Рубрика: Әлем жаңалықтары

  • Путин Әлиевтен ұшақ апатына байланысты кешірім сұрады

    Путин Әлиевтен ұшақ апатына байланысты кешірім сұрады

    Креммльдің мәлімдеуінше, Ресей тарапының бастамасымен Владимир Путин мен Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев телефон арқылы сөйлесті.

    Владимир Путин қайғылы оқиғаның Ресей әуе кеңістігінде орын алғаны үшін кешірім сұрап, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

    Қоңырау барысында Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты мәселелер талқыланды.

    «Кесте бойынша Әзірбайжанның жолаушылар ұшағы Грозный әуежайына бірнеше рет қонуға әрекеттенді. Бұл кезде Грозный, Моздок және Владикавказға украиналық жауынгерлік пилотсыз ұшу аппараттары шабуыл жасаған, ал ресейлік әуе қорғанысы бұл шабуылдарға тойтарыс берді», — деп хабарлады Ресей СІМ.

    Ресейдің Тергеу комитеті ҚК 263-бабы (Әуе көлігін пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады. Бастапқы тергеу әрекеттері жүргізіліп, азаматтық және әскери мамандардан жауап алынуда.

    Әзірбайжан Бас прокуратурасының екі қызметкері Грозныйда жүргені, олар Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы мен Тергеу комитетінің өкілдерімен бірге жұмыс істеп жатқаны хабарланды.

  • AZAL Ресейдің 7 қаласына рейстерді тоқтатты

    AZAL Ресейдің 7 қаласына рейстерді тоқтатты

    Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 ұшағының апатын алдын ала тергеу нәтижелерін және ұшу қауіпсіздігіне ықтимал қауіптерді ескере отырып, Әзірбайжан Мемлекеттік азаматтық авиация агенттігінің шешімі негізінде Бакуден келесі бағыттарға рейстерді тоқтатады. Ресейдегі әуежайлар 2024 жылдың 28 желтоқсанынан бастап соңғы тергеу аяқталғанға дейін:

    • Минералды су
    • Сочи
    • Волгоград
    • Уфа
    • Самара
    • Грозный
    • Махачкала

    Айта кетейік, 25 желтоқсанда AZAL Бакуден Грозный мен Махачкалаға рейстерді тоқтату туралы шешім қабылдаған болатын. Қауіпсіздік мақсатында басқа әуе компанияларының да осы бағыттарға рейстерін тоқтату туралы шешім қабылданды.

    Ағымдағы жағдайға байланысты осы бағыттарға билеті бар жолаушылар билетті толық қайтаруға немесе тегін қайта билет алуға құқылы.

    Бұл ретте әуе компаниясы ұшу қауіпсіздігінің барлық талаптары мен ережелерін сақтай отырып, Мәскеу, Санкт-Петербург, Екатеринбург, Астрахань, Қазан және Новосибирск қалаларына ұшуды жалғастырады.

  • Әзербайжанның тағы бір ұшағы Бакуге шұғыл түрде қонды

    Әзербайжанның тағы бір ұшағы Бакуге шұғыл түрде қонды

    Ресейдің Минеральные Воды қаласына ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының ұшағы шұғыл түрде Бакуге қайтып келді.

    Azerbaijan Airlines компаниясы бұл шешім Махачкала үстіндегі әуе кеңістігінің жабылғаны туралы NOTAM хабарламасын алғаннан кейін қабылданғанын мәлімдеді.

  • Үндістанның бұрынғы премьер-министрі Манмохан Сингх қайтыс болды

    Үндістанның бұрынғы премьер-министрі Манмохан Сингх қайтыс болды

    Манмохан Сингх Үндістанның ең жылдам дамып келе жатқан державалардың біріне айналуына мүмкіндік берген либералды экономикалық реформалардың сәулетшісі болып саналады.

    Үндістан 1990 жылдардың басында банкроттық алдында тұрды. Манмохан Сингх салықты төмендетіп, рупияны құнсыздандырды, мемлекеттік компанияларды жекешелендіріп, шетелдік инвесторларды шақыра бастады.

    Қабылданған шаралар экономиканы жандандырды, өнеркәсіп өндірісінің өсуіне түрткі болды және инфляцияны тежеді. Үндістандағы экономикалық өсім 1990 жылдардан бері тұрақты жоғары болып қалып отыр.

