Метка: Басты жаңалықтар

  • Бір топ баланы ұрған жасөспірімнің ісін министр жеке бақылауына алды

    Бір топ баланы ұрған жасөспірімнің ісін министр жеке бақылауына алды

    Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлеуметтік желіде жасөспірім бір топ баланы тұрғызып қойып, ұрып жатқан бейнежазбаға қатысты түсінік берді.

    – Әдетте жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты әлеуметтік желілердегі жазбаларды тұрақты бақылауға мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан жарияланған арыз-шағымдарды демалыс күндері арнайы қарап шығуға тырысамын. Кейде әлеуметтік желілер арқылы расымен де алаңдаушылық тудыратын мәселелерден хабардар болып жатамыз. Мысалы, Алматы облысы оқушыларының шағымы мені бейжай қалдырмады. Мәселе білім алушылардың құқығы бұзылуы, мектептегі тамақтану жағдайының санитариялық талаптарға сай ұйымдастырылмауы сияқты фактілердің болу ықтималдығына байланысты, – деп жазды желідегі парақшасында Ғани Бейсембаев.

    Осы орайда министр жергілікті атқарушы органдардың өз міндеттерін толықтай орындамай отырғанын айтты.

    «Бала құқығын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыда күшейту мақсатында министрлік тарапынан үш негізгі заңнамаға 94 түзету енгізіліп, 2024 жылы тексеруден өткен 342 білім беру ұйымының 24-інде басшылар әкімшілік, 78-і тәртіптік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, мұндай жағдайлар әлі де кездесіп отыр. Аталған жағдай жеке бақылауымда. Балалардың құқығын қорғау комитеті мен аумақтық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің қатысуымен арнайы жұмыс комиссиясын құруды тапсырдым. Комиссия қолданыстағы заңнама аясында барлық қажетті шараны қабылдайды. Алматы облысының басшылығы бұл мәселені шұғыл түрде қолға алып, алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін нақты әрі жүйелі іс-шаралар қабылдайды деп сенемін», – дейді ведомство басшысы.

    Ғ.Бейсембаевтың айтуынша, әр баланың қауіпсіздігі – білім беру жүйесінің барлық деңгейінде орындалуы тиіс стратегиялық міндет.

    «Балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету министрліктің тұрақты бақылауындағы мәселе екенін жергілікті әкімдіктер де жақсы біледі. Тағы да өңірлердегі білім саласының басшыларын осындай маңызды мәселелерге жоғары жауапкершілікпен қарауға шақырамын», – дейді министр.

  • Оралда ток соққан бала көз жұмды

    Оралда ток соққан бала көз жұмды

    Орал қаласында ток соққан 9 жастағы бала ауруханада қайтыс болды.  БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 1 мамырдан 2-сіне қараған түні көз жұмды.

    БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі осы қайғылы оқиғаға байланысты тергеу амалдары жалғасып жатқанын жеткізді.

    «Қылмыстық іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», – деп хабарлады ведомстводан.

    Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, подстанция төбесінде жүрген 2015 жылы туған баланы ток соққан. Бала дереу ауруханаға жеткізілген еді. Куәгерлердің айтуынша, бала подстанция төбесінде қалып қойған допты алып, жерге тастаған. Төмен түсе бергенде, тоққа түсіп қалған. Бала денесінің 95 пайызы күйіп қалғаны айтылды.
  • Шымкентте жүргізуші куәлігін сатумен айналысқан топ әшкереленді

    Шымкентте жүргізуші куәлігін сатумен айналысқан топ әшкереленді

    Шымкентте қаржы мониторингі агенттігі прокуратурамен бірлесіп, жүргізуші куәлігін пара арқылы заңсыз берген қылмыстық топтың жолын кесті. Тергеу мәліметінше, 2023–2024 жылдары Халыққа қызмет көрсету орталығының №2 бөлімінің басшысы Ж.Р. Мурашимовтың басшылығымен емтихан тапсырмай-ақ куәлік беру схемасы құрылған. «Қызметтің» бағасы 150–400 мың теңге болған.

    Кемінде 500 адам заңсыз жүргізуші куәлігін алған. Тергеу аясында 200 млн теңгеден асатын мүлікке (2 үй, 2 пәтер, 2 жер учаскесі, 10 көлік) бұғат қойылды. Сот санкциясымен 12 күдікті қамауға алынды. Іс бойынша тергеу жалғасуда.

    Мамандардың айтуынша, мұндай құжат беру жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Соңғы екі жылда Шымкентте жол апаты екі есеге артқан — 2022 жылы 398 оқиға болса, 2024 жылы 878-ге жетті.

