Көкшетау қаласында агроөнеркәсіп кешеніне бөлінген мемлекеттік субсидияларды жымқыру ісі бойынша үкім шығарылды. Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жүргізді, деп хабарлайды Sona.kz afm_rk-ға сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, екі жыл бойы «МолПродЖаркаин» СПК директоры Ефимкина А.С. және «Рассвет» шаруа қожалығының басшысы Маслов А.В. сүт және оны терең өңдеу өнімдерінің өндірісін арзандатуға арналған субсидияларды заңсыз алған.
«Рассвет» шаруа қожалығында мәлімделген көлемде сүт өндіруге қажетті мал басы болмағаны анықталды. Соған қарамастан электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесінде 3 млн килограмнан астам шикі сүтті жеткізу туралы жалған құжаттар рәсімделген.
Осы құжаттардың негізінде сүтті сары май мен қатты ірімшікке өңдеу жөнінде есептілік жасалған. Уәкілетті орган өтінімдерді мақұлдағаннан кейін қаражат кәсіпорынның есепшотына аударылған.
Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 152 млн теңгені құрады. Сонымен қатар алынған субсидиялардың бір бөлігі Ефимкинаның туысының депозиттік шотына аударылған. Кейін бұл қаражатқа жалға берілген мобильді ғимарат сатып алынған.
Тергеу барысында 6 жер учаскесіне, 4 пәтерге, 11 автокөлікке, мобильді ғимаратқа және өндірістік нысанға тыйым салынды. Сот үкімімен Маслов А.В. мен Ефимкина А.С. 6 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды. Мобильді ғимарат мемлекет кірісіне тәркіленді. Өзге мүлікке салынған тыйым азаматтық талап толық орындалғанға дейін сақталады. Үкім заңды күшіне енді.









