Метка: Қазақстан

  • Қазақстан-Қытай шекарасы үш күнге жабылды

    Қазақстан-Қытай шекарасы үш күнге жабылды

    Қытай Халық Республикасының құрылған күнін мерекелеуге байланысты Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобильді өткізу пункті үш күнге жұмысын тоқтатты. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.

    «Мемлекеттік кірістер комитеті Қытай Халық Республикасының құрылған күнін мерекелеуіне байланысты 2024 жылғы 1 қазаннан бастап 3 қазанға дейін Қазақстан-Қытай шекарасындағы автомобильді өткізу пунктерінде тұлғалардың, көлік құралдары мен жүктердің өтуі жүзеге асырылмайтынын хабарлайды», — делінген ақпаратта.

    Қазақстан-Қытай шекарасындағы теміржол өткізу пункттері штатты режимде жұмысын жалғастырады.

  • Қазақстанда қыздарды папилломаға қарсы вакцинациялау басталды

    Қазақстанда қыздарды папилломаға қарсы вакцинациялау басталды

    Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 11 қаулысына сәйкес 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцинациялауға жатады. Сондай-ақ 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы жастағы қыздарға толықтыра иммундау жүргізіледі.

    Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін.

    Жатыр мойны обыры Қазақстандағы барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орындағы және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себептері бойынша екінші орындағы қатерлі ісік болып табылады. Жыл сайын елде бұл аурудың 1900-ға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясын жұқтыру екенін дәлелдеді.

    АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді. Бүгінгі таңда АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады. Бүгінгі таңда бірқатар елдерде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90%-ға төмендеді.

  • Қорғаста жүк-жолаушылар әуежайы салынады

    Қорғаста жүк-жолаушылар әуежайы салынады

    «SKYHANSA» Қазақстан-Германия консорциумы жаңа жүк-жолаушылар әуежайын салады

    Германияның федералды канцлері Олаф Шольцтың Қазақстанға ресми сапары аясында Көлік министрлігі мен «SKYHANSA» компаниясы арасында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында жүк-жолаушылар әуежайын салу жобасын іске асыру туралы негіздемелік келісім жасалды.

    Жоба қуаты 500 адам/сағ дейін жолаушылар терминалы бар әуежай инфрақұрылымын, сыйымдылығы жылына 550 000 тоннаға дейінгі отын қоймасын, жылына 250 000 тоннаға дейін жүктерді толық өңдейтін жүк терминалын салудың, әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін авиациялық-техникалық орталық құрудың, сондай-ақ басқа да туристік және сауда-ойын-сауық қызметтерін дамытудың үш кезеңдік бағдарламасын көздейді.

    Жетісу облысының әкімдігі әуежай салу үшін жер телімін бөлді.

  • ПРЕЗИДЕНТ: бұрынғы жүйеден, саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды

    ПРЕЗИДЕНТ: бұрынғы жүйеден, саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды

    «Ылғи да кейін қайырылып, өткенмен өмір сүруге, бұрынғы жүйеден немесе саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды. Өз халқыңның тарихын білу керек, бірақ одан тек еңсеңді түсіріп, өзгеге өкпе артуға себеп іздемеу қажет. Қандай қасіретті болса да, өткен оқиғалардан, ең алдымен, тағылым ала білген жөн. Біз келешекке сеніммен көз тігіп, еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуын ойлауымыз қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін»,- деді Президент Қасым-ЖомартТоқаев халыққа жолдауында.

    Мемлекет басшысы заң барлығына ортақ екенін еске салды.

    «Тағы да қайталап айтамын: біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет. Бұл – қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті», -деді Мемлекет басшысы.

  • Пара спортшылар Парижге аттанды

    Пара спортшылар Парижге аттанды

    Пара спортшылар Парижге аттанды

    XVII жазғы Паралимпиадаға қатысатын спортшыларымыздың алғашқы легі Парижге аттанды. Бүгін волейболды отырып ойнау, пара үстел теннисі және пара жүзу құрамаларының спортшылары Францияға жол тартты.

    Париж Паралимпиадасына волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама 28 жылдан кейін алғаш рет қатыспақ. Ал пара үстел теннисінен Қазақстан құрамасы биыл алғаш рет Паралимпиада жолдамасын жеңіп алды.

    Пара жүзу спортшылары арасында Лондон-2012 Паралимпиада чемпионы Зүлфия Ғабидуллина, Токио Паралимпиадасының қола жүлдегері Нұрдәулет Жұмағали және халықаралық жарыстардың жүлдегерлері Сиязбек Дәлиев пен Амир Мұратбеков бар.

    Қазақстан құрамасының спортшылары Париж Паралимпиадасына спорттың 9 түрінен 33 лицензия жеңіп алды. Жарыс 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді.

