Метка: Басты жаңалықтар

  • Болат Жәмішев «Қазақстан халқына» қорының төрағасы қызметінен кетті

    Болат Жәмішев «Қазақстан халқына» қорының төрағасы қызметінен кетті

    «Қазақстан халқына қоры» 2022 жылы құрылған болатын. Оны содан бері Болат Жәмішев басқарып келеді.

    Болат Жәмішев басқарма төрағасы болып сайланған өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты қордағы жұмысын аяқтау туралы шешім қабылдады.

    «Қазақстан халқына» қорының мәліметінше, қор 104 қайырымдылық бағдарламасы мен жобасына бастамашы болды, оның 62-сі іске асырылды.

    «Қорда жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік болды. Біздің бастамамызда қорды қолдағандардың барлығына шын жүректен алғыс айтамын. Бірге айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік және қор алдағы уақытта да дами беретініне сенемін. Барлық серіктестерге, донорларға және қызметкерлерге ортақ игі ісімізге қосқан үлесі үшін алғыс айтамын», – деді Болат Жәмішев.

     

  • Израиль 110 палестиналық тұтқынды босатты

    Израиль 110 палестиналық тұтқынды босатты

    ХАМАС пен Израиль арасындағы тұтқындармен алмасудың үшінші кезеңінде босатылған палестиналық тұтқындармен бірге Қызыл Крест колоннасы Израильдің Офер түрмесінен кетті, деп хабарлайды «Анадолу».

    Агенттік Израиль Газадағы 3 израильдік тұтқынды, оның ішінде бір әскери тұтқынды босату үшін 110 палестиналықты босатты деп хабарлады. Колонна оккупацияланған Батыс жағалаудағы Офер әскери түрмесінен шығып, Рамаллаға бет алды.

    «Палестиналық тұтқындар Рамалла муниципалитетіне тиесілі мекемеде медициналық тексеруден өтеді» делінген хабарламада.

    Айта кетейік, атысты тоқтату туралы келісім жасалғаннан кейін ХАМАС барлығы 7 кепілге алынған әйелді босатты, алдымен үш, кейінірек тағы төрт әскери әйел қызметші жақындарымен қауышты.

    Террористердің кепілге алған 33 адамды босатуы үшін Израиль 1900-ге жуық палестиналықты, соның ішінде ауыр қылмыстары үшін сотталғандарды босатуға уәде берді.

  • Министрлік тұран жолбарысын көбейту үшін 1 млрд теңгеден астам қаржы сұрады

    Министрлік тұран жолбарысын көбейту үшін 1 млрд теңгеден астам қаржы сұрады

    Экология министрлігі тұран жолбарыстарын көбейтуге жағдай жасау мақсатында 1,1 миллиард теңгеден астам қаржы сұрады.

    Министрлік қаржы жолбарыстарға қажетті жағдай жасауға және Ұлытау тау массивінің табиғи әрі тарихи-мәдени орындарын сақтау үшін қажет деп көрсеткен. 2025 жыл үшін 778 726 000 теңге, ал 2026 жылға 370 148 000 теңге сұраған.

    2010 жылы Қазақстан елде жолбарыс тұқымдарын қайта жандандыру идеясын қолдады. Осы мақсатпен 2024 жылы Қазақстанға Нидерландыдан амур жолбарыстары жеткізілді. БҰҰ қолдауымен «Іле-Балқаш» табиғи қорығында жолбарыстарға арналған вольер орталығы құрылып, қазір олар сол жерде өмір сүруде.

    Министрлік мәліметінше, амур және тұран жолбарыстары жеке түрлер емес. Қазақстанға жеткізілген жолбарыстар аумақтық белгі бойынша автоматты түрде тұран популяцияның бөлігі болып саналады.

    Қазіргі уақытта «Іле-Балқаш» табиғи қорығында екі жолбарыс – Богдан мен Кума өмір сүріп жатыр. Биыл Ресейден жабайы табиғаттан тағы үш-төрт жолбарыс әкелу жоспарланған.

     

  • Алматыда тұрғын үй подъезінен нәресте табылды

    Алматыда тұрғын үй подъезінен нәресте табылды

    Алматы қаласы Түрксіб ауданында тұрғын үй подъезінен жаңа туған сәби табылды. Жылап жатқан баланың дауысын үй тұрғындары естіп, полицияға хабар берген.

    Алматыда екіқабатты үйдің кіреберісінен жаңа туған сәби табылды. Жерде шырылдап жатқан шақалақты көрген тұрғындар абдырап қалған. Дүние есігін енді ашқан қыз баланы тұрғындар бүгін түскі уақытта байқапты. Бөбекті үйдің екінші қабатына тастап кеткен. Жылап жатқан сәбиді тұрғындар дереу жылы жерге кіргізіп, жедел жәрдем мен полицияға хабар берген.

