Метка: Қонаев

  • 600 доп, күш шоуы және болашақ чемпиондар: Қонаевта тарихи дода басталды

    600 доп, күш шоуы және болашақ чемпиондар: Қонаевта тарихи дода басталды

    Қонаев қаласында мектеп оқушылары арасында алғаш рет «Болашақ чемпиондар лигасы» атты спорт додасы бастау алды. Жас спортшыларды біріктірген бұл жарыс футбол, волейбол және баскетбол спорт түрлерін қамтып, алдағы екі ай бойы жалғасады.

    Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі ерекше форматта өтті. Спортшылар шеруі, акробатикалық қойылымдар мен әсерлі шоу қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов жас спортшыларға сәттілік тіледі.

    «Бұл жарыс – жай ғана бәсеке емес. Бұл – достықтың, табандылықтың және жеңіске деген жігердің алаңы. Бүгінгі алаңда жүрген әрбір жас спортшы – ертеңгі ел мақтанышы, болашақ чемпион. Қалада бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді және мұндай жобалар жас буынға үлкен серпін береді», – деді қала әкімі.

    Шара барысында қала әкімдігі тарапынан жас спортшыларға қолдау ретінде 600 дана доп тарту етілді.

    Кештің шарықтау сәтінде көрермендер ерекше шоуға куә болды. Әскери қызметтегі қала тұрғыны Айдар Тезеков күш өнерін көрсетіп, шегені ағашқа қолмен қағып, гір тасының үстінде жаттығу жасап, көпшілікті таңғалдырды. Тұрғынға спортқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру жолындағы еңбегі үшін қала әкімінің Алғыс хаты табысталды.

    Салтанатты рәсім барысында «Болашақ чемпиондар лигасының» кубогі ретрокөлікпен сахнаға шығарылып, жарыс ресми түрде ашық деп жарияланды.

    Аталған дода жас спортшыларға өз мүмкіндігін көрсетуге, тәжірибе жинауға және үлкен спортқа қадам жасауға жол ашпақ.

  • Қонаевтағы мектепті күрделі жөндеу қашан аяқталады?

    Қонаевтағы мектепті күрделі жөндеу қашан аяқталады?

    Қонаевтағы А.Жұбанов атындағы №5 орта мектептің күрделі жөндеуі былтыр тамызда басталған. 1200 орындық мектептегі құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Нысанды жаз мезгілінде қолданысқа беру жоспарлануда.

    «Мердігер компания құрылысты уақытылы жүргізіп жатыр. Ата-аналар тарапынан ешқандай шағымдар жоқ. Ішкі әрлеу, электр желісін жүргізу, инженерлік желілерді жөндеу, орталықтандырылған сервер орнату, спорт, акт залдары мен асханадағы жұмыстар толығымен аяқталды. Бүгінгі таңда мектеп ауласын абаттандыру жүріп жатыр», − дейді Алматы облысы құрылыс басқармасының бас маманы Думан Молбай.

    Айта кетейік, Қонаевта 14 білім беру ошағы орналасқан. Алдағы уақытта Ш.Уәлиханов атындағы №2 гимназия да күрделі жөндеуден өтеді деп көзделген.

  • Қонаев қаласы әкімінің орынбасары тағайындалды

    Қонаев қаласы әкімінің орынбасары тағайындалды

    Тимур Байболсынұлы 1986 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Жоғары білімді, жер кадастры және жылжымайтын мүлікті бағалау, сондай-ақ құқықтану мамандықтары бойынша білім алған.

    Еңбек жолын Талдықорған қаласының жер қатынастары саласында бастаған. Сонымен қатар, ҚР Сауда және интеграция министрлігі жүйесінде, Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында жұмыс істеген.

    Тағайындалғанға дейін Қонаев қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы қызметін атқарды.

  • Дәстүр мен инновация үйлесімі: Алматы облысында Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланды

    Дәстүр мен инновация үйлесімі: Алматы облысында Наурыз мерекесі жаңа форматта тойланды

    Негізгі шара Қонаев қаласында ұйымдастырылды. Жасанды интеллект пен цифрлық мүмкіндіктер кеңінен қолданылып, мейрам мазмұны жаңа деңгейге көтерілді.

