Батыс Қазақстан облысында жеке тұрғын үйде өрт шығып, салдарынан үш адам қаза тапты. Куәгерлердің айтуынша, өрт кенеттен басталып, қысқа уақыт ішінде бүкіл үйді шарпыған, деп хабарлайды Sona.kz NewTimeskz-ке сілтеме жасап.
Көршілер өртті байқаған бойда құтқару қызметіне хабар беріп, өрт сөндірушілер келгенге дейін жалынды өз беттерінше, соның ішінде қармен сөндіруге тырысқан. Алайда өртті тоқтату мүмкін болмаған.
Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері келіп, сөндіру жұмыстарына 14 құтқарушы жұмылдырылды. Өрт оқшауланғаннан кейін үй ішінен үш адамның мәйіті табылды.
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт 90 шаршы метр аумақта толық сөндірілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр, тиісті тексеру жүргізілуде.









