Алматы облысында облыстық патрульдік полиция батальонының қызметтік инспекторы, полиция аға лейтенанты Шалқар Байжомартов қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапты.
Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі 22 желтоқсан күні полицейді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өткенін мәлімдеді. Шалқар Байжомартов ішкі істер министрінің бұйрығымен қайтыс болғаннан кейін «Қоғамдық тәртіпті қорғауға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Қайғылы оқиға 20 желтоқсанда болған. Toyota Camry 35 көлігінің жүргізушісі көктайғақ салдарынан рөлге ие бола алмай, патрульдік полиция қызметкерін қаққан. Жүргізуші инерциямен полиция көлігіне де соқтығысқан.