Рубрика: Әлем жаңалықтары

  • Гүлнәр Каримованың 182 млн доллар активі Өзбекстанға қайтарылады

    Гүлнәр Каримованың 182 млн доллар активі Өзбекстанға қайтарылады

    6 ақпанда Ташкентте Өзбекстанның әділет министрі Акбар Ташкулов пен Швейцарияның Өзбекстандағы және өкілетті елшісі Константин Оболенский «Тәркіленген мүлікті бөлу туралы келісімге» қол қойды, деп хабарлайды Өзбекстан әділет министрлігі.

    «Келісім аясында Өзбекстанға шамамен $182 млн қаражат қайтарылады. Бұл қаражатты Өзбекстан Республикасының кейбір азаматтары заңсыз иемденген және олар 2012 жылы Швейцария бас прокуратурасы Г.Кәрімоваға қарсы қозғалған қылмыстық істің аясында толығымен тәркіленген», — делінген хабарламада.

    Қаражат Біріккен Ұлттар Ұйымының Uzbekistan Vision 2030 көп серіктестік траст қоры арқылы қайтарылады.

    Айта кетейік, бұдан бұрын, 2022 жылдың 16 тамызында Швейцарияның Берн қаласында Өзбекстан Республикасы мен Швейцария Конфедерациясы арасында «Швейцария Конфедерациясының аумағында тәркіленген заңсыз алынған мүлікті Өзбекстан Республикасы халқының мүдделері үшін қайтару әдістері туралы келісімге» қол қойылған болатын. Бұл келісім БҰҰ-ның Uzbekistan Vision 2030 деп аталатын көп серіктестік траст қоры арқылы заңсыз алынған активтерді Өзбекстанға қайтару механизмін, сондай-ақ негізгі қағидаттар мен мақсаттарды белгілейді.

    Осы жұмыс аясында 2022 жылдың тамызында қол қойылған бірінші келісім Өзбекстанға шамамен 131 миллион доллар қайтаруды көздейді. Жаңа келісімге қол қойылғаннан кейін Өзбекстан халқының игілігіне қайтарылған қаражаттың жалпы көлемі 313 миллион долларға жетеді.

  • Қырғызстан экс-министрі мен оның ұлы 8 жылға сотталды

    Қырғызстан экс-министрі мен оның ұлы 8 жылға сотталды

    Қырғызстан Республикасының бұрынғы табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрі Динара Құтманова мен оның ұлы Кемелбек Құтманов 8 жылға сотталды.

    Бішкек қаласының Первомай аудандық сотының үкімі бойынша Динара Құтманова Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Қызмет бабын асыра пайдалану» бабы бойынша кінәлі деп танылып, оның мүлкі тәркіленіп, үш жыл мерзімге дейін мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылып, сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.

    Оның ұлы Кемелбек Құтманов аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, үш жыл мерзімге жеке кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салынып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

    Екеуі де табиғи ресурстар, экология және техникалық қадағалау министрлігінде қызмет атқара отырып, Қырғызстандағы ең ірі «Құмтор» кен орнын игеруден түскен қаражатты заңсыз пайдаланған.

    2023 жылдың жазында анасы мен ұлының 2021 жылдан бастап жыл сайын 3 млн 700 мың доллар шамасында қаражат жымқырып келгені анықталды. Бұл ретте, Қырғызстанның есеп палатасының қорытындысына сәйкес министрлік 720 млн сомды мақсатсыз пайдаланған. Ал  мемлекетке келтірілген залал 192 млн сомды құрады.

    Экс-министр 2023 жылдың шілдесінде ұсталды. Ол министр қызметін 2021 жылдың қазанынан 2023 жылдың наурызына дейін атқарды. Ал ұлы – Кемел Құтмановқа халықаралық іздеу жарияланды. Күдікті Түркияда ұсталып, 2023 жылдың қазан айында Қырғызстанға экстрадицияланды.

