Метка: Қонаев

  • Қонаевта Республика күніне орай «Менің елім – менің туым» патриоттық акциясы бастау алды

    Қонаевта Республика күніне орай «Менің елім – менің туым» патриоттық акциясы бастау алды

    Республика күні қарсаңында Алматы облысында «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен дәстүрлі «Менің елім – менің туым» патриоттық акциясы басталды.

    Қонаев қаласында «Жастар рухы» белсенділері және Қонаев қаласы әкімдігі бірлесе биік тұрғын үй кешендерінің қасбетіне Мемлекеттік Туды іліп, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Іс-шараға 50-ге жуық белсенді жас қатысты.

    «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аслан Кубентаевтың айтуынша, акция аясында өңір бойынша 500-ге жуық Ту ілінуі жоспарланып отыр.

    «Бұл бастама елімізде төртінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – Мемлекеттік Туды насихаттау және патриоттық рухты күшейту. Қазіргі таңда 100-ден астам тұрғын өз балкондарына Ту іліп, бастаманы қолдады. Акция кең ауқымда жалғасуда, оған қатысушылар саны күн сайын артып келеді», – деді Аслан Кубентаев.

    Патриоттық бастамаға тек жастар қанатының белсенділері ғана емес, қарапайым тұрғындар да белсенді қатысып жатыр. Олар Туды үйлерінің балкондарына, қоғамдық орындарға, тіпті көліктеріне орнатуда.

    Кәсіпкерлер де шет қалмай, Мемлекеттік Туды дүкендеріне, мейрамханаларына, өндірістік цехтары мен шаруа қожалықтарына ілуде. Акцияға белгілі кәсіпкер, «Дәулет-Бекет» түйе шаруашылығының иесі Сыдық Дәулетов те қосылды.

    «Қай елдің де, қай мемлекеттің де ең ұлы арманы – тәуелсіздік пен еркіндік.
    Ғасырлар бойы түрлі зұлмат пен қысым көрген халқымызға да көптен күткен Азаттық таңы атты. Асыл ұлдарын құл қылсам, сұлу қыздарын күң етсем, байтақ жері мен сансыз байлығын иеленсем деген талай ашкөздердің арманы орындалмады. Бүгін Тәуелсіздігін алған еліміз – дүниежүзінде аумағы жөнінен тоғызыншы орында, Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі және барлық мемлекеттермен терезесі тең тәуелсіз елге айналды. Халқымыздың зарығып, тарығып, сарыла күткен Ұлы күні құтты болсын!» – деді ол.

    Айта кетейік, алдағы күндері де Республика күніне арналған түрлі игі іс-шараларды жалғастырып, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлауды жоспарлап отыр.

  • Қонаевта Республика күні тойланды

    Қонаевта Республика күні тойланды

    Қонаев қаласында Республика күні және Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясының қабылданғанына 35 жыл толуына арналған мерекелік іс-шара өтті.

    Салтанатты жиын қалалық Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Оған шаһар тұрғындары мен қонақтары, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері және мәдениет саласының өкілдері қатысты.

    Алғашқы құттықтау сөзді Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов алып, ел тәуелсіздігінің мән-маңызына тоқталды.

    «Бұл күн – халқымыздың еркіндікке ұмтылған асқақ рухының және елдігіміздің нышаны. Республика күні – Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтарын дәріптейтін маңызды мереке. Бүгінгі таңда Қонаев қаласында тікелей инвестициялар көлемі 96,7 млрд теңгеге жетті, өнеркәсіп өндірісі 67,7 млрд теңгені құрады. Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар – биыл 132 отбасы жаңа пәтерге ие болды, жыл соңына дейін тағы 128 пәтер кезектегі азаматтарға табысталмақ», – деді қала әкімі.

    Сонымен қатар ол Қонаевтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттап, алғыс білдірді.

    Жиын концерттік бағдарламаға ұласты. «Қонаев әуендері» ансамблі, қала өнерпаздары мен жас орындаушылар патриоттық әндер шырқап, ұлттық биден шашу шашты.

    Айта кетейік, 25 қазан күні Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі және кешкі 17.00-де Орталық алаңда концерт, дрон-шоу өтеді.

