Метка: Қонаев

  • Сенат және Мәжіліс депутаттары Қонаевтағы зауыттың жұмысымен танысты

    Сенат және Мәжіліс депутаттары Қонаевтағы зауыттың жұмысымен танысты

    Қонаев қаласына сапармен Сенат депутаттары Жанболат Жөргенбаев, Закиржан Кузиев және Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан, Ардақ Назаров келді. Олар былтыр ғана ашылған «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

    Мұнда құрама жем, ұн, сұйық май өндіріледі. Зауыттың логистикасы жолға қойылған, теміржол арқылы дайын өнім бірден экспортқа жіберіледі. Жалпы кәсіпорынның қуаттылығы жылына 1 млн тонна өнім шығаруға жеткілікті.

    Зауытта 200-ден астам жаңа жұмыс орыны құрылды. Өндіріс ошағы заманауи станоктармен жабдықталған. Қажетті қап та осында өндіріледі.

    Ал тартылған инвестиция көлемі – 15 млрд теңге.

    «Мұндай өндіріс орындарының іске қосылуы өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға серпін беріп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге жол ашады. «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС сынды кәсіпорындар жергілікті шаруаларды тұрақты өткізу нарығымен қамтамасыз етуде», – дейді депутаттар.

    Сондай-ақ олар осындай өнеркәсіп орындарының көптеп салынуы мен инвестиция көлемінің артуы ел экономикасының тұрақты өсуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететінін атап өтті.

  • Қонаевта сүт-тауарлы фермасы салынады

    Қонаевта сүт-тауарлы фермасы салынады

    Құрылыс жұмыстарын бастауға 1955 гектар жер телімі бөлінді. Қазіргі таңда оның 700 гектарына мал азықтық дақылдар егу үшін жер дайындалып жатыр. Мұнда тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиясы қолданылмақ.

    Инвестжоба 2030 жылға дейін жүзеге асады деп күтілуде. Тартылатын инвестиция көлемі – 15 млрд.теңгеден астам. Жоба жүзеге асса, 100 жаңа жұмыс орны құрылады. Ферманың жылдық қуаттылығы 13 млн литр сүт өндіруге жеткілікті болмақ.

    Жоба аясында екі негізгі технологиялық үдеріс көзделген. Бірінші үдеріс мал азықтық дақылдарды өсіру болса, екіншісі – тауарлы сүт өндіру.

    Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов халыққа инвестжобаны таныстыру мақсатында жиын өткізді.

    «Өндіріс орындарын ашу, халықты жұмыспен қамту – Қонаев қаласы әкімдігінің басты бағдарларының бірі. Зауыт салынуын жан-жақты қолдауымыз қажет. Кәсіпорынның бой көтеруі ауыл-аймақтардағы жұртшылықтың әл-ауқатына, қала экономикасына тікелей әсер етеді. Алдағы уақытта қалада 40-тан астам инвестжоба жүзеге аспақ», – деді шаһар басшысы.

    Айта кетейік, былтыр Қонаев қаласына 100 млрд.теңгеден астам инвестиция тартылды.

  • Қонаевта әлеуметтік қызметкерлер ерекше жандарға күнделікті қолдау көрсетуде

    Қонаевта әлеуметтік қызметкерлер ерекше жандарға күнделікті қолдау көрсетуде

    Әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбегі көп жағдайда көзге көріне бермейді. Алайда, дәл осы мамандар қоғамдағы ең нәзік, ең жауапты міндетті атқарып келеді. Олар күн сайын көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылып, өмір сапасын жақсартуға үлес қосады.

    Қонаев қаласында мүгедектігі бар азаматтардың үйлеріне барып, әлеуметтік қызмет көрсететін 20 маман еңбек етеді. Оның тең жартысы ерекше балалармен, қалғаны ересек жандармен жұмыс істейді. Әрқайсысы – жауапкершілігі жоғары, мейірім мен төзімділікті талап ететін істің иелері.

    Әлеуметтік қызметкер Күнсұлу Қасабекова бұл салада он жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, қызмет көрсету нақты бекітілген стандарттар бойынша жүзеге асырылады.

