Метка: Жетісу облысы

  • Жетісу облысында балалар эхинококкоз жұқтырған

    Жетісу облысында балалар эхинококкоз жұқтырған

    Жетісу облысында 2024 жылы 36 адамнан эхинококкоз, 45 адамнан бруцеллез ауруы анықталды. Бұл туралы Жетісу облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары мәлімдеді.

    Басқарма өкілдерінің дерегінше, биыл аудан және қала аумақтарынан 15 262 ит пен 31 мысық ауланған. Облыс бойынша 309 қаңғыбас үй жануары «ізгілік жолымен» жойылды.

    Иесі бар 400-ден аса ит пен мысық клиникалық бақылауға алынып, олардың 336-сына құтырық және эхинококкоз ауруларының белгілері жоқ деген анықтама берілген.

    – 2024 жылы медицина мекемелерінде үй жануарларының тістеп, тырнап алуына қатысты 750 оқиға тіркелді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-2-бабының 1-тармағына сәйкес, облыс бойынша 280 адамға 6 656 738 теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді Жетісу облысы Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Дархан Әбілбаев.

    Жыл басынан бері облыста мынадай аурулар тіркелді:

    эхинококкоз – 36 адам;
    қышыма – 8 адам;
    дерматомикоз – 91 адам;
    туберкулез – 24 адам;
    дерматофития – 14 адам;
    трихофития – 1 адам;
    бруцеллез – 45 адам;
    альвеококкоз – 1 адам.

    Айта кетейік, облыста 1000-нан аса ветеринар маман қызмет атқарады. Өңірде 10 ветеринарлық станция мен 118 ветпункт жұмыс істейді.

     

  • Жетісу облысында Тәуелсіздік күніне орай 10 әлеуметтік нысан қолданысқа берілді

    Жетісу облысында Тәуелсіздік күніне орай 10 әлеуметтік нысан қолданысқа берілді

    Жетісу облысында Тәуелсіздік күніне орай халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 76 отбасы жаңа баспаналарының кілтіне ие болды. Сол сияқты медициналық және ветеринариялық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, мәдениет үйі, ауылдық клуб және спорт кешені, жалпы алғанда 10 жаңа әлеуметтік нысан іске қосылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

    Атап айтқанда, Көксу, Ескелді, Панфилов аудандарында кезекте тұрған азаматтарға үй беріліп, өңірдегі 76 отбасы жаңа қоныс қуанышына кенелді. Оның 50-і Панфилов қаласының Жаркент қаласында, 16-сы Көксу ауылының Бозтоған және Мұқыры ауылдарында, 10-ы Ескелді ауданының Бақтыбай ауылында тұрғын үйге қол жеткізді.

    – Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өз үйіміз болса деген бірнеше жылдан бергі арманымыз орындалды. Бүгін үлкен отбасымыз кең, жайлы, жаңа үй алды. Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығының арқасында Тәуелсіздік күнін, алдағы Жаңа жылды енді өз үйімізде атап өтеміз, – деді Жаркент қаласының тұрғыны, көп балалы ана Шынар Азатбекова.

    Отбасымен бірге мерекелік қоныстой қуанышына жеткен Ескелді ауданының тұрғыны:

    – Тұрғын үйге кезекте тұрғанымызға біраз жыл болды. Шаңырағымызда төрт бала бар, міне, баспанамыздың кілтін алдық, үйдің ішін аралап көрдік, жақын жандарымыз құттықтап келіп жатыр. Еліміздің айтулы күні қарсаңында қоныс тойға жеткенімізге қуаныштымыз, – деді мұқырылық Сәулеш Жауынбаева.

     

    Сонымен қатар мереке қарсаңында Ескелді ауданында бірден 3 жаңа нысан іске қосылды. Аудан орталығы Қарабұлақ ауылында мәдениет үйі, Ақын Сара ауылында 120 орынды жаңа блокты-модульді ауылдық клуб пен әкімдік ғимараты пайдалануға берілді.

    Осы күні облыстың бірқатар ауылдарында жаңа медициналық мекемелер есігін ашты. Мәселен, Көксу ауданының 140 тұрғыны бар ПЧ-45 станциясында жаңа блок-модульдік медициналық пункт қолданысқа енгізілді.

    – Мұндай заманауи медициналық пункттің ауылымызда ашылғанына қуаныштымыз. Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Сондай кезде ешқайда бармай-ақ енді осында қараламыз. Бұл жаңа нысан тұрғындардың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз, – деді медицина саласының ардагері, ПЧ-45 станциясының тұрғыны Айша Сәрсенбаева.

