6 қазанда Шымкенттегі қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдайды. Көлік компаниялары бұл күні қала көшелеріне мыңнан астам автобус шығаруды жоспарлап отыр. Олар 80 бағыт бойынша қозғалады. Кестеге сай таңғы сағат 7-ден кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмысын жалғастырады. Референдумға байланысты мегаполисте 344 дауыс беру учаскесі жасақталған. Қала тұрғындарының 660 мыңнан астамы дауыс беру құқығаына ие.
Автор: Аяла Тұрсын
-

Алматыда өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін контент бұғатталды
Бас Прокурордың тапсырмасын орындау мақсатында Алматы қаласының прокурорлары күйзелістік контенті бар Telegram-арнасын бұғаттау шараларын қабылдады.
«Тексеру барысында 67 оқырман әкімшіліктен суицидке бағытталған рөлдік командалар алғаны анықталды», — делінген Алматы қаласы прокуратурасының хабарламасында.
2024 жылы 23 қыркүйекте сот, Алмалы ауданы прокурорының деструктивті чатқа тыйым салу туралы талабын қанағаттандырды.
Сот шешімі дереу Мәдениет және ақпарат министрлігіне орындауға жолданды.
Алматы прокуратурасы ата-аналарға интернетті қолдануда жауаптылықпен қараудың маңыздылығын еске салады. Күдікті контент анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
-

Президент блогерлерге қатысты пікір білдірді
Мемлекет басшысы қоғамның әкімдерге қоятын талабы қашанда жоғары екенін жеткізді.
«Бұл – заңды құбылыс. Әкімнің жұмысына сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп, тым артық кететін әсіре белсенділер де бар. Өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды. Жұмысқа кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететіндер бар. Әрине, ауыл, аудан немесе қала тұрғындары болсын, барлығы жайлы өмір сүргісі келеді. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімге де, жергілікті мәслихаттарға да ортақ міндет«, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет екенін ескертті.
«Әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет, сындарлы пікір алмаса білуі керек. Бірақ жұртты дүрліктіріп, шу шығарып, заңды бұзуға жол берілмейді. Ешкім заңнан аттамауға тиіс. Мемлекет мүддесі түрлі популистердің жеке мүддесінен жоғары тұруы қажет. Қоғамның сынынан және батыл шешім қабылдап, жауапкершілік алудан қорықпау керек. Кез келген өзекті мәселеге, соның ішінде ақпараттық шабуылдарға дер кезінде назар аудару қажет. Тағы да қайталап айтамын. Әкімдіктер мен мәслихаттардың міндеті – мемлекеттік саясатты қатаң ұстану, оны ел мүддесіне сай жүзеге асыру. Мәслихат депутаттарының жұмысындағы басым бағыттарға қатысты менің пайымым осындай», — деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, қазір Астанада барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумы өтіп жатыр. Шараға Мемлекет басшысы да қатысты.
-

Президент: Әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет
Мемлекет басшысы қоғамның әкімдерге қоятын талабы қашанда жоғары екенін жеткізді.
«Бұл – заңды құбылыс. Әкімнің жұмысына сын көзбен қарау – демократиялық қоғамға тән қалыпты нәрсе. Бірақ сынағанның жөні осы екен деп, тым артық кететін әсіре белсенділер де бар. Өзін блогер санайтын кейбір адамдар әкімнің әр қадамын аңдуды әдетке айналдырды. Жұмысқа кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететіндер бар. Әрине, ауыл, аудан немесе қала тұрғындары болсын, барлығы жайлы өмір сүргісі келеді. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімге де, жергілікті мәслихаттарға да ортақ міндет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет екенін ескертті.
«Әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет, сындарлы пікір алмаса білуі керек. Бірақ жұртты дүрліктіріп, шу шығарып, заңды бұзуға жол берілмейді. Ешкім заңнан аттамауға тиіс. Мемлекет мүддесі түрлі популистердің жеке мүддесінен жоғары тұруы қажет. Қоғамның сынынан және батыл шешім қабылдап, жауапкершілік алудан қорықпау керек. Кез келген өзекті мәселеге, соның ішінде ақпараттық шабуылдарға дер кезінде назар аудару қажет. Тағы да қайталап айтамын. Әкімдіктер мен мәслихаттардың міндеті – мемлекеттік саясатты қатаң ұстану, оны ел мүддесіне сай жүзеге асыру. Мәслихат депутаттарының жұмысындағы басым бағыттарға қатысты менің пайымым осындай», — деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, қазір Астанада барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумы өтіп жатыр. Шараға Мемлекет басшысы да қатысты.
-

