Метка: Қазақстан

  • Қазақстан 11 миллион гектар жерді қайтарды

    Соңғы үш жылда мемлекет меншігіне 11 миллион гектар жайылымдық жер қайтарылды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында мәлімдеді.

    Жиында мал шаруашылығын дамыту, ветеринарлық бақылау мен саланы цифрландыру мәселелері қаралды. Премьер-министрдің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығына 160 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау бөлінген.

    «2022 жылдан бері пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекетке қайтару шараларының нәтижесінде 11 миллион гектар жер қайтарылды. Оның жартысынан көбі халыққа қайта үлестірілді», – деді Бектенов.

    Алайда, оның сөзінше, елдегі агроөнеркәсіп әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Қазіргі таңда өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі төмен. Осыған байланысты мал басын көбейту, заңсыз экспортқа жол бермеу және аналық малға субсидия беру жұмыстарын жалғастыру қажет.

    Сондай-ақ, Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 1 қазанға дейін мал азығын дайындау жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Ал 1 қарашаға дейін барлық ауыл шаруашылығы жануарларының деректер базасын нақтылау керек.

    «Барлық өңірлерде ветеринарлық препараттар жеткілікті әрі қолжетімді болуы тиіс. Ол үшін отандық өндірушілерді ынталандыру қажет. Вакцина жеткізу кестесінің бұзылуына жол берілмейді», – деді Премьер.

    Бұдан бөлек, министрлікке племенной аналық мал сатып алуға арналған жеңілдетілген несие бағыттарын қарастырып, оны іске асыру тетігін әзірлеу тапсырылды.

  • Жаңа құрылыста қолма-қол есепке тыйым енгізіледі

    Жаңа құрылыста қолма-қол есепке тыйым енгізіледі

    Қазақстан Ұлттық банкі төлемдер мен ақша аударымдарын реттейтін нормативтік актілерге өзгерістер енгізу бастамасын көтерді. Бұл жоба — тұрғын үй құрылысы мен тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңдарды жүзеге асыру аясында әзірленген.

    Басты жаңалық — жаңа тұрғын үйлерден үлестік қатысу шарты (ҮҚШ) бойынша пәтер сатып алу кезінде қолма-қол есеп айырысуға тыйым салу. Барлық төлемдер тек банктік жолмен, яғни құрылыс салушының шотына қолма-қол ақшаны банк арқылы аудару түрінде жүзеге асырылуы тиіс.

    Жаңа талап тек бастапқы тұрғын үй нарығына — салынып жатқан көппәтерлі немесе жеке үйлердегі үлесті сатып алуға қатысты. Мақсат — тіркелмеген үлестік шарттарға байланысты тәуекелдерден азаматтарды қорғау.

    Төлем жасау үшін үлескер арнайы төлем мақсатының кодын (ТМК) және тіркелген ҮҚШ нөмірін көрсетуі қажет. Банк бұл мәліметтер бойынша келісімшарттың Біртұтас ақпараттық жүйеде тіркелгенін тексереді. Егер шарт тіркелмесе, яғни құрылыс салушының қаражат жинауға құқығы болмаса, банк төлемді қабылдамайды.

    Сонымен қатар, жоба табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде азаматтарға төленген өтемақыларға үшінші тұлғалар тарапынан талап қоюға тыйым салуды көздейді. Яғни банктер зардап шеккен азаматтардың өтемақысына қатысты үшінші тараптың өтініштері бойынша қаражатты өндіріп ала алмайды.

    Сондай-ақ, құжатта құқықтық мониторинг нәтижелері бойынша енгізілетін нақтылаушы және редакциялық түзетулер де қарастырылған.

  • Қазақстан IT саласы бойынша 24-ші орында

    Қазақстан IT саласы бойынша 24-ші орында

    Бүгінде БҰҰ бағалауы бойынша Қазақстан цифрландыру саласында ілгері жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Еліміз 193 мемлекет арасында 24-ші орында, сондай-ақ онлайн-қызметтер индексі бойынша 10 көшбасшының қатарына кіреді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

    Бүгінде интернет арқылы мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу 92%-ға жетті. 2024 жылы Қазақстанның IT-саласы қарқынды өсімді көрсетті. IT-компаниялардың саны 18 683-ке жетті. Соңғы үш жылда 16% өсім.

    «IT-мамандарға сұраныс артып келеді. Қазіргі уақытта IT-саладағы жұмыспен қамту 12%-ға артып, 187 мың адамға жетті. Бұл саладағы орташа айлық жалақы 2024 жылы 54%-ға өсіп, 673 мың теңгеге жетті», — делінген хабарламада.

    Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында жеке IT-мектептерді ынталандыру арқылы 2025 жылға қарай 20 мың IT-маман даярлауға бағытталған Tech Orda бағдарламасы іске қосылды. Бүгінгі таңда олар ақпараттық технологиялар саласында 16 мыңнан астам сарапшы дайындады.

  • Келер жылы Қырғызстан ҰҚШҰ-ға төрағалық етеді

    Келер жылы Қырғызстан ҰҚШҰ-ға төрағалық етеді

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына жыл бойы өзекті сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл мәселесіне ерекше ден қойылғанын айтты.

    – Қазақстан мен ҰҚШҰ-ға мүше басқа да елдер аумағында бір уақытта «Наемник», «Канал», «Нелегал» және «ПРОКСИ» секілді арнайы операциялардың түрлі кезеңдері өтті. Бұл іс-шаралар халықаралық терроризмге, есірткі саудасына, заңсыз көші-қонға және ақпараттық ортадағы сын-қатерлерге қатысты қауіптің алдын алуды көздейді. Биыл біздің бастамамызбен алғаш рет заңсыз қару-жарақ, оқ-дәрі айналымына және ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл жөнінде консультациялар өтті. ҰҚШҰ аясында арнаулы жұмыс тобын құру мәселесі пысықталып жатыр. Қазақстан төрағалығының үйлестіруімен Тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі ҰҚШҰ-ның мақсатты мемлекетаралық бағдарламасын дайындау жұмыстары аяқталды. Құжатты әзірлеу 2013 жылы басталған болатын. Бүгін біз Ұйымның оңтүстік шебіндегі қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған осы маңызды шешімге қол қоямыз, – деді Мемлекет басшысы.

    Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ҰҚШҰ төрағасы ретінде Қазақстан айқындаған басымдықтар жүйелі әрі қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Серіктестердің қолдауына сүйене отырып, ҰҚШҰ аясында аталған бастамаларды одан әрі ілгерілету ісі белсенді жалғасады.

    Мемлекет басшысы Ұйымның Бас хатшысына, ҰҚШҰ-ның Тұрақты кеңесі мен жұмыс органдарына атқарылған ауқымды жұмыс үшін ризашылығын жеткізді.

    ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы сессиясы барысында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйледі.

    Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ-ға төрағалықтың Қырғыз Республикасына өтуі туралы шешімнің қабылдануымен құттықтап, қырғыз тарапының жауапты міндетті табысты атқаруына тілектестік білдірді.

  • Қазақстан үш қалада ЖЭО салу үшін Ресейден кредит алады

    Қазақстан үш қалада ЖЭО салу үшін Ресейден кредит алады

    «Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы Қазақстан аумағында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы Мәжілістің қарауына келіп түсті.

    Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, келісімде жабдықтарды жобалау, дайындау және жеткізу, жаңа жылу электр орталықтарын салу және пайдалануға беру жөніндегі жұмыстар қарастырылған.

    «Сонымен қатар қазақстандық тарапқа Ресейдің мемлекеттік экспорттық кредитін беру, жеңілдікті қаржыландыру тетіктерін орындау шарттарын айқындайды», – дейді депутат.

    Қазақстанда Ресей салатын жылу электр орталықтарының қуаты: Көкшетауда – 248 МВт, Семейде – 360 МВт, Өскеменде – 360 МВт.

    Мәжілістің тиісті комитеті осы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлейді.

  • Қазақстанда 17 мыңнан аса адам банкрот деп танылды

    Қазақстанда 17 мыңнан аса адам банкрот деп танылды

    Қазақстанда 17, 9 мың адам банкрот деп танылды. Соттан тыс банкроттық рәсіміне 131 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Сонымен қатар 6,6 мың өтініш мемлекеттік кірістер органдарында қаралып жатыр.

    Банкорот деп танылған 17,9 мың азаматтың жалпы қарыз сомасы 40,9 млрд теңгені құрады. Қаржы министрлігі өкілінің айтуынша, банкроттық рәсімінің кейбір критерийлеріне сәйкес келмеген өтініштерге теріс жауап қайтарылған. Атап айтқанда, 12 айлық төлем қабілетсіздігі  болмауына байланысты; соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізімінде кредиторлардың болмауы; мүліктің болуы; кредитормен реттеу рәсімін  растайтын құжаттың болмауы; 1 600 АЕК көлеміндегі қарыз шегінен асып кетуі.