    Сондай-ақ Панфилов ауданының Шежін, Керімағаш және Қызылжиде ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункт пен екі медпункт салынды. Оған қоса, Үшарал ауылында 50 орындық спорт кешені пайдалануға берілді. Онда күрес, бокс, бұқаралық спорт түрлері бойынша секциялар ашылды. Сонымен қатар ауданда алғаш рет инвестор есебінен салынған «Орбұлақ» халықаралық автовокзалы жұмысын бастады. Вокзал автопаркінде 31 автобус бар, 67 адам жұмыспен қамтылды.

  • Жетісу облысында биылғы он айда өнеркәсіп өндірісі 3,9 пайызға өскен

    Жетісу облысында биылғы он айда өнеркәсіп өндірісі 3,9 пайызға өскен

    Облыс әкімінің айтуынша, биылғы І жартыжылдықтағы жалпы өңірлік өнім 6,2 пайыз өсіммен 781 миллиард теңгені құраған. Ал жыл аяғында 7,1 пайыз өсімге қол жеткізілмек. Он айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 112,8 пайызды көрсеткен.

    Ауыл шаруашылығының дамуында оң динамика бар. Сондай-ақ өндіріс көлемі, өнеркәсіп, сауда және құрылыс салалары ілгерілей түскен. Биыл өңірде 247,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл былтырғы көрсеткіштен 4,1 пайызға артық.

    Мемлекет басшысына жаңа инвесторларды тарту, облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жөнінде есеп берілді.

    Жыл басынан бері 1,3 есе өсіммен 327,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Осы ретте жеке инвестициялар саны 1,6 есе өскен. Бейбіт Исабаев 2024-2030 жылдарға арналған құны 3,5 триллион теңге болатын инвестициялық портфель қалыптастырылғанын жеткізді. Оның аясында 190 жоба қолға алынып, 11,8 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Биыл 54,9 миллиард теңгені құрайтын 48 жоба іске асырылып жатыр.

    Бұдан бөлек, өңірдегі өнеркәсіп саласы туралы айтылды. Жетісу облысында 549 кәсіпорын тіркеліп, 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Биылғы он айда өнеркәсіп өндірісі 3,9 пайызға өскен.

  • Талдықорғанда Жетісу облысындағы алғашқы Үстел теннисі орталығы ашылды

    Талдықорғанда Жетісу облысындағы алғашқы Үстел теннисі орталығы ашылды

    Жетісу облысының спорт объектілерінің қатары тағы бір жаңа нысанмен толығып, бүгін Талдықорған қаласында жеке кәсіпкердің қаражатына салынған Үстел теннисі орталығы ашылды. Бұқаралық спорт нысанының салтанатты ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов, Атлантадағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, «Қазақстан барысы» тұңғыш турнирінің жеңімпазы Ұлан Рысқұл, спорт ардагерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

    Орталықтың ашылуында құттықтау сөз сөйлеген Бейбіт Исабаев бұқаралық спортты дамытудағы атқарылған шараларға қысқаша тоқталып, қолданысқа беріліп отырған жаңа нысанның жастарды тәрбиелеуде үлес қосатынына сенім білдірді:

    – Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша», – деп атап өткен болатын.

    Осы орайда спорттық инфрақұрылымды жақсартуға ерекше көңіл бөлініп, балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне жағдай жасалуда.

    Бұл ретте спорттық нысандарды салуға мемлекетпен қатар жеке инвесторлардың да белсенді қатыса бастағаны қуантады, – дей келе Бейбіт Исабаев орталықты салуға қаржылай қолдау көрсеткен «Жетісу қолдау» қоғамдық қорына облыста спортты дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін жетісулықтардың атынан алғысын жеткізді.

    Өңір басшысы атап өткендей, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бұл маңызды нысан халықаралық талаптар мен стандарттарға сәйкес салынған. Онда кез келген деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік бар. Ерекше қажеттіліктері бар спортшылар үшін де жағдай жасалған.

    Орталықтың ашылу салтанатына арнайы келген ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов та көпшілікке игі тілегін жеткізді.

    – Бүгінгі Талдықорғанда ашылып отырған орталық – еліміздегі 11-ші үстел теннисі орталығы. Жалпы Қазақстан бойынша 245 мыңнан астам адам осы спорт түрімен айналысады.

    Талдықорғанда мынадай ғимарат ашылғаннан кейін мұнда үстел теннисінің клубын ашып, мықты жаттықтырушылар тартып, жас спортшыларды көптеп тәрбиелеу керек. Жаңа орталық құтты болсын! Үстел теннисін бірігіп дамыта берейік, – деді Е. Қанағатов.