  • Талдықорғанда өнеркәсіп аймағында ірі өрт шықты

    Талдықорғанда өнеркәсіп аймағында ірі өрт шықты

    Талдықорғанда Шығыс өнеркәсіп аймағында, ТОО «ПРОМОТХОД Development» аумағында өрт шықты. Жалын отындық, ауа сүзгілері, май сүзгілері, картон, ағаш қалдықтары мен пайдаланылған май қалдықтарын шарпыды. Өрттің шамамен 2000 шаршы метр аумақты қамтығаны анықталды.

    Қазір ТЖМ өрт сөндірушілері пластик өңдейтін цехтағы өртті сөндіруде. Өрт сөндіру жұмыстары жоғарғы дәрежеде жүргізілуде.

  • Рахат Әлиевтің анасы өмірден өтті

    Рахат Әлиевтің анасы өмірден өтті

    Рахат Әлиевтің анасы, Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұралы Әлиевтің әжесі Минавар Қадишқызы Әлиева өмірден озды. Бұл туралы Нұралы Әлиев өзінің Instagram парақшасында хабарлады.

    Бүгін менің сүйікті әжем Аника (Минавар Қадишқызы) мәңгілік мекенге аттанды. Ол мен үшін ерекше жан еді – мен бала күнімді оның қасында өткізіп, сол кісінің жанында өстім. Әжем менің тәрбиеме зор ықпал етті, өмірімді ұмытылмас махаббат пен ақыл-кеңеске толтырды.

    Ол мейірімнің, даналықтың және сұлулықтың үлгісі болды – біздің өміріміздегі шынайы жарық, оның қасынан әрдайым жылылық пен тыныштық сезілетін. Ол әрқашан жүрегімде өмір сүре бермек, деп жазды Нұралы Әлиев және әжесімен бірге түскен суретін жариялады.

    Әлиевтің айтуынша, бұл сурет екі күн бұрын, әжесімен жеке кездесу кезінде түсірілген. Бұл мен мәңгі сақтайтын тамаша естелікке айналды, – деп қосты ол.

  • Ресейлік тарихшыға Қазақстанға кіруге рұқсат берілмеді

    Ресейлік тарихшыға Қазақстанға кіруге рұқсат берілмеді

    ТМД елдері институтының Қазақстан және Орталық Азия бөлімінің жетекшісі Андрей Грозин Қазақстанға кіруге рұқсат ала алмады.

    Ол Астана қаласында 28-29 сәуірде өтетін ресей-қазақстан қарым-қатынастарындағы мәселелерді талқылауға арналған іс-шараларға қатысуы тиіс еді.

    27 сәуірде паспорттық бақылау кезінде Грозинге кіруге рұқсат берілмегені анықталды. Себептері түсіндірілмегендіктен, ол Мәскеуге оралуға мәжбүр болды.

    ТМД елдері институтының директоры Константин Затулин бұл жағдайды Қазақстан тарапынан қонақтарға қатысты екіұшты және достыққа жатпайтын әрекет деп бағалады.

    2023 жылы Затулинге де Қазақстанға кіруге кедергі жасалғаны туралы еске салынды. Ол Байқоңырдан ғарыш кемесін ұшыруға қатысу үшін келген болатын.

  • Әлия Назарбаеваның бұрынғы күйеуін сот банкрот деп танудан бас тартты

    Әлия Назарбаеваның бұрынғы күйеуін сот банкрот деп танудан бас тартты

    Астана қалалық соты Әлия Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Данияр Хасеновтың өзін банкрот деп тану туралы өтінішін қанағаттандырмады.

    Nege мәліметінше, сот шешімінде оның мүліктік жағдайы мен табысы туралы толық әрі сенімді ақпараттың ұсынылмағаны атап өтілді.

    Іс материалдарына қарасақ, Хасеновтың «Мәселелі несие қоры» АҚ алдындағы қарызы 23,8 млрд теңге болды. Бұл қарыз 2003 жылы «Казкоммерцбанк» пен «АзияПромСбыт» ЖШС арасында жасалған несие келісімі нәтижесінде туындаған. Хасенов бұл келісім бойынша кепілгер болған.

    Қаржылық басқарушының мәліметінше, борышкердің атына тіркелген ешқандай мүлік жоқ және оның орташа айлық табысы нөл теңге. Алайда, Хасенов бірнеше компанияның тең иесі ретінде тіркелген:

    «Petroleum Invest Corporation» (65%),
    «Империал Инвест Корпорациясы» (90%),
    «Біріккен технологиялар мен қаржы» (50%)
    «Мегаспорт» футбол клубы (50%).
    Сот «Petroleum Invest Corporation» ЖШС 2024 жылы 9,5 млн теңге салық төлегенін, ал қалған компаниялар банкрот болмағанын немесе жойылмағанын ескере отырып, Хасеновтың нақты қаржылық жағдайы жасырылған деген тұжырымға келді.