Президент: Бала смартфон пайдаланған кезде қатаң қадағалау қажет
Мемлекет басшысы Депутаттар форумында бала тәрбиесіне қатысты пікір білдірді.
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың ең басты басымдығы. Салалық министрлік болсын, әкімдік немесе құқық қорғау құрылымы болсын, уәкілетті органдардың бәрі өз қызметін мүлтіксіз орындап, жұмысын үйлестіруі керек. Бақытты балалықтың негізі отбасы институты екенін және солай болып қала беретінін түсінген жөн. Біздің қоғам қазір бетпе-бет келген көптеген мәселе мен кеселдің түп-тамыры ата-аналардың бала тәрбиесіне өз деңгейінде араласпауынан басталады. Ұрпақтың цифрлық дүниелерге тәуелді болуы мен виртуалды әлемге шектен тыс құмартуы нағыз дертке айналды», — деді Мемлекет басшысы.
Президент балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдайдың жанына бататынын жеткізді.
«Балаларға қатысты кез келген қайғылы жағдай менің жаныма батады. Мемлекеттік органдардың назарын дереу осындай жағдайларға аударып, тиісті тапсырмалар беріп, орындалуын тұрақты бақылауымда ұстаймын. Сөз жоқ, заманауи технологиялар дамуға даңғыл жол ашады, сондай-ақ өмірімізге айтарлықтай қауіп те төндіреді. Танымал әлеуметтік желілер балаларды ғана емес, үлкендерді де зомбиге айналдыруы мүмкін. Ата-аналар балаларының тәрбиесін мемлекетке немесе мектепке ысыра салмауы керек. Гаджеттердің құрсауында қалдыруға тіпті болмайды. Балаларына цифрлық гигиенаның қарапайым ережелерін үйретуге ата-ана жауапты. Ұл-қыздарымызға көңіл бөлу, бірге уақыт өткізу, оларды алаңдатқан мәселелер жайында әңгімелесу маңызды. Баланың смартфон немесе компьютер пайдаланған кезінде не істеп жатқанын қатаң қадағалау қажет»., -деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, қазір Астанада барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумы өтіп жатыр.
-

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар форумына қатысты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының ІІ республикалық форумына қатысты.
«Баршаңызды мәслихат депутаттарының ІІ республикалық форумының ашылуымен құттықтаймын!
Шын мәнінде, бұл жиынның мән-маңызы айрықша. Депутаттар – өзекті мәселелерді ашық айта білетін, азаматтардың қоғамдағы ой-пікірін атқарушы билікке тікелей жеткізетін қауым. Бір сөзбен айтсақ, депутат болу – халықтың үні болу деген сөз. Мысалы, жаңа ғана сөз сөйлеген азаматтар өте маңызды мәселелерді көтерді. Әсет Махамбетовтің білікті маман ретінде атом энергиясы туралы пікірі өзекті. Сырымбек Сәрсембаев моно-қалаларды дамыту жөнінде жақсы ұсыныстар айтты. Ринат Заитовтың ұлттық өнерді қолдау туралы пайымдары да орынды. Депутаттар Юлия Кучинская және Евгений Буслаев та өте өзекті пікірлерін айтты.

