Метка: Жемқорлық

  • Компанияға 2 млрд теңге шығын келтірген «Кезби» директоры ұсталды

    Компанияға 2 млрд теңге шығын келтірген «Кезби» директоры ұсталды

    Қаржылық мониторинг агенттігі «Кезби» компаниясының қаражатты жымқыру және салық төлемеу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді.

    ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Кезби» ЖШС атқарушы директоры Ержан Кезбаевқа қатысты ҚК 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады, деп мәлімдеді агенттік.

    Ол компания қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін «Өзенмұнайгаз» АҚ бөлген 321 млн теңгені жымқырып, сондай-ақ 1,5 млрд теңгеге жуық сомаға салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілініп отыр, – деп қосты ведомство.

    2021 жылы «Кезби» ЖШС «Өзенмұнайгаз» АҚ-мен бригада үшін сағатына 65 мың теңге бағамен қызмет көрсету шарттарын жасасты. Кейіннен еңбекақы мен медициналық жәрдемақылардың өсуін қоса алғанда, жұмысшылар үшің әлеуметтік пакетті жақсарту мақсатында қызмет бағасы бригада үшін сағатына 87 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Алайда қаражаттың едәуір бөлігін, атап айтқанда 321 млн теңгені компания басшысы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайларына жұмсамай жымқырған.

    2024 жылғы 3 қарашада күдікті Е.Кезбаев құрықталды. Қазір жасалған қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүріп жатыр.

  • Балабақшадан 240 млн теңгеден астам бюджет қаражаты қолды болған

    Балабақшадан 240 млн теңгеден астам бюджет қаражаты қолды болған

    Ақтөбе облысының Хромтау және Мұғалжар аудандары прокуратуралары мектепке дейінгі мекемелерде 240 млн теңгеден астам бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілерін анықтады.

    «Бюджет қаражаты жұмысшыларға қосымша сыйлықақы беруде бюджеттік өтінімдерді негізсіз жоғарылату арқылы иемденiлген. Бақылаусыз өзгерістер енгізіліп, оның ішінде басшыларға сыйлықақы беру туралы бұйрықтарға сомаларды асыра көтерген. Иемденіп алу схемалары жалақыны белгіленген нормадан тыс аудару, аударымдарды қайталау, жалған іссапарлар арқылы жүзеге асырылған», — делінген облыстық прокуратура хабарламасында.

    Сонымен қатар есепшілердің бірі кейбір қызметкерлерге жоғарылатылған жалақы, қосарланған еңбек демалысы мен іссапар төлемдерін заңсыз есептеу арқылы жалпы көлемі 24 млн теңгеден астам қаражатты иемденген.

    Осы қаражат ешқандай негізсіз есепшінің немесе балабақша меңгерушісінің жеке есепшоттарына аударылған.

    Аудан прокуратураларымен аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшыларына, 3 балабақша меңгерушілері мен 4 есепшілеріне қатысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен (аса ірі мөлшерде cенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

  • Білім саласында жымқырылған 1,5 млрд теңге мемлекетке қайтарылды

    Білім саласында жымқырылған 1,5 млрд теңге мемлекетке қайтарылды

    Білім саласында жымқырылған 1,5 млрд теңге мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

    Түркістан облысы прокуратурасының мәліметінше, білім саласының 123 қызметкеріне қатысты 7 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған. Оның ішінде 5 іспен процеске қатысушы тұлғалар танысып жатыр, ал Сауран және Созақ ауданы білім бөлімдерінің қызметкерлеріне қатысты 2 іс облыс прокуратурасымен сотқа жіберілді.

    Тергеп-тексеру барысында күдікті тұлғалардан мемлекетке 1,5 млрд теңге залал өндірілді және олардың қылмыстық жолмен табылған 2,9 млрд теңгеге мүліктері бұғатталды, – делінген хабарламада.

