Метка: Жемқорлық

  • Спорт мектебінің басшылары бюджеттің 12 млн теңгесін құмар ойынға тігіп жіберген

    Спорт мектебінің басшылары бюджеттің 12 млн теңгесін құмар ойынға тігіп жіберген

    Ақтөбе облысында спорт мектебінің басшылары 12 млн теңге бюджет қаражатын букмекерлік кеңселерге барып, тігіп жіберген.

    Облыс прокуратурасы спорт алаңдары мен залдарын жалға беру қызметтерінен бюджетке түсуі тиіс болған қаражатты екі балалар-жасөспірім спорт мектебінің басшылары негізсіз иемденгенін анықтады.

    «Олар 12 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде букмекерлік кеңселерде жұмсаған. Аталған фактілер бойынша прокуратура 2 қылмыстық іс тіркеді. Тергеуді облыстық Экономикалық тергеу департаменті жүргізді.

    Осы жылдың 10 қаңтарында тергеу аяқталып, қылмыстық іс (істер біріктірілді) мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды», – делінген хабарламада.

  • Болат Мажағұлов 8 жыл 6 айға сотталды

    Болат Мажағұлов 8 жыл 6 айға сотталды

    Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Мұқышеваның үкімі бойынша Болат Мажағұлов тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танылып, 8 жыл 6 айға сотталды. Ол өзіне қызметте болған кезде берілген мемлекеттік наградасынан айырылады.

    Еске сала кетейік, Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов өткен жылдың қыркүйек айының басында ұсталды. Тергеуді ҚМА (Қаржы мониторингі агенттігі) жүргізді.

    Экс-шенеунікке ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету») айып тағылды. Тергеу нұсқасы бойынша, «Солнце» субұрқағын салу кезінде бір миллиардтан астам теңге жымқырылған.

    2016 жылы елорданың туған күніне орай пайдалануға берілген «Солнце» субұрқағы Орталық Азиядағы ең ауқымды жоба ретінде таныстырылған еді. 80 метрге дейін көтерілетін су ағындары жарқын шоу жасап, елорда тұрғындары мен қонақтарын қуантты.

    Алайда 2019 жылға қарай субұрқақ жарамсыз болып, су ағындарын бүркуін тоқтатты. ҚМА мәлімдеуінше, субұрқақ құрылысында сапасыз материалдар пайдаланылып, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен келісімшарттарға қол қойылған.

  • Былтыр жемқорлардан 220 млрд теңгенің дүние-мүлкі қайтарылды

    Былтыр жемқорлардан 220 млрд теңгенің дүние-мүлкі қайтарылды

    2024 жылы Қазақстанға қайтарылған активтердің жалпы сомасы 220 млрд теңгені құрады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

    Вице-министрдің айтуынша, бұл қаражат инфрақұрылымдық жобаларға бағытталған.

    «Комиссия оларды қарап, білім беру мен әлеуметтік нысандарды дамыту үшін аймақтарға жібереді. Қайтарылған активтерді пайдалана отырып, біз 2 жобаны іске асырдық, комиссия тағы 18 жобаны іске асыру туралы шешім қабылдап жатыр», – деп түсіндірді қаржы вице-министрі.

    Еске салайық, қазірдің өзінде Үкімет арнайы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысына 50,6 млрд теңгеге жуық қаражат бөлді. Олардың қатарында төрт мектеп, оның ішінде бір музыка мектебі, спорт кешені, көпсалалы аурухана кешені, жатақхана, екі балабақша бар.

    «Заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне қайтару туралы» заңның субъектілері есебінен Арқалық, Астана, Алматы қалаларында да бірқатар әлеуметтік инфрақұрылым нысаны салынып жатыр.

  • Елімізде жемқорлардың жария тізімі пайда болады

    Елімізде жемқорлардың жария тізімі пайда болады

    Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қарады.

    Тиісті заң жобасымен 3 кодекс пен 5 заңға түзетулер енгізіліп отыр. Түзетулердің басым бөлігі жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған.

    «Сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу. Бұл – профилактикалық құрал. Оның басты мақсаты – қоғамдық мін тағумен, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру. Тізілімде ауыр немесе аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер қамтылатын болады. Соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі тізілімге енгізуге негіз болмақ. Тізілімінен ақтау үкімінің заңды күшіне енуі және соттылықтың өтелуі негізінде шығару мүмкін болады. Тізілім Агенттіктің сайтында орналастырылатын болады. Тізілімді жүргізуді Агенттікке бекіту көзделіп отыр», — деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов.

    Бұл заң қабылданған жағдайда тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібі бекітілетін болады. Тізімде жемқорлардың аты-жөні, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған уақыттағы жұмыс орны мен лауазымы, жемқорлық қылмыс құрамы, айыптау үкімінің деректемелері және тағайындалған жаза түрі көрсетілуі мүмкін.

  • Ұлытау облысында экология департаментінің басшысы пара алғаны үшін ұсталды

    Ұлытау облысында экология департаментінің басшысы пара алғаны үшін ұсталды

    Ұлытау облысында экология департаментінің басшысы ұсталды. Антикор қызметкерлері Ұлытау облысының экология департаментінің басшысы Дастан Тлеубековті ұстағаны белгілі болды.

    Шенеуніктің ұсталғаны туралы ақпаратты расталды. Тлеубеков жер қойнауын пайдаланушыға жұмыс істеуге рұқсат бергені үшін «BASS Gold» компаниясынан 2,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.

