АҚШ Новороссийск маңындағы инфрақұрылымға жасалған шабуылдардан кейін Украинаға америкалық экономикалық мүдделерді ескеру қажеттігін ескертті. Бұл туралы АҚШ-тағы Украина елшісі Ольга Стефанишина CNN арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, мемлекеттік департамент дипломатиялық демарш жолдап, АҚШ инвестицияларына зиян келтіретін әрекеттерден бас тартуды сұраған. Ескерту Каспий құбыр консорциумы жобасына да қатысты. Консорциум Қазақстан мұнайын Қара теңіз арқылы экспортқа тасымалдайды.
Стефанишина АҚШ Украинаға Ресейдің әскери нысандарына соққы беруді тоқтату талабын қоймағанын атап өтті. Алайда Вашингтон шабуылдардың салдары америкалық экономикалық мүдделерге әсер еткенін білдірді. Бұл ретте Chevron компаниясы да консорциум акционерлерінің бірі болып табылады.
CNN мәліметінше, 2025 жылдың соңында жасалған дрон соққылары Новороссийск портындағы объектілерге зиян келтіріп, мұнай экспорты көлемін азайтты. Бұл Қазақстан мұнайын тасымалдайтын құбыр жүйесінің жұмысына әсер еткен.
Украина елшісі АҚШ пен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстардың ауқымын мысалға келтіріп, Вашингтонның бұл бағыттағы мүдделері жоғары деңгейде екенін атап өтті. Оның пікірінше, Украина мұндай инвестициялық деңгейге әлі қол жеткізе алмаған.
Дипломат АҚШ-тың қолдауына алғыс білдіре отырып, әскери көмекке қатысты кейбір шектеулерді сынға алды. Оның айтуынша, ауыр қару-жарақ жеткізудегі кідірістер Ресейдің әскери әлеуетін күшейтуге мүмкіндік берген.
АҚШ пен Украина арасындағы келіссөздер жалғасуда. Вашингтон ресми түрде Госдепартамент мәлімдемесіне қатысты қосымша түсініктеме берген жоқ.