  • Таза Қазақстан: жыл басынан сенбілікке 9000-нан астам адам қатысты

    Таза Қазақстан: жыл басынан сенбілікке 9000-нан астам адам қатысты

    Қонаев қаласында республикалық «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысушылардың саны артқан. Оған дәлел – жыл басынан сенбіліктерге 9000-нан астам адам қатысқан.

    Экологиялық акцияны 2205 шағын және орта бизнес өкілдері де қолдап, кәсіпкерлік нысандардың аумақтарын тазартқан. Осындай бірлескен жұмыс нәтижесінде қала бойынша 140 тоннадан астам қоқыс шығарылып, 450 ағаш егілді.

    Бұдан бөлек, Геопортал арқылы анықталған Қонаев қаласы мен Шеңгелді ауылдық округі аумағындағы 20 стихиялық қоқыс үйінділері жойылды.

    Қазіргі таңда жапырақтар сарғайып, түсуіне байланысты коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялардың жұмысы күшейтілді. Күнделікті тазалық жұмыстарына 50-ден астам адам, 8 техника жұмылдырылуда. Сенбіліктерді ұйымдастыру да жалғасын табады.

    Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК 505-бабы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша жыл басынан 1027 хаттама толтырылып, жеке және заңды тұлғаларға 1 млн 966 мың теңге айыппұл салынды. Ал ҚР ӘҚБтК 434-2 бабына (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) сәйкес, азаматтарға 7 млн 116 мың теңге айыппұл салынды. Әкімшілік жауапкершілікке тарту – шаһар тазалығын сақтауға, қоғамда тәртіп орнатуға арналған шаралардың бірі.

  • Тұрақты экономикалық өсім: Қонаевта жылдың 9 айы қорытындыланды

    Тұрақты экономикалық өсім: Қонаевта жылдың 9 айы қорытындыланды

    Қонаев қаласының әкімдігі 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жариялады. Барлық негізгі бағыттар бойынша тұрақты өсім байқалады.

    Экономика және қаржы бөлімінің деректеріне сәйкес, жергілікті бюджетке 44,5 млрд теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 млрд теңгеге көп немесе 116,6%-ды құрайды.

    Қаладағы өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 67,7 млрд теңгеге жетсе, негізгі капиталға салынған инвестициялар 96,7 млрд теңгені құрады. Сауда саласы да оң динамика көрсетіп отыр: бөлшек сауда айналымы – 38,2 млрд теңге, көтерме сауда айналымы – 20,9 млрд теңге болды.

    Жұмыспен қамту саласында 2377 тұрғын еңбекке орналасуға өтініш білдірген. Олардың 662-сі тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамту деңгейі 27,9%-ды құрайды. Есепті кезең соңында 1180 адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген.

    Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады: өнім көлемі 14,4 млрд теңгені құрады. Негізгі көрсеткіштер бойынша — жылқы саны 16,1%-ға, ет өндіру көлемі 15,1%-ға, сүт өндіру 8,6%-ға, жұмыртқа шығымы 27,2%-ға артқан. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 11 769 гектарды қамтыды.

    Құрылыс саласында 9 айдың ішінде 36,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 17,4 млрд теңгені құрады.

    Қонаев қаласы әкімдігі аталған көрсеткіштер қала экономикасының тұрақты дамуын және негізгі салалардағы оң серпінді айқындайтынын атап өтті.

  • Қонаев қалалық кітапханасында TikTok аймақ ашылды

    Қонаев қалалық кітапханасында TikTok аймақ ашылды

    Мұнда жас оқырмандарға арналған жаңа балалар бөлімі ашылды. Заманауи талаптарға сай безендірілген бұл кеңістік балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін дамытуды мақсат етеді.

    Жаңа бөлімнің ерекшелігі – жастар арасында кең тараған TikTok платформасына арналған арнайы бұрыштың болуы. Бұл аймақ жас оқырмандарға өз шығармашылығын дамытуға, қызықты бейнероликтер түсіріп, кітап әлемін жаңа форматта насихаттауға мүмкіндік береді.

    Бүгінде кітапхана қорында 10 мыңға жуық кітап бар. Мұндағы көркем әдебиет, энциклопедиялар мен заманауи балалар әдебиеті үлгілері өскелең ұрпақтың рухани дамуына серпін бермек.

