Метка: Басты жаңалықтар

  • Ақтөбеде 350 студент оқудан шығарылды

    Ақтөбеде 350 студент оқудан шығарылды

    Ата-аналар оқу ақысын төлеп келгендерін айтып, бұл шешімге наразы.

    Университеттің мәліметінше, 91 студент оқу ақысын төлемеген, ал 259 студент сабаққа мүлде қатыспаған.

    “Барлығы ректордың бұйрығымен шығарылды. Ақпан айында тексеріс жүргізіліп, осы жағдай анықталды” – дейді университет өкілі Ақнұр Қадырбек.

    Әкімдік ата-аналар мен студенттерге сотқа жүгінуге кеңес берді. Университет басшылығы оқу орнының жабылатыны туралы қауесетті жоққа шығарды.

  • Алматыда алты қабатты ғимарат өртенді

    Алматыда алты қабатты ғимарат өртенді

    Оқиға орнына өрт сөндірушілер дереу жетіп, қызыл жалынды ауыздықтауға кірісті.

    Өрт таңертең ғимараттың жоғарғы қабатынан басталған. Қазіргі уақытта өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда. Жарақат алғандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр.

    Оқиғаның себептері анықталуда.

  • Дикий Арман ісін қараған судья жаңа қызметке тағайындалды

    Дикий Арман ісін қараған судья жаңа қызметке тағайындалды

    Аширбеков бұған дейін атышулы Дикий Арман ісін қараған болатын. 2025 жылдың 27 қаңтарында Арман Жұмагелдиев ұйымдасқан қылмыстық топ құрғаны, бандитизм, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны, адам ұрлап, заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

    Асхат Аширбеков туралы не белгілі?
    • 1981 жылы Қарағанды қаласында туған.
    • Қарағандыдағы Бейсенов атындағы ІІМ академиясын тәмамдаған, заң ғылымдарының кандидаты.
    • 2002-2007 жж. Қарағанды облысының құқық қорғау органдарында офицерлік қызмет атқарған.
    • 2007-2010 жж. Жезқазған қалалық сотының судьясы болған.
    • 2010-2018 жж. Астанадағы мамандандырылған соттың судьясы ретінде атышулы Ерасыл Аубакировтың өліміне қатысты істі қараған.
    • 2018-2020 жж. Алматы қалалық сотының судьясы.
    • 2020-2025 жж. Алматыдағы мамандандырылған соттың төрағасы.

    Асхат Аширбековтің судьялық қызметтегі жалпы тәжірибесі 17 жылдан асады.

  • Көлік салығы уақытылы төленбесе, темір тұлпарыңызды алып қоюы мүмкін

    Көлік салығы уақытылы төленбесе, темір тұлпарыңызды алып қоюы мүмкін

    Мұндай шаралардың қашан және қалай қолданылатыны туралы ақпаратты білу, сондай-ақ төлемді уақытында өтеу арқылы ауыр зардаптардан құтылуға болады.

    Көлік салығы – Қазақстандағы барлық көлік құралдарының иелері үшін міндетті жыл сайынғы төлем. Тек кейбір санаттағы азаматтар салықтан босатылады, ал қалғандары үшін көлік салығын төлемеу түрлі құқықтық шараларға әкелуі мүмкін. Берешек сомасы 1 АЕК-тен асқан жағдайда, салық төлеушілерге салық бұйрықтары жіберіледі, ал оларды уақытында төлемеген жағдайда, жеке сот орындаушылары арқылы мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолға алынады.

    Бұл шаралардың ішінде мүлікті тәркілеу, шоттарға тыйым салу және 40 АЕК-тен жоғары берешегі бар тұлғаларға шекарадан шығуға тыйым салу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар, полиция мен сот орындаушылары бірігіп рейдтер жүргізіп, көлік салығын төлемегендерді ұстайтын болады.

    Егер салық бойынша берешек бар болса, оны өтеу үшін мемлекеттік кіріс органдары әртүрлі тәсілдер мен электрондық қызметтерді ұсынып отыр. Төлемдердің бар-жоғы туралы мәліметтерді тексеру үшін e-Salyq Azamat мобильді қосымшасын немесе салықтық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек сервисі арқылы ақпарат алуға болады.

    Ескерту: Көлік салығы көлік құралының қозғалтқышының көлеміне байланысты есептеледі. Салық мөлшерін көліктің техникалық параметрлері бойынша өзіңіз есептей аласыз.

