Метка: Басты жаңалықтар

  • Олжас Бектенов Ресей компанияларын инвестиция салуға шақырды

    Олжас Бектенов Ресей компанияларын инвестиция салуға шақырды

    Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ресей Федерациясының Премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесуінде Ресей компанияларын инвестициялық жобаларға белсенді атсалысуға шақырды.

    «Екі ел арасындағы өзара инвестициялар көлемі орнықты түрде артып келеді. Соңғы 20 жылда ресейлік инвесторлар 25,2 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция салды. Ал қазақстандық компаниялар осы кезеңде Ресей экономикасына 8,7 млрд доллар инвестиция бағыттады. Өткен жылдың 9 айында ғана ресейлік инвестициялардың жалпы ағыны 43,7% өсіп, 2 2,8 млрд доллар болды», – деді Үкімет басшысы.

    Оның айтуынша, Қазақстанда 23 мыңнан астам Ресейдің үлесі бар компания жұмыс істейді. «Бұл шетелдік капиталы бар кәсіпорындардың 40%-ына жуық. Жалпы, біз жаңа өндірістер құруға мүдделіміз. Ресейлік компанияларға Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді қатысуды ұсынамыз.

    Біз экономикалық ынтымақтастықтың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын іске асыруда оң нәтижелер көріп отырмыз. Осы тұрғыда біздің жауапты мемлекеттік органдарымыз келесі жылдарға арналған жаңартылған бағдарламаны әзірлеуге кірісуі орынды болып көрінеді», – деді Олжас Бектенов.

     

  • Сирияның уақытша президенті жарияланды

    Сирияның уақытша президенті жарияланды

    Сирияның қазіргі көшбасшысы әрі «Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) тобының басшысы Ахмет әл-Шара ресми түрде өтпелі кезеңде ел президенті болып тағайындалды, деп хабарлайды Сирияның мемлекеттік БАҚ.

    Сириядағы билікті басып алған «Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) исламистік тобының жетекшісі әрі уақытша үкіметтің басшысы Ахмет әл-Шара, сондай-ақ Мұхаммед әл-Джулани осы елдің президенті деп жарияланды.

    Әл-Шара Сирияның атынан шетелде сөз сөйлейді. Сирия президенті міндетін атқарып, халықаралық форумдарға шығады. Әл-Шараның айтуынша, «өтпелі кезеңнен» кейін сайлау өткізіліп, Сирияның тұрақты үкіметі құрылады. Ал «Өтпелі кезеңнің» қанша уақытқа созылатыны белгісіз.

    Сонымен қатар, Әл-Шара жаңа конституция қабылданғанға дейін әрекет ететін уақытша заң шығару кеңесін құруға кіріседі.

     

  • Айыппұл төлеу бойынша рекорд орнады

    Айыппұл төлеу бойынша рекорд орнады

    Бас прокуратураның мәліметінше, жол қозғалысы ережелерін елемегені үшін айыппұлдардың шамамен 40%-ы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге салынған.  2024 жылы қазақстандық жеке және заңды тұлғаларға 304,3 млрд теңге айыппұл салынған. Бұл туралы Kolesa.kz жазды.

    – Прокурорлық антирейтингте екінші орында – салық саласындағы заң бұзушылықтар тұр. Үшінші орында – қоғамдық тәртіпке қатысты, мысалы, ұсақ бұзақылық, қоғамдық орында алкоголь ішу, тыныштықты бұзу және тағы басқасы, – делінген материалда.

    Бұл ретте 2023 жылы Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін қазақстандықтарға 88,7 млрд теңгеге айыппұл салынды, яғни өсім 36 пайыз болған.

    Осыдан 10 жыл бұрын, яғни 2014 жылы – 21,672 млрд теңгеге айыппұл салынған, бұл қазіргімен салыстырғанда 6.4 есе аз.

  • Қазақстан азаматтары АҚШ-тан емін-еркін шыға алады – СІМ

    Қазақстан азаматтары АҚШ-тан емін-еркін шыға алады – СІМ

    Атап айтқанда, былтыр АҚШ-та депортацияға жататын мигранттардың арасында 369 қазақстандық туралы ақпарат тараған.

    «Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та заңсыз жүрген Қазақстан азаматтары осы елде заңсыз жүргендерін мәлімдеп, АҚШ-тан емін-еркін шыға алатынын ескертті. Салдары болатынын түсіндірген едік», – деді Ә. Бақаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

    Оның айтуынша, егер мәжбүрлі депортация болса, онда бұл адамдарға болашақта АҚШ-қа сапарлауға қиынға түседі.

    «Әзірге, басқа қандай шаралар қолданылатынын білмеймін, яғни осының бәрі АҚШ-тың мемлекеттік саясаты аясында іске асырылады. Жалпы, шетелден өз еркімен кетуге үнемі рұқсат берілген және солай болып қала береді. Бұл мүмкіндік Қазақстан азаматтары үшін бар. Осы мүмкіндікті пайдаланбайтындар үшін мәжбүрлеп депортациялау тетігі қолданылауы ықтимал», – деп түсіндірді Әлібек Бақаев.

  • АҚШ 369 қазақстандықты депортациялайды

    АҚШ 369 қазақстандықты депортациялайды

    АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі елден 1,44 миллион адамды депортациялауды жоспарлап отыр. Бұл туралы елдің көші-қон және кеден қызметі  (ICE) жариялаған мәліметтерден белгілі болды.

    Тізімде Гондурас (261 651), Гватемала (253 413), Мексика (252 044) және Сальвадор (203 822) елдерінің азаматтары көп.

    Депортацияға 369 қазақстандық та ілінген. Сонымен қатар өз елдеріне 319 қырғызстандық, 975 өзбекстандық, 149 тәжікстандық және 40 түркменстандық депортацияланбақ.

    «Егер азаматтар визасының мерзімі аяқталғаннан кейін елде қалса, ол заңсыз иммигрант болып есептелінеді және депортацияға ұшырайды», –деп хабарлады Ақ үй.

    Айта кету керек, АҚШ-та ресми 25 мың қазақстандық бар.

     

  • Шетелде сотталған қазақстандықтардың дені Ресей түрмелерінде отыр

    Шетелде сотталған қазақстандықтардың дені Ресей түрмелерінде отыр

    Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев шетелде істі болып, түрмеде отырған қазақстандықтар туралы пікір білдірді.

    Тілшілер спикерден шетелде жазасын өтеп жатқан ел азаматтарының саны туралы сұрады.

    «Өкінішке қарай, қазіргі таңда 1100-ге жуық отандасымыз шетелде жазасын өтеп жатыр. Олардың дені Ресей Федерациясында. Қазақстанда 900-ге жуық шетелдік қамауда отыр. Оларды өз Отанына қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Басым бөлігі ұзақ мерзімге сотталған. Оларды ұстауға және басқа да шығындарға көп қаражат кетеді», – деді ол тілшілердің сауалына берген жауабында.

  • Абай облысында 3 автобустан 106 адам эвакуацияланды

    Абай облысында 3 автобустан 106 адам эвакуацияланды

    Түнде Абай облысының Аягөз қаласында Аягөз қаласы-Қалбатау ауылы арасындағы республикалық маңызы бар автожол қозғалысының шектелуіне байланысты блокпостта жолаушылары бар 3 автобус тоқтап қалды.

    ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, құтқарушылары полиция қызметкерлерімен бірге жолаушылар автобустарынан 92 адамды ертіп, жақын маңдағы жылыту пункттеріне орналастырды, оның ішінде 20 бала бар.

    Жолдың осы жабық учаскесінің арғы жағында шағын көлемді автобустың жолаушылары қиын жағдайға тап болып, 14 адам жылыту пунктіне орналастырылды.

    Төтенше жағдайлар министрлігі ауа райына байланысты ескертулерді назарда ұстап, күн бұзылған жағдайда елді мекеннен тыс жерлерге шықпауды ұсынады.

     

  • Бүгінгі ауа райы: Бұрқасын, көктайғақ, тұман

    Бүгінгі ауа райы: Бұрқасын, көктайғақ, тұман

    Pixabay

    «Қазгидромет» РМК 30 қаңтарға арналған ауа райы болжамын жариялады.

    Астанада қар жауып, бұрқасын болады.

    Алматыда кей жерлерде көктайғақ болады. Кешке тұман түседі.

    Шымкентте күндіз жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ күтіледі. Кейде тұман.

    Абай облысында қар жауып, боран соғады, күндіз оңтүстік пен шығыс бөлігінде қалың қар жауады. Жел екпіні: 23 м/с.

    Ақтөбе облысының солтүстігі мен батысында көктайғақ болып, тұман түседі.

    Ақмола облысында түнде қар жауып, бұрқасын болады. Желдің екпіні 15-20 м/с.

    Алматы облысының таулы аймақтарында күндіз кей жерлерде қалың қар жауады. Облыстың солтүстік, оңтүстік бөліктерінде, таулы аймақтарында көктайғақ болып, кей жерлерде тұман түседі. Жел екпіні: 15-20 м/с.

    Атырау облысында көктайғақ болады. Түнде және таңертең облыстың батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде тұман түседі.

    Шығыс Қазақстан облысында қар жауып, боран соғады. Жел екпіні: 15-20 м/с.

    Жамбыл облысында қар жауады, күндіз жауын-шашын (жаңбыр, қар), таулы аймақтарда қар жауады. Жел екпіні: 15-20 м/с.

    Жетісу облысының таулы аймақтарында қар жауады, күндіз жауын-шашын (жаңбыр, қар), таулы аймақтарда қар, кей жерлерде қалың қар күтіледі. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ болады. Облыстың солтүстігінде оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні: 15-20 м/с.

  • Журналист Дана Орманбаеваны интерпол іздеуге кірісті

    Журналист Дана Орманбаеваны интерпол іздеуге кірісті

    25 қаңтарда қазақстандық журналист әрі продюсер Дана Орманбаеваға халықаралық іздеу жарияланған. Продюсердің орналасқан жерін анықтаумен интерпол айналысады.

    Еске салайық, Алматы полиция департаменті тергеу бөлімі ұлтаралық араздық қоздыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлады. 2024 жылдың сәуірінде полиция Орманбаеваның әлеуметтік желідегі мәлімдемесі үшін оның үстінен қылмыстық іс қозғады.

    «Ол қайда екенін айта алмаймын. Әлеуметтік желілерде оны БАӘ-де дейді. Әзірге нақты ақпарат жоқ», – деді бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев.

  • Былтыр 31,5 мың жол апатынан 2 579 адам бақилық болды

    Былтыр 31,5 мың жол апатынан 2 579 адам бақилық болды

    Отырыс барысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Данабек Исабеков ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдады.

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында жүргізушілерді даярлау деңгейінің де төмендеп кеткенін, соның салдарынан жол апаттары көбейіп кеткенін, бұл мәселе қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отырғанын атап өтті.

    Өз сауалында халық қалаулысы жол-көлік апаттарының көптігіне тоқталып, нақты фактілерді келтірді:

    – Қазір жол апатының өзектілігі артып, жыл сайын дүниежүзінде 1,19 миллион адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмады. Қазақстандағы көрсеткіш те жоғары. 2024 жылы 31,5 мың жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 2 579 адам бақилық болды. Жол апаттары жылдамдықты шамадан тыс арттыру, мас күйінде рөлге отыру және ережені өз деңгейінде сақтамай көлік жүргізу салдарынан жиі жол апаттары орын алады. Бұл дегеніміз, көлік жүргізушілер арасында жауапкершілік төмендеп, жолда жүру ережесін сақтамайтындар көп.

    Бұған әсер ететін фактілер көп. Соның бірі – жүргізуші куәлік беретін орындардағы сыбайлас жемқорлық. Әрине, бақылау жоқ жерде жөнді тәртіп те болмайды. 2009 жылы Ішкі істер министрілігі жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарын лицензиялау алынғалы мониторингтік бақылау тоқтады. Қазір автомектептерде оқымай-ақ анықтама алып, Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында сынақ тапсыра алады. Қазіргі уақытта автомектептер ешқандай жауапкершілік алмайды, куәлік алуға ниеттілерге оқыды деген анықтама онды-солды береді. Содан кейін мамандандырылған ХҚО теориялық және практикалық емтиханнан өтудің түрлі әдіс-тәсілін қарастырады.

    Теориялық және практикалық емтихандарды тапсыру процесінде бұзушылықтар бар. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында автоматтандырылған жүйемен емтихан тапсыру кезінде манипуляцияны қолданудың 222 фактісі анықталды. Біз Көкшетау қаласында, Өскеменде өсу фактілері анықталып, жауапты мамандар жазаланғанын жақсы білеміз, – деді депутат.

    Әлем елдерінің тәжірибесіне қарағанда, Аустралия, Жапония, Италия, Финляндия, Швеция және Германияда жүргізуші куәлігін алу өте қиын. Бұл елдердің кез келгенінде автомектептер жүргізушіге жоғары талап қояды. Мәселен, рейтингте бірінші орында тұрған Аустралияда жүргізуші куәлігін алу үшін бірнеше жыл керек. Осы уақыт ішінде жүргізу екі рет теориялық, екі рет практикалық сынақтан өтеді екен.

    – Бізге де әлем елдерінің үздік тәжірибелерін саралап, жүргізуші куәлігін беруді қатаңдататын заң нормаларын қабылдау маңызды, – деген депутат бұл мәселені шешу үшін министрге келесідей ұсыныстар айтты:

    Біріншіден, білім беру жүйесі – мектептерде жолда жүру тәртібі мен көлікті жүргізу негізін үйрететін арнайы факультативті курстар оқыту маңызды деп санаймыз. Біздің буын мектеп оқығанда мұндай игілікті көргенімізді айту керек-ақ. Сондықтан Оқу-ағарту және Ішкі істер министрлігі ортақ оқу бағдарламасын әзірлеуге мән бергені дұрыс.

    Екіншіден, теориялық тестілеуді Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне беру қажет деп санаймыз.

    Үшіншіден, автодромдарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керек.

    Төртіншіден, автомектептерге лицензия беруді қарастырып, олардың жауапкершілігін арттыру керек. Мәселен, жыл көлемінде белгілі бір автомектепті бітірген жүргізушілер көп рет жолда жүру ережесін бұзса, ондай орталықтың лицензиясын кері алу тетігін реттеу керек. Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде сәтті қолданып отырғанын айту маңызды.