Метка: Басты жаңалықтар

  • АҚШ-тан есірткі жеткізген күдікті 16 жылға сотталды

    АҚШ-тан есірткі жеткізген күдікті 16 жылға сотталды

    Ақмола көлік прокуратурасы және Астана қаласының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ел аумағына есірткі құралдарын, оның ішінде халықаралық пошта жөнелтімдері арқылы әкелуге жол бермеуге бағытталған алдын алу шараларын қабылдап жатыр.

    Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында АҚШ-тан ҚР азаматтарының атына халықаралық пошта жөнелтімдері арқылы тұрмыстық өнім ретінде жасырылған есірткі заттары түскені анықталды.

    – «Қазпошта» АҚ Астана қаласындағы кедендік бақылау аймағында 1,2 кг гашиш майы тәркіленді.

    Сонымен қатар, айыпталушының тұрғылықты жерін тінту кезінде Алматыда 4,38 грамм оралған мефедрон табылды, – деп жазды Бас прокуратурадан.

    Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны аса ірі мөлшерде есірткі және психотроптық заттарды контрабандаға және өткізуге кінәлі деп таныды. Оған 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

     

  • Ұшқышқа тағылған ауыр айып: отбасы өз шындығын айтты

    Ұшқышқа тағылған ауыр айып: отбасы өз шындығын айтты

    Алматылық бойжеткен ұшқышты азғындықпен зорлады деп айыптады. Бұл іс қоғамда шу тудырды. Алайда ұшқыштың қарындасы Эльмира Абдрахман баспасөз мәслихатында оқиғаның мүлде басқаша болғанын айтты.

    Ол қыздың өз еркімен пәтерге кіріп, ешқандай зорлық белгілері болмағанын, бейнежазбалар мен сараптамалар арқылы дәлелдеуге болатынын жеткізді. Оның сөзінше, қыз кейін үш миллион теңге талап етіп, материалдық өтемақы сұраған.

    Ұшқыш қамауға алынды, қорғаушылардың шағымы қабылданбады.

  • Атырауда қарақұрт қаптап кетті

    Атырауда қарақұрт қаптап кетті

    Атырау облысының Индер ауданында тағы да қарақұрт қаптады. Тұрғындар жыл сайын шығатын улы жәндіктің кесірі төрт-түлікке тиеді деп алаңдаулы.

    Былтыр облыста осы қарақұрттың кесірінен 17 бас түйе қырылған. 5 жылқы мен 8 бас ірі қара да арам қатты. Зиянкестер адамды да шақты. Сондай 13 адам дер кезінде дәрігерлер көмегін алып, ем қабылдағасын ғана аман қалды. Шаруалар биыл да үрейлі.

    «Биыл да қарақұрттан қауіптеніп отырмыз. Зиянын тигізбей қоймайды. Былтырдың өзінде қарайған мал өлді. Үкімет тарапынан ешқандай шара алынбай тұр. Өзімнің де қожалығым бар. Әлеуметтік желіден көріп отырған боларсыздар қарақұрт жер-жерде жүр. Ауылдың ішіне дейін кіріп кеткен. Малға ғана емес адамға да кесірі бар. Шарасын алу керек. Жерді улау керек. Бұрындары дезинфекция жасалатын еді. Қазір ол да жоқ. Қазір ешқандай көмек жоқ. Осыған назар аударылса деп сұраймыз», – дейді шаруалардың бірі.

    Әзірге биыл облыста қарақұрт шағу дерегі тіркелмеген. Дегенмен тұрғындар сондай жағдайдың алдын алуға қамдану керек дейді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, жұқпалы аурулар санатына жатпайтындықтан қарақұрт шаққан малдың емі иелерінің есебінен жүргізіледі.

    «Индер ауданы бойынша 2025 жылдың осы кезеңіне қарақұртпен шағу фактісі тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органның ұйымдастыруымен қарақұрт ошақтарын жою, дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Көтеріліп отырған мәселе бойынша аудан әкімдігі тарапынан қарақұртты аса қауіпті зиянкес ретінде реестрге тіркеу шараларын қабылдау үшін Атырау облысы әкімдігі менен салалық басқармаларға ұсыныстар жолданды», – дейді Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайынов.

  • Бишімбаевтың ата-анасы туыстарын сотқа берді

    Бишімбаевтың ата-анасы туыстарын сотқа берді

    Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы туыстары — Қайрат пен Бекзат Кемеловтерге қарсы екі талап-арыз түсірді. Анасы Бекзатты 1 млн долларды алдап алды деп, ал әкесі Қайратты жала жапты деп айыптаған.

