Павлодарда 5000-нан астам адамды алдап, 1 миллиард теңге жиналған қаржы пирамидасы анықталды. Ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде жалған құрылыс жобаларын жариялап, адамдарды инвестиция салуға үгіттеген. Сот 5 адамды 6-12 жылға бас бостандығынан айырды, ал олардан алынған мүліктер мен қаржылар жәбірленушілерге қайтарылады.
Метка: Басты жаңалықтар
-

Ақмолада көрші есебінен 1,2 млн теңге несие рәсімдеген алаяқ ұсталды
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің сеніміне кіріп, телефонын алып, банк қосымшасы арқылы 1,2 миллион теңге рәсімдеген.
Қазір бұл дерекке қатысты тергеу жүріп жатыр. Полиция азаматтарға жеке деректер мен банк қосымшаларына бөгде адамдардың қол жеткізуіне жол бермеуді ескертеді.
-

Тараздағы саябақтан ер адамның мәйіті табылды
Марқұмның басынан ауыр жарақат алғаны анықталды.
Жамбыл облыстық полиция департаменті бұл оқиға бойынша «Кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады. Қазір күдіктіні анықтау және ұстау шаралары жүргізіліп жатыр.
Әлеуметтік желіде марқұм бұрынғы құқық қорғау қызметкері болуы мүмкін деген ақпарат тарады, алайда полиция бұл мәліметті растамады.
-

Таиландта қазақстандық туристер мінген катер жарылды
Пхукет маңында қазақстандық және ресейлік туристер мінген катердің қозғалтқышы істен шығып, өрттен кейін жарылыс болды. Оқиға таңғы 09:00 шамасында Майтон аралының жанында болған.
Бортта тек үш экипаж мүшесі – капитан, инженер және бір қызметкер болған. Олар түрлі жарақат пен күйік алды. Сондай-ақ үш турист пен гид зардап шекті. Барлығы жергілікті ауруханаға жеткізілді.
-

Бірінші сыныпқа құжат тапсыруға асыққан ата-аналар eGov.kz порталын істен шығарған
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин eGov.kz электронды үкімет порталының неге жұмыс істемей қалғанын түсіндірді.
Вице-министрдің айтуынша, электронды үкіметтің уақытша істен шығуы ата-аналардың белсенділігімен байланысты.
«Шынымен де бүгін электронды үкімет платформасында қысқа мерзімді ақау байқалды. Бұл мектепке құжат қабылдау қызметін қолданушылардың көптігімен байланысты болды. Платформа тез арада қайта қалпына келгенін атап өткім келеді», – деді Коняшкин Үкіметте өткен брифингте.
Оның айтуынша, бірінші сыныпқа құжат қабылдау қызметі бүгін сағат 15:00-те басталуға тиіс болған.
«Тиісінше сағат үште бұл қызмет жұмыс істеп тұрады және қолжетімді болады», – деп сендірді Коняшкин.
-

Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру үшін жаңа технологиялар қолданылмақ
Қазақстанда жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру үдерісіне толықтырылған нақтылықтың (AR) және компьютерлік көрудің (Computer Vision) заманауи технологияларын енгізу жоспарлануда. Бұдан басқа, Еуропа елдерінің табысты тәжірибесі негізінде емтихандарды қабылдау тәртібі, сондай-ақ көлік құралдарын тіркеу рәсімі қайта қаралатын болады.
«Өткен жылы көлік құралдарын тіркеу саласында 3 млн қызмет көрсетілді. Сатып алу-сату шарттарына электрондық қол қою, мемлекеттік тіркеу белгілерін жедел дайындау, автосақтандыру сияқты іс-шаралар жүргізілді. Біз құжаттарды рәсімдеу жөніндегі мемлекеттік корпорацияның платформасын іске қосуды, биометриялық сәйкестендіру және автокөлік тарихын тексеру сервистерін іске асыруды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
-

Алматыда Дерматология орталығының директоры сотталды
19 наурызда Алматы қаласының Медеу аудандық сотымен «Қазақ Дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының» директоры Байсеркин Б., оның орынбасары Әбішев А. және «Халықаралық жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының» директоры Төлемісова А. сотталды.
«Байсеркин өзінің орынбасары Әбішевтің көмегімен кәсіпкер Төлемісовадан медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру жөніндегі консорциум шарты шеңберінде жұмыстар мен қызметтерді кедергісіз орындағаны үшін 5 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен Байсеркин мен Әбішевке әрқайсысына 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сол үкіммен Төлемісова аталған лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды», – делінген хабарламада.
Сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік мекемелерде қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.
-