    Судья борышкердің адалдық танытпағанын атап өтіп, оның қарыздарын өтеуге ешқандай нақты әрекет жасамағанын айтты. Сонымен қатар, жұмыссыздық себебі ретінде денсаулық жағдайы немесе басқа объективті факторлар емес, Хасеновтың жеке таңдауы болғаны анықталған.

    Данияр Хасенов – бұрын футболшы болған, әрі «ҚТЖ» ұлттық компаниясының экс-топ-менеджері. Әлия Назарбаева екеуінің ортақ балалары бар.

    Еске сала кетейік, экс-президент Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева 2024 жылдың қараша айында Димаш Досановпен ажырасқан еді.

  • Қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16% болып белгіленді

    Қосылған құн салығы мөлшерлемесі 16% болып белгіленді

    Мәжіліс депутаттары жаңа Салық кодексі мен оған салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.

      Кодекс Мемлекет басшысының Жарлығы мен Жолдауын және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатымен әзірленген.

    Депутаттық корпус пен Үкіметтің бiрлескен жұмысының нәтижесiнде, оның iшiнде қосылған құн салығы реформасы бойынша, бiрқатар шешiм қабылданды. Алғашында Үкімет ұсынған 20 пайыздық мөлшерлеме 16 пайызға дейін төмендетілді. Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеудің шегі 15 миллионнан 40 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.

    Дәрілік заттар мен медициналық қызметтерге қосылған құн салығының төмендетілген мөлшерлемелері енгізіледі: 2026 жылдан бастап 5 пайыз және 2027 жылдан бастап 10 пайыз болады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу аясындағы тауарлар мен қызметтер қосылған құн салығын төлеуден босатылады.

    Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен отандық басылымдарды, сондай-ақ баспа түріндегі кітаптарды басып шығару қызметтерін ҚҚС төлеуден босату жоспарланып отыр.

    Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатымен қосымша есепке жатқызуға қосылған құн салығы сомасы 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Оңайлатылған декларацияны реформалау аясында рұқсат етуші тізімінің орнына тыйым салынатын тізімі енгізілді. Мәслихаттардың өңірлік ерекшеліктерін ескере отырып ±50%-ға дейін түзету мүмкіндігімен 4 пайыздық бірыңғай мөлшерлеме белгіленді. Кәсіпкерлік субъектілері арасындағы операцияларға арнаулы салық режимін қолдану кеңейтілді.

    Ойын бизнесі мен банктер үшін корпоративті табыс салығы мөлшерлемесі 25 пайызға дейін көбейтілді.

    Ал банктер үшін кәсіпкерлік субъектілерін несиелеуден түсетін кірістер бойынша мөлшерлеме 20 пайыз деңгейінде қалды. Жеке табыс салығының прогрессивті шкаласы енгізіледі:

    – жалақы бойынша: 8500 АЕК-ке дейінгі табысқа

    – 10% (жылына 33,5 млн. теңгеге дейін), одан жоғары болса – 15%;

    – дивидендтер түріндегі кірістер үшін: 230 000 АЕК дейін – 5% (1 млрд. теңгеге жуық) және одан жоғары болса – 15%;

    – резидент емес жеке тұлғалардың кірістері үшін: 600 000 АЕК дейін – 10%, одан жоғары болса – 17%.

  • «Ақтөбе» футбол клубының басшылары 250 млн теңге жымқырды

    «Ақтөбе» футбол клубының басшылары 250 млн теңге жымқырды

    Ақтөбе облыстық прокуратурасы Бас прокуратураның тапсырмасымен «Ақтөбе» футбол клубының қызметін тексеріп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.

    Тексеріс нәтижесінде клуб басшылығы ойыншылардың тамағы мен ұшуына бөлінген 250 млн теңгені мақсатсыз жұмсағаны белгілі болды.

    Анықталғандай, спортшылардың тамақтануына арналған қаражат клуб қызметкерлерінің жеке қажеттіліктеріне кеткен. Сонымен қатар, ұшақ билеттеріне бөлінген қаржы да тиісті мақсатта пайдаланылмаған.

    – Тексеру қорытындысында ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы (аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті жымқыру), 361-бабының 4-бөлігінің 1) тармағы (лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану) және 190-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы (алаяқтық) бойынша үш бірдей сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды, – деп хабарлады прокуратура өкілдері.

    Аталған істер тергеу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды. Тергеу барысы облыс прокуратурасының ерекше бақылауында болады.

  • Астанада 270 кг есірткі мен қаңтарда ұрланған қару табылды

    Астанада 270 кг есірткі мен қаңтарда ұрланған қару табылды

    Есірткімен күрес қызметі Жамбыл облысының екі тұрғынын ұстады. Олардан 270 кг марихуана мен гашиш және 2022 жылғы қаңтар оқиғасында ұрланған Макаров тапаншасы тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр. ІІМ азаматтарды есірткі мен қару туралы хабарлауға шақырды.