    Адвокаттың айтуынша, Бекзат обыск болады деп қорқытып, «сақтай тұрамыз» деген сылтаумен 990 мың долларды алып кеткен. Ақша қайтарылмаған. Кейін Кемеловтар жаңа пәтер алғаны белгілі болды. Ақшаны қайтару талабына Бекзат «қайтармаймыз» деп жауап берген.

    2024 жылы қазанда іс қозғалды. Қазір Бекзат үйқамақта. Жала жабу ісі бойынша да сот жалғасып жатыр.

  • Ақылы жолдардан түскен 100 млрд теңге қайда жұмсалады

    Ақылы жолдардан түскен 100 млрд теңге қайда жұмсалады

    «ҚазАвтоЖол» басшысы Дархан Иманашевтың айтуынша, 2024 жылы ақылы жолдардан 48 млрд теңге жиналған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 млрд теңгеге жетпек.

    Бұл қаражаттың:
    – шамамен 60 млрд теңгесі жолдарды күтіп-ұстауға (қардан тазалау, жөндеу, жарық пен белгілерді ауыстыру);
    – 30 млрд теңгесі арнайы техника сатып алуға жұмсалады.

    Мемлекеттен бұл бағытқа қаржы қарастырылмаған. Барлық шығын тек ақылы жолдардан түскен табыспен жабылады.

    Бүгінде кейбір жолдар шығынға ұшырайды. Мысалы, Астана–Щучинск бағыты жыл сайын 1 млрд теңге шығын әкеледі. Дегенмен табысты жолдар бұл минусты жауып, жүйенің қаржылық тепе-теңдігін ұстап отыр.

    2025 жылдың басынан бері жүргізушілер ақылы жолдармен 12 млн-нан аса рет жүрген. Ең көп қолданылған бағыт – Шымкент–Өзбекстан шекарасы (1,98 млн рейс). Одан кейін Алматы–Қонаев, Шымкент–Тараз, Тараз–Қайнар және Шымкент–Қызылорда бағыттары тұр.

  • Астанада қойма өртенді

    Астанада қойма өртенді

    Бұл туралы ТЖМ хабарлады.

    Өрт жеке тұрған ғимараттан шыққан. Қазіргі таңда өрт сөндірушілер жоғары деңгейде жұмыс істеп жатыр. Ауа райының желді болуы өртті сөндіруді қиындатып отыр.

    Куәгерлер оң жағалауда қою түтінді байқаған. Кадрлардан қоймада көп картон қораптар сақталғаны көрінеді. Ішінде нақты не болғаны белгісіз.

    ТЖМ мәліметінше, өрт 15:38-де локализацияланды. Қазір өрттің нақты аумағы анықталып жатыр. Оқиға орнында екі топ жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

  • Яндекс Такси бағасына шектеу қойылды

    Яндекс Такси бағасына шектеу қойылды

    Қазақстанда Яндекс Таксиге тарифті үш еседен артық көтеруге тыйым салынды. Монополияға қарсы агенттік пен Цифрлық даму министрлігі жүргізген тексерістен кейін компания бірнеше өзгеріске келісті:
    • Ауа райы нашар күндері тариф 3 еседен аспайды;
    • Баға өссе, Яндекс 3 күн бұрын хабарлайды;
    • Артық комиссия алынбайды, жүргізуші табысы өседі;
    • «Эконом» тарифіндегі комиссия 2 жылда 1 рет қымбаттайды;
    • Сапар бағасы толық көрсетіледі (2025 жылға дейін).

    Мақсат — тұтынушылар құқығын қорғау.

  • Шерзатты пышақтаған күні келген полицей күдіктінің сыныптасы болып шықты

    Шерзатты пышақтаған күні келген полицей күдіктінің сыныптасы болып шықты

    Шерзат ісінде түске дейінгі 1-бөлімінде сотталушылардың бірінің сыныптасы, Талғар ауданы полиция басқармасының рота патрульдік полиция қызметкері Жәнібек Әмірақын іске куәгер ретінде қатысты.

    Соттың қойған сұрағына ол «біреуін, Дархан Әскентайды танимын» деп жауап берді, Ержан Жанұзақовтың «Қашаннан бері?» дегеніне, «Бір мектепте оқығанбыз» деді. «Бір сыныпта?» деп тағы сұрақ қойды сот. «Әрине» деп нақтылады Жәнібек Әмірақын.

    Одан кейін мемлекеттік айыптаушының сұрақтарынан соң ол оқиға болған күнді есіне түсіріп көрді.