Мәслихат – мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы. Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті назарында болуға тиіс. Сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау – басты парыз. Мен мәслихаттардың қызметіне ерекше мән беремін. Жалпы, елімізде 3300-ден астам мәслихат депутаты бар. Соның 70 пайызына жуығы осы залда отыр»,- деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында.

-

Британиялық сарапшы АЭС-қа қатысты пікір білдірді
Британиялық сарапшылар алдағы 50-100 жылда әлем толығымен таза энергияға бет бұрады дейді. Осы тұрғыда ядролық энергетикаға көшудің маңызы зор деп отыр. Саймон Маршалл — Дүниежүзілік энергетикалық конгрестің өкілі. Штаб пәтері Лондонда орналасқан ұйыммен, 100-ге жуық мемлекет жұмыс істейді. Конгрестің негізгі мақсаты энергетика саласының бүгіні мен болашағын талқылау үшін әлем сарапшыларының басын біріктіру. «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы да конгреспен қоян-қолтық жұмыс істейді. Маршаллдың пікірінше, атом электр станциясын салудың пайдасы көп.
«Әлбетте, АЭС құрылысы кезінде және пайдалануға берілгеннен кейін де жұмыс орындары ашылады. Таза және сенімді энергия көзі энергетикалық тәуелсіздікке жетелейді. Сырттан тасымалданатын қуат көздеріне деген қажеттілікті азайтады. Және ең бастысы — АЭС экологиялық таза энергия береді», — деді Дүниежүзілік энергетикалық конгрестің сату бойынша директоры Саймон Маршалл.
-

Референдумда Өзбекстандағы 600 қазақстандық дауыс береді
Референдумда Өзбекстанда тұратын 600-дей қазақстандық азамат қатысады деген жоспар бар. Олар Ташкенттегі № 399 референдум учаскесіне келіп дауыс бере алады. КСМ Көрші елде, уақытша тұрып жатқан, жұмыс істеп немесе білім алып жүрген жастар, қазақстандық туристер мен іссапарда жүрген азаматтар өз таңдауын жасайды. Өзбекстан астанасындағы Қазақстан елшілігі жанынан құрылған референдум учаскесінде, қазір дайындық жүріп жатыр. Екі дауыс беру кабинасы мен жәшіктер қойылған. Бұл — шет мемлекеттердегі ең ірі сайлау учаскелерінің бірі. Мүмкіндігі шектеулі жандардың таңдау жасауына да жағдай бар, ол үшін жылжымалы жәшіктерді жеткізетін топтар жасақталды.
-

Қазақстандық полицейлер күшейтілген режимге көшті
Полиция қызметі күшейтілген режимге ауыстырылды. Бұл шешім Республикалық референдумның өткізілуіне байланысты қабылданып отыр. Ішкі істер министрлігі науқан кезінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамсыз етеді. Дауыс беруге арналған учаскелерге комиссиялық тексерулер жүргізілетін болады. Олардың техникалық сипаттарға және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі, терроризмге қарсы қорғалуы қаралады.
-

189 адам «Хелен» дауылынан қаза тапты
АҚШ президенті Джо Байден мен вице-президент Камала Харрис «Хелен» дауылынан зардап шеккен аймақтарға аттанды. Соңғы мәліметке қарағанда, жауындатып соққан сұрапыл желден қаза тапқандар саны 189-ға жеткен. Сонымен қатар, бес штатта 1 миллиондай үй мен кәсіпорын жарықсыз отыр. Бұған қоса, Оңтүстік және Солтүстік Каролина, Джорджия, Флорида, Теннесси штаттарында сан мың үй қирап, көпірлер мен жолдар, құбырлап бұзылып, жүздеген мың тұрғын ауыз сусыз қалды. Қазір апат жайлаған аудандарда іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр.
«Ассоушиэйтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, кейінгі күндері Атлант мұхитында «Кирк», «Лесли» атты дауылдар күшейіп келеді. Дегенмен, олардан төнген қауіп жөнінде әзірге ескерту жасалмай отыр.