Қостанай облысында 8 ауыл ішімдіктен бас тартты
Қостанай облысында 8 ауылы арақ-шараптан бас тартқаны анықталды. Бұл бастама өңірде 2024 жылдың қыркүйегінен бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Мәдени қоғам» жобасының бір бөлігі болды.
Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин есеп беру кездесуінде өткен жылы барлық қылмыстардың шамамен 27%-ы масаң күйде жасалғанын атап өтті. Бұл маскүнемдер, қоғамдық тәртіпті бұзушылар және отбасылық жанжал шығарушылар сияқты қауіпті топтарға полицияның бақылауын күшейтуге үлкен себеп болды. Бұған жауап ретінде үйде де алкогольді ішуге тыйым салатын 4 мыңға жуық сот шешімі шығарылды.
2024 жылы облыс аумағында тұрғындары алкогольден бас тартқан 6 елді мекен (Милісай, Сарысу, Әбдіғапар ,Крамское , Отынағаш , Көктал ауылдары) бар.
Бұл ауылдарда осы күнге дейін бірде-бір қылмыстық құқық бұзушылық немесе отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген жоқ.
Биыл Ұзынкөл ауданындағы тағы екі ауыл – Абай мен Уқатқан «ішпейтін» ауылдар қатарына кірді.
Жобаның маңызды аспектілерінің бірі-жұртшылықты тарту. Қалалар мен ауылдық елді мекендерде қоғамдық комиссиялар белсенді жұмыс істейді, олардың құрамына жергілікті билік, діни көшбасшылар мен ақсақалдар кіреді.
-

Текелідегі құтқару: Жергілікті тұрғын мен полицейлер жас жігіттің өмірін сақтап қалды
31 наурыз күні Текелі қаласында жергілікті тұрғынның қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттері 22 жастағы Тимур Абдулиннің өмірін сақтап қалуға көмектесті. Ес-түссіз жатқан жігіт қаладағы кешендердің бірінің жертөлесінен табылған.
Кешкі уақытта үйіне қайтып келе жатқан қала тұрғыны «Жетісу Резорт» кешенінің маңында танысы Тимурдың көлігін байқап қалады. Онымен амандаспақ болып ішке кіргенде, оны таба алмайды. Телефон соққанымен, жауап ала алмайды. Алаңдаған ер адам іздеу жұмыстарын бастап, жертөлеге түседі. Сол жерде Тимурдың телефонын, кілтін және киімдерін көріп, әрі қарай өтіп, оны бояу қалдықтары бар кеңістіктің ішінде ес-түссіз жатқан жерінен табады.
Уақытты босқа өткізбей, ер адам көшеге жүгіріп шығып, өтіп бара жатқан патрульдік полиция көлігін байқап, көмекке шақырады. Көмекке бірден капитан Азамат Қазыбаев пен Елдар Амангельдин, және аға лейтенант Жанатбек Ахметов келген. Полицейлер жедел әрекет етіп, зардап шеккен азаматты сыртқа шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Кейін оқиға орнына жедел жәрдем келіп, жас жігітті дәрігерлерге табыстаған. Қалалық аурухананың анестезиолог-реаниматологының айтуынша, полиция қызметкерлерінің уақтылы әрекет етуі жас жігіттің өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарған.
Айта кетейік, полиция капитаны Азамат Қазыбаев бұған дейін де батылдық танытқан. 2011 жылы ол Жапония мен Оңтүстік Корея делегациясын тасымалдаған автобусты «Ақ-Бұлақ» кешеніне қарай алып бара жатқан. Алматы – Көкпек – Көктал тасжолының 13-шақырымында қарсы бағытқа «Subaru Impreza» автокөлігі шығып кетіп, автобусқа соғылу қаупі туындаған. Сол кезде капитан Қазыбаев өз патрульдік көлігімен жолды жауып, соққыны өзіне қабылдап, үлкен апаттың алдын алған. Осы ерлігі үшін ол Мемлекет басшысының жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Жетісу облысының Полиция департаменті бей-жай қарамай, азаматты құтқаруға көмектескен тұрғынға алғыс білдіреді және төтенше жағдайларда жедел әрекет етудің маңыздылығын еске салады.
-

Қазақстан туына арабша жазып алған жастар сот қаулысымен қамауға алынды
Атырау қаласындағы мұз айдынында Қазақстан туына арабша жазып алып, суретке түскен жастардың ісі сотта қаралды.
Олардың кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, фотосуретпен, видеомен және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді.
Облыстық соттың мәліметінше, ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінің санкциясында 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не 5-тен 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу түріндегі әкімшілік жауаптылық көзделген.
Сот қаулысымен құқық бұзушылар ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танылды.
«Н.-ға жауаптылығын ауырлататын мән-жайды ескере отырып (кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа тарту; адамдар тобының әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы), 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
А.-ға әкімшілік жаза ретінде 78 640 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Кәмелетке толмаған Х.-ның заңды өкіліне әкімшілік жаза ретінде 39 320 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ», — делінген Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты хабарламасында.