    – 4 қазан күні 12:42 шамасында Жедел кезекшінің нұсқауы бойынша «Талғар қаласы, Менделеев көшесінде төбелес болып жатыр» деген хабарлама түсті. Сол жерге 7-8 минут аралығында бардым. Барғанымда бір топ адамды көрдім, сөйлестім. Басында жердегі қанды көрдім. Адамдар «бір бала пышақталған, оны әкесі емханаға алып кетті» деді. Бәрін кезекші бөлімге хабарладым. Кейін күдікті автокөліктерді тауып, кезекшіге хабарластық. Сол кезде бір жігітті байқадық, оны әріптесім екеуіміз ұстадық. Ол «иә, мен Менделеев көшесінде болдым, төбелеске қатысым бар» деді. Ол Дархан Әскентай болып шықты. Дархан сыныптасым болса да, бірден танымадым, себебі көзі ісіп кеткен, тау жақта жарықшам жоқ, қараңғы болды. Ішімдіктің иісі сезілді, – деді Жәнібек Әмірақын.

  • Алты судья ​заңдылықты бұзғаны үшін жазаланды

    Алты судья ​заңдылықты бұзғаны үшін жазаланды

    Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің кезекті отырысы өтті. Онда 8 судьяға қатысты 8 тәртіптік іс қаралды.

    Істерді қарау қорытындысы бойынша заңдылықты өрескел бұзғаны үшін 6 судья тәртіптік жауапкершілікке тартылды: 4 судьяға қатысты сөгіс түріндегі тәртіптік жаза, 2 судьяға қатысты ескерту түрінде жаза қолданылды.

    Сонымен қатар 2 судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізу олардың іс-әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.

    Сот жюриінің шешімдері заңды күшіне енген жоқ, тәртіптік жаза қолданылған судьялар Жоғары Сот Кеңесіне шағымдануға құқылы.

  • Бір қыз көліктен пышақтарды алып, жігіттерге тарата бастады – Нұрғанат Ғайыпбаев

    Бір қыз көліктен пышақтарды алып, жігіттерге тарата бастады – Нұрғанат Ғайыпбаев

    Талдықорғанда атышулы Шерзат Полат ісі бойынша өтіп жатқан сотта прокурор Дана Сәрсенбай марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың алдын ала тергеу кезінде берген жауабын оқып берді. 

    Нұрғанаттың айтуынша, оқиға болған күні ол үйде ұйықтап жатқан. Жеңгесі оятып, Шерзаттың біреумен ерегесіп қалғанын хабарлаған. Нұрғанат оқиға орнына барып, алдымен Шерзаттың әкесі Қаржаубаймен сөйлескен. Дүкеннің маңында Шерзаттың Дархан есімді азаматпен сөзге келіп қалғанын көреді.

    «Шерзат әкесіне дөрекі сөйлеген Дарханнан «неге сөйттің?» деп сұрап жатқан. Сол сәтте Дархан сөз арасында Шерзаттың анасын боқтады. Шерзат оны ұрып жіберді. Қаржаубай болса, Дарханға: «Кішкентай баламен болған жанжалға неге басқа адамдарды шақырып тұрсың?» деді», – деп сипаттайды Нұрғанат.

    Оның сөзінше, кейін ол Дарханды сабырға шақырған. Дархан кешірім сұрағанымен, дауды доғармаған. Оқиға орнына Нұрбол есімді азамат келген. Ол «Чика» деген жігітке және тағы бірнеше адамға хабарласқан.

    Нұрғанаттың айтуынша, дүкен алдына жиналғандар арасынан Чика көліктен түсіп, бір топ жігітке: «Делайте!» деп бұйрық берген. Сонымен қатар, тергеу барысында Шерзаттың анасы мен марқұм Нұрғанат Ғайыпбаев қана «Чика» есімді жігіт туралы айтқан. Бұл адамның тұлғасы әлі күнге дейін анықталған жоқ. Адвокаттардың айтуынша, оның кім екені сот процесі барысында белгілі болады. Кейін өзі оқиға орнынан кетіп қалған.

    «Сол кезде бір қыз көліктен бірнеше пышақ алып шығып, жігіттерге тарата бастады. Бірнеше жігіт маған жабылып, ұра бастады. Сол сәтте Шерзат жаныма келіп: «Ағатай, маған бірдеңе тығып алды» деді. Қасына барсам, пышақ сұғылғанын көрдім. Оған қарауға үлгермей, біз жаққа сегіз адам жүгіріп келді. Жараланғанымызға қарамай, тепкілей берді. Сол жерде менің саныма Абзал Шынасыл мен Нұрқияс Ілиясов пышақ сұқты. Басымнан темір затпен соққы алдым», – деп марқұм алғашқы тергеу кезінде жауап беріпті.

    Айта кетейік, бұл жауап Нұрғанат Ғайыпбаевтың көзі тірісінде тергеу кезінде берілген. Ол – марқұм Шерзат Полаттың ағасы. Сот процесі басталмай тұрып, Нұрғанат қайтыс болды. Алдын ала болжамдарға қарасақ, өз-өзіне қол жұмсады деген сөздер айтылды.