Метка: Басты жаңалықтар

  • Шерзаттың өлімі: әжесі сотта Абзалды таныды

    Шерзаттың өлімі: әжесі сотта Абзалды таныды

    Талғар аудандық сотында 16 жастағы Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша жәбірленушілерден жауап алу басталды. Бүгін сотта Шерзаттың әжесі Жұмабике Қадырова эмоционалды түрде куәлік берді.

    Ол күдіктілердің бірін — Абзал Шынасылды бірден танығанын айтты. “Немерем менің қолымда өсті, ешқашан төбелеске араласпаған. Егер қарумен келетінін білсем, үйден-ақ полиция шақырар едім”, — деді ол.

    Қанды оқиға болған жерге жеткенде немересін таппай, топ адамның артынан жүгіріп барып көрген. “Оны ұрғандардың ішінде Абзал болғанын кейін Нұрғанат айтты”, — деді жәбірленуші.

    Шерзаттың досы Ахмет Махмет шетелде оқып жатуына байланысты сотқа келе алмаған. Бірақ өз атынан өкілдеріне сенімхат берген.

    Іс бойынша басты сот отырыстары жалғасып жатыр.

  • Астанада автокөлік бөлшектері сақталған ангар өртенді

    Астанада автокөлік бөлшектері сақталған ангар өртенді

    ТЖМ мәліметінше, оқиға орнына өрт сөндірушілер жоғарылатылған шақыру дәрежесімен жетіп, тілсіз жауды сөндіруге кіріскен.

    Өрт сағат 7:30-да толық ауыздықталды. Жалын шарпыған аумақ — 550 шаршы метр.

    Қазір оқиға орнында арнайы өрт-зерттеу зертханасы мен төтенше жағдайлар департаментінің тергеу бөлімі жұмыс істеуде.

  • Жаңаөзенде грант жеңіп алған оқушыны соққыға жыққан лицей оқушыларына іс қозғалды

    Жаңаөзенде грант жеңіп алған оқушыны соққыға жыққан лицей оқушыларына іс қозғалды

    «Білім-инновация» лицейінің оқушылары қатарласын қызғанышпен соққыға жыққан. Жәбірленуші жақында шетелдік ЖОО-ға грант ұтып алған. Оқиға 16 сәуірде үйінің жанында болған.

    Полиция қатысушыларды анықтап, ата-аналарымен бірге бөлімшеге жеткізді. Қылмыстық іс қозғалып, ата-аналардың жауапкершілігі қаралуда. Материалдар кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияға жолданады.

    Оқушы ми шайқалып, түрлі жарақат алған. Оны қорғауға келген әкесінің аяғы сынған. Екеуі де ауруханаға түсті. Күдіктілер профилактикалық есепке қойылады.

  • АҚШ пен Украина минералдар меморандумына қол қойды

    АҚШ пен Украина минералдар меморандумына қол қойды

    Украина мен Америка пайдалы қазбалар жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

    Бұл туралы Украина экономика министрі Юлия Свириденко мәлімдеді.

    Бүгін АҚШ-пен экономикалық әріптестік туралы ортақ келісімге бір қадам жақындадық. Украина мен Америка Құрама Штаттары біздің топтардың конструктивті ынтымақтастығын және екі халық үшін де тиімді болатын келісімді түпкілікті рәсімдеуге деген ниетті бекітетін меморандумға қол қойды. Алда – келісім мәтінін нақтылап, қол қою кезеңі тұр, – деп жазды Свириденко Facebook парақшасында.

    Еске салайық, Трамп аталған келісімге келесі бейсенбіде қол қойылатынын жария еткен болатын.

  • Тоқаев пен Путин телефон арқылы сөйлесті

    Тоқаев пен Путин телефон арқылы сөйлесті

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті.

    Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті.

    Кремльдің баспасөз қызметінің мәліметінше, тараптар энергетика саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылаған. Сондай-ақ Владимир Путин Ресей мен АҚШ арасындағы диалогтың барысына қатысты өз пайымын айтқан.

    Президенттер алдағы Жеңістің 80 жылдығының маңыздылығын ерекше атап өтті. Мәліметке сәйкес, осыған орай Мәскеуде өтетін салтанатты шараларға Қасым-Жомарт Тоқаев қатысатыны айтылған.

    Энергетика саласындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

  • Қостанайда ашу қысқан тәрбиеші мүгедек қызға бірнеше рет ыстық үтік басып алған

    Қостанайда ашу қысқан тәрбиеші мүгедек қызға бірнеше рет ыстық үтік басып алған

    Қостанай қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы орталықтардың бірінде ашуға мінген тәрбиеші 16 жастағы мүгедек қыздың денесіне бірнеше рет ыстық үтікті басып алған.

    Тәрбиеші әйелге қатысты «Азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. «Сотқа дейінгі тергеу аясында оқиғаның мән-жайын толық анықтау үшін тиісті тергеулер жүріп жатыр», — деп хабарлады Қостанай облысының полиция басқармасы.

    Егер тәрбиеші әйелдің кінәсі дәләлденсе, ол 4 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін.

  • Ұлттық банк алаяқтар жалған несиелік шоттарды рәсімдейтінін ескертеді

    Ұлттық банк алаяқтар жалған несиелік шоттарды рәсімдейтінін ескертеді

    Қазақстан Ұлттық банкі алаяқтардың ҚҰБ-тың ресми бланкісін қолданып, жалған құжат ұсынған жағдайлар жиілеп кеткенін ескертеді.