    Айта кетейік, Дастан Тлеубеков 2022 жылдың қыркүйегінен бері Ұлытау облысының экология департаментінің басшысы қызметін атқарды. Ол бұған дейін Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Экологиялық сараптама және рұқсат беру басқармасының басшысы болған.

    BASS Gold (бұрынғы Форпост) – алтын өндірумен айналысатын компания. Оның активтеріне Үшшоқы (Ұлытау) және Чинасыл-сай (Алматы облысы) алтын кен орындары кіреді. BASS Gold негізін қалаушылар – Шыңғыс Сәдуақасов пен Ерлан Тасболатов.

    Экология департаментінің міндеттеріне қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, экологиялық бақылау және қызметке рұқсат беру кіреді.

  • Мақтаарал ауданында білім бөлімінің қызметкерлері 2,4 млрд теңге жымқырған

    Мақтаарал ауданында білім бөлімінің қызметкерлері 2,4 млрд теңге жымқырған

    Түркістан облысының прокуратурасы Мақтаарал ауданы Білім бөлімінің 43 лауазымды тұлғасы  мен жауапты қызметкерлеріне қатысты бюджет қаржысын (2,4 млрд теңгеден астам) жымқыру фактісі туралы істі сотқа жолдады.

    Ақша білім саласында жұмыс істемейтін тұлғалардың есепшотына заңсыз жалақы аудару арқылы ұрланған.

    Бүгінде күдіктілер 333,5 млн теңге көлемінде мемлекетке келтірілген залалды қайтарды, сондай-ақ олардың қылмыстық жолмен табылған 649,7 млн теңгені құрайтын мүліктеріне тыйым салынды.

  • Балалар спортына бөлінген 55 млн теңге жымқырылды

    Балалар спортына бөлінген 55 млн теңге жымқырылды

    Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысында балалар спортына қатысты заң бұзушылықтарды анықтады.

    Балалар шығармашылығы мен спорт саласында қызмет көрсететін 81 кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне байланысты бірқатар заң бұзушылықтар тіркелді. Тергеу мәліметтері бойынша, күдіктілер кәсіпкерлерден өздерінің сенімді тұлғалары арқылы 55 миллион теңгеден астам қаражат алған.

    Сонымен қатар спорттық жабдықтардың талаптарға сәйкес келмеуі, балалардың келуін есепке алудың бұзылуы, бейнебақылау жүйелерінің толық сәйкес келмеуі және спорт секцияларына баратын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жасалмаған.

    Аталған факт бойынша тергеу жүргізілуде. Сот күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындады.

  • Ақтөбе облысында балабақша бухгалтері сотталды

    Ақтөбе облысында балабақша бухгалтері сотталды

    Ақтөбе облысында бірнеше балабақшаның бухгалтері басшысы атынан құжаттарға қол қойып, өз шоттарына ақша аударған. Бұл туралы Мұғалжар ауданының прокуратурасы анықтады.

    Салдарынан мектепке дейінгі ұйымдарда 54 млн теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз иемденген. Заңсыз әрекет «Балауса», «Гүлдер», «Шапағат» және «Арай» балабақшаларында болған.

    Осы деректерге қатысты аудан прокуратурасы бухгалтерлерге қатысты қылмыстық кодекстің 189-бабының 2 және 4-бөлігі (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында «Шапағат» және «Арай» балабақшасы бухгалтерлері 5 млн теңгеден астам шығынды өтеді. Сол себепті қылмыстық іс тоқтатылды.

    «Балауса» және «Гүлдер» балабақшасы бухгалтеріне 49 млн теңге қаражатты заңсыз иемденгені үшін сот үкімі шығып, ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

  • Алматыда кеден зертханасының басшысы сотталды

    Алматыда кеден зертханасының басшысы сотталды

    Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Қалалық орталық кеден зертханасының басшысы А. Сатыбалдиев пен бас маман Әлібеков Б-ға қатысты үкім шығарды. 

    Антикор мәліметінше, олар қызметін пайдаланып, бірнеше рет пара алғаны үшін ұсталған. «Олар кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдерінен кеден сарапшыларының қорытындыларын жеделдетіп бергені үшін бірнеше рет пара алғаны үшін кінәлі деп танылды. Сатыбалдиев пен Әлібековке мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелерде қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, әрқайсысына 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды» делінген хабарламада.

    Сонымен қатар сот үкімі бойынша, кеден брокерлері Николас В., Казанцева С. және Гаруни С-ға пара бергені үшін айыппұл салынды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

  • Алмасбек Садырбаев 1,2 млрд теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды

    Алмасбек Садырбаев 1,2 млрд теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды

    ҚМА Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген субсидияларды алу кезінде деректерді бұрмалау фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.

    Мәселен, агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті облыстық прокуратурамен бірлесіп, «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмасбек Садырбаев аса ірі мөлшерде алаяқтық әрекетін әшкереледі.

    Ол өзі басқаратын адамдар тобы Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деп күдікке ілінді.

    Негізгі мақсат – ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу. Бұл үшін заңнамаға қайшы ауылшаруашылық жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылды.

    Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды.

    Осылайша 1,2 млрд теңгеден астам қаражат ұрланған Алмасбек Садырбаев ұсталды. Оның сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында.

    ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды.