Метка: Жемқорлық

  • Түрмедегі жемқорлық: Лудоман қызметкер сотталғандардан ақша бопсалап келген

    Түрмедегі жемқорлық: Лудоман қызметкер сотталғандардан ақша бопсалап келген

    Павлодар облысының прокурорлары түзеу мекемесіндегі жантүршігерлік жемқорлық фактісінің бетін ашты. Әділет капитаны шеніндегі қызметкер өзінің ойынға тәуелділігін (лудомания) қаржыландыру үшін сотталғандардан жүйелі түрде пара алып келген, деп хабарлайды Sona.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Ол заңсыз қаражатты жазаның өтелмеген бөлігін жеңілдету туралы оң шешім шығару үшін және колония аумағына тыйым салынған ұялы телефондарды өткізуге рұқсат бергені үшін иемденген. Тергеу барысында анықталғандай, бұл қаражаттың барлығы дерлік букмекерлік кеңселердегі бәс тігуге жұмсалған.

    Сот прокуратураның дәлелдерін толық қабылдап, бұрынғы қызметкерді алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті. Сондай-ақ ол әділет капитаны арнайы шенінен және мемлекеттік қызметте лауазымды орындарды иелену құқығынан өмір бойына айырылды. 2026 жылдың 15 сәуірінде жарияланған бұл ақпарат құқық қорғау органдары қатарындағы тазалық мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды.

    Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, алайда прокуратура мемлекеттік айыптаудың сапалы жүргізілгенін алға тартып отыр.

  • 300 мың теңге пара – 8,6 миллион теңге айыппұл: Ақтөбе облысында шенеунік сотталды

    300 мың теңге пара – 8,6 миллион теңге айыппұл: Ақтөбе облысында шенеунік сотталды

    Ақтөбе облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс тағы әшкереленді. Ырғыз ауданы әкімдігіне қарасты жер қатынастары бөлімінің басшысы Медет Бердалин 300 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін 8,6 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Sona.kz Halyqstan-ға сілтеме жасап.

    Тергеу дерегінше, қыркүйек айында Нұрдос Еркінғалиұлы есімді шаруа Бердалинге мал азығын дайындау үшін жер телімін бір ай мерзімге тегін алу өтінішімен жүгінген. Әңгіме барысында шенеунік кәсіпкерден «жәрдемі үшін» 300 мың теңге сұраған.

    Фермер ақшаны шенеуніктің жұбайына беріп, кейін пара фактісі әшкереленді.
    Бердалин кінәсін мойындап, іс жеңілдетілген тәртіпте қаралды. Сот оны пара алу бойынша кінәлі деп танып, алынған сомадан 30 есе артық айыппұл салды.

    Сонымен қатар, Бердалинге мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда өмір бойы қызмет атқаруға тыйым салынды.
    Ал алынған 300 мың теңге мемлекет пайдасына тәркіленді.

    Бұл іс – елімізде мемлекеттік қызметшілер арасындағы жемқорлыққа қарсы күрестің жалғасып жатқанын көрсетеді.

  • Өскеменде жол жөндеуге бөлінген 120 млн теңге ұрланды деген

    Өскеменде жол жөндеуге бөлінген 120 млн теңге ұрланды деген

    Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агентігі «Таза Өскемен» ШЖҚ КМК бұрынғы басшылығына қатысты бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Sona.kz  Қаржылық мониторинг агентігіне сілтеме жасап.

    Күдіктілер қатарында бұрынғы директор, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар. Тергеу мәліметінше, олар 2022–2023 жылдары қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбей, бюджет қаражатын өздерімен байланысы бар компанияларға аударып отырған.

    Заңсыз сызбаның мәні — жалған құжаттар арқылы битум, құм сатып алу, су соруға арналған арнайы техника мен орнатылған аялдамаларға материалдар алу жөнінде мәліметтерді рәсімдеу болған.

    Алынған қаражат кейін жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, қатысушылар арасында бөлінген.

    Залалдың жалпы сомасы — 120 млн теңгеден асты.

    Тергеу барысында күдіктілердің заңсыз табысқа алған мүлкі — элиталық пәтер, BMW X6M және Subaru Forester автокөліктері, жер телімдері — тәркіленіп, сот санкциясымен тұтқындалды.

    Кәсіпорынның бұрынғы директоры 2 айға қамауға алынды.
    Тергеу жалғасып жатыр.

