Метка: Басты жаңалықтар

  • Қонаевта жағажай спорт алаңы жаңартылды

    Қонаевта жағажай спорт алаңы жаңартылды

    Аумағы 2,1 гектарды қамтитын нысан 2017 жылы салынғанымен, осы уақытқа дейін жөндеу көрмеген. Биыл жергілікті тұрғындардың сұранысы бойынша толық жаңартылып, заманауи келбетке ие болды.

    Алаңда жағажай волейболы мен футболына арналған алаңдармен қатар, шахмат және тоғызқұмалақ үстелдері, балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын және воркаут аймақтары орнатылған.

    Ерекше назар аударарлық тұсы — ұлттық нақыштағы безендірулер. Тротуарлар қазақы оюмен көмкеріліп, кіреберіс тұсқа алтыбақан қойылған. Алаң ортасына ақ кеседен төгілген сүт тәрізді гүл композициясы орнатылып, раушан гүлдері егілген. Айналасы толық көгалдандырылған. Жөндеу жұмыстарын «Қонаев Көркейту» мекемесі жүргізген.

    ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаевтың айтуынша, басты мақсат — салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау.

    Тұрғын Айдос Ескелдинов жаңартылған алаңға ризашылығын білдіріп, спорт алаңының сапалы салынғанын айтты.

    Айта кетейік, бұған дейін Қонаев қаласында жаңа сквер салынып жатқаны хабарланған болатын.

    Ақпарат Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды

  • Судья Перизат Қайрат ісі неге жартылай жабық өтетінін түсіндірді

    Судья Перизат Қайрат ісі неге жартылай жабық өтетінін түсіндірді

    Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты сот процесі аралас форматта өтеді. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сабыржан Каримовтың айтуынша, сот отырысын толық жабық өткізуге негіз жоқ, дегенмен кейбір бөліктері БАҚ пен жұртшылыққа жабық болады.

    Оның сөзінше, жариялылық шектеуі тек банк құпиясына қатысты эпизодтарға ғана байланысты:

    «Сот айыпталушылардан жауап алу кезінде олардың мәлімдемелерінде құпия ақпарат болуы мүмкін деп, жариялылықты шектеу туралы шешім қабылдады. Бұл сонымен қатар іс материалдарын зерттеуге де қатысты, егер ол банк құпиясын қамтыса. Қалған отырыстар ашық форматта өтеді», — деді судья.

    Судья сондай-ақ, қорғау тарапының процесті толықтай жабуды сұрауына байланысты түсініктеме берді. Олар бұл істің Қазақстанның Палестина және Израильмен халықаралық қатынастарына ықпал етуі мүмкін екенін айтқан:

    «Іс материалдарында Палестина мен Израиль арасындағы әскери жанжалға қатысты мән-жайлар көрсетілмеген. Палестина халқына көмек ретінде қаражат жинау фактісі — бұл істе айыптау нысаны емес».

    Осылайша, сот процесі тек заңмен қорғалатын мүдделер мен жеке банк деректері қаралатын сәттерде ғана жабық өтеді.

  • ️Перизат Қайрат ісі бойынша сот ішінара жабық өтеді

    ️Перизат Қайрат ісі бойынша сот ішінара жабық өтеді

    Перизат Кайрат пен оның анасына қатысты сот процесі аралас форматта өтеді. Соттың мәліметінше, айыпталушылардан жауап алу кезеңі жабық тәртіпте өтеді, ал қалған бөлігі – ашық түрде жүргізіледі.

    Сот отырыстары дүйсенбі және сейсенбі күндері өт

  • «Соққы іздері тіркелді, бірақ ештеңе айта алмаймын»

    «Соққы іздері тіркелді, бірақ ештеңе айта алмаймын»

    Жанжалға айналған істің қатысушысы Перизат Қайрат тергеу изоляторында соққыға жығылғанын айтып, бұл деректің ресми түрде тіркелгенін жеткізді. Оның айтуынша, материалдар ҚР Қылмыстық процестік кодексіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне (СДТБТ) енгізілген, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

    — Соққы іздері тіркелді ме?
    — Иә, іс СДТБТ-ға тіркелді.
    — Сізден не талап етті? Мойындатуға тырысты ма?
    — Қазір ештеңе айта алмаймын. Бүгінге дейін жауап бермедім. Мені де түсініңіздер, ертең сөзімді қарсы пайдаланбасын.

    Бұған дейін Перизат Қайраттың мұқтаж жандарға бөлінген үш миллиард теңгені жымқырды деген күдікпен қамауға алынғаны хабарланған.

  • Шымкентте театрға арналған техника алуға бөлінген 136 миллион теңге ұрланған

    Шымкентте театрға арналған техника алуға бөлінген 136 миллион теңге ұрланған

    Шымкент қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі концерттік жабдық сатып алуға бөлінген 136 миллион теңгенің жымқырылуына қатысты қылмыстық істі тергеп аяқтады.

    Тергеу дерегінше, «Шымкент жастар театры» мемлекеттік мекемесіне техникалық жабдықтар (акустикалық жүйелер, сабвуферлер, сахналық фермалар, күшейткіштер, микрофондар және басқа құралдар) сатып алуға бюджеттен 320 миллион теңге бөлінген. Бірақ заң талабына қайшы түрде сатып алу электронды дүкен арқылы, ашық конкурссыз, 20-дан астам жеке келісімге бөліп жүргізілген.

    Келісімшарттар жалған кәсіпкерлердің атына рәсімделіп, ешқандай жеткізу орындалмаған. Бөлінген қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылған.

    Тергеу барысында күдіктілердің бірі заңсыз табысқа пәтер мен көлік сатып алғаны анықталды. Жалпы құны 48 миллион теңгені құрайтын мүлік басқа адамдардың атына тіркелген. Қазіргі таңда бұл активтерге сот арқылы бұғат қойылды.

    Барлық күдіктілер қамауға алынды.

  • Қазақстан Нью-Йорк, Токио және Сингапурға тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр

    Қазақстан Нью-Йорк, Токио және Сингапурға тікелей рейстер ашуды жоспарлап отыр

    Қазақстан халықаралық әуе қатынасын кеңейтуді көздеп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ICAO кеңесінің төрағасы Сальваторе Шаккитаномен кездесуде мәлімдеді.

    Мемлекет басшысының айтуынша, қазір еліміз 30-дан астам мемлекетпен тікелей әуе қатынасын орнатқан. Енді Нью-Йорк, Токио және Сингапур бағыттарында жаңа тікелей рейстерді іске қосу жоспары бар.

    «Өткен жылдан бастап Монреаль қаласында ICAO жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілдігі жұмыс істеп тұр. Ал 2024 жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа әуежай терминалдары пайдалануға берілді. Алматы әуежайының өткізу қабілеті алты есеге — жылына 2,5 миллионнан 14 миллион жолаушыға дейін ұлғайды», — деді Президент.

    Сондай-ақ кездесуде азаматтық авиацияны дамытуға арналған мастер-жоспардың маңыздылығы атап өтілді. Бұл құжат саладағы ұзақмерзімді стратегияның негізіне айналмақ.

    ICAO басшысы Қазақстанның авиация саласындағы ілгерілеуін жоғары бағалап, тұрақтылықты, даму қарқынын және нақты институционалдық құрылымды ерекше атап өтті.

    Айта кетейік, 2025 жылы қазақстандық және шетелдік әуе компаниялары ондаған жаңа бағыт ашуды жоспарлап отыр. Олардың қатарында Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Дананг және Каир бар. Билік өкілдері мұндай бәсекенің өсуі билет бағасын төмендетіп, жолаушыларға көбірек таңдау ұсынады деп сенеді.

  • Атбасарда сібір жарасы: 19 адам бақылауда, екі ауыл карантинге жабылды

    Атбасарда сібір жарасы: 19 адам бақылауда, екі ауыл карантинге жабылды

    Ақмола облысы Атбасар ауданында сібір жарасы жұқтырғандар саны артты. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, індет жеті адамнан анық расталған, тағы 12 адам медициналық бақылауда. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі төрт жағдай туралы хабарлаған еді.

    Індеттің ошағы – Магдалиновка мен Новомариновка ауылдарынан жеті шақырым жерде орналасқан, бұған дейін сібір жарасынан өлген мал көмілген аумақ. Дәл осы маңда екпе салынбаған, тіркеуге алынбаған мал жайылған. Ауру жұқтырған 10 бас ірі қара өртеліп жойылды.

    «Мал заңсыз жайылған, қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Оқиға орнында залалсыздандыру жүргізіліп, шлагбаум орнатылды, екі ауыл карантинге жабылды. Ет өнімдері дер кезінде тәркіленді. Астана базарларындағы барлық ет өнімдерінен сынама алынды, нәтижелері теріс. Халыққа қауіп жоқ», – деді министр.

    Карантин 15 күнге созылады. Кейін қайта сынама алынып, карантинді ұзарту немесе тоқтату мәселесі шешіледі. Қазір ауданда республикалық эпизоотикалық отряд жұмыс істеп жатыр. Залалданған мал иесі жауапқа тартылады.

  • 22 млн теңге жымқырған интернет-алаяқтар Алматыда ұсталды

    22 млн теңге жымқырған интернет-алаяқтар Алматыда ұсталды

    Қарағандылық 77 жастағы зейнеткерді алдап, 22 миллион теңгесін иемденген күдіктілер қолға түсті.

    Қарағанды және Алматы қалаларының полицейлері бірлесіп жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, көрші елдің екі азаматы ұсталды. Тергеу мәліметінше, олар өздерін банк қауіпсіздік қызметінің өкілдері ретінде таныстырып, зейнеткерге қоңырау шалып, қаражатын “қорғау” мақсатында барлық жинағын өз еркімен аудартуға көндірген.

    Зейнеткер бастапқыда алаяқтардың арбауына түскенін түсінбеген. Тек полициямен болған әңгімеден кейін ғана қылмыстың құрбаны екенін мойындаған. Тінту кезінде күдіктілерден толық көлемде – 22 миллион теңге тәркіленді.

    Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу басталды. Күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.

  • Жаз басталғалы бері Қазақстанда 37 адам суға батып кетті, оның ішінде 12 бала бар

    Жаз басталғалы бері Қазақстанда 37 адам суға батып кетті, оның ішінде 12 бала бар

    Жазғы шомылу маусымы басталғалы Қазақстанда 37 адамның суға кетуі тіркелді, оның ішінде 12-сі — кәмелетке толмаған балалар. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Sona Media редакциясының ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

    Қайғылы оқиғалардың көбі — рұқсат етілмеген орындарда болған

    Мәліметке сәйкес, суға кеткендердің алтауы ғана арнайы рұқсат берілген, қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағажайларда шомылып жүріп қаза тапқан. Қалған 31 адам шомылуға арналмаған, бақылаусыз, жабдықталмаған су айдындарында суға кеткен.

    «Осындай қайғылы оқиғалар, әдетте, құтқару қызметі жоқ, бақылау жүргізілмейтін су жағасында болады. Сондықтан азаматтардан судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауын сұраймыз», — делінген министрлік хабарламасында.

    Елімізде 722 жағажай ресми түрде рұқсат алған, ал 6 784 жерде шомылуға тыйым салынған белгі орнатылған

    Қазіргі таңда республика көлемінде қауіпсіздік талаптарына сай келетін 722 ресми жағажай жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, шомылуға тыйым салынған 6 784 су айдынында «Шомылуға тыйым салынады» деген арнайы белгілер орнатылған. Рұқсат етілген және тыйым салынған орындардың толық картасын 2GIS платформасынан көруге болады.

    30 мыңнан астам рейд пен 201 мобильді құтқару бекеті

    Жаз басталғалы ТЖМ және полиция қызметкерлері еліміздегі су қоймаларында 30 000-нан астам рейд пен патруль жүргізген. Нәтижесінде судағы қауіпсіздік ережесін бұзған 902 адам әкімшілік жауапқа тартылған.

    Сондай-ақ, аса қауіпті аумақтарда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 201 мобильді құтқару бекеті орналастырылған.

    Суда қауіпсіздік сақтаудың негізгі ережелері:
    • Тек ресми рұқсат етілген жағажайларда шомылыңыз;
    • Мас күйде суға түспеңіз;
    • Балаларды ешқашан қараусыз қалдырмаңыз;
    • Буйлардан әрі жүзіп кетпеңіз, биік жартастардан секірмеңіз;
    • Катерлер мен өзге жүзу құралдарына тым жақындамаңыз.

    «Су жанындағы бір сәттік мұқиятсыздық адам өмірін қиюы мүмкін. Сондықтан демалыс сәті көңілді ғана емес, қауіпсіз де болуы тиіс», — деп ескертеді Төтенше жағдайлар министрлігі.

  • Теміртаулық күдікті 12 жылдан кейін Дубайдан экстрадицияланды

    Теміртаулық күдікті 12 жылдан кейін Дубайдан экстрадицияланды

    2012 жылы Теміртауда себепсіз шабуыл жасап, адамның жақ сүйегін сындырған күдікті 12 жылдан кейін Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға қайтарылды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді.

    Қылмыс 25 наурызда болған. Тергеу дерегі бойынша, ер адам жәбірленушіге еш себепсіз тап беріп, ауыр дене жарақатын салған. Соққы салдарынан жәбірленушінің жақ сүйегі екі жерден сынған.

    Оқиғадан соң күдікті ізін суытып, 12 жыл бойы халықаралық іздеуде болды. Жақында ғана оның Дубайда жасырынып жүргені анықталып, экстрадиция рәсімі жүргізілді.

    Қазіргі таңда азамат Қазақстанға жеткізіліп, бұзақылық ниетпен орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіру бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр.