Албания астанасы Тиранада жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр. Шерушілер АҚШ президенті Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнердің курорт салу жобасына қарсылық білдіріп, ел премьер-министрі Эди Раманың отставкаға кетуін талап етті, деп хабарлайды SONA.KZ Stan.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап.
Жарияланған мәліметке сәйкес, наразылық үш күнге созылған. Шерушілер мен полиция арасында қақтығыс болған.
Тәртіп сақшылары жиналғандарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған. Ал кейбір наразылық білдірушілер полиция қызметкерлеріне тас лақтырған.
Студенттер де шеруге қосылды
Наразылыққа қатысушылар үкіметтің саясатына көңілі толмайтынын білдірген.
Шеруге қосылған студенттер оқу ақысының өсуіне, жемқорлыққа және жұмыс табудың қиындығына қарсылық танытты.
Наразылық білдірушілер премьер-министр Эди Раманың қызметінен кетуін талап еткен.
Алайда үкімет басшысы отставкаға кетуден бас тартып, елдегі толқуларға оппозиция өкілдерін кінәлаған.
55 адам ұсталған
Таратылған ақпаратқа сәйкес, полиция 55 адамды ұстаған. Олардың екеуі кәмелетке толмаған.
Сонымен қатар тағы 98 адамға қатысты қылмыстық істер қозғалғаны хабарланды.
Наразылық акцияларының жалғасып жатқаны айтылды.
Әзірге курорт жобасына қарсылық пен Тиранадағы барлық наразылық оқиғаларының тікелей байланысы тәуелсіз дереккөздер арқылы нақтыланған жоқ.




