Түркияның Измир провинциясындағы HABAŞ Demir Çelik металлургия зауытында болған жарылыстан қаза тапқандар саны 17-ге жетті. Түркияның денсаулық сақтау министрі Кемаль Мемишоғлу ауыр жараланған тағы бір адамның ауруханада көз жұмғанын хабарлады, деп жазады SONA.KZ Report.az агенттігіне сілтеме жасап.
Зауытта не болды?
Жарылыс 9 қарашада жергілікті уақытпен сағат 11:46 шамасында Алиага ауданында болды. Измир губернаторы Сүлейман Элбанның айтуынша, алдын ала дерек бойынша, қазандықты ауыстыру кезінде көпірлі кран құлаған. Оның сынықтары табиғи газ құбырын зақымдап, содан кейін жарылыс болған. Жөндеу кезінде өндіріс тоқтатылғанымен, сол жерде жұмысшылар болған.
Зардап шеккендер туралы не белгілі?
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасына дейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 16 адамның қаза тапқанын және 13 адамның жараланғанын айтқан еді. Ауыр жараланған бір адам көз жұмғаннан кейін түрік БАҚ-тары 17 адам қаза тауып, 12 адам жараланғанын хабарлады. Son Dakika дерегінше, зауыттағы іздестіру-құтқару жұмыстары 9 қараша күні кешке аяқталған.
Тергеу қалай жүріп жатыр?
Түркияның әділет министрі Акын Гюрлек тергеуге төрт прокурор тағайындалғанын хабарлады. Алты күдікті ұсталды. Ердоған жарылыстың себебі мен жұмыс барысында салғырттыққа жол берілген-берілмегені анықталатынын айтты.
Алиага соты прокуратураның өтініші бойынша тергеу аяқталғанша іс мән-жайына қатысты жаңалықтар, сұхбаттар мен пікірлер жариялауға тыйым салды.




