Рубрика: Әлем жаңалықтары

  • АҚШ TikTok-ты Oracle компаниясына беруі мүмкін

    АҚШ TikTok-ты Oracle компаниясына беруі мүмкін

    Бұл туралы NPR сайтыхабарлаған. Ықтимал инвесторлар арасында Microsoft да бар. Егер бұл жүзеге асса, TikTok акцияларының бақылау пакеті америкалық екі компанияға өтеді.

    Басылымның дереккөздері дегенмен TikTok-қа иелік ететін қытайлық ByteDance компаниясы миноритарлық үлесін сақтап қалатынын айтты. Бұл ретте қосымшаның алгоритмдері, дерек жинау және бағдарламалық жаңартулары Oracle бақылауына өтпек.

    2024 жылдың көктемінде АҚШ-тың өкілдер палатасы TikTok ByteDance иелігінде қалатын болса, оған тыйым салуға мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдаған. Конгресс аталған қосымшаны ұлттық қауіпсіздікке қатер деп қарастырады, өйткені Қытай үкіметі ByteDance-ті америкалық пайдаланушылардың деректерін беруге мәжбүрлеуі мүмкін деп санайды.

    АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден заңға былтыр сәуірде қол қойды, ал биыл қаңтарда Дональд Трамптың инаугурациясына бірнеше күн қалғанда АҚШ Жоғарғы соты заңды бекітті. Құжат 19 қаңтарда күшіне енді.

    20 қаңтарда, инаугурация күні Трамп бас прокурорға заңның орындалуын 75 күнге кейінге қалдыру туралы бұйрық шығарды. Осы уақыт ішінде президент әкімшілігі TikTok-ты бұғаттамай, ұлттық қауіпсіздікті қорғайтын жаңа тәсілді әзірлеп үлгеруі керек.

    Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Қытай билігі TikTok бақылауын америкалық миллиардер Илон Маскқа беруді қарастырған, бірақ қосымша өкілдері бұдан үзілді-кесілді бас тартқан.

  • Трамп: Ресеймен қақтығысқа Зеленскийді кінәлі

    Трамп: Ресеймен қақтығысқа Зеленскийді кінәлі

    «Ресей мен Украинаның соғысын 24 сағаттың ішінде тоқтатамын» деп бірнеше рет мәлімдеген Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленский келісімге келуге дайын екенін айтты.

    Алайда, Трамп Ресеймен қақтығысқа Зеленскийді кінәләді.

    Ол (Зеленский) бұл соғысты болдырмауы керек еді. Зеленский – періште емес. Ол әлдеқайда үлкен, әлдеқайда алып, күшті құрылыммен күресіп жүр. Ол бұған жол бермеуі керек еді, себебі келісімге келуге болатын, – дейді АҚШ президенті Fox News телеарнасына берген сұхбатында. 

    Еске салайық, бұған дейін Трамп Путинге арнап пост жариялаған болатын. АҚШ президенті Дональд Трамп Украинамен соғысты тоқтату туралы келісім жасалмаса, Ресейге жаңа санкциялар мен сауда баждарын енгізетінін мәлімдеген. Бұл туралы ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.

    Егер біз «мәміле» жасаспасақ жақын арада Ресейдің Америка Құрама Штаттарына және басқа елдерге сататын барлық тауарына жоғары салықтар, баждар мен санкциялар салудан басқа амалым қалмайды. Мен президент болсам, ешқашан басталмауы тиіс болған осы соғысты аяқтайық! Біз мұны оңай немесе қиын жолмен жасай аламыз, бірақ оңай жолы қашан да жақсырақ. «Мәміле жасасар» уақыт келді, – деді АҚШ президенті.   

  • Түркияда тағы да жер сілкінді

    Түркияда тағы да жер сілкінді

    Еуропалық Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы эпицентрі Маниса қаласынан солтүстік-батысқа қарай 135 км жерде орналасқан, 243 мың адам тұратын елді мекенде 5 балдық жерасты дүмпулері болғанын анықтады.

    Жер сілкінісінің ошағы 10 шақырым тереңдікте жатыр. Зардап шеккендер мен ғимараттың қирауы жайлы ақпарат болған жоқ.