    Жалпы осы Үстел ойындары және спорттық туризмнен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық спорт мектебінде 613 оқушы тәрбиеленсе, соның 131-і үстел теннисімен айналысады. Мектепте 24 жаттықтырушы жұмыс істейді.

    Салтанатты шарадағы лента қию рәсімінен кейін жиналған көпшілік нысанның ішін аралап көрді. Жалпы ауданы 2193 шаршы метр болатын екі қабатты ғимараттың үстел теннисіне арналған үлкен залында 12 үстел қойылған, алдағы уақытта оның санын көбейтуге де мүмкіндік жасалған, сол сияқты 250 орындық трибунасы, шахмат пен тоғызқұмалаққа арналған залы бар. Оған қоса орталықта тренажерлары бар зал, массаж бөлмесі, душ және жуынатын бөлмелер және басқа да қажетті әкімшілік және тұрмыстық үй-жайлар қарастырылған. Жобаға жалпы 1,3 млрд. теңге инвестициялық қаражат жұмсалды.

    – Талдықорғандағы үстел ойындары мен спорттық туризм бағытында жұмыс істеп тұрған облыстық мектеп бұған дейін жалдамалы ғимаратта отырған. Енді біздің өз үстел теннисі орталығымыз болады.

    Соның арқасында кәсіби және әуесқой спортшылар кез келген ыңғайлы уақыт пен қолайлы жағдайда үстел теннисімен айналысып, шахмат немесе тоғызқұмалақ ойнай алады.

    Орталықтың заманауи материалдық-техникалық базасы халықаралық талаптарға сай жасақталған. Мұның бәрі бұқаралық спортты дамытуға және спорттық жетістіктерді жақсартуға ықпал етеді, – деп атап өтті облыстық үстел ойындары мен спорттық туризм бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Нұрлан Дүйсенбинов.

    Қуанышты жаңалыққа орай жас спортшылар да пікір бөлісті.

    – Көксу ауданында үстел теннисі үйірмесіне барамын. Спорттың осы түрімен айналысып жүргеніме бір жыл болды, енді ары қарай кәсіби түрде айналысқым келеді. Сондықтан Талдықорғанда, яғни біздің ауданымызға жақын жерде Үстел теннисі орталығының ашылғанына қуаныштымын, – деді Заңғар Алғабек.

    Ал талдықорғандық Ева Рыжованың үстел теннисімен шұғылданып жүргеніне 3 жыл болған. Ол да спорттың осы түрінен жоғары жетістіктерге жеткісі келеді.

    Үстел теннисі үйірмесіне өз қалауыммен әкем жаздырды. Үстел теннисі ойынын меңгеру біраз шыдамдылық пен табандылықты керек етеді. Шамамен бір жыл бойы үзбей жаттықтым, әліппесінен бастап үйрендім десем де болады, кейін біртіндеп жарыстарда жеңіске жете бастадым.

    Қаламызда бүгін ашылған орталық спортшылардың өзін дамытуына үлкен мүмкіндіктер береді деп сенемін. Осындай орталықтың ашылғанына қуаныштымын, – деді ол.

    Жетісу облысында 233 секцияда тұрақты негізде 11 592 тұрғын, соның ішінде жастар да үстел теннисімен айналысады. Арнайы секциялар Алакөл, Ақсу, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Панфилов, Сарқан аудандарында және Талдықорған қаласында құрылған. Бұл секцияларда 146 жаттықтырушы бар. Сондай-ақ мемлекеттік спорттық шығармашылық тапсырыс негізінде үстел теннисінен 17 секцияда 583 бала айналысады.

    Жалпы биылғы жылы жергілікті бюджеттен 9 спорттық нысанның құрылысына 3,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Соның ішінде 6-ының құрылысы биыл аяқталды. Атап айтқанда, Сарқан ауданы Алмалы ауылында, Алакөл ауданы Лепсі ауылында, Текелі қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Панфилов ауданы Үшарал ауылындағы спорт кешені, Талдықорған қаласында «Жетісу» кәсіби волейбол клубына арналған Қазақстанда теңдесі жоқ волейбол орталығы жаңадан салынса, сондай-ақ инвестор есебінен спортшыларға арналған төрт қабатты тұрғын үй тұрғызылды.

    Облыста халықтың 1000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 64,0%, дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын халықтың үлесі облыс халқының жалпы санының 42%-ын құрайды.

    10 айдың қорытындысы бойынша Жетісу облысының спортшылары 1344 медаль жеңіп алды.