  • Экс-судья Светлана Жолманова алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

    Экс-судья Светлана Жолманова алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

    Светлана Жолманова аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Медеу аудандық полиция Басқармасы алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті полицияға жеткізілді. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

    Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 28 сәуірінде Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманова алаяқтық жасады деген күдікке ілінген болатын. Тінту кезінде судьяның кабинетінен 10 мың доллар тәркіленген. Ол сот шешімін белгілі бір адамдардың пайдасына шығаруға көмектескен. 29 сәуірде Жоғарғы сот төрағасының өкімімен Светлана Жолманованың өкілеттігі тоқтатылды. 2023 жылдың 12 мамырында Тоқаевтың Жолманованы жұмыстан шығарғаны белгілі болды.

  • Жетісу облысында білім бөлімі есепшілері ақша жымқырған

    Жетісу облысында білім бөлімі есепшілері ақша жымқырған

    Жетісу облысы Кербұлақ ауданы білім бөлімі есепшілері бюджет қаражатын жымқырған.

    Прокуратура мәліметінше,  2021-2023 жылдар аралығында білім бөлімінің 3 есепшісі онда жұмыс істемейтін адамдарға жалақы мен еңбек демалысы жәрдемақысын заңсыз аударған. Келтірілген шығын – 34 млн теңге.

    Осы факті бойынша облыс прокуратурасы тергеу жүргізіп, нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Сот үкімімен бухгалтерлер Қылмыстық кодекстің 63-бабы («Шартты түрде соттау») бойынша 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындаумен кінәлі деп танылды, – делінген прокуратура хабарламасында.

  • Антикор білім беру саласындағы жемқорлықты анықтады

    Антикор білім беру саласындағы жемқорлықты анықтады

    Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов айтты.

    2022-2023 жылдары саладағы жемқорлықтан мемлекетке 17 млрд теңге залал келген. Мысалы, Талдықорған қаласында білім беру бөлімінің меңгерушісі, бас бухгалтер, бірқатар мектеп директоры 4 млрд теңгеден астам қаржы ұрлаған. Тіпті, (күдіктілерді) ұстау барысында көліктен шамамен 1 млрд теңге табылды. Осыған ұқсас фактілерді өзге өңірлерде де анықтадық, — деді Ұлан Сарқұлов Мәжілістің жалпы отырысынан соң.

    Оның пікірінше, білім берудегі жемқорлықты жою үшін саланы цифрландыру керек.

    Адами факторды болдырмау үшін барлық процесті цифрландыру қажет. Іс-қағазды жүргізгенде манипуляция болмауы шарт. Қазір біз профилді министрліктер және әкімдіктермен түрлі ақпараттық жүйені енгізіп жатырмыз. Нәтижесінде мұндай деректердің айтарлықтай төмендегенін байқап отырмыз, — деді төрағаның орынбасары.

  • Бағдат Қарасаев 10 жылға дейін сотталуы мүмкін

    Бағдат Қарасаев 10 жылға дейін сотталуы мүмкін

    Алматы облысындағы Іле ауданының әкімі  Бағдат Қарасаевтың не себепті ұсталғанына облыстың прокуратурасы түсінік берді.  Қадағалау органының мәліметінше, аудан әкіміне кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып мемлекеттік мүдделерге нұқсан келтірді деген айып тағылды.

    «Алматы облысының прокуратурасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Іле ауданында орналасқан қоқыс полигонының қызметін бірлесіп тексеруді аяқтады.2024 жылғы 3 қыркүйектегі жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде әкім Б.А. Қарасаев сыбайлас жемқорлық қызметіне күдік бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 128-131-баптарының тәртібінде ұсталды. Аталған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген», — деп хабарлады Алматы облысының прокуратурасы.

    2024 жылдың 4 қыркүйегінде прокуратура бұлтартпау шарасын санкциялау үшін қылмыстық іс материалдарын сотқа жолдады.

     Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Б.Қарасаевтың ұсталғаны жөнінде хабарлаған болатынбыз.

  • «Жетісу» футбол клубының спорт директоры сотталды

    «Жетісу» футбол клубының спорт директоры сотталды

    Талдықорған қалалық соты «Жетісу» футбол клубының спорт директоры Д. М. Иманқұловқа қатысты үкім шығарды. Мұны Антикор мәлімдеді.