    «Біздің жұмысымыз сегіз стандартқа негізделген. Қазіргі таңда алты баланың үйіне кестеге сай барып, көмек көрсетемін. Оның ішінде емханаға апару, ата-аналарымен бірге жаттығулар жасату, тұрмыстық көмек, саусақ моторикасын дамыту секілді бағыттар бар. Әр баланың диагнозы әртүрлі болғандықтан, қызмет те жеке қажеттілікке қарай көрсетіледі», – дейді ол.

    Маман бұл жұмыстың оңай еместігін жасырмайды. Кейде балалар мен олардың ата-аналарының тағдыры жанға батады.

    «Кей сәттерде жүрекке ауыр тиеді. Бірақ, қолдан келген көмекті аямай көрсетуге тырысамыз. Біздің еңбегіміз көп жағдайда көзге көрінбейді, сондықтан қоғамда толық бағаланбай жатады. Тіпті, кей адамдарда теріс пікір де бар. Дегенмен ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға айтарым – ешқашан үміт үзбеңіздер. Әр қиындықтың артында міндетті түрде жеңіс болады. Менің тәжірибемде диагнозынан толық айыққан балалар да бар», – дейді Күнсұлу Қасабекова.

    Айта кетейік, Мемлекет басшысы өз сөздерінде адал еңбек ел дамуының басты негізі екенін бірнеше мәрте атап өткен. Дәл сол секілді, әлеуметтік қызметкерлер атқарып жүрген ерен еңбек қоғамның тұтастығын сақтауға, әлсіз топтарға қолдау көрсетуге бағытталған маңызды миссия болып қала береді.

  • Қонаевта басты шыршаның шамдары салтанатты түрде жағылды

    Қонаевта басты шыршаның шамдары салтанатты түрде жағылды

    Қонаев қаласында тұрғындар мен қонақтарға ерекше жаңа жылдық көңіл-күй сыйлаған дәстүрлі мерекелік шара өтті. Қысқы кештің шырайын келтірген салтанатты басқосуға биыл 15 мыңнан астам адам жиналды.

    Мереке балаларға арналған ертегілік қойылыммен басталып, кішкентай көрермендерге шаттық пен қуаныш сыйлады. Сахна төрінде өнер көрсеткен кейіпкерлер мен аниматорлар балақайлардың көңілін көтеріп, алаңды күлкі мен шаттыққа бөледі.

    Жиналған көпшілікті Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов құттықтап, қала дамуына үлес қосып жүрген тұрғындарға алғысын білдірді

    «Баршаңызды жаңа жылдық шыршаны жағу мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Өтіп бара жатқан жылда бірлесе атқарған еңбегіміздің арқасында қаламызды дамытуға бағытталған маңызды жұмыстар жүзеге асты. Алдағы Жаңа жыл әр шаңыраққа қуаныш, жаңа мүмкіндіктер мен игі бастамалар әкелсін!» – деді шаһар басшысы.

    Қала әкімі балалар үйінің тәрбиеленушілерімен бірге жаңа жылдық шыршаның шамын жағып, дәстүрлі рәсімге қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Осы сәтте аспанды жарқырата отшашу атылып, мерекенің сәнін аша түсті.

    Кеш барысында сахнада жергілікті өнерпаздармен қатар танымал әншілер – Сырым Исабаев, Дана Кентай және Atlantis Live Band өнер көрсетті. Балалар аниматорлармен бірге ойын ойнап, мерекенің қызығына кенелді.

    Тұрғындар жарқыраған шамдармен көмкерілген шыршалар, әсем аркалар мен түрлі ойыншықтармен суретке түсті.

    Айта кетейік, биыл Қонаев қаласында орнатылған басты шыршаның биіктігі 20 метрді құрайды. Қаладағы орталық алаң, саябақтар мен негізгі көшелер жаңа жылдық нақышта безендірілуде.

  • Қонаевта демеушілер 10-нан астам тұрғынға пәтер сыйлады

    Қонаевта демеушілер 10-нан астам тұрғынға пәтер сыйлады

    Жаңа жыл қарсаңында қоныстой тойлайтындардың ішінде әлеуметтік осал топтағы жандар, жастар мен спортшылар, қоғам өміріне атсалысып жүрген азаматтар бар. Бұл пәтерлер тұрғындарға жекеменшікке берілді.