    Алаяқтар жалған несиелік шоттарды пайдаланып схемалар жасаған. Алаяқтар ҚҰБ-тың ресми бланкісін қолданып, азаматтарға «несиелік шоты бар» немесе «қарызын өтеу керек» деп хабарлап, жалған құжаттар жіберуде.

    Олар сенімге кіру үшін бұл құжаттарға Ұлттық Банктің уәкілетті тұлғасының қолын, аты-жөнін және мөрін қойып көрсетеді. Бұл әрекеттер арқылы алаяқтар адамдарды ақша аударуға мәжбүрлеп, қаражатын ұрлауға тырысады.

    Сондай-ақ, алаяқтар жасанды интеллект технологияларын пайдаланып, Ұлттық Банк қызметкерінің бейнесін қолдана отырып жалған бейнероликтер жасайды және әлеуметтік желілерде жалған инвестициялық компаниялар туралы жарнамалар орналастырады. Олар тіпті ұрланған ақшаны қайтару үшін «тегін заңгерлік көмек» ұсынатындарын жариялайды.

    Ұлттық Банк азаматтарды қырағылық танытуға, күмәнді шоттарға ақша жібермеуге және тексерілмеген құжаттарға сенбеуге шақырады. Банк жеке шоттарға қызмет көрсетпейтінін, кредит берумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын еске салады. Сондай-ақ, белгісіз адамдардан телефон қоңырауы түссе, әңгімені тоқтатып, мемлекеттік органның ресми нөміріне хабарласуға кеңес береді.

    Егер алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына хабарласыңыз. Қосымша кеңес алу үшін Ұлттық Банктің Байланыс орталығына 1477 нөміріне қоңырау шалуға болады

  • Тоқаев барша православ қауымын Пасха мерекесімен құттықтады

    Тоқаев барша православ қауымын Пасха мерекесімен құттықтады

    Президент Астана және Қазақстан митрополиті Александрды I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, деп хабарлады Ақорда.

      Мемлекет басшысы митрополит пен барша православ қауымын Пасха мерекесімен құттықтады.

    «Қасым-Жомарт Тоқаев Православ шіркеуінің дәстүрлі және отбасылық құндылықтарды насихаттауға, жас ұрпақты тәрбиелеу мен еліміздің бай мәдени мұрасын сақтауға елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті», — деп жазылған хабарламада.

    Президент митрополит Александрды I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Бұл оның Қазақстандағы қызметіне 15 жыл толуына орай, сондай-ақ бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы еңбегі үшін беріліп отыр.

  • Қазақстанда алғаш рет омырау сүтін сақтайтын банк ашылды

    Қазақстанда алғаш рет омырау сүтін сақтайтын банк ашылды

    Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында Қазақстандағы тұңғыш омырау сүтінің банкі ашылды.

    Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бұл банкке жиналатын сүт шала туған балалар мен анасы емізе алмайтын балаларға арналған.

    «Омырау сүтінің жеке банкі – неонаталдық қызметті жетілдірудегі өте маңызды қадам. Сүт қауіпсіз жағдайда сауылады да арнайы ыдыста сақталады. Кейін дәрігерлер оны қатырып, керек болғанда сүтке мұқтаж балаларға береді», – деп хабарлайды министрлік.

    Болашақта министрлік елдегі әрбір үшінші деңгейдегі перинаталдық орталықтарда осындай банктер ашуды жоспарлап отыр.

  • Өз анасын өлтірген шымкенттік жазадан босатылды

    Өз анасын өлтірген шымкенттік жазадан босатылды

    Шымкентте анасын аса қатыгездікпен өлтірген 31 жастағы Дархан Жолдыбаевқа қатысты сот үкімі шықты.

    Шымкент қалалық сотының мәліметіне қарасақ, айыпталушы психикалық аурумен ауырған. Ол 54 жастағы мүгедек анасын ұйықтап жатқан кезде бірнеше жеріне пышақ сұғып өлтірді.

    Ресми деректерге қарасақ, 2025 жылдың қаңтар айында психикалық аурумен ауыратын сотталушы анасының бала кезінде ұрысқаны және нағашыларының қолына қалдырып кеткені есіне түсіп, кек алмақ болған. Ұйықтап жатқан жәбірленушіге бірнеше рет пышақ сұғып, оны қасақана өлтірген.

    Айыпталушының өзі сотқа қатысқан жоқ. Қазір Алматыдағы арнайы мекемеде ем алып жатыр.

    Марқұмның туыстарының айтуынша, үйдегілердің бәрі Дархан Жолдыбаевтан қорқатын. Ол – психиатриялық ауруханада тіркеуде тұрған, бірнеше рет медициналық көмек алған, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам.

    Сот-психиатриялық сараптамасы Жолдыбаевтың шизофрениямен ауыратынын анықтады. Алайда марқұмның туыстары оның шын мәнінде ауыр дертке шалдықпағанын, түрмеден құтылу үшін медициналық құжаттарды пайдаланып жүргенін айтып отыр.

    Прокурор оны кісі өлтірді деп танып, бірақ қылмыстық жауапкершіліктен босатып, мәжбүрлі емдеуге жіберуді талап етті.

    Судья Әбінұр Қарабаевтың түсіндіруінше, іс айыптау актісі бойынша емес, медициналық сипаттағы шараларды қолдану тәртібімен қаралды.

    Ақыры сот Жолдыбаевты кісі өлтірді деп таныды, алайда оны түрмеге қамауға шешім шығармады. Айыпталушыға арнайы психиатриялық стационарда қатаң бақылаумен мәжбүрлі емдеу шарасы тағайындалды.

    Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.