Алматы облысында мемлекетаралық іздеуде жүрген Тәжікстан Республикасының азаматы ұсталды, деп хабарлайды Sona.kz JolOrtalygy-на сілтеме жасап,
Күдіктіні ұстау 2026 жылғы 30 қаңтарда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізілген локальды-рейдтік іс-шаралар барысында жүзеге асқан.
Жедел-іздестіру шаралары Алматы облысының аумағында, республикалық маңызы бар Алматы – Бішкек автожолы бойында орналасқан қоғамдық тамақтану орындарының бірінде жүргізілген.
Тексеру барысында 1994 жылы туған ер адам анықталып, ұсталған. Ол Тәжікстан Республикасының азаматы екені белгілі болды.
Полицияның мәліметінше, ұсталған тұлға Тәжікстан Республикасының қылмыстық заңнамасында көзделген ауыр қылмыстарды жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде болған.
Оған қатысты бұған дейін бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу санкцияланған.
Қазіргі уақытта күдікті Қарасай аудандық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.









