Метка: Қонаев қаласы

  • Биыл Қонаевтағы бірқатар саяжайға шағынаудан статусы беріледі

    Биыл Қонаевтағы бірқатар саяжайға шағынаудан статусы беріледі

    Оның сөзінше, былтыр Строительная саяжайына шағынаудан статусы беріліп, атауы Құрылысшы болып өзгертілді. Мұнда бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, шағынауданның электр желілері толығымен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ иелігіне өтті. Нәтижесінде халық табиғи монополияларды реттеу департаментімен бекітілген тариф бойынша электр энергиясына ақы төлеп отыр.

    Сондай-ақ бұл шағынауданға ауыз су және кәріз суы құбырларын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша көшені жарықтандыру бағаналары ауыстырылып, футбол алаңы салынуда. Бұл өз кезегінде ыңғайлы қалалық ортаны құрып, балалар мен жасөспірімдердің уақытын тиімді пайдалануға септігін тигізеді.

    Шаһар басшысының мәліметінше, биыл бірнеше саяжайға шағынаудан статусын беру жоспарланған. Бүгінгі таңда Құрылысшы шағынауданының тәжірибесіне сүйене отырып, 7-ші саяжайдағы трансформаторлар мен электр желілерін ТҮКШ бөліміне өткізу процесі жүріп жатыр. Бұл іс-шаралардан соң желілер «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ға сенімгерлік басқаруға беріледі. Аталған компания күтіп ұстауға жауапты болады. Нәтижесінде жарықтың жиі өшуі мәселесі шешіледі деп күтілуде.

    Бұдан бөлек, Қонаев қаласының Кешенді даму жоспарына сәйкес, барлық саяжайларды газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр.

    Асхат Бердіханов Бас жоспарға қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен де бөлісті.

    «Қала аумағында 7 саяжай қалды. Қазіргі таңда сәулет және қала құрылысы бөлімі кооперативтердің басшыларымен бірлесе отырып, жерді, ғимараттарды, инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымын түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Бас жоспарға саяжайлар бойынша түзетулер енгізілді. Енді оны Үкімет бекітуі тиіс. Бұл құжатқа сәйкес, қазіргі саяжайлар аумағында әкімшілік, әлеуметтік нысандарды, кәсіпкерлік ғимараттарын, көпқабатты тұрғын үйлер салу көзделген», – деді әкім.

    Саяжайлардағы инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар бірнеше жыл бойы жүргізіліп, түйткілдердің түйіні кезең-кезеңімен тарқатылады деп жоспарланған.

  • Жаңа жылдық безендіруге байланысты аудит жүргізіледі

    Жаңа жылдық безендіруге байланысты аудит жүргізіледі

    Онда бұл қызметке 148 млн 528 мың теңге жұмсалғаны және қойылған нысандардың техникалық құжаттамаға сәйкес емес екені туралы жазылған.

    Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімдігі мердігер компания тәуелсіз аудиттерге жүгінгенін хабарлайды. Аудиттің нәтижесіне сәйкес, кемшіліктер анықталса, әкімдік тарапынан мердігерге қатысты тиісті шаралар қабылданады.

    Қалалық ТҮКШ және ТҮИ бөлімінің мемлекеттік тапсырысын орындауға портал арқылы «Жасыл қала Қонаев» ШЖҚ МКК таңдалған. Аталған мекеме орталық алаңға шырша, Д.Қонаев ескерткіші маңына 2025 мерекелік жазуын, түрлі ойыншықтар орналастырып, №5 жағажай аумағын безендіріп, парк, көпір, қалаға кіреберістегі стела мен аллеяларды жарықтандырған, мерекелік ойыншықтар қойған. Мемлекеттік тапсырысты беру кезінде тек Жаңа жылда ғана емес, жыл соңына дейін нысандардың жарықтандырылып, көрікті болуы есепке алынған.

    Ал №5 жағажай туристік тартымдылықты арттыру мақсатында безендірілді. Шағын сәулеттік нысандар «Жасыл қала Қонаев» ШЖҚ МКК балансында қалып, келер жылы да пайдаға асады. Жыл соңында қаланы безендіруге мемлекеттік тапсырыс тек қосымша әрлеу ретінде жасалады.

  • Қонаев қаласында мәслихаттардың 30 жылдық мерейтойы аталып өтті

    Қонаев қаласында мәслихаттардың 30 жылдық мерейтойы аталып өтті

    Салтанатты шара қалалық Мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Оған қала әкімі Асхат Бердіхановтан бастап, І-VIII шақырылымның депутаттары қатысты.

    «Мәслихаттарды алғашқы сайлаудан кейін, оны нығайтуға көптеген маңызды қадамдар жасалды. Екі жыл бұрынғы конституциялық реформамен басталған өзгерістің нәтижесінде мәслихат өкілеттіліктерін кеңейтті. Мәслихат қызметі басқарушылық және реттеуші функцияларды қамтиды. 30 жылда Қонаев қаласында барлығы 82 азамат мәслихат депутаты болып, қаламыздың дамуына өз үлесін қосып, елге қызмет етті», – деді әкім құттықтау сөзінде.

    Ол сондай-ақ халық қалаулыларының тарихи шешімдерді қабылдаудағы еңбектерін атап өтті.

    «Мәслихат депутаттары – халық пен билік арасындағы алтын көпір, халықтың әлеуметтік мәселесін шешуде барынша атсалысып жүрген ел қалаулысы. Сондықтанда Сіздердің еңбектеріңізді ерекше атап өткім келеді. Осыдан 30 жыл бұрын Қонаев қаласында 40 мың халық тұрса, қаламыздың өркендеп өсуі нәтижесінде қазіргі уақытта 65 мыңнан асты. Қаладағы орын алып жатқан барлық өзгерістер Сіздермен жылдар бойы бірлесе атқарған жұмыстың нәтижелері», – деді Асхат Бердіханов.

    Басқосуда түрлі кезеңдерде қызмет еткен депутаттар ҚР Парламенті Сенатының, Алматы облысы әкімінің, Қонаев қаласы әкімінің, облыстық мәслихат төрағасының, қалалық мәслихат төрағасының Құрмет грамоталарымен, түрлі партия филиалдарының Алғыс хатымен марапатталды.

  • Облыс орталығы мәртебесін алған Қонаев қаласы 2 жылда қалай өзгерді?

    Облыс орталығы мәртебесін алған Қонаев қаласы 2 жылда қалай өзгерді?

    Қонаев қаласы Алматы облысының орталығы статусын алғанына 2 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақытта шаһарда қандай өзгерістер болды? Оқырман үшін бірқатар деректі ұсынамыз:

    Біріншіден, құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі 59,8 млрд. теңгені құрады. 132,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыстың негізгі бөлігі жеке компаниялардың есебінен жүзеге асырылды. Қазіргі таңда 25 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Ал бюджет есебінен 60 пәтерлік 3 тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар «Самал» және «Ардагер» ықшамаудандарында жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру жобасы жүзеге асырылуда.

    Екіншіден, инженерлік желілер жаңартылуда. Атап айтқанда, қаланың 2, 4 және 5-ықшам аудандарындағы жылу жүйелері түгел ауыстырылды. Жүйенің жалпы ұзындығы – 3,077 шақырым.

    Қарлығаш және Гүлдер, 8 және 10-шағынаудандарында су және кәріз құбырлары жаңартылуда. Жоба 2025 жылы желтоқсанда аяқталады деп күтілуде. Кәріз-тазарту жүйесін жаңарту болса, Кешенді даму жоспарына кірді. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асады.

    Бұдан бөлек, 11 кәріз-сорғы стансасы жаңартылып жатыр. Құрылысы 2025 жылдың наурызында аяқталады деп жоспарланған.

    Үшіншіден, қанағаттанарлық жағдайдағы жол 85%-ға жетті. Қалаішілік жолдардың жалпы ұзындығы – 213,81 шақырым. Биыл 9 көшенің жолына ағымдағы жөндеу, ал 22 көшеде шұңқырларды жамау жұмыстары жасалды.