    «Қонаевта бірнеше жылдан бері тұрғын үй құрылысымен айналысып жатырмыз. Бүгін 12 адамға қуаныш сыйласақ, алдағы уақытта тағы да бірқатар тұрғынға пәтер сыйласақ деп жоспарлап отырмыз. Тәуелсіздік күні мен келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын!» – деді компанияның акционері Нұрғали Мылтықбаев.

    Сондай-ақ демеуші «Қапшағай Самға» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің басшысы Марат Абдулдаевқа коммерциялық нысан сыйлады.

    Айта кетейік, соңғы екі жылда Қонаевта әлеуметтік осал топтағы 230-дан астам отбасыға мемлекеттен пәтер кілттері табысталды.

  • Қонаевта коммуналдық қызмет мамандары қаланың жайлы өмірін қамтамасыз етуде

    Қонаевта коммуналдық қызмет мамандары қаланың жайлы өмірін қамтамасыз етуде

    Әбубәкір Қоржықбаев Қонаев қаласында коммуналдық шаруашылық саласында 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп келді. Бүгінде ол «Қонаев Тұрғын үй» ЖШС-да өндіріс бөлімінің басшысы қызметінде.

    «Коммуналдық шаруашылық ең алдымен қолайлы орта құрумен үндеседі. Халық ұйқыда жатқанда көшенің қарын күреп, қоқыс шығарамыз. Ал таңертең адамдар жұмысқа шыққанда айналаның барлығы таза болып тұрады», – дейді ол өз жұмысы жайында.

    Сонымен қатар ол коммуналдық шаруашылық мамандарының еңбегі еленіп жатқанын айтты.

    «Биыл былтырғыға қарағанда еңбекақымыз өсті. Бұл біздің серіктестіктегі көше сыпырушыларға, апаттық бригадаларға, энергетиктерге қажып, шаршап кетпес үшін кішігірім мотивация. Түптеп келгенде ешқандай жұмыстың жеңілі жоқ», – деді маман.

    Әбубәкір Қоржықбаевтың айтуынша, күнделікті көзге көріне бермейтін бұл жұмыс қаланың тазалығы мен тұрғындардың жайлы өмір сүруінің негізі.

    Жалпы, жұмысшы мамандардың еңбегі ерен. Олар кез келген ауа райында, тәуліктің кез келген уақытында жауапты міндет атқарып, қаланың қалыпты өмір сүруін қамтамасыз етеді. Осындай адал еңбек пен төзімділіктің арқасында қала дамып, көркейіп келеді.

    Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл – ел экономикасының тірегі саналатын еңбек адамдарының мәртебесін арттырып, олардың қоғамдағы рөлін айқындай түсетін маңызды қадам.

  • Қонаевта жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды

    Қонаевта жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды

    Қонаев қаласында 11 желтоқсаннан 12 желтоқсанға қараған түні қатты желдің (жел екпіні 25 м/сек-тен асты) салдарынан бірқатар тұрғын үйлер мен ғимараттардың шатырлары зақымданып, көше жарығының бағаналары істен шықты.

    Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына («Азаматтық қорғау туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдар) сәйкес, Қонаев қаласының әкімі табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады. 17 желтоқсаннан бастап жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай ресми түрде жарияланды.

    Төтенше жағдай резервінен бөлінген қаражат есебінен зақымданған нысандарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

    Айта кетейік, 11 желтоқсаннан бастап қаладағы коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қазіргі таңда Қонаев қаласындағы жағдай тұрақты: электр энергиясы, ауыз су және жылумен қамту жүйелері штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

  • Қонаевта Жаңа жылға арналған ең әдемі безендіру байқауы жарияланды

    Қонаевта Жаңа жылға арналған ең әдемі безендіру байқауы жарияланды

    Қонаев қаласы Жаңа жылға дайындалып жатыр: көшелер мен аумақтар, үйлер мен мекемелер мерекелік көңіл-күйге бөленеді! Қала тұрғындары, кәсіпкерлер мен ұйымдар ғимараттарды безендіру бойынша байқауға қатыса алады.

    Құжаттар 17–29 желтоқсан аралығында қабылданады. Жеңімпаздар шығармашылық, жаңашылдық және мерекелік көңіл-күйі бойынша арнайы қазылар алқасы тарапынан таңдалады. Марапаттау рәсімі 31 желтоқсан күні орталық алаңда өтеді, ал жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады.

    Үйіңізді немесе офисіңізді безендіріп, қаланы мерекелік көңіл-күйге бөлейік!

    Қосымша ақпарат үшін: +7 701 719 6240

  • Жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялауға байланысты түсініктеме

    Жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялауға байланысты түсініктеме

    Қонаев қаласында 11 желтоқсаннан 12 желтоқсанға қараған түні қатты жел тұруына байланысты кейбір тұрғын үйлер мен ғимараттардың шатырларына нұқсан келіп, жарық бағаналары істен шыққан. Соған байланысты ҚР қолданыстағы заңдарына (Азаматтық қорғау туралы Заң, Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы Заң) сәйкес, Қонаев қаласының әкімі жергілікті ауқымда төтенше жағдай жариялауға шешім шығарды.

    Төтенше жағдайды енгізу Ашық НҚА порталына қоғамдық талқылауға 15 желтоқсан күні жіберілді. Ол 16 желтоқсанға дейін талқылауда болады. Кейбір БАҚ өкілдері 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланады деп жазуда. Қала әкімдігі мұны теріске шығарады. Себебі, құжат Әділет органдарымен келісіліп, қоғамдық талқылауға жатады. Осы процесстерден кейін, жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланады.

    Нәтижесінде ғимараттар мен тұрғын үйлердің шатырлары жөнделіп, істен шыққан көше жарығы бағаналары, темірбетон бағаналар, электр желілері ауыстырылады деп күтілуде.

    Қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.

  • Қонаевтағы апатты жағдайлар толық бақылауда

    Қонаевтағы апатты жағдайлар толық бақылауда

    Қонаев қаласында 11 желтоқсаннан 12 желтоқсанға қараған түні секундына 23–25 метрге дейін жеткен қатты боран салдарынан 30-дан астам апатты жағдай тіркелді. Табиғи құбылыстың салдары қала инфрақұрылымына әсер етіп, бірқатар нысандарда уақытша іркілістер орын алды. Бұл туралы бұған дейін хабарланған болатын.

    Қала әкімі Асхат Бердіханов аппараттық жиын өткізіп, өзінің орынбасарларына, бөлімдер мен коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелердің басшыларына, «АлатауЖарықКомпаниясы» АҚ өкілдеріне, сондай-ақ Төтенше жағдайлар басқармасының, денсаулық сақтау саласының мамандарына апат салдарын қысқа мерзімде жою жөнінде нақты тапсырмалар берді.

    Қазіргі уақытта барлық оқиға бойынша себеп-салдар талданып, келтірілген шығындар есептеліп жатыр.

    Бүгінгі таңда қала аумағында зақымданған конструкцияларды қалпына келтіру, электр желілерін жөндеу, құлаған ағаштарды тазалау, қоқыс шығару, қауіпті шатырларды тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

    Тұрғындар тарапынан жылу мәселесіне қатысты өтінімдер түскен. Осыған байланысты «Жылу Орталығы» мекемесінің мамандары түсініктеме берді. Олардың айтуынша, түнгі уақытта электр энергиясының 10–15 минутқа өшуі салдарынан ыстық су салқындап кеткен. Қазіргі таңда жылу жүйесі қалыпты, штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тек ыстық судың қаладағы барлық нысандар мен тұрғын үйлерді толық айналып шығуына белгілі бір уақыт қажет.

    Ал «Қарлығаш» шағынауданында ауыз су беру уақытша тоқтатылған. Бұл аумақта сорғы қондырғыларын электрмен қамтамасыз ететін желілер жөнделіп жатыр.

    Қала әкімінің тапсырмасымен апат салдарын жою жұмыстарын үйлестіру үшін екі жедел штаб құрылған. Олар тұрғындардан келіп түскен өтінімдерді қабылдап, әрбір мәселе бойынша тиісті қызметтердің жедел әрекет етуін қамтамасыз етуде.

    Бұдан бөлек, тұрғындарды үздіксіз ақпараттандыру мақсатында WhatsApp желісіндегі 109 және Қонаев әкімдігінің ресми тобы тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялар күшейтілген режимде қызмет етуде.

    Қазгидрометтің мәліметінше, қалада 12 желтоқсан күні де 15-20 м/сек боран соғады деп күтілуде. Тұрғындардан сақтық шараларын сақтауды сұраймыз.
    ___