  • ҰҚК құрамында жаңа құрылым пайда болды: жемқорлармен күрес күшейеді

    ҰҚК құрамында жаңа құрылым пайда болды: жемқорлармен күрес күшейеді

    Жаңа құрылым жеке заңды тұлға ретінде тіркеліп, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын болады. Қызметтің негізгі міндеті — жемқорлық деректерін анықтап, алдын алып, ашып, тергеу жүргізу. Бұл жұмыс жедел-іздестіру мен қарсы барлау аясында жүзеге асады.

    Құрылымға кең ауқымды өкілеттік берілген: жасырын тергеу жүргізу, құжаттарды тәркілеу, арнайы техникаларды қолдану, шетелдік қауіпсіздік органдарымен жұмыс істеу және қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу бастау құқығы бар.

    Сондай-ақ бұл қызмет тексеру, аудит бастамасын көтере алады, қажет жағдайда күдіктілерді іздестіру және экстрадициялау шараларына қатысады.

    Қызмет басшысы заңмен белгіленген тәртіппен тағайындалады және құрылым жұмысы үшін тікелей жауап береді. Ол мемлекеттік және халықаралық органдармен ресми байланыс орнатады.

  • 2,3 млрд теңге: Антикор іздеудегі күдіктіден элиталы мүлік пен жасырын шоттарды тәркіледі

    2,3 млрд теңге: Антикор іздеудегі күдіктіден элиталы мүлік пен жасырын шоттарды тәркіледі

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген күдіктіден 2,3 миллиард теңгеден астам қаражат пен мүлікті тәркілеп, оны мемлекет пайдасына өткізді. Тергеу дерегінше, күдікті заңсыз ақшаға Алматы мен облыс аумағында люкс көліктер, пәтерлер, жер телімдері мен үйлер сатып алған. Бұл мүліктің жалпы құны 1,5 млрд теңгеге бағаланған.

    Сонымен қатар, күдікті мен жұбайының атына тіркелген банктік шоттардан 47 млн теңге мен 1,7 млн АҚШ доллары табылып, олардың ресми табыстарымен сәйкеспейтіні анықталған. Тергеу бұл қаражаттың да қылмыстық жолмен алынғанын дәлелдеген. Биылғы 16 маусымда сот бұл активтерді мемлекет кірісіне тәркілеу туралы үкім шығарды.

    Антикордың мәлімдеуінше, күдіктілер ақшаны жасыру үшін туыстары мен байланысты компаниялардың атын пайдаланып, қымбат мүлік, криптовалюта, бағалы қағаздар сатып алған. Мысалы, бұрынғы бір лауазымды тұлға спортты дамытуға бөлінген 745 млн теңгені жымқырып, ол қаражатқа екі люкс автокөлік сатып алған және 240 млн теңгені өзі басқаратын компания шотына аударған.

    Тағы бір қылмыстық істе күдіктілер құрылыс жобаларына бөлінген 237 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдырып, жылжымайтын мүлік пен көліктер сатып алған. Бұл мүліктерге де сот шешімімен тыйым салынды.

    Антикор ақшаны жылыстату жолымен алынған мүліктерді анықтау мен мемлекетке қайтару жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді. Тергеу амалдары ҚПК-нің 201-бабы негізінде жалғасуда.

  • Астанада білім басқармасының лауазымды қызметкері парамен ұсталды

    Астанада білім басқармасының лауазымды қызметкері парамен ұсталды

    Астанада елордалық білім басқармасы бөлімдерінің бірінің басшысы істі болды.

    Тергеу барысында прокурорлар Астана қаласының білім басқармасы бөлімінің басшысы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, одан пайда тапқанын анықтады.

    Материалдар Антикорға берілді. Агенттік оның пара алуының бірнеше фактісін ашты.

    Сот оны кінәлі деп тауып, бес жылға бас бостандығынан айырды.

  • Түркістан облысында білім саласындағы 11 қызметкер жемқорлық үшін сотталды

    Түркістан облысында білім саласындағы 11 қызметкер жемқорлық үшін сотталды

    Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың нәтижесінде Түркістан облысында жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесті.

    Сарыағаш аудандық соты аудандық білім бөлімінің басшылары Б. Майриховқа, Н. Усипбековке, Д. Акатовқа және 8 бухгалтерге қатысты үкім шығарды.