    Кітапхананың басшысы Айгүл Ақтанованың айтуынша, жаңа бөлімнің ашылуы – уақыт талабынан туған шешім.

    «Жыл сайынғы 10 мың оқырманның шамамен 35 пайызын балалар құрайды. Соңғы жылдары балалар бөлімін ашу қажеттілігі айқын байқалды. Модернизациядан кейін бізге қосымша 8 штат берілді, соның үшеуін балалар бөліміне бөлдік. Басты мақсат – жас оқырмандардың сұранысын қанағаттандырып, олардың еркін әрі қызықты ортада дамуына жағдай жасау», – деді ол.

    Ашылу салтанатына «Балдырған» журналының бас редакторы, мәслихат депутаттары және Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы қатысып, жаңа бастаманың маңыздылығын атап өтті.

    Жаңа балалар бөлімі – Қонаев қаласының мәдени өміріндегі маңызды жаңалық. Ол жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық әлеуетін ашуға жол ашпақ.

  • Егемендік құрдастары: Тәуелсіз елмен бірге түлеген ұрпақ

    Егемендік құрдастары: Тәуелсіз елмен бірге түлеген ұрпақ

    Елімізде 25 қазан – Республика күні мерекесі тойланады. Бұл дата – тәуелсіздіктің бастауы саналатын Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданған күн. Биыл осы маңызды тарихи құжаттың қабылданғанына 35 жыл толып отыр.

    Егемендікпен қатар есейген буын бүгінде еліміздің түрлі саласында еңбек етіп, қоғамның дамуына өз үлесін қосуда. Солардың қатарында Қонаев қаласының тұрғындары да бар.

    Гузаль Абдулова 8 жылдан бері Қонаев қаласының көпсалалы ауруханасында акушер-гинеколог болып қызмет етуде. Ол күн сайын жаңа өмірдің бастауына куә болып, ана мен сәбилердің амандығына жауап береді.

    «Республика күнін ерекше сезіммен қарсы аламын. 1990 жылдың 25 қазанында Декларация қабылданды. Сол жылы дүниеге келдім. Бұл – ел тәуелсіздігінің іргесі қаланған маңызды дата. 35 жылдан бері Қазақстан түрлі қиындықтардан өтіп, жетістіктерге жетті. Әр сәби ашық аспан астында дүниеге келіп жатыр. Мұның өзі барша жұртқа – бақыт. Ендеше, еліміз мәңгілік болсын!» – деді дәрігер.

    Ал Серік Ордабаев 10 жыл бойы қоғамдық тәртіптің, жол қауіпсіздігінің сақталуына үлес қосып келеді. Ол Отанына адал қызмет етуді азаматтық борышы деп есептейді. Қонаев қаласы Патрульдік полиция қызметі инспекторының да жасы 35-ті алқымдаған.

    «Мен үшін «егемендік» ұғымы отбасымның амандығымен үндеседі. Отансыз адам – ормансыз бұлбұл. Жұбайым екеуміз елімізбен бірге өсіп, өніп келеміз. Тәуелсіздік ұрпақтарын тәрбиелеп отырмыз. Мерекемен баршаңызды құттықтаймын!» – деді аға лейтенант.

    Ғалия Можанова болса, ұрпақ тәрбиесі жолында еңбек етіп жүр.

    «Мен бойынан патриоттық пен ұлтжандылық табылатын балаларды білім нәрімен сусындатып, оларға тәрбие беріп жүргеніме қуаныштымын. Егемендік – болашаққа сенімді қадам», – деді ұстаз.

    Тәуелсіздік құрдастарының өмір жолы – елмен бірге қалыптасқан, мемлекетпен бірге кемелденген ұрпақтың бейнесі. Бүгінгі таңда олардың еңбегі мен табандылығы – тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының айғағы.

  • Әр сұрақты толық қарап, нақты шешім қабылдаймыз – Асхат Бердіханов

    Әр сұрақты толық қарап, нақты шешім қабылдаймыз – Асхат Бердіханов

    Баяндамадан соң, тұрғындар бірқатар келелі мәселелерді көтерді.

    Ең алдымен халық дәріхананың, сондай-ақ амбулаторияда УДЗ және рентген маманының жоқтығын айтты. Жас мамандар Шеңгелдіге көшіп келгеннің өзінде баспанамен қамту мәселесін де қарастыру қажет.