    Бұдан бөлек, 8-10 шағынауданның жолы күрделі жөндеуден өтуде. Көшенің ұзындығы 14,3 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда 35 пайыз құрылысы аяқталған. Жоба 2025 жылға өтпелі. Қапшағай су қоймасының жағалауы туристік картаға енгізілуіне байланысты биыл «Morelux» демалыс аймағына баратын жол ағымдағы жөндеуден өтті.

    Ал жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 620 дана белгі орнатылды, мүгедектігі бар адамдарға арналған 30 тұрақ белгісі қойылды, 3042 шаршы метр жолақ сызылды. Гүлдер, Арна, Восточный шағынаудандарына 23 аялдама орнатылды.

    Төртіншіден, электр желілері ауыстырылуда. 2023 жылы Құрылысшы шағынауданында 23 шақырымнан астам электр желісі тартылды, 11 трансформатор, 800-ден астам жарық бағанасы қойылды. «Алтын алма» саяжайында 3 трансформатор, 510 бағана орнатылып, 47 шақырым желі тартылды. Кешенді даму жоспары аясында 16 жобаның семталық құжаттары әзірленуде.

    Бесіншіден, қала халқының көгілдір отынға қосылу үлесі 39 пайызға жетті. Қазір Қонаев пен оған қарасты елдімекендерден 5880 тұтынушы газға қосылған. Оның ішінде 5043 пәтер, 12 кәсіпорын, 65 нысан бар.

    Биыл №2 шағынауданға құбырларды тартуды аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар №19-20, Спутник, Арна, Рауан ықшамаудандарына газ жергілікті бюджет қаражатына тартылады. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

    Бұдан бөлек, ауылдарға, саяжайларға, жаңа ш/а-ға көгілдір отын тарту үшін 5 жобаның құжаты жасалып жатыр.

    Алтыншыдан, 89 нысан жөндеуден өтті. Оның қатарында 22 аула, 8 спорт алаңы, 3 парк пен 8 сквер, 48 қасбет мен шатырларды жөндеу секілді жұмыстар бар. Қазақстанда теңдессіз «Скейт-парк» алаңы, «Кроссфит» алаңы салынып, қолданысқа берілді. Бұл нысандар жастар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді пайдалануы үшін және бұқаралық спорт түрлерін дамыту үшін жөнделді. Орталық саябақ, Жеңіс паркі күрделі жөндеуден өтіп, заманауи сәулеттік нысандармен жабдықталды. Сонымен қатар Сейфуллин көшесін абаттандыру жұмыстары аяқталуда. Көшенің ені 10 метрден 15 метрге ұлғайтылды, 3 қабат асфальт төселді. Жаздық және қыстық 15 аялдама қойылды. Сейфуллин көшесінің басқа көшелермен қиылыстарында бағдаршамдар орналастырылды. Тротуар мен веложүргіншілер жолы салынды, олардың бойына 820 дана сәндік шамдар қойылды. 100 орындық пен қоқыс жәшігі орналастырылды. Воркаут алаңдар пайда болды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнекамералар орнатылды. 233 жарық бағанасы жаңартылып, оларға ақылды шамдар қойылды.

    Жетіншіден, Қонаевта 36 инвестжоба жүзеге аспақ. Биыл негізгі капиталға 100,2 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Былтыр бұл көрсеткіш 88,7 млрд теңгені құрады. Жалпы алдағы 6 жылда құны 2305,8 млрд теңгені құрайтын 36 инвестжобаны жүзеге асыру көзделуде. Қазірдің өзінде 21 жоба бойынша жұмыстар басталған. Олардың қатарында кірпіш зауытын, медициналық нысан, қонақ үй кешендерін, сүт-тауарлы фермасын салу секілді түрлі бағыттағы жобалар бар.

    Сегізіншіден, туризмді дамыту мақсатында 5-жағажай абаттандырылды. Мұнда балалар бассейні, шатырлар, бизнес ойындары, футбол, волейбол алаңдары, жуынатын, шешінетін орындар, әжетхана, тұрақ орнатылды. Сондай-ақ жеке инвестордың есебінен 1 шақырым жағажай абаттандырылып жатыр. Бұдан басқа, жалпы көлемі 60 гектар болатын 5 шақырым жағажайды абаттандыру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

    Тоғызыншыдан, биыл 973 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Мансап орталығына 2822 адам жүгінді. 26 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтылды. Оның ішінде бесеуі – жастар, 6 – ауыл тұрғындары. Олар тігінші, кондитер, аспазшы мамандықтарын меңгерді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарына 97 адам қатысып, 67 адам оқуды аяқтап, сертификаттарын алды. 2024 жылы жаңа бизнес-идеяларын іске асыру мақсатында 15 адамға 400 АЕК (1 476 800 теңге) көлемінде 22 152,0 мың теңге мемлекеттік грант берілді. Оның ішінде 8 грант аз қамтылған және көпбалалы отбасына, 1 мүгедектігі бар азамат, 1 ауыл тұрғынына, 6 мүгедектігі бар балаларды асыраушы ата-аналар және асыраушысынан айырылған тұлғалар қамтылды.

    Оныншы, халықты әлеуметтік қамту саласы да назардан тыс қалған емес. Биыл Қонаев қаласы және өңірі бойынша 166 жанұя, оның ішінде 856 аз қамтылған азаматтарға 74893,0 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленді.

    1 жастан 6 жасқа дейінгі 294 балаға 9769,0 мың теңге сомасына ай сайынғы кепілдендірілген әлеуметтік көмек төленді. Ата-ана төлемақысын 100% субсидиялау бойынша 75 балаға 5510,0 мың теңге төленді. Жалпы алғанда қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 16 бағытта қызмет етуде.

    Барлық мүгедектігі бар тұлғалар жеке бағдарлама негізінде техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін алып отыр. Мүгедектігі бар жандарға 861 құрал-жабдық берілді. Одан бөлек, санаторлық-курорттық жолдамалармен 287адам, жеке көмекшінің қызметтерімен 56 адам, ымдау тілі маманы қызметімен 13 адам қамтылды.

    Он біріншіден, 2023 жылы 10 шағынауданда Қазақ орта мектеп-лицейі қолданысқа берілді. Қазір мұнда 431 бала білім алуда. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, Қонаевта мектеп тапшылығы жоқ. Ауыл-аймақтарды қоса есептегендегі 14 мектепте 12 902 бала 2 ауысымда оқиды. Бүгінгі таңда Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Мұндағы мердігер компания – «Қонаев Тұрғын үй» ЖШС. Қазіргі таңда ішкі жұмыстар, электр желілерін тарту, өрт қауіпсіздігі бойынша жабдықтар қою сияқты жұмыстар жүруде. Мектептің күрделі жөндеуіне 60 құрылысшы тартылған. Сондай-ақ сырты боялып қойған, абаттандыру жасалады. 1-блоктың жөндеуі желтоқсанда аяқталады, жалпы нысан 2025 жылдың мамыр айында қолданысқа беріледі деп көзделуде. Ендігі жылы А.Жұбанов атындағы №5 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Аталған нысан 1987 жылы қолданысқа берілген. Осы уақытқа дейін 2019 жылы мектеп ауласындағы стадион жөнделген, нысан күрделі жөндеуден мүлде өтпеген. Қазір мұнда 1581 бала 2 ауысымда білім алады. Ал Шеңгелдідегі Қ.Жалайыри атындағы №6 орта мектепке 2025 жылы жапсаржай салу жоспарланған. Жоба биыл тамызда мемлекеттік сараптамадан өткен.

    Қонаев қаласының әкімдігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев анықтаған тапсырмаларды орындау мақсатында бірқатар шараларды қолға алып, осы бағытта қызметті жалғастыруда.

  • Марат Сұлтанғазиев құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты

    Марат Сұлтанғазиев құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты

    Қонаев қаласындағы букмекерлік кеңселер мен казинолардан елге жыл сайын 90 млрд теңгеге жуық салық түсіп тұр. Қаланың артықшылығы болған ойынханалар шетелден туристерді де көптеп тартып жатыр. Осылай деген Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласындағы құмар ойын бизнесі тоқтамайтынын айтты.