    Олар білім беру саласында нақты жұмыс істемеген адамдарға жалақы ретінде аудару арқылы 550 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

    Акатов пен Майрихов 7 жылға, Усипбеков 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

    Сол үкіммен бухгалтерлер бас бостандығынан айыру, шартты түрде бас бостандығынан айыру және бас бостандығын шектеу түріндегі түрлі жазаларға сотталды.

    Бұдан басқа, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды, сондай-ақ қаржы ұйымдарында 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылады.

    Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

  • «Алматы Су»: Күрделі құрылыс департаментінің директоры сотталды

    «Алматы Су»: Күрделі құрылыс департаментінің директоры сотталды

    Бұған дейін 9 қаңтарда Алматы қаласының Бостандық аудандық соты «Алматы Су» коммуналдық кәсіпорнының күрделі құрылыс департаментініңдиректоры М. Жолдыбаевтың үкімін жариялады.

    Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Бұл туралы Антикор хабарлады.

    «Ол орындалған жұмыс актілеріне кедергісіз қол қою және қаланың кәріз жүйелерін күрделі жөндеу және сумен жабдықтау жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша бюджет қаражатын аудару сылтауымен кәсіпкерден 75 млн теңге жымқыруға оқталғаны үшін кінәлі деп танылды», – делінген хабарламада.

    Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, шартты түрде 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

    Қадағалаушы прокуратураның наразылығы бойынша Алматы қалалық сотының сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертілді.

    Сот залында сотталған адам қамауға алынды.

    Үкім заңды күшіне енді.

  • Жемқорлық жайлы хабарлағандар 35,5 млн теңге сыйақы алды

    Жемқорлық жайлы хабарлағандар 35,5 млн теңге сыйақы алды

    Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлім етті.

    «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәселелері бойынша 5,8 мыңнан кеңес берілді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері бар 862 хабарлама түсті. Call-орталық арқылы келіп түскен хабарламалардың нәтижелері бойынша ашылған қылмыстық істердің саны артып келеді. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдем көрсететін адамдарға, егер кінәлі адамға қатысты сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда, біржолғы ақшалай сыйақы төленетінін еске саламыз», – деді Данияр Бигайдаров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.

    Ресми өкілдің мәлімдеуінше, сыйақы қағидалармен регламенттелген және сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру және азаматтық қоғамды ынталандырушы тетік.

    «Сыйақы 10%-ға дейін, бірақ 4 мың айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Яғни, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы сенімді ақпарат бергені үшін 15,7 млн теңгеге дейін сыйақы көзделген. 2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жалпы сомасы 35,5 млн теңгеге 104 азаматты көтермеледі, оның ішінде 38 мемлекеттік қызметші грамоталармен марапатталды», – дейді ол.

    Еске сала кетейік, Антикор іске қосқан WhatsApp чат-ботына жемқорлық туралы хабарласаңыз, 15,7 млн теңге сыйақы алуға мүмкіндік бар.

     

  • Астанада сот сараптама орталығының директоры қамауға алынды

    Астанада сот сараптама орталығының директоры қамауға алынды

    ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Сот сараптамалары орталығының лауазымды тұлғалары мен мердігер ұйым басшысына қатысты 2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін тіркеді.

    2023-2025 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында сот-сараптама органдарын материалдық-техникалық жабдықтау мақсатында республикалық бюджеттен 10,3 млрд теңге бөлінді.

    Алайда, 2023-2024 жылдары Сот сараптамалары орталығының лауазымды тұлғалары мүдделі топпен алдын-ала келісіп, бюджет өтінімін қалыптастыру кезінде жалған коммерциялық ұсыныстар ұсыну арқылы жабдықтың құнын үш есе арттырған.

    Бұдан бөлек, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланбай тұрып, техникалық сипаттамаларда тек өздері танитын компаниялар ғана ұсына алатын жабдықтар көрсетілген.

    «Мүлікті тәркілеу мақсатында жалпы құны 148 млн теңгеден асатын Алматы қаласындағы 2 жер телімі, Астана қаласындағы пәтер және BMW Х6 мен RAV 4 автокөліктеріне тыйым салынды, – деді ҚМА баспасөз қызметі

    Сонымен қатар, банк есепшоттарындағы 1,6 миллиард теңге, 367 мың АҚШ долларыжәне 366 мың еуро сомасындағы компанияның ақша қаражаты бұғатталды.

    Құқықтық сараптама орталығының директоры, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы және ЖШС басшысы ұсталып, сот оларды 2 айға қамауда ұстау жөнінде шешім қабылдады.

    ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.

    Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.