    Ол футболшының еңбек шартына бонус беру сылтауымен 5,5 млн теңге мөлшерінде бюджет қаражатын алаяқтық жолмен жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

    Сот үкімімен оған 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

    Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

    Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

  • Қайрат Сатыбалды 732,8 млрд теңгенің активтерін қайтарды

    Қайрат Сатыбалды 732,8 млрд теңгенің активтерін қайтарды

    732, 8 млрд теңге. Қайрат Сатыбалды мемлекетке құны осынша миллиардтың активтерін қайтарды. 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қайрат Сатыбалдыұлы мен оның сыбайластарынан тәркіленген дүние мен қаражаттың жалпы соммасы 733 млрд теңгеге жуықтады. Оның ішінде 661 млннан аса АҚШ доллары Австрия, Лихтенштейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия және тағы басқа елдерден табылған. Ал, «Қазақтелеком»-нан қайтарылған актив құны 93 млрд теңгеге жуықтайды. Сондай-ақ, тәркіленген эксклюзивті зергерлік бұйымдардың құны 105 млрд теңгеден асады.

    «Қ. Сатыбалдыұлының ісі бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қайтарған активтері БАҚ  өкілдерінің көптеген сұрауларына байланысты Агенттік келесіні хабарлайды.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен Қ. Сатыбалдыұлына қатысты «Қазақтелеком» АҚ, «Көлік сервис орталығы» АҚ қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру, қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату), сондай-ақ оның бақылауындағы компанияның кедендік баждарды төлеуден жалтару фактілері бойынша қылмыстық істер тергелді.Тергеу барысында Қ. Сатыбалдыұлы өз кінәсін толық мойындап, залалды толық көлемде өтеді, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтарды тергеуге және қылмыстық жолмен алынған мүлікті ашуға ықпал етті», — делінген агенттіктің ресми мәлімдемесінде.

    2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қ. Сатыбалдыұлы және онымен байланысты тұлғалардан мемлекетке заңсыз сатып алынған 732,8 млрд теңге немесе 1,6 млрд АҚШ долларынан астам сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды.

    Оның ішінде 661,5 млн АҚШ доллары шетелде табылды, олар қысқа мерзімде Қазақстанға қайтарылды, оның ішінде Қ. Сатыбалдыұлымен белсенді ынтымақтастық нәтижесінде Австрия, Лихтенштейн, БАӘ, Түркия және т. б. елдерден қайтарылды.

    Қайтарылған активтерге әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс үйлер, пәтерлер мен автомобильдер, акциялар мен компаниялардың үлестері, теміржол жолдары мен ақша қаражаттары кіреді, соның ішінде шетелдіктер де бар.

    «Қ. Сатыбалдыұлы-на қатысты қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қайтарылған активтердің жалпы сомасы 732,8 млрд теңгені құрайды. Олардың:
    1. «Қазақтелеком» АҚ акцияларының 28,8% — 93,8 млрд тг.
    2. «КСО» АҚ – 30,2 млрд тг.
    3. 4 компаниядағы қатысу үлесі – 10,3 млрд тг.
    4. Қазақстандағы мүліктік активтер – 158,5 млрд тг.
    5. Эксклюзивті зергерлік бұйымдар – 105,39 млрд тг. (230 млн.$)
    6. Қазақстандық шоттардағы ақша – 36,8 млрд тг.
    7. Австриядан келген ақша – 36,8 млрд тг. (82,1 млн.$)
    8. Лихтенштейннен түскен ақша – 116,7 млрд тг. (260,5 млн.$)
    9. БАӘ-нен келген ақша – 6,3 млрд тг. (14 млн.$);
    10. Түркиядан келген ақша – 2,2 млрд тг. (4,92 млн.$);
    11. Бағалы қағаздарды сату – 135,8 млрд тг. (300 млн доллар)»,- делінген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми хабарламасында.