     

  • Трамп трансгендерлерге әйелдер спортына қатысуға тыйым салды

    Трамп трансгендерлерге әйелдер спортына қатысуға тыйым салды

    АҚШ президенті Дональд Трамп трансгендер спортшыларға әйелдер сайысына қатысуға тыйым салатын жарлыққа қол қойды.

    Бұған дейін ол заңнамалық деңгейде тек екі жынысты бекіткен еді. Ол «әйелдер спорты тек әйелдерге арналады» деп атап өткен жарлықта.

    Трамп қол қойған құжатқа сәйкес, трансгендерлерге әйелдер сайысына қатысуға мүмкіндік беретін мектептер мен университеттерге мемлекет қаржы бөлмейді.

    Трамп бұл талапты 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына енгізбек. «2028 жылы Лос-Анджелесте менің әкімшілігім әйел спортшыларды еркектердің ұрып-соғып жатқанына қарап отыра алмайды», – дейді Трамп.

    Трамп және оның әкімшілігі «өзін спортшы ретінде көрсете отырып, Америка Құрама Штаттарына алаяқтық жолмен кіруге тырысатын ер адамдардан барлық визалық өтініштерді қабылдамауға» ниетті екенін айтты.

    Айта кету керек, трансгендерлерге қарсы жарлыққа Трамп қызметке кіріскеннен кейін бірден 20 қаңтарда қол қойды.

    Құжатқа сәйкес, АҚШ билігі адамның туған кездегі жынысын ғана таниды, трансгендер әйелдерді ерлер түрмелеріне жібереді, ал мемлекеттік мекемелердегі трансгендер қызметкерлер туған кездегі жынысына қарай дәретханаларды пайдалануы керек.

    Ал спортшылар «Бұл жарлық әйелдер спортындағы соғысты аяқтайды», – деді.

  • «Грэмми-2025» сыйлығының жеңімпаздары белгілі болды

    «Грэмми-2025» сыйлығының жеңімпаздары белгілі болды

      Лос-Анджелесте «Грэмми» сыйлығымен марапаттаудың 67-ші рәсімі өтті. Сыйлықтар 94 номинация бойынша табыс етілді.

    Әнші Бейонсе «үздік альбом» жүлдесін жеңіп алды. Ол негізгі номинация бойынша төрт рет ұсынылса да, бұған дейін жеңіске жете алмаған еді.

    2025 жылғы «Грэмми» сыйлығы жеңімпаздарының тізімі:

    Жыл альбомы:

    Бейонсе – Cowboy Carter

    Жыл жазбасы:

    Кендрик Ламар – Not Like Us

    Жыл әні:

    Кендрик Ламар – Not Like Us

    Үздік жаңа орындаушы:

    Чаппелл Рон

    Үздік жеке поп-орындау:

    Сабрина Карпентер – Espresso

    Үздік вокалдық поп-альбом:

    Сабрина Карпентер – Short n’ Sweet

    Дуэт немесе топтың үздік поп-орындауы: 

    Леди Гага мен Бруно Марс – Die With A Smile

    Үздік рэп альбом:

    Alligator Bites Never Heal – Doechii

    Үздік рэп орындау: 

    Кендрик Ламар – Not Like Us

    Үздік кантри-альбом: 

    Бейонсе – Cowboy Carter

    Үздік жеке кантри-орындау: 

    Крис Степлтон – It Takes a Woman

    Үздік рок альбом:

    Rolling Stones — Hackney Diamonds

    Үздік рок орындау:

    The Beatles – Now and Then

    Үздік R&B альбомы: 

    Крис Браун – 11:11 (Deluхe)

    Ең жақсы R&B әні: 

    SZA – Saturn

  • Екі қазақстандық полицейлерден 2500 доллар бопсалады деген күдікке ілінді

    Екі қазақстандық полицейлерден 2500 доллар бопсалады деген күдікке ілінді

    Қырғызстанның ІІМ Ішкі тергеу қызметі мен Шу облысы ІІД қызметкерлері ақша бопсалағаны үшін екі шетелдік азаматты ұстады, деп хабарлайды «АКИpress» порталы.

    1 ақпанда Қазақстан азаматтары әлеуметтік желілерде компроматтық видео жариялаймыз деп қорқытып, Шу облысының жол полициясы басқармасының қызметкерлерінен 2500 АҚШ долларын талап еткені туралы ақпарат түскен.

    Аталған факті бойынша Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 208-бабы (бопсалау) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

    «Тергеу барысында Сокулук ауданы, Военно-Антоновка ауылында қызмет атқарған полицияның жедел уәкілі А.Н. мен полиция аға сержанты М.Б. Mercedes-Benz автокөлігін тоқтатқаны анықталды. Оны Қазақстан азаматы, жүргізуші куәлігі жоқ Б.А. басқарған, ішінде А.Р. де болған. 

    Көлікті айып тұрағына сүйреп апара жатқанда, екі азамат патрульдік көліктің жәшігіне 6000 сом тастап, ақша жатқанын бейнежазбаға түсірген. Кейін осы видеоны пайдаланып, полицейлерден 2500 доллар талап еткені анықталды. Полиция 1990 жылы туған Б.А. мен 1984 жылы туған А.Р.-ды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады», – делінген хабарламада.

    Тінту кезінде күдіктілерден таңбаланған ақшалай қаражат тәркіленді, ал істі толық анықтау үшін сот-медициналық сараптамалар тағайындалды.
    Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда.

  • Израиль 110 палестиналық тұтқынды босатты

    Израиль 110 палестиналық тұтқынды босатты

    ХАМАС пен Израиль арасындағы тұтқындармен алмасудың үшінші кезеңінде босатылған палестиналық тұтқындармен бірге Қызыл Крест колоннасы Израильдің Офер түрмесінен кетті, деп хабарлайды «Анадолу».

    Агенттік Израиль Газадағы 3 израильдік тұтқынды, оның ішінде бір әскери тұтқынды босату үшін 110 палестиналықты босатты деп хабарлады. Колонна оккупацияланған Батыс жағалаудағы Офер әскери түрмесінен шығып, Рамаллаға бет алды.

    «Палестиналық тұтқындар Рамалла муниципалитетіне тиесілі мекемеде медициналық тексеруден өтеді» делінген хабарламада.

    Айта кетейік, атысты тоқтату туралы келісім жасалғаннан кейін ХАМАС барлығы 7 кепілге алынған әйелді босатты, алдымен үш, кейінірек тағы төрт әскери әйел қызметші жақындарымен қауышты.

    Террористердің кепілге алған 33 адамды босатуы үшін Израиль 1900-ге жуық палестиналықты, соның ішінде ауыр қылмыстары үшін сотталғандарды босатуға уәде берді.

  • АҚШ-тағы ұшақ апаты: 18 адамның денесі табылды

    АҚШ-тағы ұшақ апаты: 18 адамның денесі табылды

    Вашингтондағы Рональд Рейган әуежайына жақын маңда American Airlines авиакомпаниясының лайнері мен әскери тікұшақ соқтығысып, екеуі де Потомак өзеніне құлап түскен.

    Ұшақта 60 жолаушы, 4 экипаж мүшесі, ал тікұшақта 3 әскери қызметкер бары айтылды. Қазіргі уақытта өзеннен 18 адамның денесі табылды, тірі қалғандар туралы ақпарат жоқ, – деп хабарлайды ВВС.

    АҚШ-тың Федералды авиация басқармасы (FAA) Bombardier CRJ700 ұшағы Канзас штатындағы Вичита қаласынан Вашингтонға тұрақты түрде рейс жасағанын хабарлады. Ұшақ Black Hawk (Sikorsky H-60) әскери тікұшағымен соқтығысқан. Тікұшақ бортында АҚШ армиясының үш қызметкері болды.

