Метка: Басты жаңалықтар

  • Актер Серік Шәріп ЖИ-видео жасаған адамды сотқа берді

    Актер Серік Шәріп ЖИ-видео жасаған адамды сотқа берді

    Актер Серік Шәріп Астана тұрғынының үстінен арыз түсірген. Threads желісінде Арман есімді қолданушы сәуір айының басында жасанды интеллект көмегімен жасалған видеоны жариялаған. Онда актер Серік Шәріп пен кісі өлтіргені үшін сотталған Қуандық Бишімбаевтың бейнесі қатар көрсетілген.

    Қиын сәтте әрдайым қасыңнан демеу болатын адам табылуы керек, – делінген видео кадрларындағы жазбада.

    Жарияланым 13 мыңнан астам лүпіл мен жүздеген пікір жинаған. Кеше кешкісін астаналық тұрғын актердің оған арыз жазғанын хабарлады.

    Бүгін маған Алмалы аудандық полиция басқармасынан қоңырау шалып, Шәріп Серік маған жалған ақпарат таратты деп арыз жазғанын айтты, – дейді ол.

    Желі қолданушыларының пікірлерінде белгілі адвокат Жохар Өтебеков азаматты сотта қорғауға дайын екенін білдірді.

    Мен – қылмыстық істер бойынша адвокатпын. Сізді қорғағым келеді. Бұл – тегін. Жеке хабарламаға жазыңыз, – деді Өтебеков.

    Видео авторының жазбаларының астындағы пікірлер екіге жарылды – біреулер контент-мейкерді қолдаса, енді біреулер оның әрекетін орынсыз деп тапты.

    Адамның басына түскен ауыр кезеңде оны масқаралаудың не қажеті бар? Сіз кісі өлтіру мен қол көтеруді салыстырып отырсыз. Шакенти кінәлі, және ол сот белгілеген жазасын алды. Бірақ сіздің әрекетіңіз – ең кемі адамшылыққа жатпайды.

    Бұл – юморлық ролик. Жасанды генерация екені анық байқалады, шындыққа жанасатын ештеңесі жоқ. Видеоның ешқандай репутациялық зиян келтірмегені көрініп тұр.

    Айтпақшы, жақында белгілі PR-маман Әлішер Елікбаевқа берген сұхбатында Серік Шәріп осы видеоға қатысты пікір білдірген. Ол Киберполицияға арыз жазғанын растады.

    Барлығы: «қылмыс құрамы бар» дейді. Мен бұл адамдарды жазалағым келеді, – деді актер.

    Сондай-ақ, Шәріп өзіне Бишімбаевты теңеуге неге болмайтынына да жауап берді. “Бұл мені өте қатты ренжітті. Мен кісі өлтіруші емеспін. Мен «екінші Бишімбаев» бола алмаймын. Ол – оның өмірі, оның тағдыры, оның қатесі”, – деді ол.

  • Павлодарда екі адам кісі өлтіріп, мәйітті баспалдақпен сүйреп шығарған

    Павлодарда екі адам кісі өлтіріп, мәйітті баспалдақпен сүйреп шығарған

    Павлодарда екі адам кісі өлтіріп, мәйітті баспалдақ арқылы сүйреп шығарған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

    Полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілердің бірі ұсталды, екіншісін іздеу жалғасуда. Алдын ала дерек бойынша, қылмыс ішімдік ішу кезінде туған жанжалдан кейін жасалған.

    Тергеу жүріп жатыр.

  • Шерзат ісі: сотта екінші куәгер қыз оқиға кезіндегі жағдайды баяндады

    Шерзат ісі: сотта екінші куәгер қыз оқиға кезіндегі жағдайды баяндады

    Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

    Сот отырысында былтыр 3-інен 4-ші қазанға қараған түні оқиға орнында болған куәгер Дана Жақсыгелді сөз сөйледі. Ол оқиға қалай болғанын баяндады.

    Оның айтуынша, Равиль Сәкиевтің шақыруымен куәгер Эльмира Нұрбековамен бірге мейрамханаға барған. Онда айыпталушылардың бірнешеуі болған.

