Метка: Басты жаңалықтар

  • Елімізде 2000 адам банкрот деп танылды

    Елімізде 2000 адам банкрот деп танылды

    Былтыр 83 мың адамнан өтініш түссе, биылғы үш айдың өзінде 38 мыңға жуықтады. Дегенмен, барлық өтініш мақұлдана бермейді. Оған не себеп? Жалпы банкроттықтың қай түрі сұраныста? Жыл басынан бері елде екі мың адам банкрот деп танылды. «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заңының мүмкіндіктерін пайдалануға ниеттілер көп. 2023 жылғы өтініштер 77 мыңнан асса, былтыр 83 мыңға жетті. Ал биылғы үш айда 37 мыңға жуықтаған.

    Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметовтың айтуынша, соттан тыс банкроттық рәсіміне сұраныс көп. Оның аясында былтыр 11 мың адам банкрот деп танылды. Биыл 2 мыңнан астам азаматтың өтінімі мақұлданды.

    Ұлттық банк мәліметіне сүйенсек, ақпанда мерзімі өткен несие көлемі 4%-ке өсіп, 24 млрд теңгеге жуықтады. Мұндай төлемдердің басым бөлігін тұтынушылық несиелер құрайды, екінші орында ипотекалық қарыз тұр. Бұл – 21,5 млрд теңге. Жалпы берешегінен құтылуға асықпайтындардың дені Алматы мен Астанада тұрады. Қос шаһардағы қарыз 280 млрд теңгеге тең.

  • 1 млрд жымқырды деп айыпталған Қожағапанов сотта мәлімдеме жасады

    1 млрд жымқырды деп айыпталған Қожағапанов сотта мәлімдеме жасады

    Мәдениет және спорт вице-министрі болған Ерлан Қожағапанов сотта күтпеген мәлімдеме жасады. Қожақапанов өзіне тағылған айып бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, ол куәгерлерге қысым көрсетіліп жатқанын айтты.

    – Бізде кінәсіздік презумпциясы деген жоқ. Керісінше, айыпталушы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге мәжбүр. Куәгерлер сегіз ай бойы шындықты айта алмай келді, ал енді олар алғаш рет қорықпай сөйлеуге мүмкіндік алды. Олар өз мәлімдемелерін толығымен өзгертті. Енді маған 12 жыл түрме жазасы берілуі мүмкін деп жатыр. Бұған қоғамды алдын ала дайындады. Неге осындай жалған ақпарат таратады? Жалған нәрселер куәгерлерге қысым жасау, оларды адастыру және дәлелдерді қолдан жасау арқылы күш алып отыр, – деді ол.

    Бұған дейін антикор төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев Ерлан Қожағапанов 12 жылға дейін  сотталуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.

  • Парламент жаңа Су кодексін бекітті

    Парламент жаңа Су кодексін бекітті

    «Биылғы 5 наурызда Су кодексі мен ілеспе заңды Мәжіліс қабылдап, Сенаттың қарауына жолдаған еді. Ал 20 наурызда Сенат оны талқылап, Мәжіліске қайтарды.

    Сенат Су кодексіне 12 түзету және ілеспе заңға 1 өзгерту енгізді, олар редакциялық әрі нақтылау сипатына ие, сондай-ақ осы заңнамалық актілердің тұжырымдамалық ережелерін өзгертпейді… Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті Сенаттың ҚР Су кодексіне және ілеспе заңға енгізген өзгерістермен келісуді ұсынады», – деді Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.

    Жалпы отырыс кезінде палата депутаттары бұл ұсынысқа қолдау білдірді.

  • Қазақстанда 30 мыңнан астам адам құлақ мүкістігіне шалдыққан

    Қазақстанда 30 мыңнан астам адам құлақ мүкістігіне шалдыққан

    Дәрігерлер инфекциялық құлақ аурулары мен туа бітті кереңдіктің көбейгенін айтып дабыл қағуда.

    Мамандар тұмаудың асқынуы мен антибиотиктердің шамадан тыс қолданылуы аурудың басты себебі екенін айтады. Жыл сайын 400-ден астам бала таскерең болып дүниеге келеді.

    Дәрігерлер ерте диагностика мен дұрыс емнің маңыздылығын атап өтті. Ерте анықталған жағдайда толық жазылып кету мүмкіндігі жоғары.

  • «Спокойной ночи, малыши!» бағдарламасының актрисасы өмірден өтті

    «Спокойной ночи, малыши!» бағдарламасының актрисасы өмірден өтті

    Ол көптеген жылдар бойы балаларға арналған осы бағдарламаның басты дауыстарының бірі болып, көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленді. Оның ерекше дауысы мен шеберлігі бірнеше буынның балалық шағының жарқын естелігіне айналды.

    Әріптестері мен көрермендері актрисаның еңбегін жоғары бағалап, оның есімі мәңгі есте қалатынын атап өтті.

  • АҚШ Алматыдағы жер телімін жалға алу үшін 25,3 млн доллар төлейді

    АҚШ Алматыдағы жер телімін жалға алу үшін 25,3 млн доллар төлейді

    Бұл туралы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин мәлімдеді.
    • Жалдау мерзімі: 49 жыл, әрі қарай ұзарту мүмкіндігі бар.
    • Төлем тәртібі: 30 күн ішінде бір реттік төлем ретінде аударылады.
    • Жер аумағы: 70 593 шаршы метр.