    Жаңа туған қызды Чернышевский көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғындары тауып алды. Түрксіб аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сәбидің анасының жеке басын және істің мән-жайын анықтауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр, – деді Салтанат Әзірбек.

    Телеарна сайтында бірер сәт бұрын Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасындағылар сәбиді ата-анасы ауруханадан алып кеткенін мәлімдегені туралы ақпарат жарияланды. Олардың қолында сәбидің құжаты бар, делінген сайттағы мәліметте.

  • Астанада бірнеше ауыр қылмысқа қатысы бар қылмыстық топ құрықталды

    Астанада бірнеше ауыр қылмысқа қатысы бар қылмыстық топ құрықталды

    Астаналық Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қылмыстық топты ұстады.

    ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, оның құрамында бірнеше рет сотталған криминалитет өкілдері бар. Олар бірқатар ауыр қылмыстар жасады деп күдіктелуде.

    – Эпизодтардың бірінде қорқыту және зорлық-зомбылық қолдану арқылы жергілікті тұрғыннан 5 млн теңге сомасында қаражат және Тоуота маркалы жол талғамайтын көлікті иемденген. Басқа жағдайда банктердің бірінің іргелес аумағында олар 6 млн теңгені ашық түрде тонап кеткен. Қылмыстық топтың барлық қатысушысы қамауға алынды. Олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысын тексеру жүзеге асырылуда.

    Сотқа дейінгі тергеп-тексеру алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған бопсалау және тонау фактілері бойынша жүргізілуде, – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

  • «Ұлттық қор – балаларға»: Ертең әр балаға 129 доллар аударылады

    «Ұлттық қор – балаларға»: Ертең әр балаға 129 доллар аударылады

    Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында биыл әр балаға неше теңге аударылатынын есептеп болды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.

    «Былтыр 6 млн 918 мың бала «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қатысушысы болды. Оның әрқайсысына 100 доллардан сәл асатын ақша аударылды. Биылғы инвестициялық табыс жаман емес. Орташа (кейінгі 18 жылдың орташа табыстылығы – ред.) инвестициялық табыстың тең жартысы балалардың шотына аударылады. Бұл жаңалықты қуана отырып бөлісемін. Өйткені, менің де бағдарламаға қатысатын балаларым бар. Биыл 6 млн 921 мың 35 бала қатысады. БЖЗҚ енді ғана есептеп болды. Әр балаға 129 доллар 32 центтен аударылады, – деді Тимур Сүлейменов.

    Ұлттық банк мәліметі бойынша балаларға тиесілі ақша ертең аударыла бастайды.

  • АҚШ-тағы ұшақ апаты: 18 адамның денесі табылды

    АҚШ-тағы ұшақ апаты: 18 адамның денесі табылды

    Вашингтондағы Рональд Рейган әуежайына жақын маңда American Airlines авиакомпаниясының лайнері мен әскери тікұшақ соқтығысып, екеуі де Потомак өзеніне құлап түскен.

    Ұшақта 60 жолаушы, 4 экипаж мүшесі, ал тікұшақта 3 әскери қызметкер бары айтылды. Қазіргі уақытта өзеннен 18 адамның денесі табылды, тірі қалғандар туралы ақпарат жоқ, – деп хабарлайды ВВС.

    АҚШ-тың Федералды авиация басқармасы (FAA) Bombardier CRJ700 ұшағы Канзас штатындағы Вичита қаласынан Вашингтонға тұрақты түрде рейс жасағанын хабарлады. Ұшақ Black Hawk (Sikorsky H-60) әскери тікұшағымен соқтығысқан. Тікұшақ бортында АҚШ армиясының үш қызметкері болды.

    Пентагонның мәлімдеуінше, әскери тікұшақ Вирджиния штатындағы Форт-Белвуар базасынан ұшып шыққан. Ол әуеде оқу-жаттығу қимылдарын жасап жүрген екен.

  • Автогаз бағасы қымбаттады

    Автогаз бағасы қымбаттады

    Энергетика министрі 2025 жылғы 29 қаңтардағы бұйрығымен сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа жеткізу жоспары аясында тауар биржаларынан тыс автогаз құю станцияларына арналған бөлшек саудадағы шекті бағаларды бекітті.

