Қазақстанда Яндекс Go сервисіндегі ақаудан кейін inDrive арқылы жасалатын кейбір такси сапарларының бағасы үш есеге жуық қымбаттаған. Осы жағдайға байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі компанияға ресми ескерту жолдады.
11 қазанда Яндекс Go қызметі уақытша қолжетімсіз болған кезде жолаушылар басқа такси сервистерін, соның ішінде inDrive платформасын жаппай пайдалана бастаған.
Сұраныстың күрт өсуі мен бос жүргізушілердің жетіспеуі кейбір бағыттардағы жолақының қымбаттауына әсер еткен.
БАҚ мәліметінше, жекелеген жағдайларда такси бағасы үш есеге жуық өскен.
inDrive компаниясы бағаны тұрақтандыру үшін бірқатар шара қабылдағанын мәлімдеді.
Атап айтқанда, сервис комиссияны ең төменгі деңгейге түсіріп, жүргізушілер мен жолаушылардың бастапқы ұсынылған жолақыны өзгертуіне шектеу енгізген.
Бұл жағдайға Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі назар аударды.
Ведомство inDrive компаниясына ресми ескерту жолдап, бәсекелестікті қорғау заңнамасының талаптарын сақтау қажеттігін еске салды.
Агенттік сұраныс артқан кезеңде жолақының негізсіз көтерілуі тұтынушылардың мүдделеріне кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
Сонымен бірге бұл ескерту алдын алу сипатында берілген. Оның өзі компанияның монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны дәлелденді дегенді білдірмейді.
Бұған дейін Яндекс Go ауқымды техникалық ақауға тап болған еді. Компания сервистердің жұмысы біртіндеп қалпына келіп жатқанын хабарлағанымен, кейбір қызметтерде, соның ішінде төлем жүйесінде, мәселелер сақталған.




