Қазақстан Үкіметі Астана маңындағы Ұлттық пантеонға жерлеу қағидаларын жаңартты. Тізімге вице-президенттер, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарлары, сондай-ақ Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесінің төрағалары және олардың орынбасарлары енгізілді.
Қаулы 4 қарашада қабылданды. Ол алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.
Тізімде тағы кімдер бар?
Тізімде премьер-министрлер мен министрлер, Парламентте басшылық қызмет атқарған депутаттар, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері де көрсетілген.
Тізімге кірмейтін Қазақстан азаматтары да Президенттің арнайы шешімімен Ұлттық пантеонға жерлене алады.
Жерлеу рәсімін кім ұйымдастырады?
Ulysmedia.kz мәліметінше, жерлеу рәсімін марқұмның жұбайы, жақын туыстары немесе заңды өкілі бастама көтерген жағдайда жергілікті әкімдік ұйымдастырады.
Пантеон қайда орналасқан?
Ұлттық пантеон Астана маңында, Қабанбай батыр кесенесінің жанында орналасқан. Мұнда жазушы Әбіш Кекілбаев, ақын Фариза Оңғарсынова және Мәжілістің бұрынғы төрағасы Орал Мұхамеджанов жерленген.