    Сингх премьер-министр қызметін 2004-2014 жылдары атқарды, оған дейін 1991 жылдан бері қаржы министрі болып жұмыс істеген.

  • Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған стюардессаның видеосы тарады

    Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған стюардессаның видеосы тарады

    Ақтау маңында апатқа ұшыраған Әзербайжан ұшағында тірі қалған бортсеріктің кім екені анықталды.

    Ұшақ апатында 5 экипаж мүшесі болған. Олардың үшеуі қаза тауып, екеуі аман қалған еді. Тірі қалған бортсеріктің бірі Айдан Рагимли қазір ауруханада жатыр. Әзербайжандағы БАҚ ауруханада жатқан бортсеріктің жағдайын білуге барғанда ол көз жасына ерік беріп, қатты жылаған. Айдан Рагимли 1999 жылы дүниеге келген.

    Бұның алдында ұшақ апаты кезінде жолаушыларды соңғы демі қалғанша қолдаған Хокума Әлиеваның ерлігі жайлы айтылды.

    Айта кетсек, Бакуден Грозныйға бет алған «Әзербайжан әуе бағыттары» компаниясына тиесілі ұшақ Ақтау маңында құлап түсті. Бортта 42 Әзірбайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған. Барлығы 38 адам қаза тапты. Бүгін Әзербайжанда Аза тұту күні.

  • Әзербайжан президенті ұшақ апатына байланысты мәлімдеме жасады

    Әзербайжан президенті ұшақ апатына байланысты мәлімдеме жасады

    Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңында Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырауына байланысты қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.

    «Әзербайжан әуе жолдары» компаниясына тиесілі Баку-Грозный бағытында ұшқан жолаушылар ұшағының апаты салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін», – делінген хабарламада.

  • Башар Асадтың әйелі ажырасуға арыз жазды

    Башар Асадтың әйелі ажырасуға арыз жазды

    Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадтың әйелі Асма Асад ажырасуға арыз берді.

    A Haber-дің хабарлауынша, Асма Асад Сирияның экс-президентімен ажырасу үшін заңгерлік фирмаға жүгінген. Ұлыбританияда дүниеге келген, сол елдің азаматшасы болған Асма Асад ажырасқан соң Лондонға көшуді жоспарлап отыр. Асма қазір Мәскеуде қатаң бақылауда, ол Ресейден елден шығуға рұқсат сұраған, бірақ бұл өтініші әлі қарастырылуда.

    Еуроодақ Асма Асадқа санкциялар енгізіп, оның шетелге шығуына тыйым салып, активтерін бұғаттады. Бұл шаралар оны күйеуі Башар Асадтың билігі кезінде жемқорлыққа және заңсыз баюға қатысы бар деп айыпталғаннан кейін қолданылды. Ұлыбритания Еуроодақтан шыққанымен, Лондон осы санкцияларды сақтап отыр.

    Қазір Асма Асадты ажырасу мәселесі ғана емес, бірнеше еуропалық елдер мен халықаралық ұйымдар енгізген санкциялармен күресу де алаңдатып отыр. Сондай-ақ, 2024 жылдың мамыр айында Асмаға өткір миелоидті лейкоз диагнозы қойылған. Сондықтан Асманың анасы Сахар Атри қызының Лондонға қайтып, емін жалғастыру туралы шешімін қолдауда.

  • Ресейде ер адамдарға төрт әйел алуға дейін рұқсат берілді

    Ресейде ер адамдарға төрт әйел алуға дейін рұқсат берілді

    Ресей Мұсылмандары діни басқармасы (ДУМ) Ғұламалар кеңесі ер адам жұбайларына әділ және тең қарым-қатынас жасаған жағдайда төрт әйелге дейін діни неке қиюға рұқсат берді. Бұл туралы РИА басылымы хабарлайды.

    Мұндай шешім қабылданғаны туралы кеңес төрағасының орынбасары әрі мұсылмандар діни басқармасы төрағасының орынбасары, Мәскеу мүфтиі Ильдар Аляутдинов мәлімдеді.

    «Ер адамның бір уақытта екінші, үшінші, тіпті төртінші діни некеге тұру мүмкіндігі туралы шешім қабылданды. Әйелі денсаулығына байланысты бала көтере алмаса, бұл жағдайға рұқсат етіледі», — деді ол.