    Мәжіліс бұл келісімді ратификациялады. АҚШ пен Қазақстан арасындағы келісім 2024 жылы 27 қыркүйекте Нью-Йоркте жасалған.

  • Министр «Қазақфильм» жөнінде мәлімдеме жасады

    Министр «Қазақфильм» жөнінде мәлімдеме жасады

    Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» киностудиясына қатысты тараған қауесеттерге жауап берді.

    Бірінші. «Қазақфильм» жерінің сатылуы жөніндегі ақпаратқа қатысты.

    «Бұл мәселе төңірегіндегі негізсіз қауесет біржола тоқтатылуы тиіс. «Қазақфильмге» тиесілі жерлер киностудия иелігінде қала береді. Жер сатылған жоқ және тек кинематография мүддесі үшін пайдаланылуда», – дейді Балаева.

     Екінші. Киностудияны жөндеуге қомақты қаржы салуға дайын инвесторлардың бар екені жайлы.

    «Бұл ақпарат қоғамда кең тарап жүр, алайда мұндай мәлімдемелерді құжаттармен немесе нақты кепілдіктермен растай алмайтын адамдар жасап отыр. Мемлекет, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігі нақты инвесторлармен жұмыс істеуге дайын. Дегенмен әзірге ешқандай нақты ұсыныс, бірде-бір кепілдік хаты жоқ. Барлығы тек әңгіме деңгейінде», – деп түсіндірді министр.

    Үшінші. Киностудияны Астанаға көшіру туралы.

    «Бұл да ешқандай негізі жоқ қауесет. Қазіргі уақытта елордаға «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұнда маңызды жайт – «Қазақанимация» өндірістік база емес, анимациялық контент жасауға тапсырыстарды бөлетін құрылым. Сондықтан оның Астанаға көшуі саланың жұмысына еш кедергі келтірмейді», – дейді Балаева.

    Министр кейінгі бес жылда елімізде сапалы анимациялық фильмдер түсірілмегенін атап өтті.

    «Осыған байланысты анимациялық индустрияны креативті индустриялар қорының аясында дамыту орынды болмақ. Қор құрылымында анимацияны дамытуға бағытталған креативті хаб жасақталуда», – дейді Аида Балаева.

     

  • «Алматы Су»: Күрделі құрылыс департаментінің директоры сотталды

    «Алматы Су»: Күрделі құрылыс департаментінің директоры сотталды

    Бұған дейін 9 қаңтарда Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Алматы Су» коммуналдық кәсіпорнының күрделі құрылыс департаментініңдиректоры М. Жолдыбаевтың үкімін жариялады.

    Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Бұл туралы Антикор хабарлады.

    «Ол орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қою және қаланың кәріз жүйелерін күрделі жөндеу және сумен жабдықтау жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша бюджет қаражатын аудару сылтауымен кәсіпкерден 75 млн теңге жымқыруға оқталғаны үшін кінәлі деп танылды», – делінген хабарламада.

    Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, шартты түрде 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

    Қадағалаушы прокуратураның наразылығы бойынша Алматы қалалық сотының сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертілді.

    Сот залында сотталған адам қамауға алынды.

    Үкім заңды күшіне енді.

  • АҚШ пен Ресейдің Эр-Риядтағы кездесуі немен аяқталды?

    АҚШ пен Ресейдің Эр-Риядтағы кездесуі немен аяқталды?

    АҚШ пен Ресейдің Эр-Риядтағы кездесуі 12 сағатқа созылды. АҚШ мемлекеттік департаментінің мәліметінше, Украина мен РФ атысты тоқтату туралы келісімге келуіне аз қалды.

    DW мәліметінше, Эр-Риядта АҚШ делегациясы Украина және Ресей өкілдерімен бөлек, жабық режимде келіссөздер өткізді. 23-24 наурыз күндері өткен кездесулерде үш жылдан астам уақытқа созылған Ресей мен Украина арасындағы соғысты ішінара тоқтату мәселесі қаралған.

    Келіссөздер аяқталар алдында АҚШ мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс Украина мен Ресей толық атысты тоқтатуға жақындап қалғанын мәлімдеді.

    – Біз қазір бұған өте жақынбыз. Бұған дейін ешқашан осыншалықты жақын болған емеспіз, – деді ол.

    Брюстың айтуынша, қазіргі уақытта Қара теңіз аймағында атысты тоқтату мәселесі талқылануда, содан кейін тараптар басқа тақырыптарға көшеді. Ол сондай-ақ бейбіт келісімге қол жеткізу үшін екі тараптың да ымыраға келуі қажет екенін атап өтті.

  • Қазақстандық балуан Азия чемпионатында күміс медальға ие болды

    Қазақстандық балуан Азия чемпионатында күміс медальға ие болды

    Отандасымыз Әлімхан Сыздықов грек-рим күресінен Азия чемпионатында күміс медальға ие болды. Бұл туралы Olympic.kz  хабарлайды.

    Азия чемпионаты Иорданияның астанасы Амман қаласында өтіп жатыр.

    Отандасымыз 130 келі салмақта ел намысын қорғады.

    Қазақстандық балуан ақтық сында ирандық Фардин Хедаятимен өзара мықтыны анықтады. Тартысты белдесуде Әлімхан Сыздықов қарсыласына 0:7 есебімен жол берді.

    Осылайша Қазақстан құрамасының қоржынында үш медаль бар. Бұған дейін Ибрагим Магомадов (77 келіге дейін) және Шамиль Ожаев (87 келіге дейін) қола жүлдеге ие болған еді.