Қазақстан пойыздарында спутниктік интернетті пайдалану шарттары өзгереді. Мессенджерлер арқылы мәтіндік хабарлама алмасу тегін қалады. Ал фото, дауыстық хабарлама жіберу, видео көру және басқа интернет-сервистерді пайдалану үшін ақылы пакет қажет болады, деп хабарлайды Sona.kz QR News ақпаратына сілтеме жасап.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Ануар Ахметжановтың айтуынша, сапалы байланыс ұсыну үшін интернет жабдығына қызмет көрсету және оның жұмысын қамтамасыз ету шығындарын өтеу қажет.
Интернет ақысы билетке қосылмайды
Қосымша интернет-пакеттер жол жүру билетінен бөлек сатылады. Оларды сатып алу міндетті болмайды. Жолаушы ақылы қызметті пайдаланбай-ақ, тегін мәтіндік хабарламалар арқылы байланыста қала алады.
Тарифтерді жобаны іске асырып жатқан «Транстелеком» компаниясы белгілейді. Пакеттердің бағасы әзірге жарияланған жоқ.
Әзірге интернет тегін
Қазір жоба сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Осы кезеңде жолаушылар Starlink арқылы интернетті қосымша ақысыз пайдаланып жүр. Жаңа тарифтік жүйеге қарашада көшу жоспарланған, нақты күні нақтылануы тиіс.
Ұсынылған мәліметке сәйкес, спутниктік интернет жабдығы 51 бағыттағы 1500-ден астам вагонға орнатылған. Мұндай байланыс мобильді желі әлсіз немесе мүлде жоқ учаскелерде де интернетке қосылуға мүмкіндік береді.