    Пентагонның мәлімдеуінше, әскери тікұшақ Вирджиния штатындағы Форт-Белвуар базасынан ұшып шыққан. Ол әуеде оқу-жаттығу қимылдарын жасап жүрген екен.

  • Сирияның уақытша президенті жарияланды

    Сирияның уақытша президенті жарияланды

    Сирияның қазіргі көшбасшысы әрі «Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) тобының басшысы Ахмет әл-Шара ресми түрде өтпелі кезеңде ел президенті болып тағайындалды, деп хабарлайды Сирияның мемлекеттік БАҚ.

    Сириядағы билікті басып алған «Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) исламистік тобының жетекшісі әрі уақытша үкіметтің басшысы Ахмет әл-Шара, сондай-ақ Мұхаммед әл-Джулани осы елдің президенті деп жарияланды.

    Әл-Шара Сирияның атынан шетелде сөз сөйлейді. Сирия президенті міндетін атқарып, халықаралық форумдарға шығады. Әл-Шараның айтуынша, «өтпелі кезеңнен» кейін сайлау өткізіліп, Сирияның тұрақты үкіметі құрылады. Ал «Өтпелі кезеңнің» қанша уақытқа созылатыны белгісіз.

    Сонымен қатар, Әл-Шара жаңа конституция қабылданғанға дейін әрекет ететін уақытша заң шығару кеңесін құруға кіріседі.

     

  • АҚШ 369 қазақстандықты депортациялайды

    АҚШ 369 қазақстандықты депортациялайды

    АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі елден 1,44 миллион адамды депортациялауды жоспарлап отыр. Бұл туралы елдің көші-қон және кеден қызметі  (ICE) жариялаған мәліметтерден белгілі болды.

    Тізімде Гондурас (261 651), Гватемала (253 413), Мексика (252 044) және Сальвадор (203 822) елдерінің азаматтары көп.

    Депортацияға 369 қазақстандық та ілінген. Сонымен қатар өз елдеріне 319 қырғызстандық, 975 өзбекстандық, 149 тәжікстандық және 40 түркменстандық депортацияланбақ.

    «Егер азаматтар визасының мерзімі аяқталғаннан кейін елде қалса, ол заңсыз иммигрант болып есептелінеді және депортацияға ұшырайды», –деп хабарлады Ақ үй.

    Айта кету керек, АҚШ-та ресми 25 мың қазақстандық бар.

     

  • Тоқаев жетінші рет президент болған Лукашенконы құттықтады

    Тоқаев жетінші рет президент болған Лукашенконы құттықтады

    Беларусьте өткен сайлау нәтижесі бойынша қазіргі президент Александр Лукашенко 87,6% дауыспен жеңіске жетті.

    Бұл деректер Беларусь жастар ұйымы комитетінің экзит-полл нәтижесінен алынған. Сайлауда 5 үміткер қатысқан. Либералды-демократиялық партияның жетекшісі Олег Гайдукевичке тек 1,8% сайлаушы дауыс берген, Анна Канопацкаяға – 1,6%, ал Лукашенкоға 87,6% дауыс берілген. Сергей Сыранков 2,7% дауыспен, Александр Хижняк 1,2% дауыспен, «бәріне қарсы» дегендер 5,1% көрсеткішке ие болды.

    Сауалнама 320 сайлау учаскеде жүргізілген және оған 11 948 адам қатысқан. Сайлау нәтижелері бойынша алдын ала мәлімет Орталық сайлау комиссиясы 27 қаңтар күні түнде жариялайтынын мәлімдеді. Беларусь Орталық сайлау комиссиясы сайлауға халықтың 85,7% қатысқанын жеткізді.

    70 жастағы Александр Лукашенко бұл сайлауды өзі президент болып отырып, жетінші рет өткізуде. Ол 1994 жылдан бері елді басқарып келеді.

    Ақорданың хабарлауынща, Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесіп, Беларусь президенті сайлауындағы жеңісімен құттықтаған. Тараптар екіжақты күн тәртібінің, сондай-ақ өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылаған.