Метка: Басты жаңалықтар

  • 8-10-шағынаудандарда жаңа жол салынуда

    8-10-шағынаудандарда жаңа жол салынуда

    Қонаев қаласының 8–10-шағынаудандарында автожолдар күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жобада жол және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар қарастырылған.

    Батпақты аумақтарға 88 000 м³ көлемінде жартасты материал төселді. Қазіргі уақытта жолдың 85%-ы дайындалып, 22 000 м² алаңға екі қабат асфальт-бетон жамылғысы төселді.

    8 000 м² тротуар салынды. Бұл жаяу жүргіншілер үшін ыңғайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырады.

    Құрылыс аймағына кіретін инженерлік желілер – газ құбырлары, электр кабельдері мен телефон байланысы желілері ауыстырылды. Диаметрі 1,5 метрлік су өткізгіш құрылғы мен қуаты 63 кВА болатын үш трансформаторлық подстанция орнатылды.

    Бүгінде жеке сектор аумағында 515 көше шамы орнатылып, 1 және 2-өтпелерде тағы 163 шам орнатылуда, сондай-ақ 286 сәндік шамдарды монтаждау жұмыстары жалғасуда.

    8–10-шағынаудандардағы жолдарды күрделі жөндеу – қаланың инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды кезеңдерінің бірі.

  • «Құрылыста ең бастысы – сапа»: Қанат Ақылбеков өз тәжірибесімен бөлісті

    «Құрылыста ең бастысы – сапа»: Қанат Ақылбеков өз тәжірибесімен бөлісті

    Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Ақжайық ауылында дүниеге келген Қанат бүгінде Қонаев қаласындағы тұрғын үй нысандарында құрылыс учаскесінің басшысы қызметін атқарады. Ол бұл мамандықты жай жұмыс емес, өмірлік жол деп санайды.

    Қанаттың айтуынша, құрылысқа деген қызығушылығы 2018–2019 жылдары Алматыда ағаларына үй салуға көмектесіп жүрген кезде оянған. Ал әкесі де құрылыс саласының маманы болған.

    «Бала күнімнен әкемнің еңбегін көріп өстім. Бұл мамандықтың жауапкершілігін сол кезде-ақ сезіндім. Кейін университетті аяқтап, еліміздегі ірі құрылыс компанияларының бірінде жұмысымды бастадым», – дейді Қанат.

    Бүгінде ол құрылыс жұмыстарының әр кезеңін өзі қадағалап, сапа мен қауіпсіздікке ерекше мән береді.

    «Материал қабылдау, іргетас құю, қабырға көтеру – бәрі менің бақылауымда. Себебі бұл үйлерде ертең адамдар тұрады. Әр кірпіш – біреудің өмірінің бөлшегі», – дейді ол.

    Қанаттың пікірінше, құрылыс саласында кәсіби деңгейге жету үшін кемі 6–7 жыл үздіксіз еңбек ету қажет. Ол жастарға мамандықты жүрекпен таңдап, шыдамдылық танытуға кеңес береді.

    «Көпшілік бірден табысқа жетуді қалайды. Бірақ бұл салада тәжірибе мен табандылық басты рөл ойнайды. Еңбектенуден қорықпау керек», – дейді ол.

    Қанаттың келесі мақсаты – өз жобалау компаниясын ашу. «Жинаған білім мен тәжірибемді енді жеке кәсіп бастауға бағыттағым келеді. Бұл – тек бастамасы», – дейді ол сеніммен.

    Әрбір сапалы салынған үй – құрылысшының қолтаңбасы. Ол – тек құрылыс нысаны емес, қауіпсіздік пен жайлылықтың символы. Қанат сынды мамандардың еңбегі – нағыз құрметке лайық.

  • Утиль алым ақшасына 43 қоқыс полигоны салынады

    Утиль алым ақшасына 43 қоқыс полигоны салынады

    Қазақстанда ескірген және толып кеткен полигондардың орнына жаңа нысандар салу үшін утиль алым есебінен 53 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаржыға 11 өңірде 43 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны тұрғызылады.

    Экология министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, бүгінде еліміздегі 2 973 полигонның тек 20%-ы ғана талапқа сай. Атырау, Шымкент, Астана және Жезқазған қалаларындағы полигондар шекті көлемнен асып кеткен.

