Президент жанындағы топ елдің ұзақ мерзімді даму басымдықтарын талқылайды. Отырыстар айына кемінде бір рет өтеді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 23 қарашада стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптамалық топ туралы өкімге қол қойып, оның құрамын бекітті, деп хабарлайды SONA.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Сараптамалық топ немен айналысады?
Топ Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде жұмыс істейді. Оның міндеті — Қазақстанның ұзақ мерзімді даму басымдықтарын талқылап, елдің алдағы даму бағыттары бойынша сараптамалық ұсыныстар әзірлеу.
Топ мүшелері талдамалық және әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелерін қарайды. Сондай-ақ форсайт-зерттеулерді, яғни елдің болашақта қандай сценарийлер бойынша дамуы мүмкін екенін бағалайтын зерттеулерді талқылайды.
Топты кім басқарады?
Сараптамалық топты Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин басқарады. Оның орынбасарлары болып Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева және Президенттің кеңесшісі, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев бекітілді. Топтың хатшысы — Жандос Шаймарданов.
Топтың жұмысын Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырады. Сарапшылар айына кемінде бір рет бас қосады. Қажет болған жағдайда отырысқа топ құрамына кірмейтін мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, бизнес пен азаматтық қоғамның өкілдері және басқа мамандар шақырылады.