    Сонымен қатар, репродуктивті жастың аяқталуына байланысты бірнеше діни неке қиюға рұқсат етілген. Мұндайда әйелінің бала туғысы келмейтіні де ескеріледі, деп қосты Аляутдинов.

    Сол сияқты ол көп әйел алуға рұқсат етудің басты шарты күйеуінің әйелдеріне әділ және тең қарауы екенін баса айтты. Ал бұл әйелдеріне бірдей материалдық қолдау көрсету арқылы, яғни олардың әрқайсысына жеке баспана алып беруінен көрінетінін ерекше атап өтті. Егер бұл шарттар орындалмаса, ер адамның бірнеше әйел алуына рұқсат берілмейді.

    Сонымен қатар, ер адам басқа әйелге үйленетін ниеті туралы қазіргі жұбайына хабарлауы керек, деді ол. Бұған қоса, үйленген ер адам басқа діни некеге тұрғанда, ол әйелдің барлық баласын асырап алуға міндетті болады.

  • Оңтүстік Корея президентін тергеуге шақырды

    Оңтүстік Корея президентін тергеуге шақырды

    Оңтүстік Кореяда биліктен уақытша шеттетілген президент Юн Сок Ельді прокуратура жауап алу үшін шақырды.

    Yonhap агенттігінің хабарлауынша, Юн елде әскери жағдай тәртібін енгізіп «бүлік жасамақ болды» және «билікті асыра пайдаланды» деп айыпталып жатыр.

    Агенттіктің жазуынша, прокуратура Юн Сок Ельге осымен екінші рет шақырту жіберген, бірінші шақыртуды ол елеусіз қалдырған. Президент 21 желтоқсанға дейін прокуратураға бармаса, оны тұтқындауға ордер беру мәселесі қаралмақ.

    Deutsche Welle ақпаратынша, прокуратурадан бөлек, Оңтүстік Корея полициясы, жоғары мемлекеттік қызметкерлер арасындағы сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасы мен қорғаныс министрлігіндегі тергеу бөлімінің өкілдері бірлескен тергеу тобы да Юн Сок Ельді жауап алуға шақырған. Президент оған сәрсенбі, 18 желтоқсанға дейін баруға тиіс.

    Тергеушілер президенттің телефон әңгімелерінің жазбасын алу үшін оның қауіпсіздік қызметіне тінту жүргізген.

    Юн Сок Ель бұған дейін халыққа үндеу жасап, бүлік жөніндегі айыпты жоққа шығарған. 14 желтоқсанда Оңтүстік Корея парламенті президентке импичмент жариялауды қолдады. Оны 300 депутаттың 204-і қолдаған, 85-і қарсы болған.

  • Сирияның уақытша премьер-министрі тағайындалды

    Сирияның уақытша премьер-министрі тағайындалды

    Мохаммед әл-Башир Сирияның премьер-министрі міндетін уақытша атқарушы болып үш ай мерзімге, яғни 2025 жылғы 1 наурызға дейін тағайындалды. Бұл туралы саясаткер кеше, сейсенбі күні телеарнада мәлімдеді.

    Мухаммед әл-Башир Қазақстанда тыйым салынған, Дамаск қаласын басып алған «Хайят Тахрир аш-Шам» тобымен тығыз байланысты. Бұған дейін ол Идлибте орналасқан Құтқару үкіметін басқарған болатын.

    «Министрлер кабинетінің отырысы өтті, оған Идлиб және оның айналасындағы аймақтарда жұмыс істеген Сирияның Құтқару үкіметінің жұмыс тобы, сондай-ақ бұрынғы режимнің Сирия үкіметі қатысты. Отырыстың басты назары институттарды тапсыруға және маңызды істерді басқаруға аударылды», – деп мәлімдеді әл-Башир өз үндеуінде.

    Құтқару үкіметінің ресми сайтында жарияланған түйіндемесіне сәйкес, оның мамандығы – инженер, ағылшын тілі және шариғат заңдары саласында қосымша біліктілігі бар.

    Айта кетейік, Сирия президенті Башар Асад елдегі азаматтық соғыстан соң Ресей астанасына келген.