UFC-дің бұрынғы қос чемпионы Конор Макгрегор Ирландия президенттігіне кандидат болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sona.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Спортшы бұл туралы әлеуметтік желіде жарияланған бейнеүндеуінде айтты. Ол мәлімдемесін Ирландия премьер-министрі кеңсесінің алдында жасап, халыққа тікелей жүгінді.
«Президент болған жағдайда, халық талқыламаған бірде-бір заңға қол қоймаймын. Егер бюллетеньде менің атымды көргіңіз келсе, жергілікті кеңес мүшелеріне хабарласып, менің кандидатураымды ұсынуды талап етіңіздер», — деді Макгрегор.
Оның айтуынша, елде үкімет 200 күннен астам уақыт бойы толық құрылмаған. Бұл жағдай қауіпсіздікке, халықтың тұрмыс сапасына және жалпы әлеуметтік көңіл-күйге кері әсер еткен.
Макгрегор баспанасыз балалар санының өсуіне ерекше назар аударып, оны биліктің балаларды қорғау жөніндегі міндеттемелерін орындамай отырғанының айғағы деп атады. Сондай-ақ ол мигранттар легінің артуын, туризмнің азаюын және көше қылмыстарының өсуін сынға алды.
Ирландиядағы президент сайлауы 2025 жылдың 24 қазанында өтеді. Қазіргі мемлекет басшысы Майкл Д. Хиггинстің өкілеттігі 11 қарашада аяқталады. Заңға сәйкес сайлау осы күнге дейінгі 60 күн ішінде өтуі тиіс.
Кандидаттарды ұсыну 5 қыркүйектен 24 қыркүйекке дейін жалғасады. Дауыс беру құқығына 18 жасқа толған және елде тіркелген азаматтар ие.