    Бұған дейін Үкімет 100 жаңа полигон салуды жоспарлағанымен, әкімдіктер әзірге тек 7-еуін іске қосқан.

    Жаңа жобалар утиль алым есебінен қаржыландырылып, өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталады.

  • Талғарда ана мен бала суға кетіп, қайтыс болды

    Талғарда ана мен бала суға кетіп, қайтыс болды

    Алматы облысы Талғар өзенінде қайғылы оқиға тіркелді. 22 маусымда 10 жастағы бала мен анасы суға құлап, батып кеткен. Әйелдің денесі табылғанымен, баланың мәйіті әлі іздестіріліп жатыр.

    Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, құтқару жұмыстарына 110 адам мен 20 техника жұмылдырылған. Үш күн өтсе де, бала әлі табылмады.

    Куәгерлердің сөзінше, әйел баласын құтқаруға тырысып, соңынан суға секірген. Қатты ағыс екеуін де алып кеткен. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

  • Мыңдаған отбасыға жарық пен жылу сыйлаған жандар: Қапшағай ГЭС-індегі энергетиктер әулеті

    Мыңдаған отбасыға жарық пен жылу сыйлаған жандар: Қапшағай ГЭС-індегі энергетиктер әулеті

    Ш.Шөкин атындағы Қапшағай су электр станциясында бір емес, бірнеше буын энергетиктер еңбек етіп келеді. Бұл жер — жай ғана жұмыс орны емес, тұтас әулеттер үшін өмірлік миссияның ордасы. Солардың бірі — Мамыриндер отбасы. Үш буын өкілі осы ГЭС-тің дамуына үлес қосып, мыңдаған отбасына жарық пен жылу сыйлады.

    Максим Мамырин — станцияның бас инженері. Оның анасы Галина Викторовна бұл салаға 1974 жылы келіп, 38 жыл бойы химиялық зертханада қызмет етті. «Анам маған: “Біз адамдарға жарық пен жылу сыйлаймыз” деп айтатын. Сол сөз менің тағдырымды айқындап берді», — дейді Максим.

    Мектепті бітірген соң, ол энергетика мамандығын меңгеріп, 2002 жылы Қапшағай ГЭС-іне электромонтер болып қабылданды. Қазір — бас инженер. Жұмыс барысында болашақ жары Елена Егерьмен танысып, бүгінде ол да осы жерде электромонтер болып еңбек етіп жүр. Ал 2024 жылы олардың ұлы да әке жолын қуып, энергетик мамандығын таңдады.

    Қапшағай ГЭС-індегі мұндай еңбек әулеті тек Мамыриндермен шектелмейді. Ивановтар отбасы да 50 жылдан астам уақыттан бері осы салада тер төгіп келеді. Тарихы — 1971 жылы Виктор Ивановтың Новосібірден келіп, турбиналық цех басшысының орынбасары болған кезден басталады. Кейін станция директоры болған ол — бүгінде балаларымен бірге немерелеріне де үлгі болып отыр.

    Қапшағай ГЭС-і — өңірдегі маңызды стратегиялық нысан. Оның сенімді әрі тұрақты жұмысын білікті мамандармен қатар, осы жерді өз үйіндей көретін, жан-тәнімен берілген жандар қамтамасыз етіп келеді.

  • Екі баланың өліміне себеп болған іс: медбике сот залында қамауға алынды

    Екі баланың өліміне себеп болған іс: медбике сот залында қамауға алынды

    Петропавлда отбасының жаппай улануына қатысты іс бойынша 26 жастағы медбике екі жылға бас бостандығынан айырылды.

    Қайғылы жағдай былтыр маусымда Қызылжар ауданына қарасты Надежка ауылында болды. Дүкеннен сатып алынған бекон мен тұшпараны жеген отбасы уланды. Үш және алты жастағы екі бала көз жұмды.

    Анасы Галина Коваленконың айтуынша, оларды құтқаруға алғашқы келген медбике тек көмір беріп кетіп қалған, жедел жәрдем де шақырмаған. Балаларға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген.

    Сот медбикені Қылмыстық кодекстің 317-бабы 4-бөлігі («Медициналық міндеттерді тиісті деңгейде орындамау») бойынша кінәлі деп таныды. Ол үш жылға медицина саласында жұмыс істеу құқығынан айырылып, минималды қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтейді.

    Моральдық зиян үшін талап етілген 50 млн теңгенің орнына Кызылжар аудандық ауруханасынан 10 млн теңге өндірілді.

    Жәбірленуші тарап үкімге наразы және оны апелляцияға бермек.
    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

  • Павлодарда тәрбиеші бүлдіршіндерді ұрып-соққаны белгілі болды

    Павлодарда тәрбиеші бүлдіршіндерді ұрып-соққаны белгілі болды

    Павлодар қаласындағы №116 балабақшада тәрбиешінің бүлдіршіндерге қатыгездік көрсеткені белгілі болды. Жантүршігерлік жағдайды ата-аналар бейнебақылау жазбасынан байқап қалған.

    Балалардың құқығы жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкеневаның айтуынша, ата-аналар бастапқыда балалардың өзара қақтығысын көру үшін бейнежазбаларды сұратқан. Алайда олар камерадан тәрбиешінің өзі сәбилерді итеріп, шапалақтап, жерге лақтырғанын көрген.

    «2022 жылы туған балалар әлі сөйлей алмайды. Камера жазбаларында тәрбиешінің оларды ұрғаны анық көрінеді. Бұл бір топқа ғана тән емес», — деді Шәкенева.

    Ата-аналар дереу полиция мен білім бөлімінің өкілін шақыртқан. Барлығы 15-ке жуық ата-ана жиналып, өз шағымдарын білдірген. Видеожазбалар негізінде Қылмыстық кодекстің 140-бабы, 2-бөлігі бойынша іс қозғалып, ресивер тәркіленген.

  • Ақтөбеде жоқ пәтерді жалға берген 18 жастағы қыз ұсталды

    Ақтөбеде жоқ пәтерді жалға берген 18 жастағы қыз ұсталды

    Ақтөбеде пәтер іздеген тұрғындар Telegram арқылы алаяқтың құрбанына айналды. Олар жалған хабарландыру бойынша алдын ала төлем жасап, кейін хабарсыз қалған.

    Жәбірленушілердің шағымынан кейін полиция 18 жастағы қызды ұстады. Тергеу барысында оның кемінде бес адамды алдағаны белгілі болды. Алынған ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

    Қазір күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша іс қозғалды. Полиция азаматтарды тексерілмеген хабарландырулардан сақ болуға шақырады.

  • Қазақстандықтар Астана күніне орай үш күн демалады

    Қазақстандықтар Астана күніне орай үш күн демалады

    Биыл Астана күні жексенбіге түсетіндіктен, демалыс 7 шілдеге, дүйсенбіге ауысады.

    Осылайша, бес күн жұмыс істейтін азаматтар қатарынан 5, 6 және 7 шілде күндері демалады. Ал алты күндік жұмыс режиміндегілерге 6-7 шілде демалыс болады.

    Еске салайық, 6 шілде — Астана күні мемлекеттік мерекелердің бірі саналады.

  • Рэпер ZAQ: «Жер сілкінісінен кейін Астанаға көшуге мәжбүр болдық»

    Рэпер ZAQ: «Жер сілкінісінен кейін Астанаға көшуге мәжбүр болдық»

     

    Музыканттың айтуынша, әйелі екіқабат екенін білген сәтте Алматыда жер сілкінісі болған. Бірінші сілкіністен кейін жары өзін жайсыз сезініп, кейін жүктілік тоқтап қалған.

    «Сол кезде бәріміз қатты шошыдық. Әйелімнің жағдайы нашарлады. Бастапқыда қорқыныштан деп ойладық, бірақ кейін баланың кеткенін білдік», — дейді ZAQ.

    Отбасы 13-қабатта тұрған. Қауіпсіздік үшін төменгі қабаттардан пәтер іздеген. Алайда Алматыдағы бағаның күрт өсуі оларды басқа шешім қабылдауға мәжбүрлеген.

    «2 бөлмелі пәтерге тоқсанына 5,6 млн теңге сұрады. Оған депозит пен риелтордың ақысы қосылады. Біз ойлана келе, сол қаражатты алғашқы жарна ретінде жұмсап, Астанаға көшкен дұрыс деп шештік», — дейді ол.