    Орталық алаңдағы роботтар көрмесі халық қызығушылығын тудырды. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, тұсаукесер, қыз айттыру, сүйінші сұрау, бастаңғы, беташар, төс қағыстыру, сүйек жаңғырту және басқа да қазақтың салт-дәстүрлерінен көрініс қойылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те ұлттық мәдениеттің жаршысы болған мерекеге қатысып, тұрғындарды құттықтады. Ал, Сенатор Жанболат Жөргенбаев енді ғана тәй-тәй басқан балақайдың тұсауын кесіп, бата берді.

    Мерекелік шараға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі айтулы күннің маңызы жайлы сөз қозғады.
    «Наурыз мерекесі – халқымыздың бай мәдениеті мен ізгі дәстүрінің терең мәні мен ұлылығын айшықтайды. Табиғат түлеп, тіршілік жаңаратын осы кезеңде адамзат та рухани серпіліп, жан дүниесі жаңарып, үміт пен ізгілікке толы ерекше күйге бөленеді. Осы тұрғыдан алғанда, Наурыз – тек мереке ғана емес, жаңғыру мен жаңарудың символы. Игі дәстүрді жаңа мазмұнмен байыту мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Наурыз мерекесі жаңаша сипатқа ие болды. Мейрамды бір күнмен шектемей, мазмұнын кеңейтіп, «Наурызнама» тұжырымдамасы аясында 10 күндік мерекеге айналдыру – ұлттық құндылықты дәріптеудің жарқын көрінісі. Бүгін біз осы Наурызнама аясындағы маңызды күндердің бірі – «Ынтымақ күнін» атап өтудеміз.
    Айтулы күнге орай еліміздің барлық өңірінде этноауылдар бой көтеріп, жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Мәдени және спорттық іс-шаралар кеңінен өткізілуде. Наурыз – тек рухани жаңғыру ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын кезең», – деген Марат Елеусізұлы жыл басы алға қойылған мақсаттарды айқындап, тың бастамаларға серпін беретінін айтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы айтулы нәтижелерге тоқталды. Айтуынша, үш жылда өңірдің өнім көлемі 3,4 трлн. теңгеден 6,0 трлн. теңгеге дейін өсіп, республика бойынша 10-орыннан 5-орынға көтерілген. Өткен жылы негізгі капиталға 29,4% өсіммен 1 трлн. 355 млрд. теңге инвестиция тартылған. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10,1% өсіммен 2 трлн. 598 млрд. теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 798,4 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі 102,0%-ды құраған. Оның ішінде мал шаруашылығының өнімі 3,6%-ға өскен. Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 18,4%-ға көбейген. 1 млн. 69 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Облыс әкімі мұның барлығы өңірімізде жүргізіліп жатқан жүйелі саясат пен нақты жоспардың нәтижесінде қол жеткізілген маңызды жетістіктер екенін айтты. Сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

    Шара барысында сахнада театрландырылған қойылым көрсетіліп, Роза Рымбаева, Нұрболат Абдуллин, Өмірқұл Айниязов, Тамара Асар сынды эстрада жұлдыздары, «Қоңыр» тобы, «Құлансаз» ансамблі және басқа да өнерпаздар халыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.  Саябақ аумағында қолөнер шеберлерінің көрмесі, ұлттық ойындар және тақырыптық аймақтар жұмыс істеді. «Жеті қазына» интерактивті кітабы арқылы ұлттық мұра жаңа сипатта дәріптелді. «Face of Nauryz» алаңында келушілердің бейнесі жасанды интеллект көмегімен өңделіп, заманауи стильде ұсынылды. Сондай-ақ роботтардың қатысуымен қызықты бағдарлама ұйымдастырылды. Тіпті құлтемірлер бауырсақ пісіріп, тұрғындарға ұсынды. Жалпыхалықтық мерекеге айналған Ұлыстың ұлы күні осылайшы Алматы облысында кең көлемде тойланды. Қонаев қаласындағы орталық алаңға бес мыңнан астам халық жиналып, мерекелік шара «Digital Nauryz» тұжырымдамасына сай тікелей эфирде көрсетілді.

