Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге жылыту маусымына дайындықты жеделдетіп, ең алдымен әлеуметтік нысандарға жылу беруді тапсырды.
Үкімет отырысында ол кейбір өңірлерде жылыту маусымының басталуына санаулы күн қалғанын айтты.
«Ең алдымен әлеуметтік нысандарға — балабақшаларға, мектептерге, ауруханалар мен емханаларға жылу беру қажет. Жылыту маусымы белгіленген мерзімде басталуы тиіс», — деді Бектенов.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, жылыту маусымы Павлодар, Маңғыстау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында басталды.
Апта соңына дейін ауа райына байланысты Астана қаласында, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау және Абай облыстарында жылу беру жоспарланып отыр.
Энергетикалық инфрақұрылымды дайындау жұмыстары да аяқталуға жақын. 17 мың шақырым электр желісін жөндеу толығымен аяқталған. Тағы төрт қосалқы станцияда жұмыстар соңғы кезеңде.
Жылу желілерінің жалпы дайындығы 99 пайызды құрайды.
Энергия көздерінде қажетті отын қоры да жасақталған. Бұған дейін Энергетика министрлігі 4,9 миллион тонна көмір және 127 мың тонна мазут дайындалғанын хабарлаған.
Бектенов әкімдерге жылыту маусымының уақытылы басталуын жеке бақылауға алуды тапсырды.