    “Үйге қайтамыз дегенде «апарып тастаймыз, бірақ жолда дүкенге кірейік» деді. Бізде де темекі бітіп қалған еді. Сөйтіп дүкен алдында бір топ адам тұрды. Кейін біз дүкенге темекі алуға кірдік. Бірақ бізге «сатпаймы» деді. Сосын біз шықтық, сол кезде ерегес басталып кетті. Мен көліктің артына кеттім. Сол кезде атыс басталды. Сұр киім киген сақалды жігіт бірінші аспанға, сосын екі рет бізге қарай оқ атты. Кейін төбелес көшенің арғы бетіне кетіп қалды. Мен көліктің ішінде отырып, 5 минуттан кейін шығып ұлдарға «қайтайық» деп айқайладым. Ол кезде ешкім естіген жоқ. Қайтып көлікке отырдым. Төбелес не үшін басталғанын білмедім”, – деді Дана Жақсыгелді.

    Прокурор куәгерден «102», «103»-ке неліктен хабарласпағанын сұрады.

    “Ондай ойымда болған жоқ. Бір жағынан мылтықты өмірімде бірінші рет көрдім. Содан кейін қорқып, көлікте отырып қалдым. Өз өмірі үшін қорықтым”, – деді ол.

  • ШҚО-да қытай компаниясына экологиялық заңбұзушылық үшін 1 млрд теңге айыппұл салынды

    ШҚО-да қытай компаниясына экологиялық заңбұзушылық үшін 1 млрд теңге айыппұл салынды

    «СИНЬСИН» компаниясы Шығыс Қазақстан облысында экологиялық рұқсатсыз өндіріс жүргізгені үшін жауапқа тартылды. Тексеру кезінде асфальтобетон қондырғысы мен ұсақтау кешенін заңсыз қолданғаны анықталды.

    Компанияға 1 миллиард теңге айыппұл салынды. Апелляция шешімді күшінде қалдырды.

  • 17 жастағы қызға көлік ұсынған полицейлер жазаланды

    17 жастағы қызға көлік ұсынған полицейлер жазаланды

    Қыздың айтуынша, олар оны “Саяхатқа дейін апарып тастауды” ұсынған. Ал полицейлер мұны жоққа шығарды.

    Алматы облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, полицейлер көшеде жасөспірімдермен профилактикалық жұмыс жүргізген. Алайда олар қызметтік этика талаптарын бұзған. Осыған байланысты бір полицей ішкі істер органдарынан шығарылды, екіншісі қызметінен босатылды. Ал олардың басшылары тәртіптік жазаға тартылды.

  • Алматы мен Алматы облысында жалған полицейлер ұсталды

    Алматы мен Алматы облысында жалған полицейлер ұсталды

    Алты адам жалған полицей ретінде өзін таныстырып, тұрғындардың ақшасы мен көлігін тартып алған. Күдіктілерден жалған қызметтік куәліктер, құжат бланкілері, форма элементтері, қару-жарақ пен түрлі елдердің нөмір белгілері тәркіленді. Келтірілген шығын көлемі 12 миллион теңгеден асты.

    Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция құқық қорғау органдарының атрибуттарын заңсыз қолдану деректеріне қатаң шара қолданатынын мәлімдеді.

  • Семейде оқушыға қол тигізген мұғалім оқудан шеттетілді

    Семейде оқушыға қол тигізген мұғалім оқудан шеттетілді

    Семейде сабақ кезінде оқушыға қол тигізген мұғалімге қатысты түсініктеме берілді. Білім министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті видеоны 2023 жылы түсірілгенін мәлімдеді. Қазір оқушы 9-сыныпта оқиды. Мұғалім білім беру саласынан шеттетілді, іс құқық қорғау органдарына жолданды.

    Абай облысының Білім басқармасы видеодағы мектепте бұған дейін тағы бір мұғалімнің зорлық ісі үшін өмір бойына сотталғанын растады. Қол тигізген мұғалім 2020-2024 жылдары жұмыс істеген, еңбек келісімшарты өз еркімен тоқтатылған. Әкімшілікке ресми шағым түспеген.

  • ҚХДР Ресей-Украина соғысына өз әскерінің қатысқанын растады

    ҚХДР Ресей-Украина соғысына өз әскерінің қатысқанын растады

    КХДР билігі Ресейге Украинамен соғысқа қатысу үшін өз әскерін жібергенін алғаш рет растады деп хабарлайды Yonhap Кореяның Орталық ақпарат агенттігіне (KCNA).

    KCNA агенттігінің хабарлауынша, әскерді тасымалдау екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімге сәйкес «Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынның бұйрығымен» жүзеге асырылған.

    «Украина билігінің Ресей Федерациясына абайсыз басып кіруіне тойтарыс беру үшін Курск аймағын азат ету операциялары жеңіспен аяқталды», – делінген KCNA мәлімдемесінде.

    Онда КХДР Қарулы күштерінің бөлімшелері «мемлекет басшысы Ким Чен Ынның бұйрығына сәйкес» операцияларға қатысқаны айтылған.

    Сенбі күні Ресей Бас штабының басшысы Валерий Герасимов Владимир Путинге Курск облысындағы жағдай туралы есеп беріп, «Солтүстік Кореяның әскери қызметкерлері аймақты азат етуге айтарлықтай көмек көрсетті», – деп мәлімдеді.

    Герасимовтың мәлімдемесі КХДР әскерінің Ресейге жіберілгенін алғашқы ресми растағаны болды.

  • 1 маусымнан бастап ​«Орал–Маңғыстау» пойызында әйелдер вагоны ашылады

    1 маусымнан бастап ​«Орал–Маңғыстау» пойызында әйелдер вагоны ашылады

    «Жолаушылар тасымалы» АҚ 1 маусымнан бастап №614/613 «Орал–Маңғыстау» бағытындағы пойыз құрамында әйелдер вагонын іске қосады. Осылайша, жаңа вагонның қосылуымен «Әйелдер вагоны» қызметі көрсетілетін бағыттардың жалпы саны 12-ге жетеді, деп хабарлайды Rail-news.kz.  

    Қазіргі уақытта әйелдер вагондары келесі бағыттарда бар:

    • №77/78 «Алматы – Маңғыстау»;
    • №351/352 «Алматы – Маңғыстау»;
    • №45/46 «Павлодар – Түркістан»;
    • №37/38 «Маңғыстау – Семей»;
    • №47/48 «Атырау – Астана»;
    • №33/34 «Ақтөбе – Алматы»;
    • №4/3 «Астана – Алматы»;
    • №71/72 «Астана – Шымкент»;
    • №354/353 «Астана – Семей»;
    • №24/23 «Ақтөбе – Алматы»;
    • №25/26 «Алматы – Шымкент»;
    • №614/613 «Орал – Маңғыстау».

    Әйелдер вагонында билеттер тек әйел жолаушыларға сатылады, ал қызмет көрсету міндетін арнайы дайындықтан өткен әйел жолсеріктер орындайды. Сонымен қатар, бұл вагонда жеті жасқа дейінгі ұл балалардың бірге жүруіне рұқсат берілген.

    Әйелдер вагонына билеттерді вокзалдағы кассалардан сатып алуға болады. Бұл кезде касса қызметкеріне әйелдер вагонынан орын таңдағыңыз келетінін алдын ала айту қажет. Сондай-ақ билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан онлайн сатып алуға мүмкіндік бар. Онлайн рәсімдеу кезінде билеттің әйелдер вагонына тиесілі екенін білдіретін «ӘВ» (әйелдер вагоны) белгісіне назар аудару керек.

    Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан сатып алуға болады. Билеттер сатылымы пойыздың жөнелтілуіне 45 күн қалғанда ашылады, бұл жолаушыларға өз сапарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

  • Әкім су басқан Солтүстік Қазақстан ауылдарын қайықпен аралады

    Әкім су басқан Солтүстік Қазақстан ауылдарын қайықпен аралады

    СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су басқан аймақтарды қайықпен аралап жүр.

    Әкім қайықпен Есіл өзенінің жайылмасында орналасқан және жыл сайын су тасқынына ұшырайтын Заречный кентіне барған. Нұрмұхамбетов қазір жағдай тұрақты деп сендірді.

    — Су тұрғын үйлерге кірген жоқ. Оқиға орнында қалалық әкімдік, құтқарушылар мен полиция қызмет атқаруда, тәулік бойы кезекшілік бар, қорғаныс бөгеттері нығайтылған. Барлығы 200 адам жұмылдырылды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолдау көрсету бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда. Барлық қызметкерлердің жанқиярлық еңбегі үшін алғысымды білдіремін, дейді Нұрмұхамбетов.

    Әкімнің сөзінше, қазір екі көпқабатты үйдің құрылысы басталған, бұл үйлерге Заречныйдан көшірілетін отбасылар қоныстанады. Құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүруде, және жыл соңына дейін адамдар жаңа жайлы баспанаға ие болады.

    Айта кетейік, 25 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысындағы Тепличное ауылы тұрғындары эвакуацияланған болатын.