Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның ұрлық пен алаяқтық жасады деген ісі бойынша өткен сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Мадина Оразалина айыпталушыларға қатысты қатаң мәлімдеме жасады. Бұл туралы Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Прокурор сөзін қазақ халқына алғыс білдіруден бастады:
«Қазақ халқы – жомарттық пен ар-ождан иесі. Бірақ бұл істе біз аманат, адалдық, қайырымдылық ұғымдарының сатылуына куә болдық», – деді Оразалина.
Оның айтуынша, Перизат Қайрат науқас балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек беруге уәде еткен. Ол халықтың сенімі мен қолдауына ие болып, сол мүмкіндіктерді жеке пайдасына пайдаланған.
«Бұл – жай ғана қылмыстық іс емес. Бұл – прецедент. Енді кімде-кім “қайырымдылық” сөзін жеке пайдасы үшін жамылғы етсе, ол халық үнсіз қалмайтынын, мемлекет көз жұмай қарамайтынын, ал сенім – шексіз емес екенін білуі керек», – деді прокурор.
Оразалина нағыз мейірімділік пен өзгенің қайғысын саудаға салу арасында нақты шекара болу керектігін айтты.
«Біз ашық айтамыз: садақа – мансаптың құралы емес. Егер біреу қазақ халқының кеңпейілдігі арқылы пайда табуға тырысса, ол қошеметке емес, сотқа тап болады. Халық сенімі – бренд те, әмиян да емес. Бұл – аманат. Ал аманатты сатқан адам түбінде әшкере болады», – деп түйіндеді мемлекеттік айыптаушы.