    Бұл сұраққа қалалық көпсалалы аурухана директорының орынбасары Айсұлу Оңғарова жауап берді. Айтуынша, жақын арада 3 маман УДЗ, рентгенге түсіру бағыттары бойынша жұмыс істей бастайды. Ал тұрғын үй беру жайында қала әкімі айтты.

    «Осы уақытқа дейін бұл түйткіл қозғалған. Жергілікті әскери бөлім арқылы пәтерлерді алып, мамандарға беру жайлы келіссөз жүргізіп жатырмыз. Ауыл әкіміне баспанаға мұқтаждардың тізімін жаңартуды тапсырамын. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да жұмыс істеп тұр. Дәріхана ашу сұрағын аурухана басшылығы қарастырады. Маңызды кәсіпкерлік нысанды ашамын деушілер болса, қолдау қажет», – деді Асхат Бердіханов.

    Ауыл тұрғындары көтерген тағы бір мәселе – қоғамдық көлік тапшылығы. Қазіргі таңда Шеңгелді–Қонаев бағытында қатынайтын автобустар саны жеткіліксіз. Бұл туралы жауап берген автопарк өкілдері қосымша автобус сатып алу бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

    Сондай-ақ Шеңгелдінің жаңа тұрғын үй аумақтарындағы инфрақұрылым жайы назарға алынды. Жұртшылықтың айтуынша, кейбір көшелерде әлі күнге дейін су, жарық және жол мәселесі шешілмеген.

    Аталған жайтқа байланысты Асхат Бердіханов ауыл әкімі Мақсат Жазиевті сынға алды.

    «Қазір жаңа үйлер түсіп жатқан жерге электр желісі тартылуда. Дегенмен, басқа да желілерді жүргізуге жүйелі түрде тоқталып, алдын ала инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобасын дайындау қажет еді. Бұл ең бірінші ауыл әкіміне сын. Әр сұрақты толыққанды қарауымыз тиіс. Бұлай іс еткеніміз жарамайды. Жоба жасау, басқа жоспарларды түгендеуді ТҮКШ бөліміне тапсырамын», – деді қала әкімі.

    Бұдан бөлек, әлеумет көтерген бос ғимараттарды пайдаға асыру, сквер салу, жайылым жер тапшылығы сұрақтары хаттамалық тапсырма негізінде шешімін табады.

  • «Қызғылт қазан» марафонына 150-ге жуық әйел қатысты

    «Қызғылт қазан» марафонына 150-ге жуық әйел қатысты

    Қонаевта сүт безі қатерлі ісігіне қарсы айлық аясында «Қызғылт қазан» марафоны өтті.

    Оған 150-ге жуық әйел қатысты. Марафоншылар түрлі жас категориялары бойынша сынға түсті. Сондай-ақ қаланың белсенді жасы 50-ден асқан тұрғындары скандинавиялық жүріс бойынша жарысты.

    Марафоншылар Жамбыл көшесіндегі аллея арқылы жағажайға дейінгі және қайтар бағыттағы жолды еңсерді.

    «Қоғамда әйелдердің орны бөлек. Нәзік жандыларсыз біздің өмірді елестету мүмкін емес. «Қызғылт қазан» айы сіздердің денсаулықтарыңызға, қатерлі ісіктің алдын алуға бағытталған ай. Тәні саудың – жаны сау. Сол себепті үнемі дәрігерлерге тексеріліп жүруге кеңес береміз. Марафонда баршаңызға сәттілік тілеймін!» – деді қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков ашылу салтанатында.

    Ал қалалық көпсалалы аурухана директорының орынбасары Айсұлу Оңғарова сүт безі қатерлі ісігі жайлы деректерге тоқталып өтті.

    «Қызғылт қазан» – тек акция емес, бұл ауру туралы ақпараттандыру, қолдау мен әйелдер өмірін өзгертуге көмек көрсету айы. Егер обырды дер кезінде анықтаса, 90% жағдайда емделіп кетуге мүмкіндік бар. Маммологқа тексеріліп, УДЗ-дан жыл сайын өтіп тұрыңыздар. Бүгінгі марафон денсаулыққа ұмтылу мен тек алға бағыт алудың нышаны болсын! Бақыт, шаттық, табыс!» – деді ол.