  • Таза, жайлы, заманауи: Қонаевта бірден екі жағажай абаттандырылуда

    Таза, жайлы, заманауи: Қонаевта бірден екі жағажай абаттандырылуда

    Бұл туралы Қонаев қаласы әкімдігі ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев хабарлады.

    Айтуынша, №6 және №7 жағажайлардағы құрылыс жұмыстарын шомылу маусымына дейін аяқтау жоспарлануда.

    «Мұнда визит-орталық, 50-ден астам бизнес орыны, 53 киім ауыстыратын орын, 21 әжетхана орнату көзделіп отыр. Тапшандар мен шатырлар қойылады. Барлығының келбеті бірыңғай дизайнға сәйкес болмақ. Сондай-ақ жағажайда балалар ойын алаңдары, воркаут алаңдар мен жағажай спортына арналған алаң бой көтереді. Қауіпсіздік шаралары мен көгалдандыру да назардан тыс қалмайды. Мердігер компания тозығы жеткен инженерлік желілерді де жаңартады. Нысандар жеңіл конструкция есебінде салынады. Сондықтан құрылыс ұзақ уақытқа созылмайды», − деді бөлім басшысы.

    Жаяу жүргіншілерге жағажайға кіру – тегін, тек автотұрақ үшін ақы алынады. Бизнес орындары сенімгерлік басқарудағы компания арқылы кәсіпкерлерге жалға беріледі.

    «Бұл жерде бірнеше жылдан бері қызмет етіп келе жатқан 40 кәсіпкер бар. Оларға бизнес орындарын сүріп, алып тастау қажеттілігі жайында айтылды. Қазір демонтаж жұмыстары жүріп жатыр. 40 кәсіпкердің ішінде заң аясында қызметін мүлтіксіз атқарған 25-мен 5 жылға келісімшарт жасалды. Қалғаны заң талаптарын орындауы қажет, сол кезде келісімшартқа қайта отыру сұрағы қарастырылады», − деді Тимур Ақмырзаев.

    Сонымен қатар ол солтүстік бағыттағы жағажай да абаттандырылатынын атап өтті.
    «Тұрғындар мен демалушылар тарапынан бұл жағажайлардың антисанитарлық жағдайына шағымдар өте көп болды. Соны ескере отырып, осы жұмыстарды қолға алдық. Халықтың көңілінен шығады деген ойдамыз. Біздің мақсат – таза, жайлы, қолайлы орта қалыптастыру», — деді бөлім басшысы сөзін түйіндеп.
    Айта кетейік, былтыр Қонаевта инвестициялық қаражат есебінен №5 жағажай абаттандырылып, қолданысқа берілген болатын. Алдағы уақытта барлық коммуналдық жағалауларды кезең-кезеңімен жаңарту көзделіп отыр.

  • Көктем, драйв, дрифт-шоу: Қонаевта жарыс жеңімпаздары дауыс берді

    Көктем, драйв, дрифт-шоу: Қонаевта жарыс жеңімпаздары дауыс берді

    Көктемнің алғашқы жарысына 40 автокөлік қатысып, жүргізушілер кәсіби шеберліктерін, жылдамдық пен дәлдікке негізделген дрифт техникасын көрсетті. Жарыс барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша бақ сынап, ең мықты жүргізушілер анықталды.
    Жүлделі орындар келесідей бөлінді:
    1 орын –Петр Бородин,
    2 орын –Евгений Васькин.
    Жарыс жеңімпаздары азаматтық белсенділік танытып, референдумға қатысты.
    «Дрифт-шоу Қонаевтағы ең әсерлі көріністердің біріне айналды. АСП аренада түрлі мәдени-бұқаралық шаралар ұйымдастырылып жүр. Оған алыс-жақын шетелдерден келетін спортсүйер қауымды қоса есептегенде, мыңдаған көрермен жиналуда. Қаламыздың спорт саласы дамып жатқанына өте қуаныштымыз. Биылғы дрифт-шоу референдумға тұспа-тұс келді. Біз өз еліміздің азаматтары ретінде дауыс беріп, таңдауымызды жасадық», − деді Петр Бородин.
    Аталған жарыс Қонаев қаласында автоспорт мәдениетін дамытуға, жастар арасында техникалық спорт түрлерін насихаттауға және өңірдің спорттық-туристік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі болды.

