Қырғызстанда шекарадағы жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен 15-ке жуық кеден және шекара қызметкері ұсталды. Арнайы қызмет өкілдері олардың әрекеттерін 15 күн бойы жасырын камера арқылы бақылаған.
Бұл туралы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мәлімдеді. Оқиғаға қатысты бейнежазбаны 24.kg басылымы таратты.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің қызметкерлері шекарадағы өткізу бекеттерінің біріне жасырын камера орнатқан.
Олар кеденшілер мен шекарашылардың әрекеттерін екі аптадан астам уақыт бақылаған.
Жапаровтың сөзінше, жүргізушілер шекарадан өту кезінде кеден қызметкерлеріне ақша беріп отырған.
Кеденшілер ақшаны қалтасына салып, кейін оның бір бөлігін шекарашыларға берген.
Президент мұндай жағдайдың күн сайын қайталанғанын айтты.
Оның мәлімдеуінше, жүктерді заңсыз өткізу жүйелі сипат алып, мемлекет бюджетіне түсуге тиіс кедендік төлемдер тиісті орынға жетпеген.
Жүргізілген операция нәтижесінде кеден және шекара қызметтерінің 15-ке жуық өкілі ұсталған.
Садыр Жапаров олардың барлығы қамауға алынғанын хабарлады.
Президент кедендік төлемдердің жекелеген қызметкерлердің қалтасына емес, мемлекет бюджетіне түсіп, елдің дамуына жұмсалуы керектігін атап өтті.
Әзірге мемлекетке келтірілген болжамды шығын көлемі жарияланған жоқ. Операцияның нақты қай өткізу бекетінде жүргізілгені де хабарланбады.
Ұсталғандардың кінәсі сотта анықталуы тиіс.