  • Жетісу облысындағы Ескелді ауданында 4 әлеуметтік нысан жөнделіп, 12 жаңа нысан іске қосылады

    Жетісу облысындағы Ескелді ауданында 4 әлеуметтік нысан жөнделіп, 12 жаңа нысан іске қосылады

    Биыл Жетісу облысының Ескелді ауданында 4 мектеп пен балабақшаға жөндеу жүргізілді, сондай-ақ денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы 12 жаңа нысанды іске қосу жоспарлануда. Оның 5-і пайдалануға берілді, қалған 6-ын желтоқсан айының соңына дейін іске қосу көзделген. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды.

    М. Мәметова атындағы және Қоңыр ауылындағы орта мектептер мен М. Баисов ауылындағы балабақша күрделі жөндеуден өтті, ал Алдабергенов ауылындағы балабақшаға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қаблиса жырау атындағы және Қайнарлы ауылындағы орта мектептерге автобус пен «Газель» автокөлігі сатып алынды. Аудандағы 11 мектептің кітапханасы жаңартылды.

    – Халықтың өтінішін ескере келе, Ешкіөлмес және Жаңалық ауылдарында 180 және 120 орынды екі жаңа мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Мемлекеттік сараптама қорытындысы жыл соңына дейін шығады деп күтілуде. Ал Қарабұлақ ауылындағы орта мектеп пен Елтай ауылындағы С. Сейфуллин атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Бюджетті нақтылау кезінде бұл екі жобаға да тиісті қаражат қарастырылады. Сонымен қатар аудандағы білім беру мекемелерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қарабұлақ ауылындағы Шестаков атындағы мектеп бюджет қаражаты есебінен, ал Сырымбет ауылындағы Жақыпбаев атындағы мектеп демеуші көмегімен газға қосылды, – деп атап өтті Б. Исабаев.

    Денсаулық сақтау мәселесіне келсек, саланың инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл Екпінді және Жаңалық ауылдарында 2 блокты-модульді медициналық пункт орнатылды, Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақешкі ауылында да іске қосылады. Сол сияқты «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданда 5 нысан салынады. Соның ішінде Шымырдағы дәрігерлік амбулатория мен М.Баисов ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы осы айда аяқталса, осындай нысандар Жастар, Қайнарлы, Жалғызағаш ауылдарында келесі жылы салынады. Соның нәтижесінде денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы ауданның 8 ауылында жақсарады.

    Мәдениет саласы да назардан тыс қалмайды. «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында Қаратал ауылында 100 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, Қоңыр және Жалғызағаш ауылдарында блокты-модульді клуб қолданысқа берілді. Тағы бір клуб Ақын Сара ауылында келесі аптада іске қосылады.

    Спорт саласында Елтай, Шымыр, Жетісу ауылдарында 3 блокты-модульды спорттық кешенінің құрылысы жүргізілуде, Тәуелсіздік күні қарсаңында қолданысқа беріледі.

    Жалпы, 2022-2024 жылдары ауданға инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға, қайта жаңғыртуға және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 25,9 млрд теңге бөлінген.

  • Жетісу облысында Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жол құрылысы келесі жылы басталады

    Жетісу облысында Бұрханбұлақ сарқырамасына дейінгі жол құрылысы келесі жылы басталады

    Жетісу облысының ең негізгі табиғи әрі туристік көрнекті жерлерінің бірі – Бұрханбұлақ сарқырамасына апаратын жолдың құрылысы келесі жылы басталады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесуде мәлімдеді, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

    – Ескелді ауданы – туристік әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Осы жылдың 10 айында туристерді қабылдайтын нысандарда 41 мың адамға қызмет көрсетіліп, соның ішінде ақылы қызмет көрсету көлемі 25 млн. теңгеге жетті. Осы ретте Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын 31 км автожолды жөндеу жұмыстары келесі жылы басталатынын атап өту керек.

    Бұл мақсатқа 2025 жылы республикалық бюджеттен 3 млрд. теңге қаражат бөлінеді. Сондықтан туризмді дамыту үшін инфрақұрылымды жақсартып, жаңа қонақ үйлер, демалыс базаларын салып, жолдарды жөндеу қажет. Интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы көрікті жерлерді кеңінен насихаттап, экотуризм мен агротуризм бағыттарын дамыту керек, – деп атап өтті өңір басшысы Б. Исабаев.

    Еске салсақ, Жетісудың туризм саласы 5 дестинацияның әлеуетін тірек етеді. Олар – Алакөл мен Балқаш көлдері, «Алтынемел» және «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктері, Жоңғар Алатауының таулы алабы.

