Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Талғарда 16 жастағы Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша материалдар алдағы күндері сотқа жіберілетінін хабарлады.
Бұл туралы ол журналистердің сұрағына жауап берген кезінде айтты. Алайда негізгі сот процесінің қашан басталатынын нақтылай алмады.
Шерзаттың ісі қазір прокуратурада қаралып жатыр. Алдағы күндері, осы аптада сотқа жіберіледі деп күтеміз. Бұл – соттың прерогативасы. Сот ісін қарайтын судья тағайындалады. Кейінірек бұл мәселеге қатысты соттың өзі түсініктеме бергені дұрыс деп есептеймін, – деді ол.
Санжар Әділов сонымен қатар, Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың ісі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын, ол істе ешкім күдікті ретінде танылмағанын айтады. Бұған дейін Шерзат ісі бойынша тергеудің аяқталғаны хабарланған болатын.
Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Бұған дейін тергеу толық аяқталып, іс прокурорға жолданғанын хабарлаған едік. Тараптар қылмыстық іс материалдарымен толық танысты, іс сотқа жіберу үшін прокурорға жолданды.
Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізілді, шамамен 200 куәгерден жауап алынды, барлық күдіктілердің оқиға орнында айтқан жауаптары тексерілді, процесс қатысушылары арасында беттестірулер өткізілді, сондай-ақ қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған өзге де тергеу әрекеттері жүзеге асырылды.
Қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға бере отырып, 8 бейнематериал зерттелді.