    AFAD төтенше жағдайлар басқармасы, сонымен қатар жер сілкінісі Чанаккале провинциясына жақын жерде 23:38-де тіркелгенін хабарлады, ошақ Түркия жағалауынан 7 км қашықтықта Эгей теңізінде 8,65 км тереңдікте орналасыпты.

    Жер сілкінісі көрші провинцияларда да сезілген. Басқарманың хабарлауынша, қазіргі уақытта жағымсыз әсерлер тіркелген жоқ. Қызметкерлері мен жергілікті билік тексеруді жалғастырып жатыр.

    Айта кетейік, 2023 жылдың 6 ақпанында Түркияның Кахраманмараш провинциясының Пазарджик аймағында магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі тіркелген еді.

  • 97-ші «Оскар» сыйлығының иегерлері анықталды

    97-ші «Оскар» сыйлығының иегерлері анықталды

    23 қаңтар Америка киноакадемиясы 97-ші «Оскар» сыйлығының номинанттарын жария етті. Биылғы жылдың басты фавориті ретінде француз режиссері Жак Одиардың «Эмилия Перес» атты криминалдық комедиясы көш бастап тұр. Фильм бірден 13 номинацияға ұсынылған.

    Сонымен қатар «Бруталист», «Анора» және «Дюна 2» секілді көрнекті картиналар мен Деми Мур, Киран Калкин және Тимоти Шаламе секілді атақты актерлер де кино саласындағы ең беделді сыйлық үшін таласады.

    «Үздік фильм» номинациясы бойынша ұсынылған фильмдер:

    • «Анора» (реж. Шон Бейкер)
    • «Бруталист» (реж. Брэйди Корбет)
    • «Эмилия Перес» (реж. Жак Одиар)
    • «Конклав» (реж. Эдвард Бергер)
    • «Никому не известный» (реж. Джеймс Мэнголд)
    • «Дюна: Екінші бөлім» (реж. Дени Вильнев)
    • «Мен әлі осындамын» (реж. Вальтер Саллес)
    • «Субстанция» (реж. Корали Фаржа)
    • «Зұлым: Батыс ведьмасының хикаясы» (реж. Джон Чу)
    • «Никель ұлдары» (реж. РаМелл Росс).

    «Үздік режиссер» номинациясының үміткерлері:

    • Шон Бейкер («Анора»)
    • Брэйди Корбет («Бруталист»)
    • Корали Фаржа («Субстанция»)
    • Жак Одиар («Эмилия Перес»)
    • Джеймс Мэнголд («Никому не известный»).

    «Үздік әйел рөлі» номинациясы бойынша:

    • Деми Мур («Субстанция»)
    • Майки Мэдисон («Анора»)
    • Карла София Гаскон («Эмилия Перес»)
    • Синтия Эриво («Зұлым: Батыс ведьмасының хикаясы»)
    • Фернанда Торрес («Мен әлі осындамын»).

    «Үздік ер рөлі» номинациясының үміткерлері:

    • Эдриен Броуди («Бруталист»)
    • Рэйф Файнс («Конклав»)
    • Тимоти Шаламе («Никому не известный»)
    • Колман Доминго («Синг-Синг»)
    • Себастьян Стэн («Оқушы: Трамптың көтерілуі»).

    «Үздік анимациялық фильм» номинациясы бойынша:

    • «Поток» (Латвия)
    • «Дикий робот»
    • «Ойжұмбақ 2»
    • «Уоллес және Громит: Құстар кегі»
    • «Улитканың мемуарлары».

    Айта кетейік, үміткерлер ертерек жариялануы керек еді, бірақ Лос-Анджелестегі орман өртіне байланысты кейінге қалдырылған еді.

  • Қырғызстанда екі қар көшкіні жүрді

    Қырғызстанда екі қар көшкіні жүрді

    Өткен түні Төө-Ашуу асуында жүрген екі қар көшкіні алты жеңіл көлік пен бір шағын автобусты басып қалды.

    Қырғыз Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Бообек Әжікеевтің айтуынша, жолаушылар көлігінің бірін толығымен қар басып қалған, құтқарушылар одан 4 адамды алып шықты. Зардап шеккендердің арасында есінен танған әйел бар. Ол дереу ауруханаға жеткізілді.

    Қырғызстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметінше, қар көшкіні болған Бішкек-Ош тасжолының 132-ші шақырымында жолды тазалау жұмыстары жүргізілді. Жергілікті уақыт бойынша сағат 22:10–да «Сосновка» көліктік бақылау бекетінде жолаушылар көлігінің өтуіне қойылған шектеу алынды.

     

     

  • Қырғызстанның астанасын көшіру ұсынылды

    Қырғызстанның астанасын көшіру ұсынылды

       «Мен астанамызды басқа жерге көшіруді ұсынамын. Бұл мәселені қарастыру керек. Ыстықкөл облысында Асман қаласы салынып, оған 10 миллиард сом инвестиция тартылып жатыр. Темір жолды елорданың сыртына жылжыту үшін 550 миллион доллар, ал айналма жол салу үшін 1 миллиард доллардан астам қаражат қажет. Егер астананы көшіріп, министрлер кабинетін қала сыртына көшірсе, кептеліс мәселесі шешіледі», – деді депутат Бақытбек Марипов.

    Бұған дейін Бішкектегі кептеліс мәселесін шешу үшін депутат Эльмурза Сатыбалдиев елорда әкімдігіне оң рульді көліктерге кіруге тыйым салуды ұсынған болатын. Сондай-ақ, ел парламенті  Бішкектегі шығарындыларды азайту үшін Қазақстаннан көмір сатып алуды да қарастырып жатыр.

     

  • АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығады

    АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығады

    АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығу туралы жарлыққа қол қойды.

    Ақ үй жариялаған құжатта бұл Д.Трамптың ДДҰ-дан шығу үшін жасаған екінші қадамы екені айтылған. Алғашында 2020 жылы шықпақшы болған, бірақ президенттік сайлауда демократ Джозеф Байден жеңіске жетіп, бастама аяқсыз қалған еді.

    Д.Трамптың бұл шешіміне ДДҰ ұйымын реформалау жүргізілмегені және АҚШ-тан өзге елдермен салыстырғанда көп қаржы талап етілетіні себеп болып отыр.

  • Трамп 2021 жылы Конгреске шабуылға қатысқан 1,5 мың адамға кешірім берді

    Трамп 2021 жылы Конгреске шабуылға қатысқан 1,5 мың адамға кешірім берді

    АҚШ президенті қызметіне кіріскен Дональд Трамп 2021 жылғы 6 қаңтарда Вашингтондағы Конгресс ғимаратына демонстранттар шабуыл жасағанда наразылыққа қатысқан 1500-ден астам адамға кешірім беріп, жазасын жеңілдетті.

    Олар Джо Байден жеңімпаз деп танылған 2020 жылғы президент сайлауының қорытындысын растауға кедергі жасамақ болған. Бұл – Трамптың президент қызметіне кірісе сала қол қойған алғашқы жарлықтарының бірі.

    Конгреске шабуыл оқиғасына қатысқан Proud Boys және Oath Keepers деп аталатын оңшыл радикал топтарға мүше 14 адамның жазасы жеңілдетілді, олар бүлік шығарды деп сотталған еді. Баспасөздің хабарлауынша, олар жақын арада қамаудан босатылмақ. Трамп кешірім жариялаған басқа сотталған адамдардың көбі құқық қорғау органдары өкілдеріне күш көрсетті я Конгресс аумағына заңсыз басып кірді деп айыпталып, түрмеге жабылған еді. Президент жарлығында «2021 жылғы 6 қаңтарда АҚШ Капитолийінде немесе оған жақын жерде болған оқиғалар кезінде заң бұзғаны үшін сотталғандардың бәріне толық және сөзсіз кешірім жасау» жөнінде айтылған.

    «Бұл адамдардың бәрі бүгін кешке босатылады деп үміттенемін», – деді президент Трамп тиісті жарлығына қол қойған кезде.

    Төрт жыл бұрын өкілдер палатасының спикері болған Нэнси Пелоси президенттің бұл шешімін «әділет жүйесін қорлау» деп атады.

    Капитолийдегі оқиғадан кейін 1500-ден астам адам қылмыстық жауапқа тартылған, кемінде 1100 адам сотталып, 600-ге жуығы бас еркіндігінен айырылған. Трамп жарлыққа қол қойғанда сол оқиғаға байланысты сотталғандардан аз ғана адам қамауда отырған еді.

  • Дональд Трампты ұлықтау рәсімі өтіп жатыр

    Дональд Трампты ұлықтау рәсімі өтіп жатыр

    Дональд Трамп Капитолийге АҚШ-тың Президенті ретінде ант беруге келді.

    Салтанатты іс-шара бүгін Астана уақыты бойынша кешкі 22:00-де басталды.

    АҚШ-тың 47-президентінің ант беруі жабық ғимаратта — Капитолий Ротондасында өтуде. Бұған аяз себеп. Күн райы болжамы бойынша бүгін Вашингтонда минус 7 градус суық. Ұлықтау рәсімі жабық ғимаратта тарихта екінші рет өткелі отыр. 40 жыл бұрын президент Рональд Рейган жабық жерде ант қабылдаған болатын. Трамп жақтастары «Кәпитал Уан Арена» кешеніндегі экрандардан тамашалай алады деген. Оған 20 мың адам сыяды. Ал ұлықтау рәсімін тамашалауға 200 мың адам жиналды.

    Іс-шара экс-президенттер мен Капитолий ротондасының жоғары лауазымды тұлғаларының салтанатты сәлемдесуінен басталды.

    Америкалық тенор аталып кеткен опера әншісі Кристофер Маччио «О, Америка!» ән шырқады.

     

  • TikTok АҚШ аумағында қызметін тоқтатты

    TikTok АҚШ аумағында қызметін тоқтатты

    Белгілі болғандай, 19 қаңтар күні TikTok АҚШ-тық қолданушыларға: «Кешіріңіз, TikTok-ты қазір пайдалану мүмкін емес. Америка Құрама Штаттары TikTok-ты пайдалануға тыйым салатын заң қабылдады. Өкінішке қарай, бұл қазірше TikTok-ты қолдана алмайтыныңызды білдіреді. Бірақ жақсы жаңалық та бар: Президент қызметіне кірісуге дайын отырған Дональд Трамп TikTok-ты қайта қолданысқа енгізудің жолын табу үшін бізбен бірге жұмыс істейтінін мәлімдеді. Жаңалықтарды бақылап отырыңыз!», – деген хабарлама жіберген.

    Қытайлық БАҚ-тардың жазуынша, TikTok -тың иесі – ByteDance компаниясына тиесілі CapCut, Lemon8, Gauth және Hypic қосымшаларының да АҚШ-тық қолданушыларға қызмет көрсетуді уақытша тоқтатқаны туралы хабарлама жіберілген.

    17 қаңтар күні АҚШ-тың Жоғарғы соты «TikTok-қа тыйым салу» туралы заңды қолдауға шешім шығарды. Бұл аталған заңның 19-шы қаңтарда күшке енуіне рұқсат берілгенін білдіреді. Жоғарғы сот шешім қабылдағаннан кейін Байден үкіметі мәлімдеме жасап, «TikTok АҚШ-тықтар үшін қолжетімді болуға тиіс», бірақ оның меншік құқығы АҚШ-қа немесе АҚШ-тың көңілі толатын басқа бір тарапқа тиесілі болуы керек деп атап көрсетті.

    – Уақыттың тығыздығына байланысты, заңды іске асыру міндеті келесі үкіметтің мойнына жүктеледі, – делінген тиісті хабарламада.

    Дональд Трамп 18 қаңтар күні журналистермен жүздескенде президенттік қызметке кіріскеннен кейін TikTok-қа қатысты тыйымның орындалуын 90 күнге кейінге шегеруі мүмкін екенін айтты.

    2024 жылғы сәуірде АҚШ Президенті Джо Байден Конгрестің екі палатасы бірдей мақұлдаған заң жобасына қол қойды. Осы заңға сәйкес, ByteDance компаниясы 270 күн ішінде TikTok-ты қытайлық емес компанияға сатуға міндетті. Олай болмағанда, TikTok қосымшасы 2025 жылдың 19 қаңтарынан кейін АҚШ-та шектеледі.