Метка: Басты жаңалықтар

  • Жамбыл облысында ер адам есірткіні балабақшаға барып өртеген

    Жамбыл облысында ер адам есірткіні балабақшаға барып өртеген

    Жамбыл облысында ер адам есірткіні балалар жүрген бақшаға барып өртегені анықталды. Ер адамның үйін және іргелес аумақтарды тінту кезінде есірткі қойылған бірнеше жасырын орын анықталды.

    Сараптама нәтижелеріне сәйкес, табылған заттар салмағы 2 келіден асатын гашиш және 23 грамнан астам кептірілген марихуана болып шықты.

    «Күдікті есірткіні әйелі мен кәмелетке толмаған үш баласы бола тұра бірге тұратын үйлерінде сақтаған. Есірткіні өңдегеннен кейін қалған қалдықтарын жақын жерде кішкентай балалар ойнап жүргеніне қарамастан, бақшасында өртеп жіберген. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Есірткіні аса ірі мөлшерде сақтағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр», – делінген облыстық ПД хабарламасында.

  • «Жын қуғыш» атыраулық емші әкімшілік жазамен құтылатын болды

    «Жын қуғыш» атыраулық емші әкімшілік жазамен құтылатын болды

    Кішкентай балалардың ішінен «шайтан қуып» емдеп, көпшіліктің ашуына тиген атыраулық емші Кейқуат Оспановқа қатысты әкімшілік жаза қолданылады. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев айтты.

    «Бұл іс бойынша тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Баланың ата-анасынан арыз-шағым түспеген, сондықтан оны әкімшілік жазаға тарту қарастырылып жатыр», — деп жауап берді Ғалымжан Қойгелдиев.

    Еске салайық, Алматыда емші Кейқуат Оспановқа әйел адам кәмелетке толмаған қызын алып келген. Айтуынша, кішкентай қызы ересек адамның қылығын жасайтын көрінеді. Емші қыз баланың ішіне «жын кірген» деп шешіп, оны шығармақ болған. Баланың қолын байлап, тамағынан қысып, өзінің білетін емін жасаған. Кейін емшінің тағы бір 12 жастағы баланың «жынын шығарып» жатқан видеосы тарады.

    Кейін оның мешітте имам емес, күзетші болып болып жұмыс істегені анықталды.

  • Енді легионерлерге мемлекеттен қаражат бөлінбейді

    Енді легионерлерге мемлекеттен қаражат бөлінбейді

    Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.

    Заң жобасы 2024 жылдың 13 қарашасында Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.

    «Заң жобасына депутаттар бірнеше маңызды нормаларды енгізді. Мәселен, министрлік бұрын бекітіп жіберген, атының өзін ағайын білмейтін спорт түрлерін қазына қаржысынан қағу үшін нақты шешім қабылданды. Заңға жоғары жетістіктер спорты деген түсінік енді, салаға бөлінген мемлекеттің қаржысы енді соларға бағытталады. Жоғары жетістіктер спортына: олимпиада, параолимпиада, сурдоолимпиада, азия, параАзия және ұлттық спорт түрлері кіреді. Бұрын уәкілетті министрлік 180-нен астам спорт түрін тіркеп қойып оның барлығына қаржы беріп келген болса енді олардың саны 3 есеге қысқарады. Жоғары жетістіктер спортының ішінде жоғары жетістік көрсеткендері үшін басым спорт түрлері деген түсінік енгізіліп, оның басымдықтары да айқын көрсетілді», – деді депутат Нартай Сәрсенғалиев.

    Бұдан бөлек Қазақстанның ақшасын асауды білгенмен алаңда үлкен жетістік жасауды білмегенлегионерлерге мемлекеттің бюджеті есебінен де, квазимемлекеттік сектордың бюджеті есебінен де қаржы бөлуге тыйым салатын норма қабылданды, деп атап өтті ол.

    «Спортқа бөлінген қаражат әр басшының ойына келген салаға бөлінбесін деп біз заңда бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын бағыттарды тізіп жаздық.

    Олар: 1. Жоғары жетістіктер спорты мен басым спорт түрлеріне;

    2. Мемлекеттік ұйымдардың жұмыс істеуіне;

    3. Бұқаралық спортқа;

    4. Спорттық инфрақұрылымды дамытуға», – деді мәжілісмен.

  • Шерзат Болаттың ісі бойынша 39 сараптама тағайындалған

    Шерзат Болаттың ісі бойынша 39 сараптама тағайындалған

    Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Шерзат Болаттың ісіне қатысты мән-жайды айтты. Ғалымжан Қойгелдиев Шерзат Болаттың ісіне қатысты тергеу әрекеттері аяқталғанын атап өтті.

    – Қазір материалдармен танысу жүріп жатыр. Іс материалдарымен танысу уақыты ешқандай мерзіммен шектелмейді. Бірақ жалпылама айтып өтейін: тергеу аясында 39 сараптама тағайындалды. 117 тергеу жүргізілді. 90 дискке қатысты зерттеу жүргізілді. Яғни зерттеу қажет материалдар өте көп. Ол үшін белгілі бір уақыт кетеді, – дейді Қойгелдиев мәжіліс кулуарында. 

    22 қаңтарда полиция былтыр 4 қазанға қараған түні орын алған кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеу аяқталғанын хабарлады. Қазір тараптарды сотқа дейінгі тергеу материалдарымен таныстыру процесі жүріп жатыр. Танысқаннан кейін қылмыстық іс оның заңдылығын тексеру және сотқа жіберу туралы шешім қабылдау үшін прокурорға жолданады.

  • Бішкекте интерполдың іздеуінде жүрген Қазақстан азаматы ұсталды

    Бішкекте интерполдың іздеуінде жүрген Қазақстан азаматы ұсталды

    Бішкекте Қазақстан азаматы ұсталды. Оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік іздеу жариялаған. 1985 жылы туған А.Д. есімді ер адам лауазымды кісіге пара деп айыпталған.

    ІІМ дерегінше, логистикалық компанияны басқарған күдікті 2022 жылдың желтоқсан айынан 2023 қарашасына дейін шетелге жүк шығаруды ұйымдастыруға тырысқан. Кедендік бақылаудан заңсыз өтіп кету үшін қызметкерлермен келісімге келіп, 16 500 АҚШ долларын ұсынған.

    А.Д. Қырғызстан заңнамасына сәйкес Октябрь ауданының ІІБ тергеу қызметіне жеткізілді.

  • Бензин және дизель отынын шығаруға тыйым салынды

    Бензин және дизель отынын шығаруға тыйым салынды

    Құжатқа сай, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге автомобиль көлігімен бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін (2709 00, 2710, 2902, 3403, 3811, 3826 00 ЕАЭО СЭҚ ТН кодтары) әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілген.

    Тыйым мына өнімдерге таралмайды:

    майлау майларына (2710 19 820 0, 2710 19 840 0, 2710 19 860 0, 2710 19 880 0, 2710 19 920 0, 2710 19 940 0, 2710 19 980 0, 3403 19 900 0, 3403 91 000 0 ЕАЭО СЭҚ ТН кодтары);
    дайындаушы зауытта көзделген автомобиль көлік құралдарының бензин бактарындағы бензинге;
    ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін алынған авиациялық отынға (уәкілетті органмен келісілген және қажетті авиациялық отын үлгілерінің көлемі көрсетілген хат болған жағдайда);
    Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша гуманитарлық көмек шеңберінде әкетілетін мұнай өнімдерінің жекелеген түрлеріне.

    ҚР Энергетика министрлігі бұл шара ішкі нарықта жанар-жағармай тапшылығына жол бермеу үшін жасалғанын атап өткен.

    Айта кетейік, бұйрық 29 қаңтардан бастап күшіне енді.

     

  • Анна Данилина Аустриядағы жарыстың ширек финалына шықты

    Анна Данилина Аустриядағы жарыстың ширек финалына шықты

    Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ресейлік Ирина Хромачевамен бірге бастапқы айналымда чехиялықтар Анастасия Детюк – Мириам Шкохпен шеберлік байқасты.

    Қазақстандық-ресейлік жұп 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

    Бір сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында Данилина – Хромачева 1 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың бесеуін құр жібермеді. Чехиялық дуэт 1 эйс, 3 брейктен аса алмады.

    Анна Данилина – Ирина Хромачева жартылай финалға шығу үшін ресейліктер Анастасия Потапова – Яна Сизиковамен таласады.

    Тағы бір қазақстандық, әлемнің 361-ракеткасы Зарина Дияс Пуна (Үндістан) ITF W75 додасының алғашқы айналымында рейтингіде 227-орындағы белоруссиялық Ирина Шимановичке жол берді – 6:3, 2:6, 2:6.

  • Масаң күйінде автокөлік айдаған ауыл әкімі жауапқа тартылды

    Масаң күйінде автокөлік айдаған ауыл әкімі жауапқа тартылды

    ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті жүргізген қызметтік тергеп-тексерудің қорытындысында мәлім болғанындай, Тасқала ауданы Шежін ауылдық округінің әкімі Миржан Есқалиев өткен жылдың 14 желтоқсаны күні Орал қаласында Subaru Outback көлігін масаң күйінде айдаған.

    Соған сәйкес М.Есқалиев сот қаулысымен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған. Оған қоса жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған.

    Ауыл әкімі өз түсініктемесінде тәртіптік теріс қылық жасағанын мойындаған.
    Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері М.Есқалиевті қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік шараға тартуды қолдады.

    Отырыста сондай-ақ Қаратөбе ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бекболат Бердіғалиев пен бас маманы Баян Жамбыловаға қатысты тәртіптік іс талқыға салынды.

    Мәлім болғанындай, аталған бөлім басшысы өткен жылдың 31 қаңтарында «Нұр арманы» қоғамдық бірлестігімен ауданның мүгедектігі бар тұрғындарына инватакси қызметін көрсету үшін мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасаған. Талапқа сәйкес кресло-арбамен қозғалатын немесе өз бетімен жүре алмайтын мүгедектерді тасымалдау үшін отырғызуға және түсіруге арналған арнайы жабдықталған автокөлік пайдаланылуы тиіс. Алайдп жеңімпаз атанған «Нұр арманы» ҚБ жабдықталмаған «KIA RIO» автокөлігімен қызмет еткен. Бұл кресло-арбамен қозғалатын жандардың қатынауына қиындық туғызған. Көрсетілген қызмет үшін бөлім басшысы ақыны толықтай төлеген.

    Әдеп жөніндегі кеңес басым дауыспен Б.Бердіғалиевке қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беруді жөн деп тапты.

    Аталған шарт бөлім басшысы мен «Нұр арманы» ҚБ арасында жасалғандықтан, Б.Жамбылованың тәртіптік ісі тоқтатылды.

  • Қазақстанның басым бөлігінде қалың қар жауады

    Қазақстанның басым бөлігінде қалың қар жауады

    Синоптиктер Қазақстанның басым бөлігіне қар жауатыны жөнінде ауа райы болжамын жариялады.

    Астана: түнде қар, күндіз жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ күтіледі. Боран. Оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні: секундына 15-20 метр.

    Солтүстік Қазақстан облысы: қар, боран, күндіз облыстың батысында жауын-шашын (жаңбыр, қар) болып, көктайғақ күтіледі. Жел 15-20 м/с, кейде секундына 25 метрге дейін жетеді.

    Жамбыл облысы: таңертең және түстен кейін облыстың оңтүстігінде, шығысында жауын-шашын (жаңбыр, қар), таулы аудандарда қар жауып, көктайғақ күтіледі. Жел солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа ауысады, облыстың таулы аймақтарында екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.

    Жетісу облысы: күндіз облыстың таулы аудандарында жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ күтіледі. Жел екпіні: секундына 15-20 метр.

    Қарағанды облысы: түнде облыстың батысында, солтүстігінде қар жауады. Жел: екпіні 15-20 м/с, кейде секундына 23 метрге жетеді.

    Абай облысы: облыстың батысында, солтүстігінде қар, төменгі боран күтіледі. Желдің жылдамдығы:секундына 15-20 метр.

    Шығыс Қазақстан облысы: қар жауып, боран соғады. Желдің жылдамдығы секундына 15-18 метрге дейін жетеді.

    Ұлытау облысы: түнде облыстың батысында, солтүстігінде қар жауады. Күндіз боран соғады. Облыстың шығысында кей тұстарында тұман болады. Желдің екпіні: секундына 15-20 метр.

    Ақмола облысы: түнде қар, күндіз жауын-шашын, боран, көктайғақ. Желдің екпіні: күндіз секундына 23-28 метр.

    Түркістан облысы: оңтүстікте, облыстың таулы және тау бөктеріндегі аудандарында жауын-шашын (жаңбыр, қар), тұман, көктайғақ болады, жел облыстың таулы жерлерінде секундына 15-20 метрге дейін жетеді.

    Ақтөбе облысы: облыстың солтүстігінде, батысында, шығысында көктайғақ сақталады, желдің екпіні секундына 15-18 метрге дейін жетеді.

    Қызылорда облысы: облыстың басым бөлігінде тұман, көктайғақ күтіледі.

    Павлодар облысы: қар жауады, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.

    Қостанай облысы: қар жауып, боран күтіледі. Облыстың батысында, солтүстігінде тұман, көктайғақ болады. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.

    Батыс Қазақстан облысы: аймақтың солтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ күтіледі.

    Атырау облысы: тұман түсіп, көктайғақ күтіледі.

  • Елдос Қоспаев 15 жылға бас бостандығынан айырылды

    Елдос Қоспаев 15 жылға бас бостандығынан айырылды

    Астана қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Елдос Қоспаевқа қатысты үкім шығарды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

    2023 жылғы қыркүйекте Елдос Қоспаев пен оның қылмыстық тобының мүшелері Солтүстік Кипрде қолға түсіп, олар Қазақстанға әкелінген болатын. Оларға қылмыстық топ құрды және оған қатысты, рейдерлік әрекеттермен айналысты деген айып тағылды.
    Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Қоспаевтың қылмыстық тобында 11 адам болған. Олар келесі компанияларды тартып алған деген күдік болды:

    AV-Construction;
    Profit trade ltd;
    Azovita Aktau;
    Azovita Atyrau.

    Елдос Қоспаев өзінің сенімді адамдары арқылы 7 жылға сотталған кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровтың бизнесінің 75 пайызына иелік еткен. Ал кейін Әбдіғаппаровтың анасына қысым көрсету арқылы қалған 25 пайыз үлесті тартып алған.
    Қоспаев ісі бойынша тергеу жұмыстары 2024 жылғы көктемде аяқталған болатын.