  • Қонаевта кәріз-тазарту жүйесінің құрылысы басталды: 30 млрд.теңгеден астам қаржы жұмсалады

    Қонаевта кәріз-тазарту жүйесінің құрылысы басталды: 30 млрд.теңгеден астам қаржы жұмсалады

    Қонаев қаласында бірнеше жылдан бері шешімін таппаған күрделі мәселеге нүкте қойылады. Жағымсыз иіс шығарып, 100% тозығы жеткен кәріз-тазарту жүйесінің орнына басқасы салынады, деп хабарлайды Қонаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

    Ескірген нысан қаладан 3-4 шақырым жерде орналасқан. Ал жаңа кәріз-тазарту жүйесі Қонаевтан 15 шақырым жерде бой көтереді.

    Құрылысқа тапсырыс беруші – Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасы. Жоба мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында жүзеге аспақ. Әріптес компания – «Daur Capital» ЖШС. Нысанның құрылысы 20 ай ішінде аяқталады деп жоспарлануда. Оған 33 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалмақ.

    Жаңа нысанның қуаттылығы тәулігіне 25 текше метрден астам суды сүзгіден өткізуге мүмкіндік береді. Кәріз-тазарту жүйесі 215 гектар аумақта салынады. Қазіргі таңда жер жұмыстарын бастауға дайындық жүріп жатыр. Негізгі технологиялық жабдықтар, құбырлар және жинақтаушы тоғандарға арналған гидрооқшаулағыш материалдар сатып алынды.

    Тозығы жеткен кәріз-тазарту жүйесі жаңасы іске қосылғаннан кейін рекультивацияланады.

  • Қонаевта газ-ауа қоспасының жарылуы жиіледі: комиссия мүшелері үйлерді аралайды

    Қонаевта газ-ауа қоспасының жарылуы жиіледі: комиссия мүшелері үйлерді аралайды

    Соңғы бір айда Қонаевта газ-ауа қоспасының жарылуы бойынша 4 дерек тіркелді. Оның үшеуі жеке тұрғын үйде, ал біреуі көпқабатты үйде орын алған. Осыған байланысты 12 ақпаннан комиссия мүшелері үйлерді аралауды бастайды.

    ҚР ӘҚБтК-нің 729-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар осы кодекстің 306-бабында (Газ пайдалану, газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін пайдалану қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бұзу) көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарайды. Комиссия мүшелері №1,2,3,4,5 және Ивушка, Спутник шағынаудандарында пәтерлердің газға қосылу, қосылмауы жөнінде тексеріс жүргізеді. Егер олар газ желісі жүргізілген көпқабатты тұрғын үйдің бір немесе бірнеше пәтері көгілдір отынға қосылмағанын анықтаса, тұрғынға кемшіліктің орнын толтыруға уақыт береді. Қойылған талап уақытылы орындалмаса, азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің 306-бабына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

    Естеріңізде болса, 28 қаңтар күні 1 шағынаудан 3-үйдің 4-қабатындағы пәтерде газ-ауа қоспасы жарылып, 2 адам зардап шекті. Осы дерек бойынша Қонаев қалалық полиция басқармасы ҚР ҚК-нің 306-бабы 2-тармағына (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) сәйкес, іс қозғады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Кінәлі жеке тұлғалар немесе заңды тұлғалар белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, 5000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл арқалауы не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін. Бұл тұрғын үйде бірнеше пәтер газға қосылмаған, соның бірінде газ-ауа қоспасы жарылған. Комиссияның мақсаты – осындай жағдайлардың алдын алу.