  • Қызылордада қылмыстық топқа қатысты үкім шығарылды

    Қызылордада қылмыстық топқа қатысты үкім шығарылды

    Қызылорда қаласының №2 соты 2023 жылдың желтоқсанында күш қолдану арқылы өз көлігінде облыс орталығының тұрғынын қала сыртына алып шығып, оған өлтіру қатерін төндірумен 1 миллион теңге талап еткен қылмыстық топтың 4 мүшесіне қатысты Республикасының Қылмыстық кодексінің 194-бабының 2-бөлімінің 1) және 2) тармақтарымен айыптау үкімін шығарды.

    Облыс прокуратурасының үйлестіруімен қылмыстық топтың барлық мүшелері мен орналасқан жерлері анықталып, оларды ұстау шаралары қабылданды.

    Барлық ұсталған тұлғалар бұрын ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотты болған. Ұстау кезінде қылмыстық топтың бір мүшесінен атыс қаруы мен оған оқ-дәрілер табылып, алынды.

    Сотпен 3 айыпталушыға 6 жылға бас бостандығынан айыру, ал қылмыстық топтың бір мүшесіне шынайы өкінуіне байланысты 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

    Материалды көшіріп басқанда және басқаша пайдалану кезінде azh.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Сондай-ақ ВК, Instagram пабликтерінде жариялауға тыйым салынады.

  • Қазақстанда 2 жоғары оқу орнының атауы өзгерді

    Қазақстанда 2 жоғары оқу орнының атауы өзгерді

    Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 17 наурыздағы бұйрығымен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты «Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университеті» болып өзгертілді.

    Сонымен қатар, Шәкәрім атындағы Семей университетінің атауы «Шәкәрім университеті» болып ауысқан.

    Еске салайық, Арқалық педагогикалық институты 1972 жылы 12 сәуірде құрылды, 1977 жылы қазанда жоғары оқу орнына Ы.Алтынсаринның есімі берілді.

    Ал Шәкәрім атындағы университет 1934 жылы Семей педагогикалық институты ретінде жұмысын бастаса, 1936 жылы оқу орнына Сәкен Сейфуллиннің есімі берілді. 1993 жылы институтқа Шәкәрім Құдайбердіұлының есімі қайтарылды.

  • Шерзаттың әпкесі неге өзіне қол салмақ болды?

    Шерзаттың әпкесі неге өзіне қол салмақ болды?

    Марқұм Шерзат Болаттың әпкесі Бақыт Реймова Райымбек даңғылындағы көпірден секіріп, өзіне қол жұмсамақ болды. Бірақ оны полиция қызметкерлері дер кезінде байқап, құтқарып қалды.

     Бұл туралы қоғам белсендісі Жан Ахмадиев хабарлады. Белгілі болғандай, Шерзаттың туыс әпкесі Бақыт Реймова алдымен видео түсіріп, інісі Нұрқанаттың өліміне Бауыржан Абдрахманов есімді дәрігерді кінәлаған.

    Бақыт Реймованың мұндай қадамға баруына әлеуметтік желідегі қысым итермелеген.

    Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат кісі қолынан қаза тапты. Өткен жылдың желтоқсан айында оның ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі бейіт маңынан табылған болатын. Алдын ала болжам бойынша ол өз-өзіне қол жұмсаған. Туыстары Нұрғанаттың өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді, сол себепті әділдікті талап етуде.

  • Ескі пойыздарға интернет орнатылмайды

    Ескі пойыздарға интернет орнатылмайды

    Цифрлық даму министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков пойыздардағы интернетке қатысты пікір білдірді.

    Елімізде пойыздарды интернетпен қамту жобасы қаңтар айында іске қосылды. Дамир Сейсембековтің сөзінше, республикада Тальго пойыздары 16 бағытқа жүреді.

    «Техникалық тұрғыдан осы пойыздар ғана интернетті вагондардың ішінде тарата алады. Ескі, кеңестік замандағы пойыздарда бұл жүйені енгізу мүмкін емес. Қазір интернет «Астана – Алматы» бағытындағы пойызда ғана бар», – деді комитет төрағасы Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

    Бүгінде пилоттық жобаны енгізу бойынша жұмыстар белсенді жүріп жатыр.

    «Бірінші жартыжылдықтың аяғына дейін техникалық пилоттық жобаның қорытындысы белгілі болады. Интернет бірінші кезекте жолаушылар көп жүретін бағыттарға енгізілетін болады. Екіншіден, ешқандай байланыс жоқ жерлерде жүретін пойыздарға енгізіледі. Биыл бұл жұмыс жалғасады», – деді министрлік өкілі.

     

  • Алматы облысында күдікті сот залынан қашып кетті

    Алматы облысында күдікті сот залынан қашып кетті

    Адам зорлады деген күдікпен ұсталған айыпталушы Қаскелең қаласындағы аудандық сот залынан қашып кетті.

    Желіде Алматы облысындағы автожолдарда полиция қызметкерлерінің тексеріс жүргізіп жатқан бейнежазбалары тарады.

    Алматы облысының полициясы бұл деректі растады.

    «Қамауға алынған күдіктінің қашып кету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қашқынды ұстау бойынша іс-шаралар кешені қабылданды. Сонымен қатар болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында қызметтік тексеру тағайындалды. Азаматтардан сабырлық сақтауды және іздеуде жүрген адамның орналасқан жері туралы ақпарат болған жағдайда 102 телефоны бойынша дереу хабарлауды сұраймыз», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

  • «Qonaev Media» өңірлік телеарнасына 1,7 млрд теңге жұмсалмақ

    «Qonaev Media» өңірлік телеарнасына 1,7 млрд теңге жұмсалмақ

    Алматы облысының билігі жаңа телеарна ашуды жоспарлап отыр. Дегенмен, жергілікті билік үш жылда  БАҚ-қа арналған мемлекеттік тапсырыс бойынша 3,3 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсап үлгерген. Енді оған қосымша тағы 1,7 миллиард бөлмекші.

    Трансляция сынақ режимінде 2025 жылдың мамыр айында басталып, қыркүйек айында толық іске қосылады. Жоба облыстық бюджеттен қаржыландырылып, қазірдің өзінде оған 1,7 млрд теңге жұмсалды.

    Редакция жолдаған сауалға Алматы облысының ішкі саясат басқармасы былай жауап берді: 

    Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс аясында 2025 жыллың өзіне 742 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде:

    республикалық деңгейде – 196 млн,

    облыстық баспа басылымдарына – 439 млн,

    облыстық телеарнаға – 107 млн теңге.

    Бұл Qonaev TV-ны  іске қосу және техникалық қолдау үшін бұрыннан жарияланған 1,7 миллиард теңгеге қосымша қарастырылатын қаржы. Сондай-ақ ведомствоның мәліметінше, БАҚ мемлекеттік тапсырыс бойынша:

    2022 жылы – 1,4 млрд теңге,

    2023 жылы  – 923 млн теңге,

    2024 жылы – 926 млн.

    Есептесек, үш жылдың ішінде  3,3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жаңа телеарнаны есепке алғанда – 2025 жылы тағы кемінде 2,4 млрд теңге көзделмек. Жалпы алғанда, ақпараттық саясатқа 6 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылып отыр.

    Алайда, 1,7 миллиард теңгеге осы телеарнаны  іске қосудың қаншалықты қажеттілігі болды? 2025 жылдың қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қиын жағдайға қарамастан, үкімет үнемдеуді қамтамасыз етіп, бюджетті тек нағыз қажетті қажеттіліктерге жұмсау керек деген жоқ па?

    Айтпақшы, Алматы облысымен қатар, республика көлемінде тікелей хабар тарататын арнаға танымал тележүргізушілер жетекшілік етпек. Жаңа арнаның басшысы – Қымбат Хангельдина, ал бас продюсер қызметін Қымбат Досжан атқарады.

    Жаңалықтарға негізделген телерадио кешені қазақ және орыс тілдерінде тәулігіне 12 сағат хабар таратады.

    – Мамыр айында кезең-кезеңімен іске қосыла бастаймыз. Жалпы штат саны – 80 адам. Негізгі құрам анықталғанымен, әлі де телеарнаның «ыстығына күйіп, суығына тоңуға» дайын әріптестерді іріктеп, жұмысқа қабылдаймыз. Қазіргі таңда жұмыс жоспары әзірлену үстінде, – деді «Qonaev Media» телерадиокомпаниясы» ЖШС директоры Қымбат Хангельдина.

     «Qonaev Media» телерадиокомпаниясының директоры Қымбат Хангелдинаның айтуынша,  ақпараттық хабарлар күнделікті үш мезгіл эфирден беріледі, жалпы контенттің 70 пайызы қазақ тілінде, 30 пайызы орыс тілінде болмақ. Ағылшын тіліндегі бағдарламалар да мүмкін.

      Қазіргі таңда «Qonaev Media» телеарнасының уақытша ғимараты Алматы қаласында орналасқан. Ал облыс орталығы – Қонаев қаласында арнайы медиаорталық ашылған кезде, арна толықтай өңірдің бас шаһарына көшпек. Болашақта арна жанынан жергілікті радио құрылып, әуе толқынында хабар тарату жоспарланып отырған көрінеді.