Метка: Шерзат өлімі

  • Шерзаттың ағасы Тоқаевқа үндеу жолдады

    Шерзаттың ағасы Тоқаевқа үндеу жолдады

    Сот Талғарда кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың әпкесін 15 күнге қамаған еді. Қаржаубай Нұрымовтың туысы Бақыт Реймова «жұртты митингіге шақырды» деп айыпталды. Бұған қоса, басқа елдің азаматы болғаны үшін Қазақстаннан депортацияланбақ. Осы жағдайдан кейін, Бақыт Реймовтың ұлы Мейірбек Бақытұлы Тоқаевқа үндеу жолдады. Жасөспірім анасының жалғыз асыраушысы екенін мәлімдеді.

    «Менің анамды сот 15 тәулікке қамады. Және Қазақстан аумағынан шығармақшы. Менің анам Реймова Бақыт менің жалғыз асыраушым. Мен кәмелет жасына толмаған баламын. 11-сынып оқимын», – деді Мейірбек Реймов.

    Бақыт Реймованың перзенті анасының Қазақстаннан басқа баратын жері жоқ екенін айтты.

    «Менің анамнан басқа ешкімім жоқ. Мені анамнан айырмауларыңызды сұраймын. Менің анамның Қазақстаннан басқа баратын жері жоқ. Біз қазақпыз. Егер сот анамды Қазақстан аумағынан шығаратын болса, мен анамды 5 жыл көре алмаймын», – деді ол.

    Жасөспірім Тоқаевқа үндеу жолдай отырып, бұл мәселеге өзі араласуын сұрады.

  • Шерзат Болаттың әкесі қашан бостандыққа шығады?

    Шерзат Болаттың әкесі қашан бостандыққа шығады?

    Марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов желтоқсан айының соңында бостандыққа шығады. Бұл туралы бүгін Сенат қабырғасында журналистердің сұрағына жауап берген  ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті.

    Ол алдымен тергеушілер Шерзат Полаттың өліміне қатысты 11 қылмыстық іс тергеп біткенін, іс материалдары осы жылдың соңына дейін екі тарапқа танысуға берілетінін айтты. Баланың өліміне қатысты 11 адам қамалған.

    «Ал, Шерзат Болаттың әкесі әкімшілік соттың шешімімен 15 тәулікке қамалған болатын. Сот шешімі болйынша осы айдың соңында, мерзімі өткен соң босайды», – деп мәлім етті ол.

    Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін хабарлағынымыздай, 11 желтоқсан күні қолға түскен болатын.  Ол полицияның көлігіне зиян тигізді деп айыпталған еді.

  • Алматы облысы әкімі халықты полицияға ғана сенуге шақырды

    Алматы облысы әкімі халықты полицияға ғана сенуге шақырды

    Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат және оның ағасының өлімін тәртіп сақшылары тергеп жатқанын айтып, құқық қорғау органдары берген ақпаратқа сенуге шақырды.

    Біз отбасына көңіл айтамыз. Жалпы, бұл мәселе біздің назарымызда. Құқық қорғау органдары өз жұмысын атқарып жатыр. Қазіргі таңда (іс) ішкі істер министрі мен бас прокурордың жеке бақылауында. Сондықтан біздің аудиторияға айтқым келгені – сабыр сақтап, құқық қорғау органдары берген мәліметтерге көңіл бөліп, сену. Қазір олар ашық жұмыс істеп отыр. Әр жұмысы бойынша баспасөз құралдарында (ақпарат) жариялап жатыр, – деді Марат Сұлтанғазиев ОҚК-де өткен баспасөз мәслихатында.

    Бұған дейін Шерзат Болаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Сондай-ақ, Талғар қаласы маңында Шерхат Болаттың 30 жастағы ағасының мәйіті табылған болатын. Алдын ала мәліметке сай, ол өзіне қол салған.

  • Шерзат Болаттың өлімі Сұлтанғазиевтің әкімдік мәнсабына әсер ете ме?

    Шерзат Болаттың өлімі Сұлтанғазиевтің әкімдік мәнсабына әсер ете ме?

    Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жасөспірім Шерзат Болаттың өлімінен кейін отставкаға кетпейтінін меңзеп, жұмысы әлеуметтік желіде тараған ақпаратпен өлшенбейтінін айтты.

    ОҚК-де өткен баспасөз мәслихатында өңір басшысына «4 қазанға қараған түні Шерзат Болат көз жұмды. 12 қазанда белгісіз біреулер марқұмның үйін өртеп кетті. Сіз оқиға орнына бардыңыз ба?» деген сұрақ қойылды.

    Марат Сұлтанғазиев Талғар қаласындағы жағдайды бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.

    Мен Талғарға 12 қазанға дейін бардым. Сол жақта жиын өткіздік. Өрт болған кезде бармадым. Өйткені, маған толық мәліметтер беріліп отырды. Ол жаққа біздің ішкі саясат басқармасы, ауыл әкімі, қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттарымыз барды. (Үй) өртенгенде бұл территорияға ешкім кіргізілмеді. Себебі, тиісті жұмыс жүргізіліп жатты, – деді облыс әкімі.

    Журналист «Сіз осы қайғылы оқиғадан кейін отставкаға кеткіңіз келмей ме?» деп сауалын нақтылады. Өңір басшысы жұмысы әлеуметтік желідегі ақпаратпен өлшенбейтінін айтты.

    Біздің жұмысымыз тек әлеуметтік желіде тараған жаңалықпен бағаланбайды. Көптеген сала бар: экономикалық, әлеуметтік және тағы басқа. Кейін басшыларымыз өз бағасын берер, – деді Марат Сұлтанғазиев.

    Еске салайық, биыл 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар қаласында төбелес болып, 16 жастағы Шерзат Болат көз жұмды.  12 қазанда марқұмның отбасы тұрған үйді белгісіз біреулер өртеп кетті.

  • Шерзат Болаттың отбасына демеушілер үй салуға дайын – Алматы облысының әкімі

    Шерзат Болаттың отбасына демеушілер үй салуға дайын – Алматы облысының әкімі

    Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шерзат Полаттың отбасына үй салып беретін меценаттар бар екенін айтты.

    «Әрине, бұл отбасының үй мәселесі, көмек беру мәселесіне қатысты мәлімет бергенмін. Біздің аудан, ауыл әкімдіктері, кейін өзіміздің құрылымдар олармен (Шерзат Полаттың отбасымен) толық байланыста. Тиісті көмегін мемлекеттік емес ұйымдар, меценаттар арқылы көрсеттік. Қазір меценаттар мен демеушілеріміз үй салуға дайын. Егер иелері артынан мақұлдап жатса, жұмысқа кірісуге дайынбыз. Қазір біз оларға ұсындық. Қыс мезгілі кезінде үйдің тиісті құжаттарын дайындап алайық деген», – дейді Сұлтанғазиев.

    Осыған дейін облыс әкімі Талғардағы жағдайға байланысты халықты сабырға шақырған болатын.

    Еске салсақ, Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың үстінен Нұрғанат Ғайыпбаевты жерлеу рәсіміндегі әрекеті үшін қылмыстық іс қозғалған еді.

     

  • Прокуратура Шерзат Болаттың отбасына қатысты үндеу жасады

    Прокуратура Шерзат Болаттың отбасына қатысты үндеу жасады

    Ведомство бейбіт жиналыстарды, митингтерді және пикеттерді ұйымдастыру мен өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңымен қатаң реттелетінін еске салды.

    «Тұрғындарды жауапкершілік танытып, заңсыз митингтерге қатысуға шақырған үндеулерге ермеуге шақырамыз. Мұндай іс-шараларды ұйымдастыру және оларға қатысу – заңды өрескел бұзу және бұл ауыр зардаптарға әкеледі. Бұл әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы) және қылмыстық жауапкершілік (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 400-бабы) қарастырылған. Заңсыз акцияларға қатысу әкімшілік қамауға алу, ірі айыппұл салу және қылмыстық қудалауға әкелуі мүмкін екенін еске саламыз», – делінген Алматы облысы прокуратурасының үндеуінде.

    Ведомство үндеуі 10 желтоқсанда Азат ауылында болған оқиғадан кейін жарияланды.

  • Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалды

    Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке қамалды

    Марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қоғамдық тәртіпті бұзып, бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік соттың шешімімен 15 тәулікке қамалды. Кезекші судьяның шешімі туралы осы отбасының қорғаушылары justice_for_sherzat инста-парақшасында хабарлады.

    Отбасының қорғаушылары кезекші судьяның үкіміне 11 желтоқсан күні аппелияциялық шағым түсіретінін хабарлады.

    Қаржаубай Нұрымовтың немере әпкесі Бақыт Реймова да жауапқа тартылды. Ол халықты митингке шақырғаны үшін айыпты деп танылып, 15 тәулікке қамалды және шет елдің азаматы ретінде елден депортацияланатын болды.

    Нұрымовтың әпкесі – Салтанатқа да бұзақылық жасады деген айып тағылып, 20 АЕК көлемінде (73 840 теңге) айыппұл салынды.

    Сонымен қатар осы отбасының күйеубаласы Айғазы да қамауға алынған. Алайда оған қатысты кезекші судья үкім шығармаған.

  • Шерзаттың әкесі полициядан ауруханаға жеткізілді

    Шерзаттың әкесі полициядан ауруханаға жеткізілді

    Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты полиция басқармасынан ауруханаға жеткізді. 

    Қаржаубай Нұрымов өзіне қол жұмсайтынын айтқаннан кейін полиция ұстап әкеткен еді.  Ол бірнеше сағат бойы Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімінде болып, онда онымен психологтар жұмыс істеді. Алайда, оның жағдайы жақсармаған соң шұғыл түрде  Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасына жеткізген. Қазір Нұрымов дәрігерлердің бақылауында. Оның жанында адвокаттары бар. Ал оны обасымен қоғам белсендісі Айтбек Амангелді күтіп отыр.

    Сонымен қатар, Қаржаубай Нұрымовқа қоғамдық тәртіпті бұзу, бейәдеп сөздер қолдану мен адамдарға тиіскені үшін әкімшілік іс қозғалды. Қазіргі таңда іс материалдары сотқа жолданды. Нұрымов 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

  • Полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстап әкетті

    Полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстап әкетті

    Марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты БАҚ өкілдерімен кездесуді талап еткен соң полиция ұстады.

     «Бүгін сағат 15.30-да Азат ауылында жерлеу рәсімі кезінде қоғамдық тәртіпке және басқалардың, соның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін оқиға орын алды. Азамат Н., прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмелерін елемей, өзін шектен тыс агрессивтілік танытып, басқаларға қорқытып, өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытқан, сондай-ақ полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасаған. Оның мінез-құлқы орынсыз болып, өзіне де, басқаларға да қауіп төндірді. Жағдайына алаңдаған азамат Н.-ның туыстары мен адвокаттарының өтініші бойынша оның өмірі мен айналасындағылардың өміріне зиян келтірмеу мақсатында полиция қызметкерлері оны ұстау шараларын қабылдады», – деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

    Қазір ол полиция бөліміне жеткізілді, онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.

    «Полицейлер жағдайды тұрақтандыру жұмыстарын жалғастырып, азаматтарды сабырға шақыруда. Азаматтардан тек ресми дереккөздерге сеніп, жалған ақпарат тарату жауапкершілікке, соның ішінде қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратынын еске саламыз», – делінген хабарламада.

  • Шерзаттың әкесі «әділдік жоқ» деп өзіне қол салмақ болды

    Шерзаттың әкесі «әділдік жоқ» деп өзіне қол салмақ болды

    Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Азат ауылында марқұм Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қолына пышақ ұстап, БАҚ өкілдерімен кездесуді талап етті.

     Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарынан ұлы мен інісінің өлімінің мән-жайын шынайы түрде анықтауды сұрады.

    Әлеуметтік белсенділердің айтуынша, Нұрымов қазір жүк көлігінің төбесіне шығып, журналистермен кездесуді күтіп отыр. Оқиға орнында күш құрылымдары, бейбіт тұрғындар мен марқұмның туыстары бар.

    Шерзаттың әкесі әділдік жоқ деп өзіне қол салмақ болды.