бірақ дәрігерлер оның жанайқайына құлақ аспаған.

    «Маған бірдеңе дұрыс емес сияқты, УДЗ-ды дұрыстап қарап беріңіздерші», – деп қайта-қайта өтінгенімен, перзентханадан “бәрі таза” деген жауаппен үйіне жіберілген. Сол сәттен бастап әйел үшін 9 ай азапқа айналды: ұйықтай алмады, баласын құшағына ала алмады, жүрудің өзі қиынға соқты. Салмағы күрт төмендеп, денесі әлсіреп кетті.

    Жекеменшік клиникаларға жүгіріп, талай тексеруден өтті – бірақ ешкім нақты диагноз қоя алмады. Тек 2025 жылдың мамырында жасалған КТ тексеруі кезінде кіші жамбас аймағында бір бөгде құрылым байқалды. Бастапқыда қатерлі ісік деген күдікпен шұғыл операция жасалды. Алайда 3 маусымда хирургтер іштен іріңдеп кеткен – сол кесар тілігі кезінде ұмыт қалған марля салфетканы тапты.

    9 ай бойы іште жатқан дәке перитонитке, ішкі ағзалардың іруіне себеп болған. Соның кесірінен әйелдің ішегінің бір бөлігін алып тастауға тура келген. Қазір ол калоприемникпен өмір сүріп жатыр, алда тағы бір ауыр ота күтіп тұр. Дәрігерлер толық қалпына келеді деп нақты айта алмай отыр.

    Заңгер Анна Чернованың айтуынша, зардап шеккен әйел сотқа жүгініп, кінәлі дәрігерлердің әділ жазалануын талап етпек. Оның алдында енді ұзақ ем-дом мен өмірді қайта қалпына келтіру кезеңі тұр.

    Бір апта кешіктіргенде – тірі қалмауы мүмкін еді…