Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларымен кездесті.
Кездесу барысында министр Қарулы күштер атынан туған-туыстарынан кешірім сұрап, болған оқиғаны бүкіл елдің қайғысы деп атады.
«Кінәлілердің бәрі сотталады», — деді Қосанов қаза тапқандардың туыстарына.
Министр Жаңаөзеннен мерзімді әскери қызметке шақырылған Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мадихан және Дастан Бегейдің, сондай-ақ Жетібай ауылының тұрғыны Мирас Тұрдыбекұлының отбасыларына барды.
Қосанов қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айтып, отбасылар қажетті қолдаусыз қалмайтынын жеткізді.
Қайғылы оқиға бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бұған дейін Үкімет комиссиясы оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаның әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеген. Кінә мен жауапкершілік мәселесі тергеу мен сот қорытындысы бойынша анықталады.