    Жаңа автогаз бағалары (литріне):

    Астана – 102 теңге (бұрын 82 теңге)

    Алматы – 102 теңге (бұрын 89 теңге)

    Шымкент қаласы – 90 теңге (бұрын 70 теңге)

    Ақтөбе облысы – 77 теңге (бұрын 59 теңге)

    Атырау облысы – 77 теңге (бұрын 59 теңге)

    Ақмола облысы – 102 теңге (бұрын 84 теңге)

    Алматы облысы – 102 теңге (бұрын 89 теңге)

    Шығыс Қазақстан облысы – 102 теңге (бұрын 84 теңге)

    Қостанай облысы – 102 теңге (бұрын 84 теңге)

    Қарағанды – 102 теңге (бұрын 84 теңге)

    Жетісу облысы – 102 теңге (бұрын 84 теңге)

    Ұлытау облысы – 102 теңге (бұрын 84 теңге)

    Абай облысы – 102 теңге (бұрын 84 теңге)

    Жамбыл облысы – 90 теңге (бұрын 78 теңге)

    Батыс Қазақстан облысы – 77 теңге (бұрын 70 теңге)

    Қызылорда облысы – 90 теңге (бұрын 70 теңге)

    Маңғыстау облысы – 65 теңге (бұрын 59 теңге)

    Павлодар облысы – 102 теңге (бұрын 81 теңге)

    Солтүстік Қазақстан облысы – 102 теңге (бұрын 89 теңге)

    Түркістан облысы – 90 теңге (бұрын 70 теңге)

  • Қазақстанда екі облыста ауа райына байланысты қозғалыс шектелді

    Қазақстанда екі облыста ауа райына байланысты қозғалыс шектелді

    Қазақстанда ауа райының нашарлауына байланысты екі облыста тасжол жабылды. «ҚазАвтоЖол» мәліметінше, Жетісу облысында «Алматы-Талдықорған-Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы» автожолының 557-615 шақырым аралығындағы учаскесінде (Үшарал қаласынан Абай облысының шекарасына дейін) көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.

    «Абай облысында «Алматы-Талдықорған-Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы» автожолының 615-768 шақырым аралығындағы учаскесі (Жетісу облысының шекарасынан Аягөз қаласына дейін), сол сияқты «Таскескен-Бақты» автожолының 0-75 шақырым аралығындағы учаскесі (Таскескен ауылынан Үржар ауылына дейін) жабық», – делінген хабарламада.

  • Былтыр Қонаев қаласына тартылған инвестиция көлемі 103,1 млрд теңгені құрады

    Былтыр Қонаев қаласына тартылған инвестиция көлемі 103,1 млрд теңгені құрады

    Қонаев қаласының 2024 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері белгілі болды.

    1. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер 142,0 млрд теңгені құрады, оның ішінде республикалық бюджетке 88,3 млрд теңге түсім түсті.

    2. Қаланың өнеркәсіп орындары 80,5 млрд теңгеге өнім өндірді.

    3. Негізгі капиталға 103,1 млрд теңге инвестиция тартылды.

    4. Қала және ауылдық округтер аумағында 6 599 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Онда жұмыспен қамтылғандардың саны – 16930 адам. ШОБ субъектілері 324,4 млрд теңгеге өнім өндіріп, қызмет көрсетті.

    5. Бөлшек сауда айналымы 40,2 млрд. теңгені құрады.

    6. Жұмысқа орналасуға көмек сұрап, өтініш білдірген азаматтардың саны – 2 911 адам, оның 1 295-і жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамту көрсеткіші 44,5%-ды құрады. Жыл соңына қарай 484 адам жұмыссыз ретінде тіркелді.

    7. Ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 26,5 млрд. теңгені, нақты көлем индексі 100,0%-ды құрады. Ірі қара мал бас саны – 8,0% , жылқы бас саны – 47,2 %, ет өндіру – 0,9 %, сүт өнімділігі – 3,8%, жұмыртқа шығымы 3,4% өсті. 2024 жылы 8050,4 гектар егістік алқабы игерілді: дәнді дақылдар – 3073,8 га, майлы дақылдар – 533,0 га, көкөністер – 927,7 га, жем-шөп – 2030,5 га, көпжылдық өсімдіктер – 744,1 га, картоп және бақша дақылдары – 623,8 га.

    8. 2024 жылы туу көрсеткіші – 17,6%, табиғи өсім – 905 адам. Ана өлімі тіркелмеді.

    9. Құрылыс жұмыстарының көлемі 22,9 млрд. теңге болды.

    10. Құқық қорғау саласында 469 қылмыс тіркеліп, 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға азайды (2023 ж. –551). Қылмысты ашу көрсеткіші – 77,6%.

    Жалпы қаладағы қоғамдық-саяси жағдай тұрақты, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық шаралар атқарылуда.