    Ведомствоның ақпаратына сәйкес, мәселен, құны 158 млрд теңгеден асатын 115 қазақстандық объект мемлекеттік меншікке берілді, оның ішінде 73 жылжымайтын мүлік объектісі (13 үй, 10 ғимарат, 13 жер учаскесі, 4 пәтер, 3 ғимарат, қосымша салынған 2 медресе ғимараты, 2 тұрақ орны, 25 үй-жай, 1 аяқталмаған құрылыс объектісі), 37 жылжымалы мүлік объектісі (29 автомашина, 5 арнайы техника, 3 квадроцикл) және өзге де мүлік.

    «Мүліктің бір бөлігі оның жақын туыстарына, аффилиирленген тұлғаларына және бақылаудағы компанияларға рәсімделген. Астана және Алматы қалаларында мемлекетке берілген әкімшілік ғимараттардың жалпы ауданы 180 мың шаршы метрден асады.
    Бұрын бұл активтер жалға беріліп, жыл сайын меншік иесіне миллиардтаған табыс әкелген, оны қазір мемлекет алушы болып табылады.
    Люкс нысандарының бірі – Ақмола облысының Барап ауылында жалпы ауданы 1,5 мың шаршы метр, жер учаскесі 135 гектар бұрынғы Қ. Сатыбалдыұлы резиденциясы – Астана қаласының Білім басқармасына берілді.
    Бұл қаражаттар мемлекетке қайтарылып, әлеуметтік мақсаттарда пайдалануға бағытталды»,- деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметінен.

    Еске саламыз, ️егер Сіз жемқорлық фактілеріне тап болсаңыз, @antikorkz_bot Telegram-боты немесе 1424 нөмірі арқылы шұғыл хабарлаңыз.

  • Соңғы жылдары жол саласында қанша жемқорлық дерегі тіркелді? 

    Соңғы жылдары жол саласында қанша жемқорлық дерегі тіркелді? 

    Антикордың мәліметінше, жұмыстарды жоспарлаудан бастап оларды қабылдауға дейінгі барлық құрылыс процестері зерделенеді, деп хабарлайды Sona.kz тілшісі. 

    Қазіргі таңда НҚА мен ҚНжЕ жемқорлық нормаларына, олқылықтарға тексеру жүргізілді.

    Агенттіктің қылмыстық-құқықтық тәжірибесіне жүгінсек, жол құрылысында ЖСҚ құнын асыра бағалау, сапасыз материалдар, жабдықтар мен технологиялар пайдаланылады.  

    Жалпы, соңғы 3,5 жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 65 жемқорлық құқық бұзушылықты тіркеді, олар бойынша залал шамамен 9 млрд теңгені құрады.

    Жұмыстың екінші бағыты — жолдардың ағымдағы құрылысына мониторинг жүргізу.

    Бүкіл ел бойынша 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген 217 учаске қамтылды.

    Агенттіктің ерекше бақылауында 12 ауқымды жоба бар. Олардың әрқайсысына жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіретін жауапты тұлғалар бекітілді.

    Барлық өңірлерде қоғам белсенділері, сондай-ақ осы саладағы сарапшылар кіретін мониторингтік топтар құрылды.

    Қазірдің өзінде талдау барысында бұзушылықтар анықталуда. Мәселен, 5 өңірде 4,8 млрд теңге сомасына артық және қайталама жұмыстарды қосу жолымен сметаларды асыра бағалау анықталды, ал 6 өңірде жүргізілетін жұмыстарды тиімсіз жоспарлау белгіленді.

    Мысалы, Абай облысында 20 млн теңгеге шұңқырлы жөндеу жүргізілгеннен кейін, сол учаскеде 1 млрд теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілуде.

    Көлік министрлігінің Жол активтерінің сапасы орталығының жұмысына ерекше назар аударылады.

    Тек 4 өңірде ғана орталықпен 526 бұзушылық анықталды, олар кейіннен жойылмады.

    Талдау қорытындылары туралы Президент пен жұртшылық хабардар етіледі.