    Жарыс нәтижесінде жеңімпаз атанғандарға бағалы сыйлықтар, медальдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

    «30 жасқа дейінгілердің арасында 1-орынды иелендім. Жарыс өтетіні туралы естіген сәттен-ақ қатысуға бел будым. Ұйымдастырушыларға рақмет! Қаламыздың әйелдері аман болсын! Марафон жоғары деңгейде өтті», – деді Аделина есімді қатысушы пікірін білдіріп.

    Сонымен қатар жылжымалы медициналық кешенде 65 әйел маммография мен УДЗ-дан тегін өтті.

    Қонаев қаласының әкімдігі марафонның өтуіне демеушілік көрсетіп, серіктес болған кәсіпкерлерге алғысын білдіреді.

  • Балалар қауіпсіздігі – басты назарда: Қонаевта комиссия отырысы өтті

    Балалар қауіпсіздігі – басты назарда: Қонаевта комиссия отырысы өтті

    Қонаев қаласында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Басқосуға ата-аналар, білім саласының мамандары, құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

    Күн тәртібінде жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, буллингтің, интернет-алаяқтықтың және «дроппер» схемаларының алдын алу шаралары қаралды.

    Баяндамашылардың айтуынша, бүгінде қаладағы 14 мектепте 12 882 оқушы білім алады. Барлық білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шаралары күшейтілген – бейнебақылау камералары орнатылып, дабыл түймелері жұмыс істейді, күзет қызметі тәулік бойы кезекшілік етеді.

    «Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында «Адал азамат» бағдарламасы аясында профилактикалық сабақтар, тренингтер, челлендждер және ата-аналармен кездесулер жүйелі түрде өткізіліп келеді. Биылдың өзінде 3 мыңнан астам сынып сағаты мен 50-ден астам ақпараттық шара ұйымдастырылды», – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Қаламқас Сәрсенбаева.

    Сонымен қатар комиссия отырысында Қонаев қалалық полиция басқармасының өкілдері алаяқтық пен «дроппер» құбылысына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мамандардың айтуынша, кибералаяқтар адамдарды өздерінің банк карталарын пайдалануға көндіріп, заңсыз ақша айналымына тартады. Мұндай әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкелетіні ескертілді.

    Полиция қызметкерлері балаларға күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуді, жеке деректерін бөгде тұлғаларға бермеуді, ал күмән тудырған жағдайда «102» нөміріне хабарласуды ұсынды.

    Комиссия мүшелері құқықтық мәдениетті арттыру, ата-аналармен байланыс орнату және балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмысты жалғастыру қажеттілігін атап өтті.

  • Қонаевта аялдамалар цифрландырылуда

    Қонаевта аялдамалар цифрландырылуда

    Биыл Қонаев қаласында 16 жаңа аялдама қойылды. Қазір олар цифрландырылып жатыр.

    Әкім жаңа технологиялардың енгізілу жұмысымен танысты. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бағдат Алиевтің сөзінше, әр аялдамада 4 бейнебақылау камералары орнатылған. Олар 30-50 метрге дейін адамның бет-әлпетін, кез келген іс-қимылды жақындатып көрсете алады.

    «Вандализммен күрес үшін камераларды орнатып жатырмыз. Жақын арада оларды Жедел басқару орталығына қосамыз. Сонда мемлекет мүлкін бүлдіргендерді тез арада тауып алуға мүмкіндік туады», — деді ол.

    Сонымен қатар нысанның ішінде телефонды қуаттағыштар мен автобустардың бағыттарын, қозғалысын көрсететін бағдарламасы бар монитор қойылған. Тегін Wi-Fi орнату мақсатында ірі компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.

    «Аялдамалар автобустар жүретін уақытта ғана ашық болады. Бұл — тазалықты, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жасалатын амал», — деді бөлім басшысы.

    Алдағы уақытта шаһардағы барлық аялдамаларды бірыңғай келбетке келтіру жоспарлануда.

    Шаһар басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды тездетуді тапсырды.

    Ал тұрғындар аялдамаларға жарнама ілу, сындыру, тәртіп бұзу фактілері бойынша 109 Бірыңғай байланыс орталығына хабарласа алады.

    Айта кетейік, былтыр Қонаевта 34 жаңа аялдама қойылған болатын.