    Облыс басшысының айтуынша, Қонаев қаласында қазір 5 казино мен 6 ойын залы  жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек бірнеше букмекерлік компаниялар тіркелген. Әкім ойын бизнесінің арқасында қалада жұмыссыздық мәселесі азайғанын айтады.

    «Биыл қателеспесем, олар мемлекетке 90 миллиардқа жуық салық төледі. 3,5 мың жұмыс орны құрылды және осы ойын бизнесі саласында дәл осындай 3,5 мың жұмыс орны бар. Осыншалықты адам осы жерлерден өз нәпақаларын тауып отыр. Оның үстіне су қоймасының жағалауында орналасуы туристер үшін тартымды болып отыр», – деді Сұлтанғазиев орталық коммуникациялар алаңында брифингінде.

    Әкім сондай-ақ ойын бизнесі шетелдік туристерді қалай тартып отырғанына да тоқталды.

    «Жұмыс ітеп тұрған 5 казиноның лицензиясы бар. Өздеріңіз білесіздер тек Қонаев пен Щучинск қалаларында ғана ойын бизнесін жүргізуге болады. Сондықтан бізде жұмыс істейтіндер заңды  тіркелген. Ал шетелдік туристерге келер болсақ, осы  бағытта ең басты басымдық  соларда болып отыр», – деді әкім.

  • Қонаевта 4064 гектар жер мемлекетке қайтарылды

    Қонаевта 4064 гектар жер мемлекетке қайтарылды

    «Жыл басынан бері соттың шешімімен 3395,2 гектар, өз еркімен жерді иелену құқығынан бас тарту бойынша 668,9 га мемлекетке қайтарылды және жалпы көлемі 930 гектар жер учаскесі туралы іс сотта қаралуда», — делінген бөлімнің анықтамасында.

    Сондай-ақ бөлім қазіргі уақытта егін шаруашылығын жүргізу үшін 130 га жер учаскелеріне конкурс өткізу жоспарланып отырғанын жазды. Ақпаратқа сүйенсек, бұл жерлер 10 жылға жалға беріледі.

    Конкурсты өткізу туралы хабарлама мерзімді басылымдарда, сондай-ақ әкімдіктің ресми сайтында, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады. Бұдан бөлек, хабарлама облыс шегіндегі аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне жіберіледі.

  • Жайдарлы Jaidarman: Әкім кубогы сарапқа салынды

    Жайдарлы Jaidarman: Әкім кубогы сарапқа салынды

    Бұл жолы Қонаев қаласы әкімінің кубогы сарапқа салынды. Аталған шара жастардың шығармашылығына қолдау көрсету, олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға ықпал ету, мәдени, креативті орта құру мақсатында ұйымдастырылды.

    Ойынға 7 команда қатысты. Көрермен арасында шаһар басшысы Асхат Бердіханов пен облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кенешев болды. Ал әділқазылар алқасының құрамында облыстық Жайдарман филиалының директоры Ердос Оралбеков, ЖРО бөлім басшысы Еламан Төлепберген, «Жетісу» телеарнасының режиссері Гүлжан Қызайбай, туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мейрамбекұлы, «Асыл» өнер мектебінің директоры Анар Әділжанқызы бой көрсетті.

    Қалың көрерменді күлкіге қарқ қылған Жайдарман нәтижесі келесідей:
    ІІІ орын – «Созақбай» командасы
    ІІ орын – «Жуалы» командасы
    І орын «Әкім кубогы» – «Энерест» командасы.

    Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен марапатталды.

  • Қонаевта мәслихат депутаттарын сайлау өтуде

    Қонаевта мәслихат депутаттарын сайлау өтуде

    Қаланың №1 және №5 сайлау округтеріндегі шығып қалған депутаттардың орнына сайлау өтуде.

    Мұндағы сайлаушылар саны — 7269. Ең алғаш дауыс берушілер саны — 6. Үйден дауыс берушілер саны — 12. Сағат 10:00-дегі жағдайға сәйкес, тұрғындар сайлауға белсенді қатысуда.

    Екі округ бойынша 5 сайлау учаскесі қамтылған. Әрқайсына үш кандидаттан тіркелген.

