Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі онлайн-казинолардың төлемдерін жүргізу үшін трансшекаралық дропперлер желісін ұйымдастырған қылмыстық топтардың әрекеті тоқтатылғанын хабарлады. Тергеу мәліметінше, екі схема бойынша банк карталары арқылы жүргізілген операциялардың жалпы көлемі 10 миллиард теңгеден асқан.
ҚМА мәліметінше, ұйымдастырушылар «дроп-фермалар» құрып, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтарының банк шоттарын пайдаланған.
Қазақстанға келген шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірі, SIM-карта және банк шоттары рәсімделген.
Кейін банк қосымшаларына кірілген ұялы телефондар қаржы операцияларын басқаратын адамдарға берілген.
Ақша аударымдарын жүргізу үшін арнайы P2P платформасы пайдаланылған. Ол онлайн-казино ойыншыларынан төлем қабылдауға, аударымдарды автоматты түрде анықтауға және ұтыстарды төлеуге мүмкіндік берген.
Схемаға қатысушылар өзара есеп айырысу кезінде криптовалютаны да қолданған.
89 банк картасы арқылы 500 миллион теңге айналдырған
Түркістан облысы мен Алматыда Өзбекстанның үш азаматы ұсталды.
ҚМА мәліметінше, олар қазақстандық банктер шығарған 89 картаны пайдаланған. Осы карталар арқылы жүргізілген операциялар көлемі 500 миллион теңгеге жеткен.
Күдіктілерден банк шоттарын басқаруға арналған 20 телефон тәркіленді.
Екінші топтың айналымы 9,8 миллиард теңгеден асқан
Тағы бір трансшекаралық топтың әрекеті Жамбыл облысында тоқтатылды.
Тергеу нұсқасы бойынша, оның мүшелері Тараз бен Алматыда дропперлер желісін ұйымдастырған.
Бұл схемаға Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтары, соның ішінде кәмелетке толмағандар да тартылған.
Тінту кезінде 180 банк картасы, 15 телефон, 26 SIM-карта, 50 мың АҚШ доллары, 27 мың USDT криптовалютасы, төрт автокөлік, сондай-ақ қару-жарақ пен оқ-дәрілер тәркіленді.
Аталған топ пайдаланған банк карталарына түскен қаражат көлемі 9,8 миллиард теңгеден асқан.
Сот бес күдіктіні қамауда ұстауға санкция берді.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Істің өзге мән-жайлары тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.