  • Жетісуда 72 млн теңгенің газ құбырларын ұрлағандар ұсталды

    Жетісуда 72 млн теңгенің газ құбырларын ұрлағандар ұсталды

    Жетісу облысы Ақсу ауданында 72,5 млн теңгенің газ құбырларын ұрлағандар құрықталды.

    Polisia.kz мәліметінше, тәртіп сақшыларына «Транс Азия Констракшн» ЖШС директоры арызбен жүгінген. Оның айтуынша, белгісіз адамдар Алматы – Өскемен тас жолының Қызылағаш және Жансүгіров ауылдарының арасындағы учаскесінде орнатылып жатқан 27 бірлік газ құбырын ұрлап кеткен.

    Магистральдық газ құбырының құрылысы Талдықорған – Үшарал тас жолында жүргізіліп жатыр. Оның құны 131,7 млрд теңгеге бағаланады. Жоба 302 км газ құбырын салуды, алты автоматтандырылған газ тарату станциясын орнатуды әрі жалпы халқы 124 мыңға жуық 66 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге бағытталған, – делінген ақпаратта.

    Жетісу облысының полиция қызметкерлерінің жедел іс-қимылдарының арқасында Алматы облысының тұрғындары болып шыққан үш күдікті анықталып, қолға түсті. Ұсталғандардың барлығы қамауға алынды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

    Сақшылар заңның орындалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асырылуына маңызды үлес қосты. Олардың жедел жұмысы өңірдің мыңдаған тұрғынына табиғи газға қол жеткізуді қамтамасыз ететін газ құбыры құрылысының бұзылуын болдырмауға мүмкіндік берді. Құқық қорғау органдары қызметінің арқасында адамдардың үйлеріне жылу мен жайлылық келеді, ал өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жоба мерзімінде іске асырылады.

  • Қант қызылшасының егістігі шіріп жатыр

    Қант қызылшасының егістігі шіріп жатыр

    Жетісу облысының ауыл шаруашылығы басқармасы біздің басылымға қант қызылшасын жинау және өңдеу мәселелеріне қатысты пікір білдірді.

    Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан хабарлағанындай, Қаратал ауданындағы «Югай» шаруа қожалығының басшысы Николай Югай «қар астында егістікте тонналап қызылша шіріп жатыр» деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл бейнеде көрсетілген оның өрістері болды.

    «Алынған қызылша күн сайын зауыт зертханаларында тексеріледі. Егіндінің шірігені немесе бүлінгені туралы деректер тіркелген жоқ. Ауа-райының жағдайы егінді зауыттарға тасымалдамас бұрын үйінділерде сақтауға мүмкіндік береді», — деді департаментте.

    Жетісу әкімдігі қызылша жинауда еш қиындық жоқ екенін алға тартып отыр.

  • Жаркентте әскери қызметкер қаза болды

    Жаркентте әскери қызметкер қаза болды

    Жетісу облысындағы Жаркент гарнизонында қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан әскери бөлімнің офицері көз жұмды.

    Бұл ақпаратты Қазақстан Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі растады. Қайғылы оқиға 14 қараша күні болды.

    «Диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс сабақ өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан Жаркент гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінің офицері алған жарақатынан қайтыс болды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген хабарламада.

    Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Офицердің отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі.

    Осыған дейін CMN.KZ басылымы Жетісу облысындағы әскери бөлімдердің бірінде инженерлік қызмет бастығының мәйіті табылғанын жазған. Алдын ала нұсқа бойынша мерзімді әскери қызметте жүрген үш сарбаз алаң маңында капитанды ұстап алып, қол-аяғын байлап, спорт қалашығына қарай алып кеткен. Артынша өздері казармаға оралған.

    Ес-түссіз жатқан капитанды қалашық маңынан өтіп бара жатқан аға лейтенат тауып алған. Жедел жәрдем түнгі сағат бірде ер адамның өлімін тіркеді.

  • Жетісу облысында қар құрсауында қалған адамдар құтқарылды

    Жетісу облысында қар құрсауында қалған адамдар құтқарылды

    Жетісу облысында ТЖМ қызметкерлері қар құрсауында қалған 4 адамды құтқарды. Ақпаратқа сәйкес, түнде Алакөл ауданында республикалық маңызы бар Қабанбай-Үшбұлақ автожолында ішінде адамдары бар автокөлік қар құрсауында кептеліп қалған.

    Құтқарушылар дереу оқиға орнына барып, көлік ішіндегі төрт адамды шығарды. Оларға медициналық көмек қажет болмады. Азаматтар жақын маңдағы елді мекенге жеткізілді.

    ТЖМ қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Ауа райының өзгеруін, жолдардағы қозғалыстың шектелуін қадағалауды сұрайды.