    Сайлау учаскелерінің комиссиялары үшін осыған дейін оқыту-семинары ұйымдастарылған.

    Барлық комиссия мүшелері сайлау саласындағы біліктіліктері бойынша тест тапсырып, сертификатталған.
    .

  • Қонаевта 21 үкіметтік емес ұйым қызмет етеді

    Қонаевта 21 үкіметтік емес ұйым қызмет етеді

    Қонаев қаласында 21 ҮЕҰ тіркелген. Олардың қатарында Ардагерлер, Аналар кеңесі, түрлі ұлт өкілдерінің этно-мәдени орталықтары, мүгедектігі бар жандар мен жалғызбасты аналарды, көпбалалыларды қолдау орталықтары бар.

    Бүгін біз сондай ұйымдардың бірі – «Ана сәулесі»көпбалалы аналар қоғамдық бірлестігі туралы сөз етеміз. Аталған ұйымның іргесі осыдан 5 жыл бұрын қаланған. Жетекшісі Жанат Қалжанова қоғамға сіңірген еңбегі үшін жақында Қонаев қаласының Құрметті азаматы атағын иеленді.

    «Ана сәулесі» бірлестігін Астанада балалар үйде өртеніп, қайтыс болғаннан кейін, осы бір қайғылы оқиғадан кейін аштық. Қазір қоғамдық жұмыспен қамтылған 4 анамыз бар. Олар барлық шаралардың өз деңгейінде өтуін қадағалап отырады. Мысалы, ай сайын мешіттен әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін азық-түлік беріледі ғой. Соны тізіммен, кезекпен таратуға көмектеседі. Ал жазда балалардың демалысы қызықты өтуі үшін оларды демалыс орындарына апарамыз. Биыл дәстүр бойынша «Мектепке жол» акциясына да қатысып, 300-ге жуық баланы құрал-жабдықтармен, мектеп формасымен қамтыдық», – дейді Жанат Қалжанова.

    Сондай-ақ қарттар да бірлестіктің назарынан тысқары қалған емес. Оларға азын-аулақ сый-сияпаттар табыстап, мерекелерде құттықтаулар ұйымдастырылады. Көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға жыл сайын Жаңа жыл мерекесі аталып өтеді. Жалпы 8 наурыз, 1 маусым, Отбасы күні секілді мейрамдар кең ауқымда тойланады.

    «Қонаевта 1800 көпбалалы ана болса, барлығының мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешуге де атсалысамыз. Қоғамдық бірлестіктен бөлек, өзімнің жеке кәсібім – қолөнер шеберханам бар. Цехта қыз жасауын, түрлі қазақи киім-кешектерді тігеміз. Штатта 15 адам болса, оның 6-уы көпбалалылар. Еңбекақылары жұмыс уақытына қарай, 150-300 мың теңге аралығында», — деді бірлестік төрайымы.
    Алдағы уақытта ұйымның жұмысын одан ары жандандыру жоспарланып отыр. Ол үшін белсенді аналардың қатарын көбейту көзделуде.

  • Қонаев қаласында алғаш рет «Qonaev таланттары» анықталды

    Қонаев қаласында алғаш рет «Qonaev таланттары» анықталды

    Осыдан 3 апта бұрын мәдениет бөлімі мобилография, би, ән салалары бойынша байқау өтетінін жариялаған еді. Күні кеше қорытынды гала-концерт өтіп, үздіктер анықталды. Әділқазылар алқасының құрамында қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков, мобилограф Бақжан Қизатбек, Мәдениет үйінің режиссері болды.

    Жоба нәтижесінде вокал номинациясы бойынша Нартай Дарын «Дудар-ай» әнімен Бас жүлдені иеленді, мобилография бойынша Аяулым Тоқтарбаева «Konaev — my first love» бейнеролигін жасау арқылы үздік атанды. Хореографиядан іріктеуден өткен Гүлнұр Ержанова мен Айнұр Айдархановаға бірдей нәтиже көрсетті. Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен марапатталды.

    Жалпы бұл шара қаладағы өнер ортасын қалыптастыру үшін, таланттарды ынталандырып, елге таныту үшін ұйымдастырылды.