    Жеке тұрғын үйлерге келсек, ҚР Газ және газ жабдықтау туралы Заңына сай, 1 қабатты тұрғын үйлерде сұйытылған мұнай газын пайдалануға тыйым салынбаған. Сол себептен әкімдік жеке тұрғын үйлерде тексеру жүргізуге құзіретсіз.

    Мамандар кез-келген нысанда өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтауды сұрайды. Газ құрылғыларын тексеріп, баллондарды уақытылы ауыстырып отыру қажет. Сондай-ақ автогазды тұрмыста пайдалануға болмайды.

  • Қонаевта дауыл салдарын жоюға 300-ден астам адам жұмылдырылды

    Қонаевта дауыл салдарын жоюға 300-ден астам адам жұмылдырылды

    Қонаевта коммуналдық және жедел қызметтер қатты соққан желдің салдарын жоюды күшейтілген режимде жүргізуде. Қалпына келтіру шаралары толықтай қала әкімдігі есебінен жүріп жатыр.

    Қолайсыз ауа райы кезінде желдің жылдамдығы секундына 27 метрге дейін жетті. Тұрғын үйлердің шатырлары, электр желілері және қалалық инфрақұрылымның жекелеген нысандары зақымданды. Апат салдарын жоюға 300-ден астам адам мен 60-тан аса арнайы техника жұмылдырылды.

    Жедел штаб құрылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, шамамен 30 тұрғын үйдің шатырына зақым келген. Аумақтарды тазалау жұмыстары аяқталып, қалпына келтіру шаралары жоспарлы түрде жүріп жатыр.

    Сондай-ақ қатты жел салдарынан 40 шақырымқа жуық электр желісі зақымданды. Қазіргі таңда ақаулар толықтай қалпына келтірілді.

    Пәтер иелері кооперативтері қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен бірлесіп, шатырларды және инфрақұрылым нысандарын жөндеуде.

    «Қала аумағында қатты жел түн бойы соғып, түске дейін сақталды. Табиғи құбылыстың салдарынан зардап шеккендер жоқ, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп тіркелмеді. Жедел штаб құрылып, барлық қызметтер жұмыс істеуде. Тұрғындардан түскен барлық өтінімдер бақылауда, бірде-бір мекенжай назардан тыс қалмайды. Қала тұрғындарын ауа райы болжамдары мен Құтқару қызметінің ескертулерін қадағалауға шақырамыз», – деді Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов.

    Сонымен қатар Құтқару қызметі алдағы күндері желдің екпіні секундына 17–22 метрге дейін күшеюі мүмкін екенін ескертіп, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.

  • Коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялар күшейтілген режимде жұмыс істеуде

    Коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялар күшейтілген режимде жұмыс істеуде

    Қонаевта 8 ақпаннан 9-на қараған түні 27 м/секундына боран соқты. Осыған байланысты қалада штаб құрылып, түнгі уақыттан коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
    Инженерлік желілерде ақаулар орын алып, тұрғын үйлердің шатыры ұшып, жеңіл конструкцияларға зақым келді. Түнде құлаған ағаштар мен жеңіл конструкциялардан тазарту жұмыстары жүргізілді, бұл қызмет әлі де жалғасуда.

    Сондай-ақ бірқатар шағынаудандарда жарық өшті, қалпына келтіріліп жатыр.

    1-11-сынып оқушылары түгелдей қашықтан оқуға көшірілді.

    Қала әкімі Асхат Бердіханов ТҮКШ бөлімінің мамандарымен жиын өткізіп, боранның салдарын жою бойынша тапсырмалар берді. Зардап шеккен адамдар болса, заң аясында көмек көрсетіледі.

    Тұрғындардан қауіпсіздік шараларын сақтануды сұраймыз. Үйлердің шатырларына жақын жүрмеңіздер. Қазгидрометтің мәліметінше, боран бүгін түске дейін соғуы мүмкін.

    Барлық жағдайлар бойынша 109 қызметіне хабарласуды сұраймыз!