Алматыда Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымы — «Қазтеміртранс» АҚ филиалдарының бірінің директорын ұстау бойынша арнайы операция жүргізді. Алдын ала мәліметтер бойынша, топ-менеджер қаладағы мейрамханалардың бірінде 1,1 млн доллар (шамамен 540 млн теңге) пара алу үстінде ұсталған. Қаржы жеке күзет компаниясына «Қазтеміртранс» нысандарына қызмет көрсетуге рұқсат алуға көмектескені үшін берілгені айтылуда.
«Қазтеміртранс» АҚ баспасөз қызметі тергеу амалдарының жүріп жатқанын растап, құқық қорғау органдарына жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар, компания өкілдері БАҚ-та тараған пара мөлшеріне күмәнмен қарайтынын жеткізді. Ресми ақпарат бойынша, компанияның күзет қызметіне арналған жылдық жалпы бюджеті 200 млн теңге шамасында, ал Алматы филиалының өндірістік базаларын күзетуге биыл бар болғаны 9 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл сома болжамды пара мөлшерінен әлдеқайда аз.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайы мен ықтимал сыбайластар анықталуда. Оқиғаның нақты жағдайын тергеу қорытындысы көрсетеді. Компания жемқорлықтың кез келген түріне төзбеушілік танытатынын және заңдылық принциптерін ұстанатынын атап өтті.