  • Әкімдіктегі «Алтын белгі»: мемқызметкерлердің арасында озат оқушылар бар ма?

    Әкімдіктегі «Алтын белгі»: мемқызметкерлердің арасында озат оқушылар бар ма?

    Sona.kz редакциясы Қазақстандағы әкімдіктердің кадрлық құрамына ерекше зерттеу жасады. Нәтижесінде мемқызметкерлердің ішінде «Алтын белгі» иегерлері аз екені анықталды. Жоғары академиялық жетістік, мектепте озат болу секілді артықшылықтар мемлекеттік құрылымдарда сирек кездесетін болған.

    Маңызды қалалар

    Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, Алматы мен Астана қалаларында мемлекеттік қызметкердің жеке ісін жасау үшін үздік орта білім туралы аттестат маңызды емес. Дегенмен, әрбір әкімдікте Президенттің жастар кадрлық резервінің төрт өкілі жұмыс істейтіні кадрлық іріктеу стандарттарының жоғары деңгейде екенін айшықтады.

    Оңтүстік

    Шымкенттегі әкімдікте үш «Алтын белгі» иегері қызмет етеді. Сондай-ақ мұнда Президенттің жастар кадрлық резервінің өкілі Мұхит Кемелов цифрландыру басқармасының басшысы лауазымында отыр. Бұл –  маңызды салаларда жоғары білікті мамандар болуының қажеттілігін көрсетті.

    Батыс

    Ал елдің батысында үздіктер жоқтың қасы. Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында «Алтын белгі» иегерлері табылмады. Алайда, Ақтөбе облысы әкімдігінде алты резервист жұмыс істейді, олар жоғары лауазымдарда, мысалы, әкімнің орынбасары және басқарма басшысы сияқты қызметтерде отыр. Атырау облысы әкімдігінде үздік оқушы болған бес маман қызмет атқаруда, сондай-ақ бұл жерде Президенттің жастар кадрлық резервінің бір өкілі бар. 

    Солтүстік

    Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында «Алтын белгі» иегерлері мен Президенттің кадрлық резервінің өкілдері жоқ. Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Абай облыстарында да үздік түлектер жоқ. Дегенмен, Шығыс Қазақстан облысында екі резервист жұмыс істейді, Абай облысында – «Болашақ» бағдарламасының төрт түлегі мен Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тоғыз түлегі, Қарағанды облысында бір резервист жұмыс атқарады.

    Шығыс және басқа өңірлер

    Жамбыл облысы бір резервист пен бір «Алтын белгі» иегерінің болуымен ерекшеленді. Қостанай облысы үздіктер саны бойынша алда келеді, мұнда сегіз қызметкер «Алтын белгі» иегері және үш резервист бар. Жетісу облысында алты қызметкер мен бір Президенттің жастар кадрлық резервінің өкілі қызмет атқарады.

    Алматы облысы әкімдігінде үздік бес түлек пен бір Президенттің жастар кадрлық резервінің өкілі жұмыс істейді. Ақмола облысында бір «Алтын белгі» иегері мен бір резервист бар. Павлодар облысында бір озат оқушы болған маман мен төрт резервист түрлі лауазымдарда отыр. Ұлытау облысында бір, Түркістан облысында «Алтын белгінің» төрт иегері – мемлекеттік қызметкер.

    Айта кетерлігі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктерінің бұйрығына сәйкес, орта білім туралы аттестат мемлекеттік қызмет үшін міндетті емес. Бірақ, біздің зерттеу жоғары білім мен ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер мемлекеттік органдарда білікті маман қалыптастырудың маңызды тетігі екенін айқын дәлелдеп берді.

  • Жаңа оқу жылында 1,7 млн оқушыға тегін тамақ беріледі

    Жаңа оқу жылында 1,7 млн оқушыға тегін тамақ беріледі

    1 қыркүйекте Қазақстанның мектептеріне, колледждеріне және жоғары оқу орындарына 3,9 млн бала барады, оның 360 мыңы – бірінші сынып оқушылары. Жалпы оқу жылы 7,9 мың білім беру ұйымында басталады – мұндай мәліметті Үкімет отырысы барысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды Sona.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

    Бүгінгі таңда өңірлерде оқулықтармен қамтамасыз ету 90%-ға жетеді. 25 тамызға дейін барлық оқулықтар өңірлерге жеткізілетін болады.

    Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан балаларға тегін тамақ беруді ұйымдастыру және әлеуметтік көмек көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

    «1 қыркүйектен бастап 1,7 млн оқушы тегін тамақтанатын болады. Жыл сайын әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға көмек көрсетіледі. Биыл 510 мың бала мектепке дайындалу үшін тиісті көмекпен қамтылды. Осы мақсатта бюджеттен 22,6 млрд теңге қарастырылған», — деді Оқу-ағарту министрі.