    «Азаматтар негізгі критерийлерді біле тұра, әлі де өтініш беріп, нәтижесінде бас тарту саны артып жатыр. Соттың банкроттық рәсімін және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібін қолдануға 3,5 мыңнан астам азамат жүгінген. 131 борышкерге қатысты банкрот рәсімі жүргізілуде. Сот банкроттығы барысында 45 адам банкрот деп танылып, олар бойынша 13,6 млрд теңге қарыз кешірілді. 1 азамат 10 млн теңге сомасымен төлем қабілеттілігі қалпына келтірілуде. Екі банкроттық рәсім аясында барлығы 54 млрд теңге сомасына 17,8 мыңнан астам азамат банкрот деп танылды», – деді ҚР ҚМ МКК төрағаның орынбасары Сеилжан Ахметов.

  • Қазақстан мен Макао арасында визасыз режим күшіне енді

    Қазақстан мен Макао арасында визасыз режим күшіне енді

    2024 жылғы 24 қазанда Қазақстан Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Макао арнайы әкімшілік ауданының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім өз күшіне енді, деп мәлімдеді ҚР Сыртқы істер министрлігі.

    Келісім қолданыстағы ұлттық паспорттары бар екі тараптың азаматтарына 14 (он төрт) күнтізбелік күн ішінде визасыз бір-бірінің аумағына кедергісіз кіруге, шығуға, транзитпен жүруге және болуға мүмкіндік береді. Алайда, визасыз режим еңбек қызметіне, оқуға және тұрақты тұруға қолданылмайтынын есте ұстаған жөн. Егер Макао аумағында 14 күннен артық болуды жоспарласаңыз, тиісті кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет, – деп қосты ведомство.

    Бұл келісім туристік, іскерлік және мәдени байланыстарды дамыту үшін жаңа көкжиектер ашады.

  • Қатар Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция құяды

    Қатар Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция құяды

    Қатарлық инвесторлар Қазақстанға 20 млрд доллар инвестиция құяды. Бүгін Сенатта тиісті заң жобасы мақұлданды.  Құжат екі елдің телекоммуникация, энергетика, мұнай-химия және басқа да салалардағы бірлескен жобаларын іске асыруға, сондай-ақ, сауда-экономикалық ынтымақты нығайтуға арналған. Жалпы, 9 ауқымды жоба жүзеге асырылады. Соның арасында «Bereke Bank» АҚ-ның 100% акцияларын сату да қарастырылған. Жобаларды жүзеге асыру кезінде 14 мың, ал іске қосылған соң 3 мың адам жұмыспен қамтылмақ. Тиісінше, Қатар инвесторларына салықтық жеңілідктер берілмек.

     

  • Қасым-Жомарт Тоқаев Германия халқын Бірлік күнімен құттықтады

    Қасым-Жомарт Тоқаев Германия халқын Бірлік күнімен құттықтады

    Мемлекет басшысы Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерге құттықтау жеделхатын жолдады

    Қасым-Жомарт Тоқаев Франк-Вальтер Штайнмайер мен барша Германия халқын Бірлік күнімен құттықтады.

    ✔️Президент Германия Федеративтік Республикасының өркендей беруіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ Қазақстан мен Германияның дәстүрлі достық пен өзара тиімді серіктестік рухындағы ынтымақтастығы одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

    ✔️Қасым-Жомарт Тоқаев Франк-Вальтер Штайнмайердің аса жауапты қызметіне толайым табыс, ал достас Германия халқына бақ-береке тіледі.
  • Қазақстан Оңтүстік Кореяның еңбекке рұқсат беру жүйесіне енгісі келеді

    Қазақстан Оңтүстік Кореяның еңбекке рұқсат беру жүйесіне енгісі келеді

    Қазақстан Оңтүстік Кореяның еңбекке рұқсат беру жүйесі, яғни, Employment Permit System жүйесіне енгісі келеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев Оңтүстік Кореяға жұмыс сапары аясында Корея Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек министрлігінің өкілдерімен осы мәселені талқылады.

    «Қазақстан мигранттардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау үшін құқықтық базаны одан әрі жақсартуға бағытталған бірқатар кешенді шаралар қабылдады. Атап айтқанда, Алматы қаласында Корея Республикасында жұмыс істегісі келетін Қазақстан Республикасының азаматтарын кәсіптік және тілдік даярлау бойынша көпсалалы орталық ашылғалы жатыр», – деді Асқарбек Ертаев.

    Оның айтуынша, Қазақстанның еңбек министрлігі елдегі ішкі істер министрлігімен бірлесіп заңсыз көші-қонның жолын кесуге бағытталған шараларды күшейтіп жатыр.

    «Келіссөздер қорытындысы бойынша Корея Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек министрлігінің өкілдері Қазақстанды EPS жүйесіне қосу туралы ниетін тағы да растады, бұл Қазақстан азаматтарына жасалған еңбек шарттары шеңберінде Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді», — деп хабарлады Еңбек министрлігі.