Алматыда түнде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Студенттер сарайының шатыры жартылай опырылды.
Әлеуметтік желі қолданушылары ғимарат маңынан қатты дыбыс естілгенін және үлкен шаң бұлты көтерілгенін жазды.
ҚазҰУ мәліметінше, қазір Студенттер сарайында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Университет ғимараттағы күрделі мәселелер 2023 жылы анықталғанын хабарлады. Мамандар кейбір бағаналардың тот басқанын, конструкциялардың деформацияланғанын және шатырдың зақымданғанын анықтаған.
ҚазҰУ өкілдері ғимараттың жағдайына 2024 жылы Алматыда сезілген жер сілкіністері де әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Техникалық тексеруден кейін Студенттер сарайын бұзбай, қайта қалпына келтіру және конструкцияларын күшейту туралы шешім қабылданған.
Қазір нысанда жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Ішінара опырылу салдарынан зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.




